АРАЙҒА ШОМҒАН "АЛТЫНЕМЕЛ"

АРАЙҒА ШОМҒАН "АЛТЫНЕМЕЛ"

АРАЙҒА ШОМҒАН  "АЛТЫНЕМЕЛ"
ашық дереккөзі
1222

"Алтынемел" қорығы Қазақстандағы ең iрi қорықтардың бiрi болып саналады. Елiмiзде бар-жоғы 11 мемлекеттiк қорық болса, соның iшiндегi ең iрiсi — "Алтынемел". Бұрын-соңды қорықтың атын естiгенiмiз болмаса, қорықты алғаш көруiмiз.

Қазақстандағы ең үлкен қорықты көруге Алматыдан бiр топ тiлшi қауым арнайы келген едi. Аумағы 460,000 гектарға созылған қорықты бiр күнде тамашалап шығу оңай емес. Жеңiл көлiкпен де қорықты түгел аралау мүмкiн емес. Тау-тасқа арналған арнайы көлiк болмаса, қорықтың территориясына анау-мынау машиналарың шыдас бере қоймайды. Аталмыш қорықта жоғалу қаупi бар өсiмдiктер мен жануарлардың бiрнеше түрлерi сақталған екен. Сонымен бiрге, "Алтынемел" қорығының ең басты байлығы саналатын Айғайқұм мен Ақтау, Қатутау тауларын қосыңыз. Қорық территориясында Сақтардың б.з.д. I ғасырға жатқызылатын Бес шатыр қорғаны және б.з.д. XVI-XIV ғасырларға жататын ежелгi жартасқа салынған бейнелерi бар Тамғалы тас тәрiздi тарихи ескерткiштер сақталған.
"АЛТЫН ЕРГЕ" ЖАСАЛҒАН АЛҒАШҚЫ САПАР

"Алтынемел" атауы моңғол тiлiнен аударғанда "алтын ер" деген мағынаны бiлдiредi екен. Кейбiр деректерге сүйенсек, 1219 жылы Шыңғысханның қалың қолы Орта Азияны жаулап алу үшiн осы бiр жазық даланы басып өтедi. Күн батып бара жатқанда сарғайған шөп басқан таулардың сұлулығын көрген ұлы қолбасшы "Алтын ер!" деп таңданса керек. Алыстан қарасаңыз, шөбi шүйгiн, жазықты даланы қоршаған таулардың бейнесi шындығында да атқа салатын ердiң бейнесiн көз алдыңызға алып келедi. Ұшан-теңiз даланы кезiп келе жатсаңыз, бейне бiр өзге әлемге енiп кеткендей әсер қалдырады екен. Мидай даланы жайлап жатқан аң-құсты көзбен көрудiң өзi керемет. Тым-тырақай шапқылап алдыңыздан қарақұйрықтар зулап өте шыққанда, әуелгi сәтте ештеңенi түсiнбей қаласыз. Борпылдақ шаңды көмкерiп, аша тұяқтылардың соңында аппақ белгi ғана қалады. Сарғайған шөп басқан таулардың төбесiнде жортқан тауешкiлердiң қарасы ғана алыстан қарауытып көзге шалынады.

Мұндай сұлулықты көруге сырттан туристер ағылып келiп жатады екен. Табиғаттың өзi қолмен сурет салғандай әсер қалдыратын "Алтынемелдiң" әр бұрышы аңыз бен ақиқатқа толы. Әрбiр тауы мен тасының өзi тұнған шежiре. "Алтынемел" мемлекеттiк ұлттық табиғат паркi Қазақстан Республикасының Үкiметiнiң 1996 жылғы қаулысымен құрылған. Қазiргi таңда ол республикамыздағы iрi қорықтардың бiрi болып саналатындығын жоғарыда тiлге тиек еттiк. Қорықтың жалпы аумағы 520 мың гектарды құрап жатыр. Iле шұңқырында орналасқан, солтүстiгiнде Жоңғар Алатауының оңтүстiк бөктерi шектеп жатса, оңтүстiгiнде Iле өзенi мен Қапшағай су қоймасы жатыр. Жабайы табиғатты сақтап қалу үшiн Ұлттық парктердi құру қажет екенi белгiлi. "Алтынемелдiң" құрылуы да сондықтан болса керек. Табиғаттың сұлулығын сақтау да қажет. Жаратқан бiзге осыншама сұлулықты бергенi үшiн Аллаға мың да бiр тәубә дестiк "Алтынемелдi" аралап жүрiп. Алып қорықты түгелiмен аралап шығу үшiн бiрнеше күн қажет сияқты. Тауының да, тасының да, құмының да, мидай жазық даласының да қайталанбас кереметi бар "Алтынемел" қазақ даласындағы туризмнiң нағыз ошағы десек те болады. Әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен ағылған туристерде табиғаттың тылсым құдiретiне таңдай қағып, тамсанып қайтады екен.
ЖЕЛМЕН ЖАРЫСҚАН ЖАБАЙЫ ЖЫЛҚЫ

Бiздiң жолбасшымыз – "Алтынемел" мемлекеттiк қорығының директоры Баядiлов Халық ағаның өзi. Бiр топ журналистер мiнген көлiктi әуелi "Этноауылға" бастап әкелдi. Айдалада тiгiлген қазақтың киiз үйiнен ұлттың этнодүниелерiнiң көбiн табуға болады. Қымыз бен шұбатын былай қойғанда, ет асылып, құрт-майын ортаға салатын этноүй айналадағы жұртшылық үшiн қонақасы беретiн арнайы мейманханадан кем емес. Алыстан ат арытып келген қонақтарын да осында күтудi дағдыға айналдырып алыпты жергiлiктi жұрт. Этноүйдiң маңында ежелгi сақ моншасына ұқсатып салынған моншаңыз да дайын тұр. Бие байланып, ет ошақта асылып жатыр. Этноүйге келгенiмiзде киiз үй толы қонақтар болып шықты. Жылқы байланған қорадан Пржевальский жылқысын кездестiрдiк. Бойы тапалдау келген жылқы бiр қарасаңыз аңыздағы құландарға ұқсайтын сияқты. Әсiресе бiреуi тiптен асау екен. Далада емiн-еркiн жайылып жүрген тағы жылқыны кiп-кiшкентай қораға қамап ұстау да қиын сияқты. Бiздi алып жүрген жолбасшыларымыздың бiрi бұл жылқының бүгiн ғана қораға кiргiзiлгенiн айтты. Қалған Пржевальский жылқылары қолға үйренгендiктен бе, соншалықты жатырқамайды. Тiптi бiрi қант жеуге дәнiгiп алыпты. Алақаныңыздағы ақ шақарды қақшып алады. Естуiмiзше, аталмыш жылқыны 2003 жылы Мюнхень хайуанаттар бағынан алып келген екен. Сол жолы Пржевальский жылқысының сегiзiн, 2008 жылы тағы төртеуiн осында әкеледi. "Алтынемел" ұлттық бағының кең жазығына жануарлар тамаша үйренiсiп және ұрпақ бере бастапты. Осында Пржевальский жылқысының үш еркек және екi ұрғашы құлыны өмiрге келiптi. Дүниеге келген құлынға "Тайбурыл" деп ат қойыпты қорықшылар. Негiзгi дерек бойынша Пржевальский жылқысы тақ тұяқты сүтқоректi жылқы тұқымдастарға жатады. Жылқы тұқымдастарының жеке бiр түрi ретiнде саналады. Өйткенi үй жылқыларына қарағанда, хромосомаларының санымен және сырт пiшiнiмен ерекшеленедi. Бұл – бiздiң заманымызға дейiн сақталып қалған жабайы жылқылардың жалғыз түрi. Далаға үйренген нағыз тұлпар.

Тайбурылды жақыннан көрмек болып, қораға кiргенiмiз сол едi, тағы жылқы аспанға шапшыған бойда бiзге қарай бет алмаса болар ма? Жанымызды шүберекке түйiп, қорадан қалай сыртқа атып шыққанымызды бiлмеймiз. Қорықшылардың бiрi бұл жабайы жылқының асау айғыры тiстегендi мерт қылатынын айтады. Қандай асау ат болса да, Пржевальский жылқысы шайнап тастайтын көрiнедi. Тапалдау бойына қарағанда, кiп-кiшкене көрiнетiн жабайы жылқының мұндай мықты қасиетi бар десе, бiреу сенсе, бiреу сенбес.
"АЙҒАЙҚҰМҒА" БАРДЫҢ БА?

Бiреулер "Әншi құм", ендi бiреулер "Айғайқұм" деп атап кеткен құмға жетер жолда Шоқан Уәлихановтың бастауына тоқтадық. Ежелгi деректер бойынша, бұл бастауға Шоқан Уәлиханов өз экспедициясымен келiп тоқтаған екен. Биiктен қарасаңыз, ол жерде бастау бары көп көзге түсе бермейдi. Тек төменге қарай құлдилаған кезде ғана сайда бастаудың бар екенiне көз жеткiздiк. Халық аға бұл бастаудың жыңғыл бұталарынан көрiнбей жататындығын тiлге тиек еттi. Жаңбырдан кейiнгi селден соң, бастау маңындағы тастар опырылып қалыпты. Бұған дейiн бұл тастарды көру мүмкiн болмаған екен. Құм төбенiң тұп-тура етегiнде жер астынан шығып жатқан тап-таза мөлдiр бұлақтың суының дәмi тым ерекше. Ел арасында бұл судың ерекше емдiк күшi бар екенiн де жыр қылып айтатын көрiнедi. Шоқан Қашқарияға бара жатқан сапарында осы бұлаққа келiп демалып кеткен. Бұл мөлдiр бұлақ туралы Шоқан Уәлиханов жазбаларынан да жиi кездестiруге болады. Сол жазбалардың әсерi ме, әлде жергiлiктi халықтың атағаны ма, әйтеуiр бұл бұлақ әйгiлi саяхатшы ғалымның атымен аталып кетiптi.

"Айғайқұмға" келгенiмiзде түс ауған уақыт болатын. Құмның ыстықтығы табаныңыздан өтiп, шекеңiзге бiр-ақ жетедi. Табиғаттың тылсым құдiретiне таңданбасқа шараң жоқ. Айнала қоршаған тау-тастың ортасында тау сияқты құмның орналасуына қалай таңданбассың?! "Айғайқұм" ("Поющие барханы") – туристердiң жиi баратын ең сүйiктi жерi көрiнедi. Айғайқұмның атын естiгендер де елең етпей тұра алмайды. Тау-тастың ортасында орналасқан құмды төбе қалай ән айтады деп таңданасың әуелi. Жанымызда жүрген қорықшылардың айтуына қарағанда, "Айғайқұмның" дауысын есту кез келгенге бұйыра бермейтiн қасиет көрiнедi. Халық аға бiзге "жоғарыға өрлеп, қайта түссеңдер, құмның дауысын естисiңдер" деген едi. Бiз ыстық құмға жетпей жатып-ақ, сыңсыған өзгеше дауыс құлағымызға әуендетiп жеттi. Бiрiншi алғашқы құмнан шыққан үн екiншi құмға жалғасып кетедi. Кiшi және Үлкен Қалқан тауларының ортасында орналасқан мұндай ғажайып дүние жүзiнде он шақты ғана екен. Ол Қытайда, Ресейде, Арабияда және Америкада бар екен. Жартасты далада құмдардың пайда болуына географтардың өзi таң қалады екен. Бұл құдiреттiң сырын ашу ғалымдар үшiн де оңай болмай отыр. Құрғақ ауа райында биiктi 150 метр болатын құм төбеден шығатын дауыс та ғалымдар үшiн жұмбақ. Қорықшылар бұл дыбыстың бiрде музыкаға ұқсап кететiнiн айтса, ендi бiрде реактивтi ұшақтың гуiлiне ұқсайтынын айтады. "Айғайқұм" туралы аңыз-әңгiмелер де өте көп. Кейбiр аңыздарға сүйенсек, құм астында қатiгез әруақтардың рухы жатыр дейдi. Ендi бiреулерiнде – құм астында сиқырланған сұлудың жатқанын айтады. Халық арасында айтылып жүрген мынадай наным-сенiмдер де бар екен: сусылдаған құм төбенiң басына көтерiле алған адамның арманы орындалады, ал егер жолаушы бұл жерде адасып кетсе – ол үлкен күнәһар болғаны. "Айғайқұмның" басына шығып, дауысын естiген бiздер табиғаттың құдiретiне тағы бiр рет таңданып қайттық. Жаратылыстың құдiрет күшi дарытқан "Айғайқұм" қазақтың маңдайына берген асыл дүниесi. "Айғайқұмды" көрмей, "Айғайқұмның" құдiретiне тамсанбау мүмкiн емес. Тек оны көзбен көре бiлу қажет.
САҚТАРДАН ҚАЛҒАН КӨНЕ ҚОРҒАНДАР

"Алтынемелдегi" елдi ерекше таң қалдыратын тағы бiр нәрсе, ол "Бесшатыр" қорғандары. Бас-аяғы 31 қорғаннан тұратын сақ қорғандары таудың төменгi беткейiнде жатыр. Айнала алып тастармен қоршалған қорғандар кiшiгiрiм таулардан айнымайды. Бұл бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi VII-VI ғасырларда өмiр сүрген шығыс скифтерiнiң немесе сақ-тиграхаудтарының зираттар кешенi болып саналады. Жазық дала төрiнде қорғандар алыстан қара дақтар секiлдi көрiнгенiмен, жақын келгенде кiшкентай төбешiктер қатар-қатар қойылған. Олардың 21-i таспен жабылған, қалған 10-ы қиыршық тастармен және топырақпен көмкерiлген. Тайпалар мен одақ көсемдерi, билеушiлерi, хандары үшiн 50-100 метр диаметрлi қорғандар соғылған, батырлар, ру басы, байлар үшiн – 30-40 метр, қарапайым жауынгер үшiн 15-25 метр қорғандар соғылған. "Бесшатырда" тарихи-этнографиялық ашық орталық ашу жоспарланып, алғашқы қадамдары да жүргiзiлуде. "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында жасалып жатқан орталық 2012 жылы аяқталады деп жоспарланған. Кiшiгiрiм тау сияқты үйiлген қорғандарды сақтар қалай қолмен үйгенiне таң қалдық. Жылтырақ тастардың салмағы тiптен ауыр. Кiшiгiрiм тастың өзi екi қолыңызбен ұстағанның өзiнде салмақты көрiнедi. Қорғандарды айнала тастар тұрғызылған. Айнала қоршалған тастардың көрiнiсiне қарап, сақ жауынгерлерi жаудан қорғану үшiн тасаланған болуы керек деген ой түйдiк. Бәлкiм, мүлдем олай емес шығар…

ТАУТЕКЕ ОЙНАҚ САЛҒАН БИIКТЕР

Жоңғар Алатауының Шолақ тауының биiгiнен тәкаппар таутеке Iле жазығын көзбен шолады. Таутекенi тау ешкiсi немесе ешкiмүйiз деп те атайды. Жабайы ешкiлер "Алтынемел" ұлттық бағындағы тауларды есте жоқ ескi замандардан берi мекендейдi дейдi. Ешкiмүйiздер жартасқа салынған суреттерде де бейнеленген. Алайда көне заман суретшiлерi "Алтынемелдегi" тұяқты жануарлардың бәрiнiң бiрдей суреттерiн салмаған сияқты. "Алтынемелдiң" бас директоры Халық Баядiлов бiзге тау ешкiлер мен құландарды көрсету үшiн арнайы алып шықты. Пәлен құлан, пәлен тау ешкiсi, пәлен қарақұйрық бар деп атап отырған Халық аға қорықтағы жан-жануарлардың санын жатқа бiледi. Алдымыздан зу етiп өте шыққан қарақұйрықтардың көз iлеспес жылдамдығына қарап, қалай санайды екен деп ойладық iштей. Қарақұйрықтар қауiп-қатерден қашқанда ұшындағы қара дағы жақсы көрiнетiн шолақ құйрығын жоғары көтерiп алады екен. Осылайша, жылдам зулаған кезде бiр-бiрiнен көз жазып қалмас үшiн бауырластарына құйрық өзiнше бағыт-бағдар беретiн сияқты. Сондықтан қарақұйрық жүгiрген кезде құйрығын тiк ұстайды және оның құйрығының ұшы қарайып, ақ "айна" аясында ерекшеленiп көрiнедi. Осы бiр ерекшелiгiне де байланысты шығар, оның "қарақұйрық" деп аталатыны. Бұл жануар өте сезiмтал, әрi сақ келедi екен. Селт еткен дыбыстан үркiп, қаша жөнеледi. Қарақұйрықтың жылдамдығы сағатына 62 шақырымға дейiн баратын көрiнедi, ол мұндай жылдамдықты тек бiрнеше минут қана уақыт ұстай алады.

Қарақұйрықтан бөлек, құландардың өзi алыстан қарауытып көрiнгенi болмаса, жақыннан зер салу мүмкiн емес. Сонымен бiрге қорықта "Қызыл кiтапқа" енген, Iле жазығының өткенi, бүгiнi және болашағының нышаны деп атауға болатын керемет үш жануар бар. Осынау бөкендердiң бар болмысынан табиғатпен үндестiк және кемелдiк сезiледi. Олар әу бастан осы жердi мекендеген. Құландар ерте замандарда Орталық Азияның өте үлкен жазығын жайлапты. Қазiр әлемде сирек кездесетiн осынау тұяқты жануарлардың бiрнеше мыңы ғана сақталып қалды. Олар резерваттарда, ұлттық бақтар мен қорықтарда ғана қалды. Құландарды Қазақстанға 1953 жылы Түрiкменстанның Бадхыз қорығынан көшiрiп әкеле бастады. Жануарларды Арал теңiзiнiң қақ ортасындағы ұлтарақтай ғана құрғақ жер – Барсакелмес аралына әкелдi. Сыртқы қауiп-қатерден қорғалған құландар тез тұқым жайды. Осыдан 30 жыл бұрын Барсакелмес аралынан Қапшағай су қоймасының солтүстiк жағалауына зоологтар 23 аналығы мен 4 аталығын көшiрдi. Бұлай ету сирек жануарлар санын ұлғайту үшiн керек болды. Құландар бұл жерлердi жақсы жерсiндi және жылдам көбейе бастады. Қазiргi күнi мұнда олар екi мыңнан астам көрiнедi. Ұлттық қорықтың жануарлар әлемi өте бай, әрi әртүрлi. Жоғарыда өзiмiз мысалға келтiрген қарақұйрық, құландар мен бөкендерден бөлек, омыртқалы жануарлардың екi жүз алпыстан астам түрi кездеседi. Iле өзенi мен Қапшағай су қоймасында балықтың отыз екi түрi бар. Олардың он сегiзi өзге су қоймаларынан алып келген. Тау-тасқа секiрген тауешкiлердi жақыннан көру мүмкiн емес. "Әне кетiп барады, ана жақта жүр" деп қол шошайтып, Дегерестiң басына қарағанымызбен, жақыннан қарай алмадық. Тау ешкiлерi таң қылаң бере еңiске түсiп, суаттардан су iшетiн көрiнедi. Ең қызығы, бұл жануарлардың ешқайсысы да Қапшағай су қоймасы мен Iле өзенiнен су iшуге жақындамайтын көрiнедi. Бұлақтар мен тау суларынан су iшiп жатқан сүтқоректiлердi көргiңiз келсе, таң қылаң бере оянуыңызға тура келедi .
"ҚЫЗЫЛ КIТАПҚА" ЕНГЕН ӨСIМДIКТЕР
 

Ұлттық қорық территориясы таулар, таулы плато, жазықтар және жоталардан тұрады. Негiзгi бөлiгi таулы массив болатын олардың биiктiгi теңiз деңгейiнен 1200 – 2500 м. Терең жыралар да кездеседi, жер беткейiнiң 26 түрi бар. Флора 1800 түрге жуық өсiмдiктерден тұрады, олардың 21 түрi Қызыл кiтабына енген. Сонымен қатар паркте эндемикалық және сирек кездесетiн өсiмдiктердiң 60 түрi бар. Парк территориясына өте бай фауна орналасқан. Омыртқалы жануарлардың өзiнiң 260 түрi бар, ал Қазақстандағы барлық омыртқалы жануарлардың 31,2 пайызын құрайды. Құстардың 400 түрi бар, олардың 40 түрi Қазақстанның Қызыл кiтабына енген.

Өсiмдiктердiң шамамен 1800 түрi кездеседi. Олардың арасында тау қылқан жапырақтарынан бастап, жазық дала өсiмдiктерiне дейiн бар. Ұлттық парк ерте көктемнен бастап, қоңыр күзге дейiн жасыл нұрға бөленедi. Биiк таулы аймақтардағы көгалдар жауқазындардың, шегiргүлдер мен сарғалдақтардың түрлi-түстi гүлдерiмен құлпырып кетедi. Кейiнiрек раушанның сары және ақ гүлдерiмен көмкерiлген кiлем, боз селеулердiң, алқызыл көкнәрлармен және қызғалдақтармен, гүлдi шөптермен толысып, көкарай түрге бөленедi. Күз айларына қарай қорықтың тау бөктерiнде шетен шоқтары қызара бастайды екен. Ал жазық далада қыркүйек, қазан айларында жусан мен сораңшөптер гүлдейдi. Кейбiр эндемикалар, жоңғар аспарасын тек қорықтан ғана кездестiресiз. Бұл өсiмдiктер Шолақ тауларында кездеседi. Әлемнiң басқа елдерiнен бұл өсiмдiктердi iздесеңiз де, таба алмайсыз. Ұлттық паркте туристердi қабылдап алатын арнайы қонақ үйлер де қоныс тепкен. Қонақ үйлерден бөлек, "Бесшатыр" археологиялық тарихи мұражайы, ақтау тауында динозаврлар паркi мен палеонтологиялық мұражай, туристiк кемпингтер, этнографиялық ауылдар, шатырлы лагерлер салуды келешекте жоспарлап отыр. Қазақ жерiнен бөлек, сырт мемлекеттерден келетiн туристер үшiн де "Алтынемелдi" таптырмас демалыс орнына айналдыруымыз қажет. Ұлттық қорыққа қолдан ештеңе жасаудың қажетi шамалы. Жаратылыс күшi қазаққа сыйлаған "Айғайқұм", "Бесшатыр" қорғандары, тау сiлемдерiндегi сұлулық, Ақтау, Қатутау, 700 жылдық тарихы бар көне ағаш, одан бөлек қорықта кездесетiн аң-құстардың өзi саяхатшылар үшiн таптырмас мекен. Тек бiздiң қорықшыларымыз жан-жақтан қаумалаған браконьерлерден жабайы аң-құсты қорғап, сақтай бiлсе болды. Құланы мен арқары, қарақұйрығы жүйткiген сайын дала, тау-тасты кезген тау ешкiлер, одан бөлек, Iле мен Қапшағай су қоймасында кездесетiн балықтар, өсiмдiктердiң түр-түрi – бұл бiздiң рухани қымбат қазынамыз. Қазақтың маңдайына берген асылын көздiң қарашығындай қорғай бiлсек, сақтай алсақ, жарағанымыз. P.S. "Алтынемел" мемлекеттiк ұлттық табиғат қорығына қарайтын Ақтау мен Қатутау тауларын, жетi жүз жылдық тарихы бар көне ағашты көруге мүмкiндiк болмады. Қорықтың директоры Халық Баядiловтiң сөзiне қарағанда, қорықты бiр-екi күнде толықтай аралап шығу мүмкiн емес. Алыстан ат арытып келетiн шет елдiк туристер мұнда апталап жатып, табиғаттың жаратқан құдiретiн асықпай аралайтын көрiнедi. Бiз қорықта жүргенде мотоцикл мiнген германиялық екi азаматты кездестiрдiк. Қазақстанның сұлу табиғатын көру үшiн сонау Мюнхеннен арнайы келiптi. Германиялық туристер "Алтынемелдiң" сұлулығына таңданыстарын сөзбен жеткiзе алмайтындығын айтады. Белгiлi жазушы Жақсылық Түменбайдың "Махаббат қорығы" хикаятының Жоламан атты кейiпкерi: "Әр дүниенiң өз қорығы бар. Әр адамның да өз қорығы бар. Ол қорықты аялай бiлгенiмiз жөн. Қорғауымыз керек. Сондықтан өз қорығыңды қорғай бiл" дейтiн едi…
11 тамыз, 2011

Серіктес жаңалықтары