БЕРЕКЕ – БIЛIМНЕН
БЕРЕКЕ – БIЛIМНЕН
Бүгiн мектептерде күмiс қоңырау сыңғырлады
Жаңа оқу жылы да есiк қақты. Бүгiн елiмiздiң барлық бiлiм ошақтарында алғашқы қоңырау соғылды. Мектеп табалдырығын жаңадан аттап, бiлiм алуға ықыласты кiшкентай бүлдiршiндер қолдарындағы гүл шоқтарын алғашқы ұстазына табыс етуге асығады.
Бiлiм күнi қарсаңында әдеттегiдей мұғалiмдер Тамыз кеңесiн өткiздi. Биыл Алматы қаласы мен Алматы облысының Тамыз кеңесiне арнайы қатысқан Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов бiраз мәселенiң басын қайырды.
Ол алдымен соңғы кезде ұстаз қауымының жалақысына байланысты алып-қашпа әңгiмелерге тоқталды. Кейбiр ақпарат көздерi жалақыға үстемақы тек онлайн жүйесiнде сабақ беретiн және ағылшын тiлiн жетiк меңгерген ұстаздарға ғана қосылады дегендi таратқан болатын. Алайда мұндай қауесеттi жоққа шығарған министр: «Биыл бүкiл бюджеттегi қызметкерлер үшiн көзделген ақшаны 1 шiлдеден бастап 30 пайызға арттырумен қатар, ұстаздар үшiн қосымша ақы төлеу жоспарланған. 1 қыркүйектен бастап мұғалiмдер, сондай-ақ техникалық және кәсiби бiлiм ұйымдарының мастерлерi бiлiктiлiгi үшiн базалық жалақының 100 пайызына дейiн қосымша ақша алатын болады», – дедi. Оның айтуынша, биыл осы мақсатқа республикалық бюджеттен қосымша 5,3 млрд. теңге бөлiнген. Демек жоғары санаттағы ұстаздар базалық жалақысын 100 пайыз, бiрiншi санаттағы – 50 пайыз, ал екiншi санаттағылар – 30 пайызға дейiн үстеме алады. «2015 жылға дейiн мұғалiмдердiң жалақысы жекеменшiк саладағы орташа жалақының деңгейiне жетедi. Бұл үлкен жетiстiк», – деген Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов өсудiң келесi кезеңi оқытушылардың бiлiктiлiгiн көтеруге бағытталатындығын жеткiздi. Ол үшiн жоғары оқу орындарында оқытушыларды дайындау түбiрiмен өзгермекшi. Қазiргi таңда министрлiк педагогикалық мамандарды оқытудың тұжырымдамасы мен стандартын қайта қарап жатқанға ұқсайды. Болашақ педагогтар стипендиясын көтеру және педагогикалық жоғары оқу орындары үшiн грант құнын 60 пайызға ұлғайту мәселесi де қарастырылуда. Мұндағы мақсат – мұғалiм мамандығын оқудың беделiн көтерiп, оған талантты жастарды тартуға мүмкiндiк беру.
Мәселенiң түп-төркiнi – бiлiм ұяларында бiлiктi мұғалiмнiң жетiспеушiлiгiнде жатыр. Министрдiң өзi 2011-2012 оқу жылында республика бойынша барлығы 2714 мұғалiмнiң орны бос тұрғанын айтқан едi. Сонда қалай? Қазiр онсыз да педагогикалық мамандыққа деген бiлiм грантына ие болу оңай болып кеткен жоқ па? Әлде жоғары оқу орнын бiтiрген жас мамандардың көбi «Дипломмен ауылға» баруға жүрексiне ме екен? Қалай десек те, қазiр мұғалiмнiң беделi мен мәртебесi өз деңгейiне көтерiлмей отырғаны жасырын емес.
Министрдiң айтуынша, соңғы 10 жылда бiлiм беру жүйесiн қаржыландыру 7,5 есеге артқан. ЮНЕСКО-ның деректерiне сәйкес, Қазақстан бiлiм берудi дамыту индексi бойынша 129 елдiң iшiнде төртiншi орында екен. Ал халықтың сауаттылық деңгейi бойынша елiмiз 177 елдiң iшiнде 14-шi орында. Көңiлге қонымды-ақ мәлiмет. Алайда кейбiр мамандар соңғы кезде жоғары оқуға түскiсi келген талапкерлердiң бiлiм деңгейiнiң төмендiгiн алға тартуда. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң география факультетiнiң деканы Шәрiпжан Надыров мырза: «Бiрiншi курсқа қабылданған студенттiң бiлiмi кеңестiк кезеңдегi 7-8 сынып оқушысының деңгейiндей-ақ», – дептi баспасөзге берген пiкiрiнде. Мұны тiптi халықаралық көрсеткiш те растайтын сияқты. Былтыр Қазақстан оқушылардың сауаттылығын бағалау көрсеткiшi бойынша 59-орынға жайғасыпты. Бұл көрсеткiш тiзiмiнде бар-жоғы 65 мемлекет болса, соның 59-орнына табан тiрегенiмiздi қалай мақтан ете аламыз? Бiз өзiмiздi соңғы орында тұрған Қырғызстанмен салыстыра алмаймыз ғой! Бiлiм сапасын арттыруға қыруар қаражат бөлiп жатсақ та, жеткен көрсеткiшiмiз әлеуметтiк ахуалы мен қаржыландырылуы нашар қырғыз елiнiң о жақ бұ жағында. Ал Ресей – 43 орында тұрса, алғашқы ондықтың iшiнде Қытай, Корея, Финляндия, Гонконг, Сингапур, Канада, Жаңа Зеландия мен Жапония бар. Сонда бiз жоғарыдағы екi түрлi көрсеткiштiң қайсысына сенемiз?
Жақында Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов бiр сөзiнде жаңа жалпықазақстандық балалар, жастар ұйымдарын құру жөнiнде ұсыныс айтты. Оның айтуынша, «Жас ұлан» ұйымы барлық орта бiлiм беретiн мекемелерiн қамтитын болады. Ал оның қатарына оқушыларды қабылдау осы қыркүйектен басталмақшы. Министр бұл ұйымдардың тез арада құрылып, аяғынан тiк тұруы үшiн жергiлiктi әкiмдiктерден қолдау күтетiндiгiн жеткiздi. Бұл бәз-баяғы октябрят, пионер, комсомол ұйымдары сияқты оқушылардың жас ерекшелiгiне қарай топтастырылатын көрiнедi. Айталық, 1-4 сыныпта оқитын оқушылар (6-10 жас) «Жас Қыран» ұйымына кiрсе, ал 5-11 сыныптың оқушылары (11-16 жастағы) «Жас Ұлан» құрамына енедi.
Әрине, мұндай жаңалықты естiген жұрт елең етпей қоймады. Қазiрдiң өзiнде интернет беттерiнде «Қош келдiң, партия!» деген сарындағы пiкiрлерден көз сүрiнедi. Тiптi, кейбiрi «Кеңес заманының ақылды, кемеңгер саясатынан артық саясат жоқ. Өйткенi сол кездiң бiлiм сапасы өте жоғары болатын» дептi ерекше тебiренiп.
Жаңадан құрылатын мектеп ұйымдары бұрынғы октябрят, пионер ұйымдарының көшiрмесi бола ма, жоқ па, кiм бiлсiн?! Дегенмен министр Жұмағұловтың екпiнiне қарағанда, бұл сол ұйымдарды аңсаудан туған ой сияқты. Ал бiр жағынан бұл бос уақытында немен айналысатынын бiлмей, түрлi қылмысқа барып жүрген жасөспiрiмдерге ермек болатыны тағы бар.
2009 жылға дейiн Алматы қаласында бiрде-бiр балабақша салынбаған екен. Кейiн бұл iс жедел қолға алынып, 2009 жылдан 2011 жылдың бiрiншi жарты жылдығына дейiн Алматыда 2050 орынды 10 балабақша пайдалануға берiлдi. Оның үстiне жалға берiлген 680 орынды 4 балабақша мемлекет есебiне қайтарылды. Қазiргi кезде қалада 40 мың 850 баланы қамтыған 215 балабақша жұмыс iстейдi.
Бiлiм беру ордаларындағы орын тапшылығын жою бағдарламасы бойынша, алдағы уақытта 8 балабақшаны мемлекет меншiгiне қайтару кезекте тұр. Соңғы үш жылда 6 мың орынды 5 жаңа мектеп, 1286 орынды 3 мектепке қосымша құрылыс салынды. Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов 2011-2012 жылдарғы негiзгi мiндеттердiң бiрi балабақша жетiспеушiлiгiн азайту екендiгiн, келешекте 8 балабақша салынып, 2 балабақшаның қайтарылатындығын, сондай-ақ 1710 орынды 5 жеке балабақшаның iске қосылатындығын тiлге тиек еттi. Мұнымен қоса қалада мектеп саны да артпақ. Ол үшiн 10 мың 800 орындық 9 мектеп, 720 орындық кәсiби лицейдiң құрылыс жұмысы басталады. Ал елiмiз бойынша алдағы 5 жылда әлi де 522 жаңа мектептi салу жоспарда тұр.
P.S. Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов тамыз кеңесiнде бiлiм саласында тағы бiр жаңа жүйенi жүзеге асыратындығын жария еттi. Бұдан былай ата-ананың жастайынан баласының оқуына деп банкте жинаған ақшасына мемлекет сыйақы төлейтiн болады. Бiрақ министр жинақ иелерiне мұндай шарттың – қаржы баланың бiлiм алуына жұмсалғанда ғана орындалатындығын ескерттi.
Ал биылғы жылы жоғары оқу орнында ақылы оқитын студенттердiң қалтасы қағылатын сияқты. Қазiр елiмiздегi ең төменгi оқу ақысы – 341 мың теңгеге өстi. Салыстыра кетсек, Ресейде бұл сома екi есеге төмен көрiнедi. Алдағы жылдарда қазақ баласының бiлiм алуы арманға айналатын сұры бар…
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ