МИХАИЛ ЛОМТАДЗЕ: ДАҒДАРЫС ХАЛЫҚҚА ПАЙДА ӘКЕЛДI
МИХАИЛ ЛОМТАДЗЕ: ДАҒДАРЫС ХАЛЫҚҚА ПАЙДА ӘКЕЛДI
Әлемдiк қаржылық дағдарыстың соңы экономикалық қиындықтарға ұласқаны белгiлi. Сол кезде көптеген елдердiң экономикасы тұралап, бүкiл әлем тығырықтан шығар жолды бiрлесiп табуға мүдделi болды. Жағдай сәл түзеле бастады дегенде халықаралық қауымдастыққа беделдi сарапшылар қауымы дағдарыстың екiншi толқыны мен дамыған елдер экономикасындағы рецессия туралы сөз қозғауға көштi. Осыған орай, бiз "Kaspi Bank" АҚ Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе мырзаға бiрер сауал қойған едiк.
– Михаил, сiздiңше, Қазақстанда дағдарыстың екiншi толқыны қайталануы мүмкiн бе?
– Қазiргi кезде әлемдiк экономиканың дағдарыстан шығу қарқынының төмендеуi немесе жаңа дағдарыс қаупiнiң төнгенi жайлы пiкiрлер жиi қылаң берiп жүр. Бұл негiзiнен еуроаймақ пен АҚШ-тағы қиындықтарға байланысты. Әрi "Қытай дәл осы ерекше қарқынмен қашанға дейiн дами бередi және әлемдiк нарықтағы мұнай құны қандай болмақ?" деген сауал да маза бермейдi. Бүгiнде нарықтардың естерiн баяу жинауы да инвесторлардың көңiл-күйiне керi әсер етуде. Шетелдiк нарықтар кез келген елге, әсiресе, Қазақстан секiлдi әлемдiк экономикамен бiте қайнасқан прогерсивтiк мемлекеттерге ықпал етуге қауқарлы. Соған қарамастан Қазақстан 2007-2008 жылдарға қарағанда қиындықтарға төтеп беруге анағұрлым дайын. Дағдарыс кезiнде Қазақстан қордаланып қалған қиындықтарды кейiнге ысырып қоймай, керiсiнше, дер кезiнде шешiп отырды.
– Оны неден байқауға болады?
– Бiрiншiден, банктердiң сыртқы қарыздары айтарлықтай төмен. Сыртқы борыштарға байланысты қомақты төлемi жоқ және елiмiздiң iрi банктерi қаражат жағынан тапшылыққа ұрынған емес. Банк жүйесiнiң сыртқы берешегi тым көп болған кезең – 2007-2009 жылдары олардың сыртқы қарызын қайта құрылымдау арқылы қиындықты оңтайлы шештiк. Екiншiден, мемлекет елдiң бәсекелестiк деңгейiн нығайтуға күш сала отырып, қосымша жұмыс күшiн қалыптастыруда. Үшiншiден, көптеген компаниялар шығындарды азайтып, мақсат, мiндеттерiн қайта айқындауға қол жеткiздi. Өкiнiшке қарай, бұл барлығына тән жетiстiк емес.
– Қалай ойлайсыз, дағдарыстың жалғасуы отандық экономиканың жылжымайтын мүлiк, шағын және орта кәсiпкерлiк, құрылыс пен несиелеу нарығы секiлдi салаларына керi әсер етуi мүмкiн бе?
– Дағдарыстан тек шығын ғана келген жоқ, оның пайдалы жақтары да болды. Мысалы дағдарыс баға мен кәсiпкерлiкке қалай әсер еттi? Жылжымайтын мүлiк нарығындағы баға 50 пайызға дейiн төмендедi. Бұрын 150 мың АҚШ долларына теңгерiлген пәтерлердi қазiр 70-80 мың долларға сатып аласыз. Бұл халық үшiн өте пайдалы. Баға 2007 жылға қарағанда халықтың қалтасы көтеретiндей деңгейге түстi. Қарапайым тiлмен айтқанда, дағдарыс алыпсатарлыққа негiзделген әрекеттердi шектедi. Қазiр бiреудiң бүгiн сатып алған жерiн алты айдан кейiн он есеге қымбатқа сатуы мүмкiн емес. Ол жоқ, мұндай жағдай болмауы да керек. Бизнес клиентке жағдай жасай отырып, өзiнiң бәсекелестiкке тән ерекшелiктерi мен артықшылықтарының арқасында ұзақмерзiмдiк пайдаға қол жеткiзудi мақсат етуi тиiс.
– Отандық жылжымайтын мүлiк нарығындағы ахуал тұрақтанды деп ойлайсыз ба?
– Әзiрге жылжымайтын мүлiк нарығындағы жағдай толық тұрақтанды деуге келмейдi. Алайда ипотекалық несиелеу деңгейiнiң жаппай өсе бастауы жылжымайтын мүлiк нарығының банктiк несиелеуге тiкелей қатысы барлығын көрсетедi. Көлiктерге байланысты да солай. Автонесиелеу көлiктердiң сатылу көрсеткiшiн жоғарылатуға сеп. Бұл жерде мәселе банктердiң несиелеуге деген құлшынысы мен мүдделiлiгiне байланысты. Қазiр бiз тұтынушылық сұраныстың жоғарылағанын байқаймыз. Компаниялардың кiрiсi жоғарылап келедi. Банктер отандық экономика мен халықты несиелей бастады. Елiмiздегi iрi банктер аталған салаларда белсендi жұмыс iстеуге кiрiскенде көрсеткiш деңгейiнiң өсуi айқын байқалмақ.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ