КОЛЛЕДЖДЕРДЕ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫН ҚАЛАЙ ОҚЫТЫП ЖҮРМIЗ?

КОЛЛЕДЖДЕРДЕ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫН ҚАЛАЙ ОҚЫТЫП ЖҮРМIЗ?

КОЛЛЕДЖДЕРДЕ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫН ҚАЛАЙ ОҚЫТЫП ЖҮРМIЗ?
ашық дереккөзі
228

Бүгiнгi таңда мемлекетiмiз тәуелсiздiк шыңынан орын алып, халық санасы жаңарған кезеңде жастарға бiлiм беру, соның iшiнде тарихты оқыту талаптары түбегейлi өзгердi. Қазақстан тарихын оқытудағы басты мiндет – жас ұрпақтың санасына ұлттық рух пен патриоттық тәрбиенi қалыптастыру.

Сондықтан да тәуелсiз Қазақстанның бiлiм беру жүйесiнде Отан тарихын тереңдете оқыту уақыт талабы болып тұр. Қазақстан Республикасының тәуелсiздiк алуымен қатар ел тарихындағы көптеген өзектi мәселелер жаңаша тұрғыдан қаралып, тереңiнен зерделене бастады. Бүгiнгi күнi Қазақстан тарихын алдымен мамандық беретiн оқу орындарында оқытуды ғылыми-әдiстемелiк жағынан мүлде жаңа деңгейге көтеруiмiз қажет. Қазақстан тарихы елiмiзде ресми түрде 1958 жылдан бастап оқытыла бастады. Бiрақ тарих сабақтары КСРО тарихы құрамында үзiк-үзiк оқытылғандықтан оны оқытуда көптеген қайшылықтар да болды. Олар: бiлiм мазмұны мен Коммунистiк партияның, Кеңес үкiметiнiң оны оқытуға қойған талаптары; оқу бағдарламалары мен оқулықтар; бiлiм мазмұнының көлемi, оның күрделiлiк деңгейi мен оқушылардың мүмкiндiгi, жас ерекшелiгi; оқыту әдiстемесi талаптары мен курстың оқытылу жайы; пәннiң оқу-материалдық базасына қойылатын талаптар мен оның iс жүзiндегi мүмкiндiктерi арасындағы және басқа да қайшылықтарға толы болды. Сондықтан да Кеңес үкiметiнiң тұсында Қазақстан тарихын оқытудың жеке мәселелерi ғана зерттелдi. Елiмiз егемендiк алғанға дейiн Қазақстан тарихы КСРО тарихының құрамдас бiр бөлшегi, тiптi «қосымшасы» ретiнде оқытылып келдi. Қазақстан тарихы Мәскеудiң империялық, отарлық, миссионерлiк саясатын бүркемелейтiн идеология шеңберi негiзiнде таптық көзқарас тұрғысынан зерттелдi. Кеңестiк Ресей тарихшылары жасаған тұжырымдар мен қорытындыларды, концепцияларды қазақстандық тарихшылар ешқандай талқылаусыз қабылдап, оларды өз еңбектерiнiң ғылыми негiзiне айналдыруға мәжбүр болды. Бұл үрдiске қарсылық бiлдiрген тарихшылар қуғынға ұшырады. Қазақ тарихы кеңестiк көзқараста жарияланып түсiндiрiлдi. Тарих ғылымы дербес пән ретiнде емес, Компартияның насихат құралы деңгейiнде пайдаланылды. 1980 жылдардың аяғына қарай өрiс алған демократиялық өзгерiстер, әсiресе елiмiздiң тәуелсiздiк алуы тарихқа деген жаппай, бүкiлұлттық қызығушылықты тудырды. Бұл заңды құбылыс едi. Ұлттық сананың оянуының бiр көрiнiсi – оның өзiн-өзi тануға деген ұмтылысы. Ал ұлттың өзiн-өзi тануының бiр жолы – төл тарихын бiлу. Сондықтан тәуелсiз ұлтқа өз өткенiнен объективтi ақпарат бере алатын, танымдық маңызы жоғары тарих қажет. Ондай тарихты зерттеп жазу тәуелсiздiк жағдайында Қазақстан тарихы ғылымының тiкелей мiндетi болды. Ұлттық тарихқа байланысты туындаған келелi мiндеттердi дұрыс шешу үшiн ең алдымен тәуелсiз Қазақстан Республикасында жаңа тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасын жасау қажет болды. Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы мемлекеттiк саясат жөнiндегi ұлттық Кеңестiң мәжiлiсiнде бекiтiлген тұжырымдама 1995 жылдың 30 маусымында жарияланды. Жаңа тұжырымдама бойынша, көне замандардан бергi Қазақстан тарихының дерек көздерiне жаңа көзқарас қалыптастыру қажеттiгi баса көрсетiлдi. Жаңа деректердi iздестiру, оларды сұрыптап, талдау негiзiнде арғы-бергi тарихымыздың ақтаңдақ беттерiн толықтырудың жолдары мен әдiстерi айқындалды. Қазақстан Республикасы Президентi Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылды «Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу жылы» деп жариялау туралы Жарлығы елiмiздегi қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтумен қатар, халықтың тарихи зердесiн қалпына келтiрудi, тоталитарлық режимнiң халыққа қарсы бағытталған мән-мағынасын ашып, оны айыптауды көздеген имани мұрат-мақсаты бар қимыл болды. 1998 жыл – Халық бiрлiгi мен ұлттық тарих жылы Қазақстан тарихының дамуына зор үлес қосты. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақтың бүкiл тарихы – бiрiгу тарихы, тұтастану тарихы» болғандығына айрықша басымдық беруi, өткен тарихымыздың тағылымын терең зерттеудi, халыққа оның тарихи зердесiн қайтарып беру қажеттiгiн алға тартты. Отандық тарихты зерттеу жұмыстарына жаңа серпiн беруде, 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасы айрықша орын алды. Үш жылда елдiң мәдени мұрасын зерттеудiң тұтас жүйесi жасалып, елеулi тарихи-мәдени және сәулет ескерткiштерiн қалпына келтiру жөнiнде тұжырымды жұмыс жүргiзiлдi. Қазақстан тарихының жастардың тарихи санасын қалыптастырудағы ролiн арттыруда, тарихты оқытудың тәрбиелiк-тәлiмдiк мәнiн көтеруге Елбасының арнайы Жарлығымен бекiтiлген «ҚР азаматтарына патриоттық тәрбие берудiң 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының» зор ықпалы болды. Тәуелсiздiк жылдары Қазақстанның тарих ғылымы бiр жағынан жаңа нысандарды зерттей отырып, қарқынды дамуды басынан кешiрсе, екiншi жағынан, теориялық-әдiстемелiк тұрғыдан дағдарысқа ұшырады. Сондықтан да Қазақстан тарихы мен оның өзектi мәселелерiнiң зерттелу тарихына талдау жасау – аса маңызды мәселе. Сонымен қатар Қазақстандағы тарих ғылымының өзектi мәселелерiн зерттеудiң теориялық-методологиялық ұстанымдарын арнайы қарастырып, қазiргi кәсiби тарихшы қауым үшiн көкейтестi болып табылатын тарих ғылымының болашақтағы даму бағытының негiзделетiнiн ескерсек, тақырыптың өзектiлiгi тағы да арта түседi. Бұл жағдайлар колледжде Қазақстан тарихын оқытуды мүлде жаңа деңгейге көтерудi талап етiп отыр. Демек пәннiң оқыту мақсатын, бiлiм мазмұнын айқындаудан бастап, бүкiл оқу-әдiстемелiк жүйесiн жаңарту күн тәртiбiндегi маңызды мәселе екенi түсiнiктi. Қорыта келгенде, тарихымызды оқып бiлмеген болашақ ұрпақтың болашағы да бұлыңғыр болатыны белгiлi. Осыдан да болар, студент жастар мен жас оқытушыларға тарих пәнiн оқытуда пәнiнiң мақсат-мiндетi мен пән ретiндегi даму кезеңдерiмен, сол кезеңдердегi елiмiздiң өткен тарихын оқытудағы ақтандақтарын әдейi бұрмаланып саясаттандырылған кезеңдердiң ара жiгiн ажырата бiлу, оқытушы қауым үшiн маңызды мәселе болып қалмақ. Өйткенi Отан тарихы, оны оқыту әдiстемесi – бүкiл жастарға бiлiктi маман болып қалыптасуымен қатар, патриоттық тәрбие берудiң өзегi.
Абай ҚҰРМАНҚҰЛОВ, Алматы мемлекеттiк энергетика және электронды технологиялар колледжi директорының оқу iсi жөнiндегi орынбасары
08. 09. 2011 ж.

Серіктес жаңалықтары