«АТАДАН ҰЛ ТУСА ИГI, ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУСА ИГI»
«АТАДАН ҰЛ ТУСА ИГI, ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУСА ИГI»
Ал әке салған соқпақпен жүре алмаған Ерлан Айтахановқа не айтасыз?
Сайлаушыларының аманатын арқалаған мәслихат депутаттары өз таңдауларын жасады. 19 тамызда өткен Сенат сайлауына Оңтүстiк Қазақстан облысында облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттағы 308 депутаттың 294-i қатысты. Олар сенатор Қуаныш Айтаханов пен Шардара аудандық мәслихатының хатшысы Тоқсанбай Бердiбековтiң кандидатураларына дауыс бердi. Сайлау нәтижесiнде Қ. Айтаханов таңдаушылардың 235-iнiң (79,9 пайыз), ал Т.Бердiбеков 52-сiнiң (17,6 пайыз) сенiмiне ие болды. Қалған 7 бюллетень жарамсыз деп танылды.
Жалпы алғанда, өзге сайлаулармен салыстырғанда Сенат сайлауының көпшiлiк үшiн қызықсыз науқан саналатыны рас. Бәлкiм мұны дауыс беруге көпшiлiктiң тiкелей қатыса алмайтындығымен, таңдауды мәслихат депутаттарының жасайтындығымен, сяси додадағы талас-тартыс тек ат төбелiндей топтың арасында жүретiндiгiмен түсiндiруге болатын шығар.
Сайлау додасы аса тартысты өте қойған жоқ. Өткен сайлаумен салыстырғанда. 2005 жылы сол кездегi облыс прокурорының орынбасары Жарқымбек Оспанов пен Қуаныш Айтахановтың арасында бәсекелестiк қызу жүрiп, нәтижесiнде Айтаханов 55 пайыздық дауыспен жеңiске жеткен болатын. Өзге өңiрлердегi «нұротандықтар» қарсыластарын 80-90 пайыздық дауыспен қара үздiрiп жатқан кезде 55 пайыз дегенiңiз Қ.Айтахановтың «тақиясына» тар келетiндей көрiнген.
Бұл жолғы сайлауда сенатор 80 пайыз дауыс алып, өткен жолғы олқылықтың орнын толтырғандай болды. Бұған бәлкiм қарсыластардың мәре сызығына дейiн жетуiне жүректерi дауламай, орта жолда сырылып қалуы да әсер еткен шығар. Үгiт-насихат жұмыстары басталған бiрiншi күнi кәсiпкер Нұрқасым Ақылбек жарыс жолынан шығып қалды. Өз еркiмен. Ал дауыс беруге екi-үш күн қалған кезде Түркiстан қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Рысбеков өзiнiң кандидатурасын алып тастады. Бұған дейiн сұхбаттасқанымызда:
– «Өмiрден көрген-бiлген тәжiрибем аз емес. Дәл қазiр нағыз сенатор болатын жастамын. Бiзде заң қабылданғанымен, ол дұрыс жұмыс iстемейдi. Кейбiр заңдарда кемшiлiктер бар. Сенатор болсам соның бәрiн реттеуге күш саламын. Сайлауда жеңiске жететiнiме сенiмдiмiн. Сенбесем, сайлауға түсемiн бе?!» деген сөзi мығым, алдына қадау-қадау жоспар қойған Ғани Рысбековтiң табан астында терiс айналғанын түсiне алмадық. Бүгiн әрiптестерiнiң үмiтiн ақтамаған мәслихат хатшысы ертең сайлаушыларының сенiмiне селкеу түсiрмесiне кiм кепiл?!
Осылайша оңтүстiктен Сенатқа басым дауыспен жеңiске жеткен Қуаныш Айтаханов екiншi қайтара сайланды.
Бұған дейiн бiрнеше ауданның тiзгiнiн ұстап, облыс әкiмiнiң орынбасары қызметiн атқарған, билiктiң барлық баспалдағынан өткен, ысылған Айтахановтың Сенаттағы ең белсендi депутаттың бiрi болып келгенi де анық. Алла жазса, алдағы алты жылда да Айтахановтың Сенатта отырып мемлекеттiк, ұлттық мәселелердiң шетiн қозғайтынына, қозғау салатынына күмәнiмiз жоқ. Айтахановтың қайбiр жылы Сайрам ауданында әкiм болған кезiнде көшелердегi өзге тiлде жазылған маңдайшаларды, әкiмдiктегi iс-құжаттарды тегiс қазақ тiлiне көшiргенiн бүгiнде әлдебiреулер ерлiкке, өнегеге балап жүр. Сенатордың мемлекеттiк тiлге деген көзқарасы баспасөзде жариялаған мынандай пiкiрiнен-ақ байқалып тұр емес пе?
Айтаханов (әкесi):
«Президенттiң мемлекеттiк тiлге қатысты Жарлығын орындауға байланысты қабылданған қаулысы өз дәрежесiнде орындалмауда. Елбасының әр жылғы жолдаулары мен сұхбаттарында «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессiн», «15 жылда тiлдi аю да үйренедi», «Қазақстанның болашағы – қазақ тiлiнде» деп қадап айтқан сөздерi, оның қазақ тiлiнiң қолдаушысы да, қамқоршысы да екенiн көрсетедi. Елбасының тiл туралы нықтап айтқан тапсырмалары әртүрлi деңгейдегi шенеунiктер тарапынан толық iске асырылмай отырғанын да айта кетуiмiз керек. Сондықтан алдағы кезде мемлекеттiк тiл бағдарламасын мүлтiксiз орындау – әрбiр қазақстандықтың бiрiншi кезектегi мiндетi екендiгiн түсiнетiн уақыт жеттi. Бұл – мемлекеттiк тiлге деген немқұрайлылық, менсiнбеушiлiк көптен берi айтылып та, жазылып та келедi. Мемлекеттiк тiлдi шын мәнiнде өз деңгейiнде дамысын, белгiленген мемлекеттiк тiл бағдарламасының орындалуы нәтижелi болсын десек, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттiк тiлде берiлетiн ақпараттардың сапасын күшейтiп, оның бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруымыз керек». Нағыз ұлттың жанашыры, мемлекеттiң мүддесiн ойлайтын азамат қана осылай десе керек-тi. Бәрекелдi!
Қуаныш Айтахановтың мәпелеп бағып-қаққан перзенттерiнiң iшiнде әке салған сүрлеуге түсу – ұлы Ерланның пешенесiне бұйырыпты. Бiр кездерi облыс әкiмi Марс Үркiмбаевтың үмiт артуымен Қуаныш Айтаханов облыс әкiмiнiң орынбасарлығына тағайындалса, бүгiнде дәл осындай орынтақта отыру ұлы Ерланның маңдайына жазылыпты. Қайсыбiр кезеңде Абылай Мырзахметов тiзгiнiн ұстаған «Қазақстан темiр жолы» компаниясына бөлiм бастығы болып ауысып, одан әрi “Жолаушылар тасымалы” еншiлес мемлекеттiк кәсiпорнында директордың орынбасары, 1999 жылғы тамыздан бастап “Қазақстан темiр жолы” РМК қаржы және бухгалтерлiк есеп бас басқармасының бастығы, экономика, қаржы және бухгалтерлiк есеп департаментiнiң бастығы қызметтерiнiң қызығын көрдi. Алып компания басшылығының басына бұлт үйiрiлгенде қаржы жағына жауапты Ерлан Айтахановтың «тар жол, тайғақ кешуден» сүрiнбей өткенi сүйсiнетiн iскерлiк қой.
Облыс әкiмiнiң орынбасары орынтағына отырған Ерлан Айтахановқа тағы да «ең майлы жiлiк» есептелетiн қаржы, экономика жөнiндегi салаларға жетекшiлiк жасау бұйырды.
Кiшi Айтаханов ендi жаңа қызметiне кiрiскенде көпшiлiк «облыста талай жауапты қызметтердiң тiзгiнiн ұстаған, бүгiнде сенатор ретiнде де елдiң қамын күйттеп, белсендiлiк танытып жүрген Қуаныш Айтахановтың ұлы қазiргi қарқынынан таймай, шыңдала түссе, келешекте билiктiң жоғары эшелонына жолдама алмасына кiм кепiл? «Әке көрген оқ жонар» деген осы ғой» деп шын көңiлмен тiлеулестiк танытқан болатын. Көпшiлiктiң әлi де осы райынан қайта қоймағаны анық. Сөйтсек…
Биыл Президент сайлауы өтiсiмен облыс әкiмiнiң орынбасарларының атқаратын мiндеттерi қайта бөлiске түсiп, бұған дейiн идеологияның «ауылында» жүретiн облыстық Тiлдердi дамыту басқармасы экономика саласына жауапты орынбасар Ерлан Айтахановтың қарамағына көшкен болатын. «Ақша санап, бюджет жобалап үйренiп қалған облыс әкiмiнiң экономика жөнiндегi орынбасары Ерлан Айтахановқа Тiлдердi дамыту басқармасын сенiп тапсыру мемлекеттiк тiлдi мазақ ету ме? Өз елiнде төрге шыға алмай келе жатқан тiлiм-тiлiм тiлдi ендi үйiрiнен адасқан үйректiң кейпiне түспесiн деп тiлейiк» деп, Шымкенттен шығатын кейбiр тәуелсiз басылымдар көкейiндегi күдiгiн бiлдiрiп те қалған едi. Өкiнiшке қарай, босқа күдiктенбеген екен.
Биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыстық әкiмдiкте барлық басқармалар жаппай есеп берiп, нендей өзектi мәселелер шешiмiн табуы керектiгiне жан-жақты талдау, талқылау жасағанда Айтаханов жұмысын үйлестiретiн Тiлдердi дамыту басқармасы есеп тапсырудың тiзiмiне көпе-көрнеу кiрмей «тоқалдан туған» күй кешiп қалды. Тiлдердi дамыту басқармасын бұлайша өзгелерден бөлектеп, өгейсiтудiң, алалаудың, қолдаудың орнына қорлаудың ар жағында Ерлан Айтахановтың шолақ шешiмi, солақай саясаты тұрғаны артынан белгiлi болды. Оның облыс әкiмiне жолдаған мынадай қызметтiк хатын оқығанда қайран қалдық.
Айтаханов (ұлы): «Облыстық iшкi саясат және тiлдердi дамыту басқармаларының штаттық бiрлiктерiн оңтайландырып, облыс әкiмi аппаратының бөлiмдерi ретiнде ұстауға болады деп есептеймiз. Облыстық iшкi саясат және тiлдердi дамыту басқармаларын оңтайландыру және қайта құру арқылы босаған 17 штаттық бiрлiктi қажетiне қарай басқа облыстық басқармаларға беруге мүмкiншiлiк болатындығын хабарлаймын», – дейдi ол хатында.
Мәссаған безгелдек! Әкесi Айтахановқа баласы Айтахановтың тiрлiгi қарсы. Бiреуi тiлдi қолдайды, бiреуi тiлдi қорлайды. Дәлiрегiне көшсек, Қуаныш Айтаханов мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеру жайлы батыл-батыл мәселелер көтерiп, Үкiмет басшысына дейiн дүркiн-дүркiн сауал жолдап жүр. Осы бағыттағы Елбасының саясатына қолдау бiлдiрiп, бұқаралық ақпарат құралдарында әрдайым салмақты ой, парасатты пiкiр қозғауға әуестiгiн елдiң бәрi бiледi. Ендеше әкесiнiң мұндай әркеттерiне әдейi қырсыққандай Ерлан Айтахановтың биыл 20 жылдығы тойланатын Тәуелсiздiктiң басты тiрегi – көпұлтты қазақстандықтардың ынтымағын, бiрлiгiн, татулығын сақтауға, iшкi саяси тұрақтылықты қалыптастыруға тынбай тер төгудiң ауыр жауапкершiлiгiн арқалаған Iшкi саясат басқармасы мен Тiлдердi дамыту басқармасын оңтайландыруға, қайта құруға, турасын айтқанда екi басқарманы да таратып, олардан босаған 17 штаттық бiрлiктi басқа басқармаларға бөлiп берудi облыс әкiмiне ұсынғаны қай сасқаны? Басқа басқармалар үшiн 17 штаттық бiрлiк қайбiр жыртықтарын жамайтындарын кiм бiлсiн? Есесiне сол елге қажет екi басқармадан 17 штаттық бiрлiктi босатып берген, тiлдiң керегесiн кеңейту, iшкi саяси тұрақтылықты сақтау жолында еңбек етiп жүрген 17 адамның жұмыссыз қалатыны, олардың отбасы күнкөрiстен қиналатындары айтпаса да түсiнiктi. Басқармалар оңтайланса, қайта құрылса жүргiзiлетiн iс-қағаздарды, көрнекi құралдарды ауыстыруға да аз шығын жұмсалмайтыны анық. Демек ол бәрiн түсiнiп отырып түңiлдiретiн қадамға барғаны ма? Әзiрге қисынсыз ұсынысқа байланысты облыс әкiмi тарапынан қандай да бiр байлам жасала қойған жоқ. Бұған да шүкiршiлiк.
Кемеңгер жазушы Ғабит Мүсiрепов: «Сол тiлдi жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгiнгiсiн де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгiлiгiнiң мәңгiлiк белгiсi – Ана тiлiн тек Өгей ұлдары ғана менсiнбейдi, Өгей ұлдары ғана аяққа басады» дептi. Ерлан Айтахановты «өгей ұлға» қалай қиясың? Әкесiн мақтап, баласын даттап отырған жайымыз жоқ. Бiздiкi тек «Атадан ұл туса игi, әке жолын қуса игi» деген ниет қана.
Шымкент қаласы