ТҰРҒЫН ҮЙ ТОҚТАУСЫЗ ҚЫМБАТТАУДА

ТҰРҒЫН ҮЙ ТОҚТАУСЫЗ ҚЫМБАТТАУДА

ТҰРҒЫН ҮЙ ТОҚТАУСЫЗ ҚЫМБАТТАУДА
ашық дереккөзі
218

Елiмiздегi тұрғын үй бағасы тұрақты түрде өсiп келедi. Сарапшылардың деректерiне сүйенсек, жыл соңына дейiн пәтерлер құны бiрнеше пайызға артпақ. Бүгiнде әлемдiк деңгейдегi инвесторлардың өзi әлемдiк қаржы дағдарысына себеп болған құрылыс саласына қаржы бағыттауға, тәуекелге қайта бел бууға мүдделi.

ҚР Статистикалық агенттiктiң хабарлауынша, 2011 жылдың шiлдесiндегi елiмiздегi тұрғын үй бағасы өткен аймен салыстырғанда, сәл қымбаттаған. Мәселен бiр айдың iшiнде құрылысы ендi аяқталған жаңа үй құны жарты пайызға, ал көп қабатты және жер үйлердiң бағасы 1-0,9 пайызға көтерiлген. Сондай-ақ, кiсiнiң үйiн жалға алғандар шiлдеде ақшаны 0,1 пайызға артық төлеген. Агенттiк таратқан деректерде Қазақстан аумағындағы жаңа үйлердiң 1 шаршы метрi 149 612 теңге болса, қолданыста болған пәтерлер – 111 027 теңге, жерүйлер – 65 804 теңге, жалға берiлетiн пәтерлердiң 1 шаршы метрi 863 теңгеге тең.

Үстiмiздегi жылдың басында жылжымайтын мүлiк нарығындағы сарапшылардың көпшiлiгi биыл тұрғын үй құны өспейтiнiн, өйткенi нарықтағы бағаны қалыптастыратын сұраныс пен ұсыныс деңгейi тең еместiгiн көлденең тартқан болатын. Мысалы «КазРиэлт-Недвижимость» мамандары Алматыдағы қолданыста болған пәтерлердiң бағасы ай сайын 1,5-3 пайызға төмендеп отыратынын, оған қаржы саласындағы жағымсыз жайттар мен азаматтардың қаржылық жағдайының күрт төмендейтiнi себеп болатынын айтқан едi. Алайда Статистика жөнiндегi агенттiк 2010 жылдың шiлдесiмен салыстырғанда, 2011 жылдың шiлдесiнде жаңа үй бағасы 7,8 пайызға, қолданыстағы көпқабатты пәтерлер мен жер үйлер құны 8,8 және 8,7 пайызға көтерiлгенiн мәлiмдедi.

Бүгiнде сатып алушылардың көпшiлiгi су жаңа үйдiң кiлтiн ұстауға құмар. «Абсолют» жылжымайтын мүлiк агенттiгi жүргiзген сараптамада үстiмiздегi жылдың қаңтарындағы көрсеткiштермен салыстырғанда, шiлдедегi сұраныс 40 пайызға өскен. Қазiр жалпы құны 150 мың мен 200 мың АҚШ долларына тең 80-100 шаршы метрлiк екi бөлмелi және көлемi 100-150 шаршы метр болатын 200-350 мың долларлық 3 бөлмелi пәтерлер ең жоғары сұранысқа ие көрiнедi. Ал құрылысы әлi бiтпеген үйлерге алдын ала сұраныс беру нарықтағы жалпы көрсеткiштiң 10 пайызын құрайды. «Абсолют» мамандарының айтуынша, жылжымайтын мүлiк нарығындағы қарбаласқа көктем мен жаздағы дәстүрлi құлшыныс пен отандық шағын және орта кәсiпкерлiктегi белсендiлiктiң артуы себеп. Сонымен қатар бағаның көтерiлуiне Кедендiк одақ құрамына мүше Ресейдiң құрылыс компаниялары да атсалысуда. Кейiнгi кездерi Қазақстаннан үй сатып алуға құлшынған алыс және жақын шет ел азаматтарының қатары өскен. Келешекте әртүрлi коммерциялық бағыттағы нысандар салуға мүдделiлiк танытатын компаниялардың арқасында жер учаскелерiнiң бағасы да өсе түсуi әбден мүмкiн. ҚР Құрылысшылары ассоциациясының төрағасы Айдын Рахымбаевтың пiкiрiнше, 2011 жылдың соңына қарай тұрғын үй бағасы 10 пайызға дейiн өседi. Егер нарықтағы сұраныс ұсынысқа сай келмесе, яғни, тұтынушылық сұранысты құрылысшылар қанағаттандыра алмаса, баға 2006-2007 жылдардағыдай шарықтап шыға келмек. Ал жылжымайтын нарық саласындағы қызметтердi ұсынушы Jones Lang LaSalle компаниясының директоры Колин Дайер 2011 жылы салынатын халықаралық инвестиция көлемi 20-25 пайызға көтерiледi деген сенiмде: «Әлемдiк экономикалық дағдарыстан ес жиған жылжымайтын мүлiк нарығы бiртiндеп күшейiп келедi. Осы себептi, әлемдiк деңгейдегi жылжымайтын мүлiк нарығына бағытталатын инвестиция 2011 жылы 20-25 пайызға артып, 2009-2010 жылдардағы көрсеткiштердi қоса есептегенде, 50 пайызға көтерiледi». Колиннiң пiкiрiнше, дағдарыстан орасан зор шығын шеккен инвесторлар қауымы бүгiнде қаражаттарын жылжымайтын мүлiк нарығына қайта салуға мүдделi. Олар пайдаға шаш-етектен кенелу үшiн тәуекелге қайта бел бууға дайын. Қалталылар қауымы саяси және экономикалық тұрақтылық орнаған мемлекеттерге инвестиция салуға ден қояды. Өйткенi Африканың солтүстiгiндегi бей-берекеттiк, Жапониядағы жер сiлкiнiсi мен сел, Еуропаның кей елдерiндегi қаржылық қиындықтар «аузы күйген үрiп iшедiнiң» керiн келтiруге мәжбүрлейдi. Бүгiнде инвесторлардың көпшiлiгi Швейцария, Ұлыбритания, Италия мен Германияға қаржы салуға құмар. Ал керiсiнше, Египет, Тунис, Таиланд, Болгария, Уругвай, Солтүстiк Африка елдерi, Таяу Шығыс пен Греция, тiптi АҚШ-тың өзi кiрiс тұрғысынан алғанда, қауiп-қатерi мол мемлекеттер қатарында.

01.09.2011 ж.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары