Мейiрiмдi ана – Т Е Р Е З А
Мейiрiмдi ана – Т Е Р Е З А
Өткен ғасырдың басында Македония Осман империясының қарамағында болған. 1910 жылы сол елдiң Скопье қаласындағы албан католиктерiнiң отбасында үшiншi сәби, Агнес атты қыз өмiрге келген. Әкесi – Никола Бояджиу күйлi кәсiпкер, ал анасы – Драна қарапайым үй шаруасындағы әйел едi. Агнес алдындағы әпкесi мен ағасына қарағанда кiшкентай кезiнен-ақ тәртiптi болып өседi. Ата-анасының айтқандарынан ешқашан шыққан емес. Ата-анасы балаларын шiркеуге барып, әрдайым Құдайға сыйынып отыруға, қиналған адамдарға қол ұшын беруге дағдыландырған.
1912 жылы Албания Осман империясынан тәуелсiздiгiн алды. 1914 жылы басталған бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн көршi Сербиядан Косовоны өздерiне қаратып алуға күш салады. Никола Бояджиу бұл тарихи оқиғадан шет қалмай 1919 жылы Белградта өткен құрылтайға бармақшы болып жолға шыққан. Бiрақ жолда ауырып, 45 жасында өмiрден озады. Асыраушысынан айрылған отбасы қатты күйзелiске түскен. Бояджиудың басқаларға қарыздары көп екен. Үйдегi барлық мүлiктердi сатып, құтылған соң, анасы Драна кесте тiгiп, күнкөрiстiк табыс табады. Агнес бала кезiнен қайырымдылықты бойына сiңiрiп өседi. Алайда он екi жасында монастырьге кетпекшi болады. Анасы қарсы болып, оған тақуалардың өмiрi өте ауыр болатынын, отбасын құрып, бала сүюге рұқсат етiлмейтiнiн түсiндiрiп, райынан қайтарған. Бiрақ ол он сегiз жасқа толғанда осы ойына қайта оралып, анасының жiберуiн өтiнедi. Бұл кезде ол өзiнiң ақылдылығымен, еңбекқорлығымен, әсiресе музыка мен әдебиетке ерекше бейiмдiлiгiмен анасының назарын аударып жүрген болатын. Ол осы екi мамандықтың бiрiн таңдауға толық мүмкiндiгi болса да анасына Үндiстандағы кедейлер мен ауру жандарға көмектесiп жүрген христиан миссионерлерi жайлы әңгiмелердi дiн қызметкерлерiнен естiгенiн, өзiнiң өмiрлiк жолы да солай болатынын түсiндiрiп бақты. Драна Бяджиу бұл жолы қызын алған беттен қайтара алмайтынын түсiндi..
Агнес 1928 жылы 26 қыркүйекте Загребке аттанады. Содан соң Дублинге жол тартқан. Себебi миссионерлердi сол Дублиннен ғана Үндiстанға жiбередi екен. Ол сол сапарға шығар алдында Ирландияның медбикелер және өзге де мамандықтарға дайындау курсынан өтiп, Үндiстанда ағылшын тiлiнде бала оқытушы мамандығын таңдайды. Агнес Дублинде Мария Тереза атын алып, тақуа атанады. Ол бұрын Лизьедан шыққан монах Терезаны өте жақсы көрiп, соның кiтаптарын көп оқыған.
Мария Тереза үндiнiң Мадрасе (қазiргi Ченнай) қаласына келген кезде, мүлдем жоқшылықта өмiр кешiп жатқан жандарды өз көзiмен көрiп, қайран қалды. Жол бойында аш-жалаңаш жандар мен әбден қажыған аурулар жатқан едi. Ол сол жерден шығатын католик миссионерлерiнiң газетiне «Егер мұны менiң жерлестерiм көрсе, олар осындай өмiр сүрудi тағдырларына жазбағандары үшiн Құдайға мың да бiр алғыстарын айтар едi», – деп жазды. Тереза мұндағы өмiр жайында бұрын да естiген болатын. Ал өз көзiмен көрген кезде жан дүниесi аяушылықтан мүлде тебiренiп сала бердi. Тереза мен басқа миссионерлер Калькуттада да осындай жағдайды көрiп, тәулiк бойына атқарылатын жұмысқа кiрiстi. Ол жұртпен түсiнiсу үшiн әуелi жергiлiктi халықтың бенгаль тiлiн тез игерiп алды. Ағартушылық жұмысының алғашқы мерзiмi бiткен соң, Терезаны Калькутта маңындағы Лоретто ғибадатханасы жанынан ашылған Әулие Мария мектебiне ауыстырды. Мұнда ол он жетi жыл бойына балаларға жағрафия мен тарих пәндерiнен сабақ бердi. Мектеп директоры қайырымды мұғалимаға сенгенi соншалық, оған жұмыс iстеуiне толық мүмкiндiк жасады. Арада бiраз жылдар өткен соң, Тереза мектеп директоры болып тағайындалды. 1937 жылы Дарджилинде өзiн Құдай жолына толық арнайтыны жөнiнде сөз бердi.
1930 жылдардың соңында Екiншi дүниежүзiлiк соғыстың басталатыны белгiлi бола бастаған шақ. Жапония өз әскерiн Үндiстанға қарай қозғай бастасымен-ақ ел әскери жағдайға көштi. Мектептегi балалар мен жетiмдердi басқа жаққа ауыстыруға байланысты көптеген мұғалiмдер де солармен бiрге кеткен. Алайда Тереза орнынан қозғалған жоқ. Калькуттадағы уақытша бөлiнген бөлмелерiнде балаларды оқытумен айналысты. Ол: «Балалар соғыс кезiнде де оқуларын жалғастыру керек», – дейдi. Соғыстан кейiн босқындар саны көбейдi, аштық күшейдi, әртүрлi дiни конфессиялар арасында қатты қақтығыстар орын алып жатты. Калькуттадағы жағдай мүлдем ушығып тұрды. Қала көшелерiнен аштан және дiни араздықтан зорлықпен өлтiрiлгендердi жиi кездестiресiң.
Мейiрiмдi ана Тереза қаладағы қиын саяси жағдайда да аштық мәселелерiмен айналыса отырып, жұртқа көмектесуге тырысты. Сөйтiп жүргенде өзi де науқасқа шалдыққан. Дiндарлар оны құрт (туберкулез) ауруына ұшырап қалған болар деп сезiктенiп, аз уақытқа болса да Дарджилингке барып демалып қайтуды ұсынған. 1946 жылы 10 қыркүйекте Дарджилингте жатып, әлдеқайдан ғайыптан құлағына жеткен тылсым бұйрыққа құлақ түрдi. Бұл үн оған ғарыштан келгендей болды. Сол күннен бастап ғибадатхананы тастап, өз өмiрiн аш-жалаңаштарға көмектесуге арнауға бел буды. Шешiм қабылдаған осы күндi Тереза ешуақытта ұмытқан емес. Ол өмiрден өткен соң, адамдар дәл сол 10 қыркүйек күнi оған дұға бағыштайтын болды.
Тереза 1948 жылы желтоқсан айында Калькуттаға қайта оралды. Мектеп ашу үшiн бiрден қаланың қиқы-жиқы ескi үйлерден тұратын Мори Джила ауданына барды. Бұл ғибадатхана маңында едi. Тереза кедей балаларын оқытады екен деген хабар тез тарап, лезде балалар жинала бастады. Алғашқыда мектепке лайықты жай болмағандықтан, отыздан астам балаға ашық аспан астында сабақ жүргiздi. Айдың соңына қарай Тереза екi жайды жалға алды. Оның бiрiн балалар оқитын сыныпқа, екiншiсiн емдеу орнына арнады. Оған ара-тұра Әулие Мария мектебiндегi бұрынғы құрбылары көмектесiп жүрдi. Сондай-ақ жергiлiктi ерiктi топ қаражат жинаумен айналысты. Бiрақ жиналған азын-аулақ қаражат тамақ пен дәрi-дәрмекке жетiсе бермедi. Терезаның өзi де жұрттан көмек сұрай бастады. Алайда кейбiреулерден «Кедейлердiң балаларын оқытудың қажетi жоқ» деген қатыгез сөздердi естiп, көңiлi де құлазыды. Сондай кездерде «Лоретан ғибадатханасынан кеткенiм жөн болмады-ау. Мен онда ешқандай қиындықсыз өмiр сүрдiм. Ешқашан да ештеңеден мұқтаждық көргенiм жоқ. Мiне, ендi бәрi де өзгерiп кеттi. Түнемекке жатар тұрақты баспанам да жоқ. Кез-келген жерге түней салатын болдым. Кедейлердiң еденiнде, бұрыш-бұрыштан тышқандар шиқылдаған үйлерiне түнеп, солар не тауып жесе, мен де соны жедiм» деген өкiнiштi ойлар жетегiнде жүрген кездерi де аз болған жоқ. Алайда ол: «Бiрақ мен осы iсiме өз қалауыммен келдiм ғой», – деп өзiн қайта жiгерлендiрдi.
Мейiрiмдi ана Тереза бұл кезде көп нәрсеге мұқтаж едi. Кейде аштықтан ауық-ауық естен танып та жатты. Жанашырлары Калькуттада тұратын дiн қызметкерiнiң бiрi Альфреда Гомессадан оған өз үйiнiң бiр бұрышынан орын берудi сұрады. Ол келiсiм берген соң ғана Тереза үйдiң үстiңгi қабатында жайғасты. Сол кезде ол жалғыздықты қатты сезiнiп жүрдi. Өзiнiң күнделiгiне «Жаратушы ием! Бүгiнгi жалғыздығымның азабы қандай қиын едi», – деп жазып, Құдайдан соларға төтеп берер күш-қуат беруiн жалынып сұрады.
Мейiрiмдi ана Тереза өзара түсiнiсе алмай жүрген үндiлер мен мұсылмандар тарапынан жиi қарсылықтарға тап болып отырды. Бiр жолы поезда өзiмен қатар отырғандар оны үндiлердi католиктер дiнiне кiргiзгелi жүр деп, намысына тиетiн балағат сөздер айтқанын естiп қалды. Олар оның бенгаль тiлiнде жақсы сөйлей алатынын бiлген жоқ. Олар сөзiн бiтiргенше Тереза шыдамдылық танытып, тыңдап алды да: «Мен үндi қызымын. Үндiстан – менiң Отаным», – дедi бенгаль тiлiнде. Онысы рас едi. 1948 жылы ол үндi азаматтығын алған болатын. Оның басқа ақ нәсiлдiлерден айырмашылығы сонда, жұртпен тiл табысып, өзiн солармен тең ұстады.
1949 жылы Терезаға Әулие Мария мектебiнен тағы бiр тақуа қыз келiп, көмекшi болды. Көп кешiкпей тағы он бiр қыз Терезаға көмек қолын созды. Содан топ құрылып, оны жұрт «Қайырымдылық Орденi» деп атап кеттi. Бұл топ ХII Рим Папасының қолдауына ие болды. Орденнiң саны жыл өткен сайын арта түстi. Бiрақ кедейлер үшiн азық-түлiк, дәрi-дәрмек, киiм-кешек бұрынғыдай жетпей жатты. Үй де тарлық ете бастады. Бiр күнi Мейiрiмдi ана Терезаға бiр кiсi келiп, оның Орденге жайлы орын тапқанын жеткiздi. Тереза сол жайды барып көрдi. Үй иесi үйдi сататыны жөнiнде өз ойын тек әйелiне ғана айтқанын, ал Терезаның бұл үйдiң сатылатынын қайдан бiлгенiне таңданысын бiлдiрдi. Таңғаларлығы сол, мұны Терезаға көрсеткен кiсi iзiм-қайым жағдайда жоқ болып кеттi. Арада бiрнеше күн өткен соң ван Эксем үйдiң бағасы жөнiнде келiсуге келедi. Сонда үй иесi: «Бұл үйдi маған Құдай берiп едi. Ендi мiне өзiне қайтаратын кез келдi», – дейдi. 1953 жылы ақпанда үй Орденге болмашы ақшаға сатылды.
1950 жылдардың ортасында Калькуттадағы баспанасы жоқтар саны екi миллионға жеттi. Ал үндi үкiметi мен халықаралық қайырымдылық ұйымдарының бөлген қаржылары бұл мәселенi түпкiлiктi шешуге жетпедi. Орден медбикелерi тынымсыз еңбектенiп жатса да, қаланың лас көшелерiнде адамдар аштық пен аурудан көз жұмып жатты. Қала басшылары «Қайырымды Орденге» үндi Құдайы Кали шiркеуi жанынан бiр үйдi босатып берген. Көп кешiкпей бұл үй «өлетiндер үйi» атанып кеттi. Үндi дiни қызметкерлерi бұған қарсы болды. Оларға шiркеу жанында тұрған бұл қайырымдылық үйi ұнамады. Одан да басқа олар көптеген үндiлер өлер алдында католиктерге барып, христиан дәстүрiмен жерленедi деп қауiптендi. Тереза мен Орден медбикелерi олардың ешқайсысын да христиан дiнiне кiруге үгiттемеген және мәңгiлiкке көз жұмғандарды сол елдiң дiни салтымен жерлеп отырды. Бiр жолы «өлетiндер үйiне» құрт ауруының жазылмас кезеңiне енген үндi дiн қызметкерi келiп түседi. Одан Калькуттаның барлық ауруханалары бас тартқан едi. Ал Ордендегi мейiрбикелердiң қарауына байланысты ауру жанына жеңiлдiк алып барып көз жұмған. Оны үндi салтымен жерледi. Содан кейiн барып үндi дiндарларының Мейiрiмдi Терезаға шабуылы тоқталды.
Мейiрiмдi ана Тереза күн сайын ата-аналары көз жұмған балаларды, аштықтан қайыр тiлеп жүрген жасөспiрiмдердi көретiн. Терезаның ендiгi мақсаты соларға арнайы үй тауып, қамқорлықтарына алу болды. Ол бұл мақсатына 1955 жылы жеттi. Орден үйiнiң қасынан Шишу Бхаван деп аталған балалар үйi ашылды. Мұнда жоқшылық пен науқастан асырауға шамалары келмейтiн ата-аналар балаларын әкеп өткiздi және бұл үйде ауруы асқынған балаларды емдейтiн аурухана да ұйымдастырылды. Сондай-ақ Шишу Бхаванға тұл жетiмдер мен ақыл-есi кем балалар да орналастырылды. Өкiнiшке қарай, қатты науқастарды аман алып қалуға медбикелердiң де шамалары жетпедi. Ал аяқтарынан тұрып кеткендер бiраз жылдардан соң жаңа өмiрлерiн бастап жатты.
Үндiстанда асқынған жарадан бет-бейнелерi, дене бiтiмдерi мүлдем бұзылған жандар көптеп саналды. Бұл өте қорқынышты әрi жиiркенiштi лепрозор деп аталынған ауру жұқпалы болғандықтан, жұрт оларды көпшiлiк орындарға жолата бермейтiн. Ал үкiметтiң арнайы ауруханалары оларды түгел қабылдауға мүмкiншiлiгi жоқ. Мейiрiмдi Тереза оларға да қамқор қолын созып, емдеу орнын ашты. Бiрақ сол маңның тұрғындары жұқпалы аурудан сақтану үшiн қарсылықтарын бiлдiрдi. Мейiрiмдi ана Терезаға Құдайдан ғана жәрдем тiлеу қалды. Сол кезде Америка үкiметi Орденге қолайлы медициналық автокөлiктi тарту еттi. Бұл көп мәселенi шештi. Медбикелерге ендi сол арқылы жылжымалы госпиталь ұйымдастыруларына мүмкiндiк туды. Ақыры сондай ауруларға шалдыққандарды отбасымен бiр орынға жинаудың да сәтi түстi. Олар тегiн медициналық көмектерi мен қамқорлықтары үшiн Орден медбикелерiне дән риза.
"Қайырымдылық Орденнiң" қызмет аясы ұлғайған сайын әйелдер күшi бәрiне жете бермейтiн болды. Мейiрiмдi ана Тереза ендi қалайда Орденнiң ер азаматтар бөлiмiн ашу керек деген ойға бекiндi. 1961 жылы осы жөнiнен ван Эксеммен ақылдасқан. Ол архиепископпен кездесiп, Орденнiң ерлер бөлiмiн ашуды қолға алды. Бiрнеше аптадан соң Мейiрiмдi Терезаға ерлерден тұратын бiрнеше монахтар келдi. 1963 жылы "Қайырымды Орденде" ерлер бөлiмi жұмыс iстей бастады. Алайда Рим Папасы бұл бөлiмдi бекiте қоймады. Өйткенi олар атқарған iстердiң нәтижесi әлi жұртқа таныла қоймаған. Ең бастысы мұндай Орденге ұстаздық ету әйелге рұқсат етiлмедi. Соған байланысты Мейiрiмдi ана Тереза Үндiстан епископынан осы Ордендi басқару жұмысын қоса атқаруын өтiндi. Бiрақ ол өз қызметiнен, ғибадатханадан шыға алмайтынын айтып бас тартты. Бұл түйiндi мәселе тек 1966 жылы ғана өз шешiмiн тапты. Австралиядан келген миссионер Эндрю ван дер Биил Мейiрiмдi ана Терезаның ұсынысын қабыл алды. Келесi жылы Орденнiң ерлер бөлiмiн Рим Папасы бекiттi.
Үндiстан үкiметiнде кедейшiлiкпен күрес алғашқы кезекте тұрды. Мейiрiмдi ана Тереза басқарған "Қайырымдылық Орденi" мемлекет үшiн аса қажет едi. Сондықтан да қолдауға тура келген. 1962 жылы үкiмет Мейiрiмдi ана Терезаға "Падма Шри" жоғары наградасын бердi. Әуелгiде Тереза: "Мен марапат үшiн жұмыс iстеп жүрген жоқпын", – деп бас тартқан болатын. Дегенмен Калькутта архиепископы: "Бұл марапат қоғамда кедейлер мәселесiне көңiл бөлуге ықпалы зор болады", – деп көндiредi.
Рим басшылығы "Қайырымдылық Орденiнiң" халық арасында бедел алғанын көрiп, 1965 жылы Мейiрiмдi ана Терезаға бiрнеше адамды Венесуэлаға жiберудi өтiнген. Ол бұл ұсынысты қабыл алып, Орденнiң Оңтүстiк Америкадан бөлiмiн ашуға келiстi. Арада үш жыл өткен соң "Қайырымдылық Орденi" Римдегi Ватикан маңынан да құрылды. Содан бастап бұл қоғам дүние жүзiнiң көптеген елдерiнде ұйымдастырылды. Қайырымды медбикелер Нью-Йоркте және Лондон көшелерiнде түнейтiн нашақорларға, iшiмдiкке салынғандарға, жалғызiлiктi қарттар мен мүгедектерге емдеу жұмыстарын жүргiзiп, өз қамқорлықтарын көрсеттi. Тереза "Қайырымдылық Орденi" құрамына елдер көптеп кiрген сайын, соншалық қаражатты қажет ететiнiн жақсы бiлiп, әлем қауымдастығының назарын баспанасыздар мен ауру кедей-кепшiктерге, жетiм-жесiрлерге аударумен болды.
Мейiрiмдi ана Тереза сонау бiр жылы Дублинге кеткеннен бастап, өзiнiң анасы Драна Бояджиуды бiр рет те көрмеген болатын. Әпкесi Аганың хаты арқылы оның жай-күйiн бiлiп тұрған. Ага кейiнгi бiр хатында анасының қатты науқас екенiн, өзiн бiр көруге зарығып жүргенiн жазған екен. Бұл кезде анасы мен әпкесi Албанияның Тирана қаласында тұрып жатқан. Ол анасы мен әпкесiне шетелге шығу рұқсатын алып берiп, Калькуттада күтедi. Алайда тағдыр әлемнiң сан мыңдаған жандарына қайырымдылық көрсетiп жүрген Мейiрiмдi ана Терезаға анасын соңғы рет көруге жазбапты. 1972 жылы анасы мәңгiлiкке көз жұмған. Бiр жылдан соң әпкесi Ага да қайтыс болды. Терезаға ендiгi қалғаны солардың жанының жұмақта болуын Жаратушыдан тiлеп, дұға жасап отыру ғана.
Мейiрiмдi ана Тереза көптеген елдердiң ордендерi мен медальдарымен марапатталған. Ол солардың бәрiн кедейлер атынан алдым деп қабылдады. Қаншама елдерден көмек қаржылары түскен. Ол соларды соңғы тиынына дейiн Орденнiң қайырымдылығы iстерiне жұмсаумен болды. Қаншама елдiң атақ-құрметiне бөленсе де, үстiндегi көгiлдiр сызығы бар ақ жамылғы киiмiн бiр өзгерткен емес.
Мейiрiмдi ана Терезаға 1979 жылы 17 қыркүйекте халықаралық Нобель сыйлығы табыс етiлдi. Сол жылдың қазан айында Ослода сыйлық салтанатты жағдайда табыс етiлдi. Әлем жұртшылығы телеарналардан оның еңiс тартқан дене бiтiмiн, қалың әжiмдi жүзiн, мейiрiмге толы жанарларын көрдi. Содан кейiн оны әлемнiң көптеген елдерi шақырып, құрмет көрсетумен болды. Алайда бiрқатар елдерде оның қайырымдылық iсiне сын да айтып жатты. "Кедейлерге ас болатын дайын балық бергенше, қолдарына соны аулайтын ау бермедiңiз бе?" деген сұрақтар көп болды. Ол бұл сұрақтарға ренжiген жоқ. Тоқшылықта, баршылықта өмiр сүретiндердiң кедейшiлiктiң табиғатын жете түсiнбейтiндерiн сездi. Ол: "Көшеде аштықтан соңғы демi бiтiп жатқан адамдар қолына ау алып қалай балық аулай алады?", – деп жауап бердi.Тiптен 1985 жылы Қытайға жасаған алғашқы сапарында: "Сiз Қытайға Ватиканның жолдауын алып келген боларсыз?", – деп арандатқан сұрақ қойылған. Сонда ол кiдiрместен: "Мен Ватиканнан емес, Калькуттадан келдiм", – деп жауап берiптi. Әр елдегiлер оның Ватиканның тапсырмасы емес, адамдарға деген сүйiспеншiлiгi алып келгенiн түсiне бастады.
1997 жылы 5 қыркүйекте Мейiрiмдi Тереза кезектi жүрек талмасы ұстап мәңгiлiкке көз жұмды. 13 қыркүйекте үндi елi мемлекетiнiң құрметiмен Калькутта қаласына жерледi. Үстiне Үндiстанның туы жабылған мәйiттi көше толы қала халқы ақтық сапарға, мәңгiлiк мекенiне шығарып салды. "Қайырымдылық Орденiн" басқаруға мейiрбике Нирмала сайланды.
Көлбай Адырбекұлы