ЖАНАР СҮЙСIНГЕН ЖАҢА МЕКТЕПТЕР

ЖАНАР СҮЙСIНГЕН ЖАҢА МЕКТЕПТЕР

ЖАНАР СҮЙСIНГЕН ЖАҢА МЕКТЕПТЕР
ашық дереккөзі
190

Оңтүстiкте мектеп табалдырығын аттайтын бүлдiршiндердiң саны 56 мыңнан асады.Халық тығыз қоныстанған, демографиялық өсiмi өзге өңiрлермен салыстырғанда анағұрлым жоғары Оңтүстiк Қазақстан облысында жыл сайын мектеп оқушыларының саны 18 мыңға артып отыр. Өткен оқу жылында «алтын ұяларынан» түлеп ұшқан бiтiрушiлердiң саны 38 мыңнан асса, 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын аттайтын бүлдiршiндердiң саны 56 мыңнан асады.

Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында облыста 40-қа жуық жаңа типтi мектептердiң салынуы бiлiм ұяларының түйткiлiн бiршама шешiп тастады дегенiмiзбен, мектепке деген мұқтаждықты толық қанағаттандыра қойған жоқ. Осыған байланысты облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтың тапсырмасымен өңiрде 62 мектептiң апаттық жағдайда тұрғаны анықталып, соңғы бiр жылда оның 45-iнде жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп, 13 мектептiң жанынан жаңа ғимараттар салынды.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкенттегi Қызылжар елдi мекенiндегi №53 мектептiң жаңадан салынған 22 сынып бөлмесiнен тұратын оқу корпусы iске қосылды. Шардара ауданы Көксу ауылындағы бiлiм ұясының жанынан шағын жаңа оқу ғимараты пайдалануға берiлдi. Сонымен бiрге Сайрам ауданының Шiркiн және Мәдени ауылдарында 300 орындық екi мектептiң ашылу салтанаты өттi. Жаңа оқу жылында облыс орталығындағы оралмандар тұратын «Асар» мөлтекауданында «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында салынған 1200 орындық мектеп пайдалануға берiлдi. Жалпы алғанда облыс әкiмдiгiнiң берген мәлiметiнше, 25 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында облыс көлемiнде 36 әлеуметтiк нысанды iске қосу жоспарланса, соның 16-сы мектеп, 6-ы балабақша. Шымкентте «Балапан» бағдарламасы аясында салынған 6 балабақша облыстық бюджеттен қаржыландырылған.

Облыста шәкiрттерi ең көп аймақ – Шымкент қаласы. Жаңа оқу жылын шымкенттiк бiлiм мекемелерi 100 мыңнан астам оқушымен, 87 жалпы бiлiм беретiн, 9 мектептен тыс, 146 мектепке дейiнгi мекемемен бастағалы отыр.

– Бүгiнгi күнi сапалы бiлiм беруге барлық мүмкiндiктер мен жағдайлар жасалып отыр. Оған дәлел бiлiм саласын қаржыландыру соңғы жылдармен салыстырсақ үш есеге өстi. Мысалы ол 2007 жылы 5 миллиард 370 миллион теңгенi құраса, 2010 жылдың қаржысы 11 миллиард 39 миллион теңгенi, ал 2011 жылы 13 835 199,0 теңгенi құрап отыр. 2011 жылдың шiлде айынан бастап бюджет есебiнен қаржыландырылатын мекеме қызметкерлерiнiң жалақылары 30 пайызға артты. Бұдан бөлек жоғары санатты ұстаздар жалақысын 100 пайызға арттыру үшiн республикалық бюджеттен арнайы қаржы қарастырылуда, – дедi жуырда өткен шымкенттiк ұстаздардың тамыз мәслихатында қалалық бiлiм беру бөлiмiнiң бастығы Жанат Тәжиева.

Биылғы оқу жылының тағы бiр жаңалығы бiлiм ұяларындағы күрделi жөндеу жұмыстарын жүргiзу биыл 5 есеге артып, ағымдағы жөндеу жұмыстары ұстаздардың көмегiнсiз атқарылды.

Облыстық бiлiм басқармасының жаңадан тағайындалған басшысы Альбина Елшиеваның мәлiмдеуiнше, биыл мектеп бағдарламасындағы кiтаптар мен оқу-әдiстемелiк кешендерiн сатып алуға жергiлiктi бюджеттен 612 миллион 772 мың теңге қарастырылған. 4, 6 және 11-сынып оқушыларына оқулықты түгелдей тегiн беру көзделiп отыр. Сәтiн салса, шәкiрттердi 100 пайыз тегiн кiтаппен қамтамасыз ету 2015 жылы жүзеге аспақ.

Ендiгi мәселе бiлiм сапасы жөнiнде.

Өткен аптада облыс ұстаздарының «Отбасы, мектеп және қоғамның игiлiктi болашақ жолындағы өзара ынтамақтастығы» деген тақырыппен өткен дәстүрлi тамыз мәслихатында бiлiм сапасы мен тәрбиеге басым көңiл бөлiндi. Биыл облыс түлектерiнiң ҰБТ-да жинаған орташа балы 87,2–нi құрады. Түлкiбас, Төлеби, Қазығұрт аудандарының мектеп бiтiрушiлерi жақсы нәтиже көрсеттi. Ал керiсiнше, Түркiстан қаласы, Мақтаарал және Сарыағаш аудандарының түлектерi төменгi орындарды иелендi. «Алтын белгiге» үмiткерлер де үмiттi ақтай алмаған сияқты. Осы атаққа лайықты деген 1244 бiтiрушiнiң 787-i ғана өз бiлiмдерiн растап шықты.

Жиында сөз алған облыс әкiмi Асқар Мырзахметов соңғы үш жылда өңiрiмiзде 164 бiлiм ұясы iске қосылғанын, 2012 жылға қарай үш ауысымды мектептердiң мәселесi толығымен шешiлетiнiн жеткiздi.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ
01.09.2011 ж.

Серіктес жаңалықтары