«АСАРҒА» аспаннан «АҚША ЖАУСА», ЖАЛЫНҒА жаны ашитын ешкiм жоқ

«АСАРҒА» аспаннан «АҚША ЖАУСА», ЖАЛЫНҒА жаны ашитын ешкiм жоқ

«АСАРҒА» аспаннан «АҚША ЖАУСА»,  ЖАЛЫНҒА жаны ашитын ешкiм жоқ
ашық дереккөзі
288

ҚР премьер-министрi К.Мәсiмов, Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi А.Мырзахметов мырзалардың назарына!

Адамды алалау — қоғамдағы ең жаман нәрсе. Адамның құқығын шектеп қана қоймай, өзгелердiң де аянышты көзқарасын қалыптастыру – кiм-кiмнiң де намысына тиiп, жүйкесiн жүндей түтетiн жайт. Осындай алалауды, бөле-жара қарауды бастан кешiру Атажұртын аңсап оралған оралмандардың маңдайына жазылғаны өкiнiштi-ақ. Моңғолиядан қоныс аударған қазақты – «моңғол», Тәжiкстаннан көшiп келсе – «тәжiк», Ауғанстан жақтан ат басын бұрса «ауған» деп кемсiтiп, кекетiп атайтынын есту адамның құлағына түрпiдей тиiп, әсiресе балаларымыздың жанын жаралайтыны айтпаса да түсiнiктi.

Адам алалаудың бұдан да өткен сорақы түрi бар екен. Бұған дәлелiмiз жетерлiк. Соның айқын дәлелiнiң бiрi— Шымкент қаласының шетiнен арнайы оралмандар үшiн оңаша отау тiккенiне екi жылдан асқан «Асар» мөлтекауданы әуелден-ақ аспаннан ағыл-тегiл ақша жауғандай күй кешiп келе жатыр. Керiсiнше облыс орталығының iргесiндегi оралмандар шоғырланған тағы бiр ауыл – Жалыннан дәм-тұз бұйырған 3 мыңнан астам тұрғын қаншама жылдан берi жанайқайымызға құлақ асатын адам таппай, мұң-мұқтажымызға бюджеттен көк тиын да бөлiнбеуi көңiлiмiзге қалай қаяу түсiруде?

«Асар» мөлтекауданында тұратын оралмандар үшiн қаржы көл-көсiр бөлiнгендiктен, әрбiр оралман отбасыға көздiң жауын алатын қос қабатты зәулiм коттедждер, әрi оның жанына өнiм өсiрiп, жұмыс iстеуге, табыс табуға қолайлы жылыжай да салынып берiлуде. Бұдан бөлек инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылым жүргiзу, балабақша, аурухана, мектеп құрылысы да бұл мөлтекауданда қызу түрде жүзеге асып жатыр. Атамекенге көшiп келушiлерге осындай жағдай жасалғанына қай-қайсысымыз да тек қуануымыз керек емес пе? Әрине, қуануымыз керек. Бiрақ…

«Асар» мөлтекауданына кiмдер бармай жатыр дейсiз? Сiздерден бастап Үкiмет үйiндегi дөкейлердiң талайы, Парламент депутаттары, облыс, аудан, қала әкiмдерi дүркiн-дүркiн арнайы ат басын бұрып тұрады. Әлбетте, «Асардағы» керемет қамқорлықты көргеннен кейiн кiм-кiмнiң де көкейге қандай ой түйiп қайтатыны белгiлi. Ал Жалын ауылында тұратын мыңдаған оралманның жағдайын сұрауға Үкiмет мүшелерiнiң мүмкiндiгi болмаса да, алыстағы Астана түгiлi не өзiмiздiң облыстың әкiмi, не аудан әкiмi, тiптi олардың орынбасарлары да бiзбен кездесуге келмейтiнiне, келмесе де жазған хатымызға жауап қайтармайтындарына өкпемiз қара қазандай.

«Оралмандарға жасалған қамқорлық мынадай, мынадай…» деген ақпармен алдап, көзбояушылықтың көрсеткiшi ретiнде «Асар» мөлтекауданын алға тартудан жалықпайтын бақай есебi бар шенеунiктер сонда ненi көздейдi? «Асар» мөлтекауданындағы инженерлiк- коммуникациялық инфрақұрылымдарды жүргiзуге бюджеттен қомақты қаржы бөлiнiп жатқанда, бiз көп жылдан берi қарапайым электр жарығына жарымай, қиналып келемiз. Әр айда 10 күндей жарықсыз отырамыз. Себебiн сұрасақ, «трансформатор иесiз» деген жауап қаншама жылдан берi қайталанып келедi. Трансформатордың иесiн табуға әкiмдер шарасыз ба, әлде Жалынның үш мыңнан астам тұрғыны адам санатына жатпай ма?

«Шалғайда жатқан пәлен ауылға ауызсу келдi» деп билiктегiлер алақайлап сүйiншi сұраса, бiз де солармен қосылып қуанамыз. Алайда Шымкент қаласының дәл iргесiндегi бiздiң ауылдың әлi күнге дейiн ауызсу азабын тартып келе жатқанына сенесiздер ме? Ағын судың да жоқтығынан кезiнде жайнап, жайқалып өскен жемiс ағаштары қазiр құрып барады. Бiр кездерi қызанақ, қияр секiлдi көкөнiстердi өздерi-ақ өсiрiп күнелткен ауыл тұрғындары сусыз қалай өнiм ексiн?! Мемлекет тарапынан ешбiр көмек болмаған соң әркiм әрекеттенiп, өз ауласынан құдық қазған едi, оның суы iшпек түгiлi бау-бақша суаруға да жарамсыз болып шықты. Арнайы жүргiзiлген сараптама бұл суды пайдалану денсаулыққа зиян екенiн анықтап бердi. Көлiгi бар тұрғындар қаладан су тасып iшедi, көлiгi жоқтар амалсыздан әлгi құдықтың жарамсыз суын пайдалануға мәжбүр. Әр тұрғынның басында бiрнеше ауру бар. «Мынаның денсаулығы жақсы» деп көрсете алатын бала аз. Сапасыз ауызсуды тұтынудың салдарынан уақыт жылжыған сайын ауруы асқынған адамдардың саны артуына қатты алаңдаулымыз. Не ауызсуға, не ағын суға жарымаған ауылда көбiнесе көпбалалы отбасылардың қоныстанғанын ескерсек, тұрмыстық-әлеуметтiк ахуалдың қалай ушығып тұрғанын көз алдыға келтiру қиын емес. «Асарда» оралмандардың жұмыспен қамтылуы мықты ойластырылса, Жалын ауылында көпшiлiгiмiздiң тұрақты жұмысымыз жоқ. Әйтеуiр базардың арқасында күн көрiп келемiз. Базардан өлiп-өшiп тапқан несiбелерi балаларының киiмi мен тамағынан, оқитын кiтабын сатып алудан артылмай, үйлерiне көмiр түсiре алмағандықтан, қысты қалтырап өткiзiп жатқандар көп. Ауыл ортасына дейiн қысымы жоғары табиғи газ келiп тұр. Жұмыстың, түсетiн табыстың жоқтығынан үйдi-үйге келiп тұрған көгiлдiр отынды да қоса алмай, қиналып отырмыз. Өзiмiздiң шамамыз келмейтiнiн көрiп тұрып, жергiлiктi атқарушы билiктегiлер көпе-көрнеу қол ұшын созбайды. Абырой болғанда ауылдағылардың сый-құрметiне бөленген жомарт жүректi азамат Жұмабек Абаев өзiнiң жеке қалтасынан әжептеуiр көлемде қаржы шығарып, жергiлiктi тұрғындардың талап-тiлегiн орындауға қол ұшын созып жүр. Бiрақ жеке адам тұтас ауылдың мәселесiн шешiп беруге қауқарсыз ғой.

Ауылға тек №106 бағыттағы такси жүредi. Таңғы уақытта онымен қалаға жету, кешке қайту – кiшiгiрiм «тозақ». Жолаушылар көлiктiң iшiне лық толып, сыймағандары келесi «Газельдi» сағаттап күтедi. Қақаған қыста да, шыжыған жазда да осылай. Жолымыздың жөнделмей, ойдым-ойдымы шығып жатқаны да шымбайға батады. Мұң-мұқтажымыздың қайсыбiрiн айтайық, Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдық мерекесiн осылайша ұнжырғамыз түсiп қарсы алуға мәжбүрмiз.

Айтпақшы, «Асар» мөлтекауданындағы жүргiзiлiп жатқан инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымдарды айтпағанның өзiнде, алыстан менмұндалап тұратын қос қабатты зәулiм коттедждер тұрғызуға, олардың қасына жылыжайларына дейiн салуға ағыл-тегiл, тоқтаусыз бөлiнiп жатқан мемлекеттiң қаржысы банктен несие ретiнде берiлетiнiн ақпарат құралдары арқылы бiлгенбiз. Халықтың маңдай терi, табан ақысынан құралған бюджеттiң осынау көл-көсiр қаражатынан мемлекетке қайтарым болатынына үмiттен көрi күдiк әлдеқайда басым. Мұны неге ешкiм ойланбайды? Нелiктен бұған жан-жақты талдау-зерттеу, тексеру жүргiзiлмейдi? Бiреудi төбесiнен алтын құйғандай жарылқап тастап, ендi бiреуге мүлде жаныашымастық танытудың, мұрын шүйiре қараудың астарында не жатыр?

Осы әдiлетсiздiктiң себеп-салдарын терең зерттеп, зерделеудi, кiнәлiлерге қатаң шара қолдану туралы құқық қорғау органдарына қатаң тапсырма берiп, тiкелей бақылауларыңызда ұстайды деген сенiмiмiз зор. Ал қолдаушысыз да, қорғаушысыз да жүрген Жалын ауылындағыларға жаны ашитын ешкiм жоқ. Ендiгi бар үмiтiмiз де, сенiмiз де Сiздерде болып отыр, құрметтi мырзалар!

Ж.АБАЕВ, Қ.ХАЛМУХАМЕДОВ, К.АБДУЛЛАЕВА, Н.ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ

және Жалын ауылының басқа да тұрғындары

01.09.2011 ж.

Серіктес жаңалықтары