ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ДЕҢГЕЙI ИРАН КИНОСЫНАН ТӨМЕН БЕ?
ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ДЕҢГЕЙI ИРАН КИНОСЫНАН ТӨМЕН БЕ?
Кино туралы жыр… "Кино туралы жырдың" табиғаты қазаққа жат емес. Себебi бiз әркiмге қолжаулық болған қазақ киносының тағдырын талқылаймыз, режиссер мен продюссер жымқырып кеткен миллиондарды жоқтаймыз, қазақтың бағына туса да киноэкранда "бағы ашылмаған" тұлғаларды сырттан келген актерлердiң ойнайтынын айтып жылаймыз. "Көркемдiк деңгейi төмен, қазаққа жат фильмдер". Соңғы жылдары кино түсiре алмай жүрген режиссердiң айтатыны да сол әңгiме, актер мен көрерменнiң айтатын әңгiмесi де сол әңгiме. Кино түсiрiп жүрген режиссерлер ақталып, өздерiн-өздерi жарнамалап, бiрiн-бiрi қорғап, "өлiспей берiспеуде".
"Қазақфильмнiң" режиссерлерi жалақымыз мардымсыз, "Қазақфильмнен" алатын айлығымыз қырық-елу мың теңгенiң айналасы. Бiзге қарағанда сценарийстер сексен-тоқсан мың теңге алады", – деп күңкiлдейдi. Тiптi кейбiр кино мамандардың сөзiне сенсек, атынан дауы басым болған бiр фильмнiң "табысты шығуына" өзiндiк үлесiн қосқан жылқы жарықтықтардың еңбегi ескерiлiп, күнiне төрт жүз килограмм жем жептi. Тексерген "тергеушiлер" "бiр жылқының күнiне төрт жүз килограмм жеуi мүмкiн емес. Санды сәл де болса, шындыққа жақындатып, дөңгелектемедiңдер ме?" деп құлап қала жаздапты-мыс. Режиссерлердiң бәрiн қаралаудан аулақпыз, әрине. Десе де бюджет негiзiнде кино түсiрген режиссердiң қалтасына табыс түсетiн секiлдi ме, қалай? Бiздiң мақсатымыз: режиссерлердiң қалтасын тексеру емес едi. Тек жақсы кино түсiрiп, қазақты қуантса болғаны. Киногерлерде жазушылар секiлдi "екi мың дана кiтабым бiр облыс түгiлi, ауданға да жетпейдi?" деген уайым жоқ. Қалай десек те, үкiмет бюджетiнен қазақ киносын жандандыруға ақша бөлiнiп, белгiлi бiр дәрежеде киноға билiк көңiл бөлуде. Соңғы жылдары "Қазақфильмнiң" жаңа фильмдерiн бiрiнен соң бiрiн шығарып жатқаны соның айғағы.
Бiр қуанарлығы, қазақ көрерменi соңғы жылдары "Қазақфильм" түсiрiп жатқан "болмысты жалаңаштаған" фильмдерге немқұрайды қарамайды. Өз ұлтының киносына немқұрайды қарамау деген сөз – ұлтының мәдениетiне, ұлттық құндылығына, рухани құндылығына, қала бердi болашағына немқұрайдылық танытпау. Көрермен қарсылығы ұйықтап кеткен рухты оята алмай, жанталасуда. Көрермен үшiн ұлттық бояу мен режиссердiң шығармашылық iздену негiзiнде өзi iздеп, тапқан бояуды әдемi үйлестiре түсiрген фильмдерi құнды. Егер ғаламторда бүгiнгi жаңа фильмдер талқыланып, пiкiрталас туып жатпаса, бұл көрерменнiң өресiнiң таяздығынан емес шығар. Қарсылық – бұл еркiндiк. "Қайрат-чемпион", "Махаббат тәлкегi", "Жанымға" жасалған қарсылық, бiздiң жеке пiкiрiмiзше, ешқандай да тобырлық мәдениеттiң көрiнiсi емес. Қоғамда элиталық мәдениетке деген ұмтылыс болмаса да, тобырлық мәдениет деңгейiнде шырмап-ұстайтын "өңiн берген қызылды-жасылды түстерге" деген қарсылық басым.
"Қазақстан" телеарнасынан Иран киносының он күндiгiне орай "Шикi алманың қызылы" атты фильм көрдiм. Шынымды айтсам, телеарнадан иран киносы берiледi дегеннен көруге асықтым. Себебi өз ұлтымның ұлттық киносына деген сағыныш бар. vФильмдегi тартыс Ата-немере-келiн арасында өрiледi. Бiздiң күнделiктi өмiрiмiздегi тартыс. Өмiр философиясы. Сондықтан да құнды, маңызды. Ұлдары үшiн жесiр келiн қателестi. Өзi үшiн өзiн тапты. Қолында Құраны, жүрегiнде иманы бар қайын атасы кешiрдi. Болашақ өгей әкесiнiң жағасына жармасқан үлкен ұл кенеттен жазым болды. Баспалдақтан құлап түскен бозбаланың өлгенiне сенбейсiң. Өтiрiк секiлдi. Бiрақ… өмiрде тiзеден келетiн суға тұншығып өлген, шiрiген жiпке асылып өлген адамдар көп қой. Жазым деген аяқ астынан емес пе? Тұрмысқа шыққалы жатқан шешесiн ағасының өлiмiнен кейiн мүлдем жек көрiп кеткен баланың психологиясындағы өзгерiсi нанымды. Атасының айтқаны бар: "Егер өгей әкеңдi өлiм жазасына қисаң, шымшығыңның басын кесiп әкел". Шымшық бала жанын ұқпаса да, жалғыз алданышы едi. Туған немересiнен айрылған мүгедек шал келiнiнiң екiншi некелi күйеуiн арашалап қалғысы келедi. Өз ұлынан көп тепкi көрген келiнiнiң екiншi рет отау құруына өзi ғана тiлектес едi. Себебi бойында өзiнiң бiр тамшы да қаны болмайтын нәресте дүние есiгiн ашпақ. Және немересiнiң өлiмiне ол адамның кiнәсi жоқ екенiн бiледi. Жо-жоқ, соңғы шешiмдi немересiне айтқызбақ болғанда шал оның мойнына қан жүктемек емес. Ол немересiне кө-ө-өп iзгi әңгiмелер айтты. Шал немересiнiң адамдық қасиетiне сенген едi. Сол шешiм арқылы келiнi мен немересiнiң, ендiгәрi немересiне әке болмақ адаммен баланың арасын жалғамақ едi. Бала шымшығының басын кесе алмады. Есесiне қолын кесiп, қанатты. Қан тамшылап тұрған қолын таңып берген қонақ қызға, өгей әкесiнiң қарындасына азырақ жүрегi жылыған. Бәрiбiр жүйкесi шаршаған бала қонақ қызды үйiнен қуып жiбердi. Қонақ қызға оянған түсiнiксiз сезiм, балалық тазалығы ар-ұятын мазалап, үйiне ертiп әкелмек болып, соңынан қуады. Желаяқ қызды қуып жеткенде, қырсық қыз өзiн жұлқа тартып, баспалдақтан құлап түседi. Сонда бала ағасының өлiмiне өгей әкесiнiң кiнәсi жоғына көз жеткiзедi. Бiр қарағанда сюжетi соншалық қызықты емес секiлдi. Ертегi секiлдi. Бiрақ өмiр де ертегiге ұқсап кетедi ғой. Сенiң шындық деп сенiп келген нәрсең, әп-сәтте өтiрiкке айналып, құны қалмайды не өтiрiк шындыққа айналдырады. Түсiнген адамға бұл фильмде иран халқының менталитетi, дәстүрi, рухы бар. Шалдың немересiне шешiм айтқызуы, адамның өз өмiрiне қатысты қате шешiм қабылдауға тиiс еместiгiн, одан өзi ғана емес, қаншама адам зиян шегетiнiн аңғартады. Кинодан тағы бiр түйгенiм: күйеуге шығам деп "баласының түбiне жеткен" әйел өз үйiнiң сыртқы есiгiнiң қоңырауын басып тұрғанда оған көршiсi екiншi қабаттың терезесiнен қарайды. Әйел көршiсiмен басын изеп амандасады. Бiрақ көршiсi қарабет әйелдiң сәлемiн қабыл алмай, терезесiн тарс етiп жауып алады. Сонда әйел көршiсiне айқайлап не үйiне кiрген соң да әлгi әйелдi балағаттап, ұрыспайды. Бiздiң режиссер дәл осындай эпизодты түсiрсе, көршiсiн қарғап-сiлетер едi. Себебi жүйкесi шаршап, қалжыраған әйел ғой. Ендi әйелдiң болмысын шынайы көрсету керек қой. Иә, бiз көрермен, режиссерден шынайы, ұлттық кино күтемiз. Әзiрге, өкiнiштiсi, қазақ көрерменiне ұлттық киноның ауылы алыс секiлдi. Шынайы көркем кино түсiрiлмей қазақ киносы туралы "жыр" да бiтпек емес.
25.08.2011