ПОРТУГАЛИЯНЫҢ ДАРА БИЛЕУШIСI
ПОРТУГАЛИЯНЫҢ ДАРА БИЛЕУШIСI
Қай сатирик екенi есiмде жоқ, әйтеуiр бiреуi 1968 жылы "Ара" журналының бiр нөмiрiнде "Салазар, Салазар, Салазардан ел азар" деп жазған-ды. Сонда "Жер көлемi Қазақстанның бiр облысынан да шағын айдаладағы Португалия несiмен жазықты?" деп ойға берiлген едiм…
…Сөз жоқ, орыс көршiнiң алдында "жазықты" едi. Коммунистердi аяусыз қудалап, елден аластағаны үшiн. Несi бар, Антониу ди Салазар коммунистердi "жақсы" көруге мiндеттi де емес едi.
Еуропа құрлығының оңтүстiк-батысында орналасқан Португалия күнi бүгiнге дейiн кенжелеп дамыған елдердiң қатарынан саналады. Жерi шағын, халқы аз, қазба байлықққа кенде ел жүздеген жылдар бойы отарларының және арқа сүйер қамқоршысы-Англияның көмегiмен күн көрiп келдi. Қазiр де суырылып алға шыққаны шамалы.
Мiне, осы елдi 1932-1968 жылдары ғылым докторы, саяси экономия профессоры, Коимбра университетiнiң доцентi Антониу ди Салазар билеп-төстедi. Яғни 36 жыл бойы дара билеушi атанды. Ғалым болғандықтан, оның билiк құрған дәуiрiн кейбiр тарихшылар "кафедрократия" деп те атайды.
1889 жылы туып, 1970 жылы қайтыс болған Салазар әуелi бiраз жыл Португалияның қаржы министрi болған. 1929-1933 жылдары бүкiл әлемдi қамтыған экономикалық дағдарыс нашар дамыған елдi мүлдем есеңгiретiп кеттi. Жаппай жұмыссыздық, содан туындаған саяси тұрақсыздық мемлекеттi тығырыққа тiредi. Кәрi құрлықтағы сол кездегi миллиондаған пенделер тәртiп пен тұрақтылық орнататын билеушiнi аңсады. Нәтижесiнде Германияда-Гитлер, Италияда-Муссолини, Польшада – маршал Пилсудский билiкке келiп, қатаң тәртiп орнатуға кiрiстi. Егер олар биiк мансапқа саяси партия немесе әскердiң көмегi және алпауыт қаржылық топтардың қолдауымен келсе, Салазарды билiкке парламент тағайындады. Бiр жыл өткен соң, елдiң конституциясын өзiне бейiмдеп, қайта қабылдатты. Еш шектелмеген билiк құқықтарын иелендi.
Арада көп уақыт өтпей-ақ, Салазар корпоративизм негiзiндегi "Жаңа мемлекет" қағидасын енгiзiп, жүзеге асыруға кiрiстi. Елде қатаң тәртiп орнатылып, қоғамдық өмiрге және экономикаға "Бәрi бiрi үшiн, бiрi бәрi үшiн" ережесi енгiзiлдi. Бiрақ оның социализмге түк те қатысы жоқ. Бiрiншiден, өзi жан-тәнiмен дiншiл болғандықтан, Салазар католик шiркеуiнiң қоғамдағы маңызын жоғары ұстады. Екiншiден, экономикалық еркiндiктi қолдай отырып, теңгермешiлiкке қарсы шықты. Үшiншiден, парламенттiң құқықтарын шектеп, саяси партияларға қатаң тыйым салды. Өзi ешқандай да партияның мүшесi болған емес. "Менiң бiр ғана партиям бар, ол-Португалия" дегендi жаны сүйетiн. Санаулы жылдардың iшiнде басты мақсаты-елдегi саяси-экономикалық тұрақтылыққа қол жеткiздi. Сол мақсат үшiн өзi құрған ПИДЕ атты саяси полицияның қуаты мен мүмкiндiгiн кеңiнен пайдаланудан бiр тайсалмады. ПИДЕ коммунистердi, демократтарды қалай қудаласа, жергiлiктi ұлтшыл содырларға олардан кем тиiскен жоқ.
Бiр қызығы, басқа дара билiк елдерiнде саяси қарсыластар үшiн өлiм жазасы енгiзiлiп, ол кеңiнен қолданылса, Салазар одан үзiлдi-кесiлдi бас тартты. Оңшыл саясаткер өзiнiң және билiктiң дұшпандарын мәңгiлiк түрмеге қамау немесе португалдың алыстағы отарлары-Макао (Қытай), Диу, Диман (Үндiстан) немесе Азор аралдарына жер аудару жазасына кестi. Жеке өмiрiнде мейлiнше дiндәр және тақуа болғандықтан, Антониу парақорлар мен алаяқтарды аяусыз жазалап, қылмыстық жазаға тартты немесе елден аластатты. Басқа ауыр қылмыс жасағандарға оң көзiмен қараған емес. Сөйтiп, Ангола, Мозамбик сынды үлкен отарлар мен шағын иелiктердiң билеушiлерi парақорлығы және жемқорлығы үшiн түгелiмен ауыстырылып, орнына өзi күмәнсiз сенген адал да ақылды азаматтар тағайындалды. Елдiң экономикасының жыл өткен сайын шығысынан кiрiсi өсе бердi. Бiрақ дара билеушi ұлт қазынасына суық қолын сұққан жоқ, өзгелердiң де сұғанақтығын дереу жазалап отырды.
Сұңғыла да сақ саясаткер сыртқы iстерде де жазам баспапты. 1936-1939 жылы көршi Испанияда азамат соғысы бұрқ ете түскенде, ол генерал Франкоға әскери көмек жiбердi. Өйткенi жаулары ортақ едi. Ал Еуропада екiншi дүниежүзiлiк соғыс оты тұтанғанда Салазар бiрден елдiң бейтараптығын жариялады. Өзiмен көзқарастары ұқсас болса да, Гитлердi де, Муссолинидi де iштей жек көрiп, олардан бойын аулақ ұстады. Нацистiк Германия мен фашистiк Италиямен одақтан тартынумен қатар, дара билеушi соғыс бiткенше, солардан қауiптенумен болды. Онысы да бекер болмаған-ды. Германияның Испания мен Португалияға қатысты құпия жоспары кейiн әшкерелендi.
Антониу Салазар ешқашан үйленбеген. Мұны бiреулер тарихи тұлғаның томағатұйық мiнезiмен түсiндiрсе, екiншiлерi алғашқы сәтсiз махаббатымен байланыстырады. Бұл болжамдардың қайсысы қаншалықты ақиқатқа сай екенi де белгiсiз. Өмiр бойы мемлекеттiк қамту мен күтiмде болған Салазар 1968 жылы жүрек талмасынан, саяси қызметiн доғаруға мәжбүр болды. Арада екi жыл салып, ұзаққа созылған науқастан қайтыс болды. Ол өмiрден өткенде кезiнде қудалауға ұшырағандар қатты қуанғанымен, арада жылдар өте келе қатты өкiнген. Өйткенi Португалия мүлдем әлсiреп, ақыры 1974 жылы әскери-капитандар төңкерiс жасап, үкiмет басына келдi. Отаршыл империя ыдырап, Ангола, Мозамбик және басқа отарлар тәуелсiздiгiн алды. 1997 жылы 500 жылға созылған отаршылдықтан соң, Португалия Макаоны (Аомынь) өзiнiң заңды иесi – Қытайға қайтарды.
P.S. 2007 жылдың 25 наурызында өткен "Ұлы португал" телешоуында Антониу Салазардың есiмi алғашқыда үмiткерлердiң тiзiмiне енгiзiлмесе де, кейiн қоғамдық пiкiрдiң қысымымен үмiткерлер қатарына қосылған. Сөйтiп, Васко де Гама (отаршыл саяхатшы), Комоэнс (ақын) және басқа отандастарын басып озып, Салазар "Ұлы португал" мәртебесiне ие болыпты.
08.09.2011 ж.