БАНКТЕРДIҢ БАСЫНАН БҰЛТ СЕЙIЛДI

БАНКТЕРДIҢ БАСЫНАН БҰЛТ СЕЙIЛДI

БАНКТЕРДIҢ БАСЫНАН БҰЛТ СЕЙIЛДI
ашық дереккөзі
140

Осыдан төрт жыл бұрын Қазақстанның жалпы сыртқы қарызын көбейтуге кәдiмгiдей "үлес" қосқан отандық банктердiң қазiргi жағдайы жаман емес. Төрт жыл бұрын 46 млрд. доллардан асып жығылған банктердiң борышы мемлекеттiң арқасында биыл 30 млрд-қа дейiн азайыпты. Алайда кезiнде Ұлттық қордың көмегiмен әуппiрiмдеп аман қалған олардың кейбiрi бұл күнде заңдық талаптарды орындауға құлықсыз. Осының салдарынан, елiмiздегi 4 банк уақытша қызмет ету лицензиясынан айрылды.

Бүгiнде Жер шары әлемдiк қаржылық және экономикалық дағдарыстың салдарын жоюға бағытталған iс-шаралармен бас қатыруда. Осыдан төрт жыл бұрын басталған дағдарыс әсiресе дүниежүзiлiк қаржылық құрылымдардың сапасын сынға салған. Алғашқылардың бiрi болып сыр берген де – қаржы саласы. Отандық экономиканың маңызды бөлiгi саналатын салалардың шаруасы шатқаяқтай бастағанда Қазақстан Үкiметi дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасының шеңберiнде мемлекеттiк бюджеттен қыруар қаржы бөлдi. Мәселен бiрқатар құрылысы қаңырап қалған тұрғын үй нысандарын пайдалануға беру, шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау, азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында халық қазынасынан 2007-2008 жылдары 400 млрд. теңге бөлiндi. Ал жалпы төрт жылдан берi қарастырылған ақшаға келсек, дағдарыстың салдарын жоюға Ұлттық қордан 1,5 трлн. теңгеден астам қаражат жұмсалған. Апта басында "Нұр Отан" ХДП парламенттiк фракциясы ұйымдастырған отырыста Премьер К.Мәсiмов мемлекеттiк бюджеттен бөлiнген ақша отандық қаржы саласын тұрақтандыруға және экономикаға төнген рецессия қаупiн сейiлтуге сеп болғанын мәлiмдедi. Оның айтуынша, қазақстандық екiншi деңгейлi банктердiң сыртқы қарызы 29,4 млрд. долларға қысқарған: "2007 жылы 46 млрд. долларға жеткен қазақстандық банк саласының сыртқы қарызы 2011 жылдың наурызында 16,6 млрд. долларға дейiн төмендедi. Екiншi деңгейлi банктердiң сыртқы қарызы 29,4 млрд. долларға қысқарған. 2007 жылдың қаңтарында 14,7 млрд. долларға бағаланған Ұлттық қордың активтерi 2011 жылдың тамызында 40,3 млрд. долларға дейiн өстi".

"Аузы күйген үрiп iшедi" демекшi, дағдарыстан кейiн елiмiздегi қаржылық ұйымдардың iсiн реттеп, қадағалауға мiндеттi әрi мүдделi органдар банктерге қойылатын талаптар тiзiмiн кеңейтiп, бақылауды күшейте түскен. Осының нәтижесiнде қаржы нарығында заңдық мiндеттердi орындауға құлықсыз қаржы ұйымдары тұсаулана бастады. Жуырда "Сенiм-Банк" АҚ, "ТАИБ Қазақ Банкi" АҚ ЕБ, "Al Hilal Ислам Банкi" АҚ мен "Кредит Алтын банк" АҚ лицензияларынан айрылды. ҚР Ұлттық банкi Қаржылық нарық пен қаржылық ұйымдарды бақылау және қадағалау комитетiнiң ұйғарымы бойынша аталған төрт банк 3 айға дейiн депозиттер қабылдауға, құнды қағаздар нарығында әрекет етуге, сондай-ақ заңды тұлғаларға банк есепшоттарын ашуға құқы жоқ. Үстiмiздегi жылдың 22 шiлдесiнде Ұлттық банк басқармасы тарапынан қабылданған қаулыда бұған 4 қаржылық құрылымның 25 пайыздық акциясына ие болып табылатын жеке тұлғалар тарапынан 2008 жылдың 2 қыркүйегiнде Қаржылық ұйымдарды қадағалау агенттiгi қабылдаған "Екiншi деңгейлi банктердiң жарғылық және жеке капиталының ең төменгi мөлшерi туралы" 3 қаулысының 3-бабын орындамауы себеп болғаны көрсетiлген. Құжатта Агенттiк 2009 жылдың 1 шiлдесiнен бастап банктердiң жарғылық және жеке капиталының мөлшерi 5 млрд. теңгеге, ал 2011 жылдың 1 шiлдесiнен 10 млрд. теңгеге теңгеру мiндеттелген болатын.

22.09.2011

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары