КЕШЕГI АСТАНА БҮГIНГI АСТАНАҒА ЕЛIКТЕЙДI

КЕШЕГI АСТАНА БҮГIНГI АСТАНАҒА ЕЛIКТЕЙДI

КЕШЕГI АСТАНА БҮГIНГI АСТАНАҒА ЕЛIКТЕЙДI
ашық дереккөзі
203

Қыркүйектiң басы қоғамдық та саяси маңызы бар шаруаларға толы болды. 1 қыркүйек – оқушылар үшiн ғана емес, депутаттар үшiн де Бiрiншi күн. Жас бiлiмпаздар жазғы демалыстан соң мектеп партасына қайта жайғасып, жазу-сызуға бас қойса, депутат мырзалар алпыс күндiк каникулдан соң Парламенттiң қос палатасының алғашқы отырысына жиналды. Осылайша, қоңыр күздегi саяси науқан басталып та кеттi.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен бейсенбiде төртiншi шақырылымдағы Парламенттiң 5-шi сессиясын ашып, сөз сөйледi. Тәуелсiздiктiң 20-жылдығы қарсаңында жұмысқа кiрiскен Парламент депутаттарын экономиканы, мемлекеттi, қоғамды нығайтуға үлес қосуға шақырды. Бұдан соң Елбасы Астанадағы бiрнеше жаңа мектептi аралап та үлгердi.

Ал Бiлiм күнi түстен кейiн Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысына ұшып келдi. Сыр елiне сапардың осындай қарбалас күнi ұйымдастырылуының өзi – бұл жолғы келiстiң маңыздылығынан хабар берсе керек. Шындығында, жергiлiктi азаматтардың айтуынша, бұл сапардың жоспарланғанына көп болған көрiнедi. Соған орай Елбасының Сыр елiндегi екi күндiк iссапары мазмұнды өттi деуге де болар.

812 ШАҚЫРЫМДЫҚ ЖОЛ – ДАМУДЫҢ БАСЫ ҒАНА

Әуежайдан түсе салысымен, Президент "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" жол құрылысын көруге аттанды. Көлiк және коммуникация министрi Берiк Камалиев жобаның жай-жапсарымен таныстырып өттi. Жалпы ұзындығы 8415 шақырымға созылатын автокөлiк жолының 2787 шақырымы Қазақстанның үстiн басып өтiп, ел iшiнде Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Қордай, Алматы қалаларын байланыстырмақ. Қазақстандық жол бөлiгiнде қазiргi таңда 23 компания жұмыс iстеуде. Ал Қызылорда облысының үлесiндегi жол бөлiгiнiң ұзындығы – 812 шақырым. Былтыр 200 шақырым жолға асфальт төселген.

Аймақ халқының тұрмысымен таныса кеткендi жөн көрген Елбасы Нағи Iлиясов атындағы ауылдың бүгiнгi аухалын көрiп, тәнтi болды. Ауылдың түнгi жарықпен көмкерiлген жолдарын былай қойғанда, бала-шағаның көз қуанышына айналған жергiлiктi субұрқақ та Елбасыны таңдандырмай қоймады.

Бұдан соң жергiлiктi шаруа қожалықтарын аралап, биылғы егiстiң жай-күйiне қаныққан Президент Қызылорда облысының бүгнiгi дамуын бiр-ақ ауыз сөзбен түйiндедi: "Қызылорда облысы үлкен экономикалық дамудың алдында тұр".

ЕЛБАСЫ ҚЫЗЫЛОРДАДА ТЕННИС ОЙНАДЫ

Жұма күнi Елбасы Қызыолордадағы жабық теннис орталығына келiп, халықаралық стандарттарға сай салынған теннис алаңын өзi сынап көрдi. "Мен де үлкен теннис ойнаймын, осылайша жастарға салауатты өмiр салтын ұстанып, спортпен шұғылдану керектiгiне үлгi көрсетемiн" деген Елбасы қолына ракетканы алып, ойынға кiрiстi. Ойын барысында Президенттiң әбжiл қимылдарына сол жердегi көрермен куә болды. Мұндай теннис орталықтары Астана, Павлодар, Ақтөбе, Өскемен, Шымкент қалаларында да салынған. Қазақстан Теннис федерациясының президентi Болат Өтемұратов Президентке елдегi теннис спортының дамуы туралы қысқаша есеп бердi. Бұл жаңа орталықтың құрылысына 300 млн. теңге жұмсалған екен. Ендi бұл жерде республикалық жарыстар ұйымдастырып, халықаралық жарыстарға дайындық жаттығуларын өткiзуге әбден болады. Ойындарды күнделiктi 80 көрермен тамашалайтын болса, жарыстар кезiнде олардың орындық санын 200-ге жеткiзу мүмкiнiдiгi қарастырылған.

Осы жолы Елбасы Сыр өңiрiндегi спортты дамытуға айрықша көңiл бөлгенi байқалды. Жаңа теннис орталығынан соң, Президент қаланың Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионына арнайы ат басын бұрды. Спорт саласында қызылордалықтар олимпиада чемпионы Илья Ильин, қазақ күресi бойынша "Қазақстан барысы" атағының иегерi Ұлан Рысқұл, белгiлi балуан Руслан Әбдiразақов, оқушылар арасында шахматтан әлем чемпионы Әсел Серiкбай, ауыр атлетикадан қола медаль жүлдегерi Әдiлбек Балхаев секiлдi майталман спортшыларымен мақтана алады.

Спортшылармен әңгiмелесiп тұрып, Елбасы он жыл бұрын Қызылордаға келгенде, стадионның кiсi аярлық күйде болғанын еске түсiрдi. Былтыр "Жол картасы" бағдарламасы аясында бұл стадионға күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлген. Елбасының айтуынша, теннис орталығы, стадионға қоса қызылордалықтарға жақында мұз сарайшығы тарту етiлмек. "Жастар спортпен шұғылдану үшiн мемлекет бар жағдайды жасауда" деп қадап айтты Президент.

"ҰЛАНДАР" ШЕРУГЕ ШЫҚТЫ

Елбасы қаланы аралап жүргенде жас қызылордалықтар орталық алаңда арнайы шеру ұйымдастырды. 3000-ға тарта оқушы "Ұланымыз ұлы елдiң" атты акция аясында "Жас Ұлан" балалар-жасөспiрiмдер ұйымының тұсаркесер рәсiмiн жасады. Мектептерде "Жас Ұлан" және "Жас Қыран" аты ұйымдар құру, жасөспiрiмдердi патриотизмге бала күннен баулу Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы екенi белгiлi. Осы бастаманы бiлiм ордалары iлiп алып кетiп, аз уақытта 6-9 сынып оқушыларына арналған "Жас қыран" және 10-16 жастағы оқушыларға арнап "Жас Ұлан" ұйымдары тiркелдi. Бұл ұйымдарға тiркелу үшiн оқушылар тәртiбi мен үлгерiмi жақсы болуы талап етiледi.

Қаланы аралап жүрген Елбасы шерудi көрiп, көлiгiн тоқтатты. Шерудiң мақсатын түсiнген соң, Президент жаңа бастамаға қолдау бiлдiрдi. "Жастар бiрiгуi керек. Жастар өз патриотизмiн жетiлдiруi тиiс. Болашақта елдi алға сүйрейтiн жастар болады. Бiзге Қазақстанның атын абыроймен алып жүретiн бiлiмдi азаматтар қажет. Қазiргi заманда бәсекелестiк бiлiмге тiрелген. Сондықтан сiздердiң басты мiндеттерiңiз – сапалы да жан-жақты бiлiм алу" дедi Нұрсұлтан Назарбаев "жасұландықтарға" қарап.

СЫР ЕЛIНДЕ – СЕРПIНДI ДАМУ

Президент Сыр өңiрiнiң әлеуметтiк-экономикалық дамуын да назардан тыс қалдырмады. Облыста үдемелi индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 138 жоба қолға алынған. 267,5 млрд. теңге жұмсалатын жобалар аймақта қосымша 9 700-ден астам жұмыс орындарын ашуға себепшi болмақ. Былтыр 27 жоба жүзеге асырылып, 938 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал биыл 33 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жоспар жүзеге асқанда, жыл соңына дейiн 1129 адам жұмысқа орналасады. Облыс әкiмi Болатбек Қуандықовтың айтуынша, барлық жобалар 2013 жылға дейiн iске қосылуы тиiс.

Бұдан соң Президент жаңа көпiрдi, Сырдария жағалауында салынған мәдени-ойын-сауық кешенiн аралап көрдi. Қалалықтарға тән көңiл көтеру саласындағы қызмет түрлерiн дамытуға қолға алған қызылордалықтар жақын болашақта дарияның екi жағалауын бiрдей жайламақ ойлары бар екенiн жасырып қалмады. Жергiлiктi әкiмшiлiк өкiлдерiнiң айтуынша, қала Астана сияқты Сырдарияның екi жағасында орналаспақ. Бұл үшiн дарияның сол жағалуында жаңа тұрмыстық кешен, тұрғын үйлер құрылыс басталып та кеттi.

Қазақстанның алғашқы астанасы даму бағдарын бүгiнгi жас Астанаға қарап түзей бастаған сыңайлы.

P.S. Шындығында да, осыдан бес-он жыл бұрынғы Қызылорданы бүгiнгi қаламен салыстыра алмайсыз. Қаланың қай шетiнен кiрсеңiз де, бүгiнгi заманға сай салынған зәулiм үйлер, асфальты жаңаланған тас жолдар… Қаланың оңтүстiк жақ бетiнде Мәшһүр Жүсiп Көпей атындағы зәулiм мешiт менмұндалайды. Кезiнде "күрiштi аймақ" болып аты шыққан, одан соң "экологиялық апат" таңылған Қызылорданың бүгiнгi мерейi көңiл жұбатады. Тек осы қарқынды даму кезiнде қазақылығының қаймағын бұзбай сақтап қалсын деңiз…

08. 09. 2011 ж.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары