БАР МӘСЕЛЕ – БАУЫРМАЛДЫҚТА

БАР МӘСЕЛЕ – БАУЫРМАЛДЫҚТА

БАР МӘСЕЛЕ – БАУЫРМАЛДЫҚТА
ашық дереккөзі
225

Тарихшы ұстаз, журналист, аудармашы Мұхтар Әбдiлдабектiң (Төгiс тегi) 2008 жылы «Толағай» баспасынан жарық көрген «Тектiлiк тағылымы» атты өмiрбаяндық кiтабында 1954-1962 жылдар аралығында Қытайдан оралған қандастарымыздың алғаш атажұртқа оралғандағы күндерiнен сыр шертетiн мынадай жолдар бар екен. Бұны неге берiп отырғанымызды оқырман оқыған сәтте түсiнер деп ойлаймыз…

1955 жылдың тамызында шекарадан өтiп Советке (ол кезде «Союзға») келгенде орыс тiлiн жақсы меңгергенмiн. Алып өткен заттарымыздың iшiнде екi жәшiк түрлi кiтаптар бар едi: энциклопедия, анықтамалықтар, сөздiктер, саяси кiтаптар. Көбi орыс тiлiнде. Заттардың қасында отырған кезiмде заставтың бiрнеше офицерлерi келiп, әлгi кiтаптарға көздерi түстi. Қатты ұнағаны бiлiнiп тұр..

– Давайте попросим по одной книге (бiр-бiр кiтаптан сұрап алайықшы).

– Неудобно (ыңғайсыз ғой).

– Может купим (сатып алсақ қайтедi)?

– Может подарят (мүмкiн сыйға берер).

Менiң шыдамым таусылды да:

– Эти книги не продаются и не дарятся (бұл кiтаптар сатылмайды да, сыйға да берiлмейдi), – дедiм.

Әлгiлер аң-таң. Бiр-бiрiне қарайды. Менi қоршап алды. Бiреуi:

– Смотрите, казачонок по-русский говорит (қараңдар, қазақтың баласы орысша сөйлейдi екен), – деп у да шу бола қалды.

Алтайда бiз отынға ағашты қолданатынбыз. Нұрыш апам өзiңнiң үйренуiңе жақсы, отын жар дегенде мен советтiң «Огонек», «Советский Союз» жорналдарынан оқығанымдай:

– Союзға барамыз. Ол жақта бәрi электрмен iстеледi. Отын деген болмайды. Сондықтан ағаш жаруды үйренiп қажетi жоқ, – деп жауап беретiнмiн.

Ендi Майқапшағай шекара заставасынан шығып машинамен Зайсанға бара жатқан жолда қос өгiз жегiлген, шөп тиелген арбаны көрiп, сасқанымнан қасымдағы дядя Вася Литвиновтан:

– Бiз әлi Союзға келген жоқпыз ба? – деппiн.

Жақын арада қап көтерiп, айдалаға тезек теруге баратынымды қайдан бiлейiн, мен пақыр.

Үгiт-насихат деген осындай болады екен.

Бұдан былай да ақылыма сыймайтын дүниелер кездестi, бiрақ менiң таңдануым сирей бердi.

Бiз елге жойқын соғыс аяқталғаннан он жыл ғана өткеннен кейiн келдiк. Жақында ғана «нан кәртiшкелерi» жойылған. Халық қатты күйзелiсте. Көшеде дөңгелектi тақтаға отырып жылжитын екi аяқтан бiрдей айрылғандар, екiнiң бiрi балдақпен жүретiндер, ағаш аяқтылар, қолы жоқтар, контузия алып, аздап естерiнен ауытқығандар. Қанды соғыстан әйтеуiр аман оралғандар. Елдiң экономикалық, халықтың тұрмыстық жағдайлары мүшкiл. Бiрақ бәрi тарамыстай тартылып шыдап, тырысып, қалт-қалт етiп өмiр сүрген шақ.

Сол кездiң өзiнде билiктегiлер бiздердi өте өркениеттi түрде қарсы алды. Алтайдан Зайсанға дейiн советтiң машиналарымен жеткiздi: жүк машиналарымен, жүк таксилерiмен және қарттарды, әйелдердi және бала-шағаларды автобустармен жеткiздi. Шекарада әр отбасына бөлек, әр адамға бөлек жеткiлiктi қаржылық көмек көрсетiлдi. Колхозға келген соң сауын сиыр бөлдi. Құрылыс материалдарымен қамтамасыз етiп, үй салып алуға мүмкiндiк тудырды.

Ел келердiң алдында аудандық, облыстық партия комитеттерiнiң нұсқаушылары мен атқарушы комитеттердiң қызметкерлерi жер-жерлерге барып, халыққа түсiндiрме жұмыстарын жүргiзген. «Келетiн ағайындарыңды «қытай» демей «бауырлар» деп айтыңдар. Шамаларың келгенше бұл жердегi өмiрге бейiмдеңдер. Олардың ала жiбiн аттамаңдар» деген секiлдi. Жергiлiктi ағайындарды бауырмалдыққа шақырған. Жалпы алғанда, соғыстан кейiн адамдар бiр-бiрiн қатты құрметтейтiн, сыйлайтын. Арғы беттен келгендердi кеше ғана соғыста қыршын кеткендердiң орнын толтырған бауырларындай қарсы алды.

Ол заманда адалдық, бауырмалдық, адамгершiлiк, тазалық басым едi. Ал тәуелсiздiк кезеңiнде елiне келген оралмандардың материалдық та, моральдық та жағдайы әлдеқайда мүшкiл болды. Ар-намыс ысырылып тасталып, барлық шенеунiктер ақшаның құлы болды. Оралмандарды ерiнбегендердiң бәрi бопсалады. Жағдайын айтып барған бауырларына басшылар: «Сендердi мен шақырған жоқпын. Қайдан келсеңдер, сонда барыңдар» дегендей сөздер айтылды. Аттары әлемге әйгiлi ғалымдар, жазушылар, ақындар қой бағып кеттi. Орысша бiлмеулерi де оларға қатты батты.

Бұл – елiмiз тәуелсiздiк алып, байлығы кеңiрдегiнен келген кезеңде орын алған жағдай.

Ендеше мәселе социализмде немесе нарық экономикасында емес, елдегi адалдықта, бауырмалдықта, адамгершiлiкте екенi белгiлi болды.

(Кiтаптан үзiндi)
01.09.2011 ж.

Серіктес жаңалықтары