Әл-АҚСА МЕШIТIНДЕ
Әл-АҚСА МЕШIТIНДЕ
Ағымдағы жылдың өткен шiлде айында Израиль мемлекетiндегi Құддыс (палестиналық арабтар осылай атайды, ал израилдiктер Иерусалим деп атап жүр) қаласындағы Әл-Ақса мешiтiне жолымыз түстi.
Алматыдан көкке көтерiлген алып ұшақ, әуелi Түркияның Анталия қаласына келiп қонды. Сол қалада бiраз уақытқа аялдауымызға тура келдi. Өйткенi Израиль мемлекетiнiң өкiлдерi Әл-Ақсаға баратын мұсылман туристерiн осы қалада қатаң тексеруден өткiзедi екен. Құжаттарымызды қайта-қайта қарап, Алматыдағы қызметiмiздi анықтап және дiн бойынша қай махабтан екенiмiздi бiлiп болған соң ғана Тель-Авивке ұшатын ұшаққа отыруға рұқсат еттi. Ұшақ бiр сағаттан соң Израиль астанасына келiп қонды. Сол бойда бiздi шашау шығармай автобуспен Құддысқа алып барды. Қаладағы биiктiгi алты-жетi метр бетон қорғаннан өттiк. Қала ортасындағы Әл-Ақса мешiтiнiң алтынмен қапталған алып күмбезi алыстан көрiнедi екен. 2008 жылы Меккеге қажылық сапарға барғанда Медине қаласында болғанбыз. Сол жерде екi қыбылалы мешiт бар екен. Әуелi Құддыстағы Әл-Ақса мешiтiне қарап, басымызды сәждеге қойдық. Өйткенi Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сол жерден Алланың алдына пырағымен көкке көтерiлiп, мұсылмандардың күнiне бес уақыт намаз оқып, құлшылық етуiне ризашылығын алып келген. Екiншi қыбыла Мекке жаққа қараған. Сол жаққа қарап та намазға жығылдық.
Бiздi бастаушы гид Әл-Ақсаның iшкi бөлмелерiн аралатып, әрқайсысының мәнi мен маңызын, қасиеттерiн түсiндiрдi. Мешiттiң iшiнде жүрiп өзiңдi ғажайып бiр сезiм билейдi екен. Оны тiлмен айтып жеткiзу мүмкiн емес. Әл-Ақсадан жүз қадам жерде Ыбырахим мешiтi бар екен. Сол мешiтке де барып тәу еттiк. Тарих шежiресiнде бұл жерлердi бiздiң жыл санауымызға дейiнгi 540 жылы вавилондықтар, содан соң римдiктер, одан берiде темплиерлер жаугершiлiгi кезiнде жермен-жексен етiп қиратылған көрiнедi. Солардың үлкен төбедей орнына Омар халибтiң кезiнен бастап, хижра жыл санауының 68 жылы Әмiр Абдул Маликтiң тұсында екi мешiт салынған. Бiрi қазiргi Әл-Ақса да, екiншiсi Ыбырахим мешiттерi. ХIII ғасырда бұл қаланы моңғол шапқыншылығынан әуелi Салахиддин Аюб, содан соң Сұлтан Бейбарыс әскерлерi қорғап қалған екен. Израильдiктер мен палестиналық арабтар арасындағы қолайсыз ахуалға байланысты, бұл мешiттерге бұрынғыдай ағылып келiп жатқандар жоқ. Келушiлер тым аз. Сол күнi бiздi Өлi теңiзге алып барды. Жалпы Израиль таулы, құмды жерге орналасқан.