Ауыл аңыздары
Ауыл аңыздары
Жалғыз есiмi ғана мәлiм, жалғыз ғана күйi бар… Одан соң атадан балаға, баладан немереге жеткен аңыз ғана… Артында ұрпақ та жоқ…
…Аңыраған аңызақ жел, аптап ыстық, құлазыған дала. Құлан иек таңда салқынмен шықса да жол таусылар емес, дiттеген жер жеткiзер емес. Митың жүрiстi лақса кәрi ат, жалғыз атты жолаушы.
Бұл далада көз тоқтатар ештеңе жоқ. Тiптi байырғы тұрғындары бозторғай мен саршұнаққа дейiн ыстықтан күйiп жоқ болғандай.
Тозық киiмдi жолаушы кәрi атымен қыбырлап келедi. Жанында екi серiгi бар. Бiрi – қалың ой, екiншiсi – бәрiне көнпiс төзiмдiлiк… Ендi кiшкене шыдаса, кәрi лақса мүлде болдырып тоқтап қалмаса, елдi мекенге, суы тастай мөлдiр бұлаққа да жетер, әйтеуiр. Шөлiн басар…
Бұл жолаушы – Құдай өзiне күйшiлiк өнерден басқа бақ дарытпаған адам, Қаратөбе өңiрiне белгiлi атақты күйшi, Ысық руының Төлеке тармағынан шыққан Қалнияздың Кәуенi болатын.
Арық атқа қамшы жау, осы митың жүрiспен қақпайлап алдындағы шөккен нардай Есенаман жотасынан асса, ар жағы – еңiс, атқа да жеңiл. Белi ұйып, сегiз көзi сырқырап, өзi де титықтап шақ келедi. Мiне, ел қарасы да көрiндi, болдыруға айналған ат та сәл-пәл ширай түскендей.
Түс ауған шақ, шымдасын бұлақ, жанында қараң-құраң ұсақ жандық қараяды. Атының басын көздеген үйiне қарай бағыттады. Әлi әудем жер бар.
Мiне, бұлақтан иiн ағашпен екi шелек су алып, бұрала басып келе жатқан бiр әйел адам көрiндi. Жолаушының алдын кесiп өтпек. Жоқ, тоқтады. Күтiп тұр. Иығы талса да ер адамды, қарт кiсiнi өткiзiп жiбермек. “Ой, пәлi-ай, бекер әуре болғаны-ай, жүре берсе қайтетiн едi! Мына арам қатқыр қанша шаужайласа да аяғын басып болмады-ау. Ойпырмай, не деген тәрбиелi бала едi!.. Әй, қазағымның салты-ай!.. Қайран, бабаларым-ай!..”
Күйшi ұмтыла түседi – иығы талды-ау баланың!.. Мiне, деңгейлестi. Әйел бала жап-жас екен. Бiреудiң келiнi, не қызы болар. Шелегiн жерге қойып сәлем жасады. “Бар бол, балам. Бақытты бол, өркенiң өссiн!..”
Қарттың ырзалығы шексiз, көңiлi көтерiлiп, шөлдегенiн де ұмытып сергiп кеткендей. Үйге де жеттi. Аттан созылып шақ түстi. Үй иесi жолаушыны қуана қарсы алып, қолтығынан демеп үйге кiргiздi.
Қоңыр салқын үй. Амандық-саулық сұрасты, төрге көрпе жайылды. Шай қайнағанша күйшiге жастық тасталып, бойын жазып жантайып жатты. Көз алдында манағы көрiнiс, көңiлi толқып жатыр…
Шай ұзақ iшiлдi. Аты жайланыпты. Қоңыр самал жел соқты. Күйшi үйге кiрдi. Төрде домбыра. Үй иесi қонақасы қамымен түзде жүр.
“Әлгi көрiнiстi айтсаңшы, япырмай! Қазақтың тәрбиесi-ай!.. Үлкендi сыйлауы ғой, кесе өтпедi-ау. Сән-ай, сән екен-ау!..” Ызың домбыра шанағына ауысты. Сән-ау, сән-ау… Күйшiнiң жаңа күйi туды: “Сән-ау!..”
– Иә, адам көңiлiн, соның iшiнде өнер адамының көңiлiн қозғау үшiн көп нәрсе керек емес екен, – деп әкем осы әңгiменi айтып берген едi.
Кәуен атамыз алпысқа жақын күй тартыпты. Ертеректе бiреулер оны Алматыға апарып жазып та алған көрiнедi. Содан өз атында тек “Сән-ау” деген жалғыз күйi ғана қалыпты. Өзi оқымаған адам екен. Әлгi тартқан көп күйiнiң қаншасы өзiнiкi, қаншасы басқанiкi – оны ешкiм бiлмейдi, артында ұрпағы да жоқ. Атамыздың атын ұмыттырмай жүрген тек осы жалғыз “Сән-ау” деген күйi ғана. Бұл өмiрден не жақсылар өтпеген, – деп әкем әңгiмесiн аяқтаған едi.
– Ертеде Ақтөбе облысының Бабатай-Қайыңды деген жерiнде жүргенiмде Құныскерейдi көрiп жүздескенiм бар, – деп атам Құрекең бала кезiмде бiр әңгiме айтқан едi.
– Жылқы бағамын, кәмпескелеуден түскен жылқы едi. Iшiнде бiр қара қасқа ат болды. Өзi жүген-құрық тимеген шу асау. Малымның құты деп бай оны бос жiберген екен.
Ол кез айнала қуғын-сүргiн, ұры-қарысы, қашқыны көп аласапыран уақыт едi ғой. Жылқы бағуға да қажырлы адам керек. Өзiм де қайратсыз емеспiн. Астымда күйi ортадан жоғары жарау боз айғырым бар. Қолымда – өзегiне қорғасын өрген дойыр қамшы. Жылқының түнгi күзетiне шықтым. Жаңағы қара қасқа, өне бойы жылқы шетiнде жүретiн. Қайырмалап құрық салар ыңғай бiлдiрсек, шығына шауып жуытпай кететiн.
Жаздың аяқ кезi, бiрақ салқын түсе қоймаған шақ. Жылқыны қайырмалап тастағам. Өзiм аттан түсiп қисая кеттiм, ұзын шылбырды үзеңгiден өткiзiп, атымды шiдер салып жiбере салдым, ерi алынбай жайылып жүр.
Таңға жақын мезгiл, жылқының бiр жусайтын уақыты. Көзiм iлiнiп кеткен екен. Жылқы осқырып үрiккендей болды. Тұра келдiм. Жылқы шоғырланып иiрiле қалыпты. Таң бозарып, жарық түсiп келедi.
Жылқыдан әрiректе адам ба, жын ба, бiреу қара қасқа атты ұстап, шiдерлеп, ер салып, айылын тартып жатыр. Апырай, өңiм бе, түсiм бе?.. Көзiмдi уқалап жiберiп тағы қарадым – бәрi рас, бұл не ғажап, деп атыма жүгiрдiм. Айылын тартып, мiнiп алдым.
– Әй, босат атты, жынбысың, адамбысың!.. – деп айқайды салып, қамшымды ыңғайлап омыраулап жетiп келдiм.
Қара қасқа шоқтықты iрi жануар едi. Жаңағы адамның иығы аттың көлденең тұрған шоқтығынан жоғары көрiнiп тұрды. Қара қасқаның жанына жарауы түскен бiр қылаң ат және байлаулы. Осы қылаңның ерiн қара қасқа атқа салып жатқанын түсiндiм.
– Босат атты, жаныңнан үмiтiң болса! – деп дойырды ыңғайлай бердiм.
– Әй, бала, едiреңдеме, сөзге кел. Мен Құныскерей деген ағаң болам, естуiң бар шығар! – деп гүр ете түстi.
Сол кезде ердiң басына көзiм түстi. Шолақ мылтық ердiң қасына iлiнiп салбырап тұр екен. Бұрыннан бiлетiнбiз, аты-шулы банды деп еститiнбiз. Қарасам – құс мұрын, дәу қара сұр кiсi екен. Көзi өңменiңнен өтедi. Арқамнан мұздай тер шығып, бiр топ құмырсқа жүрiп өткендей боп, төбе-құйқам шымырлап қалт тұрып қалдым.
Аттан айрылатын болдым, бiрақ бәрiнен де жан тәттi екен, үндей алмадым.
– Әй, бала, атым шаршап, атыңды сұраусыз мiндiм. Он бес күн шамасында әкеп берермiн, болмаса атыңдай ат қосармын, уайым қылма, – деп аттың шiдерiн ағыта бастады.
“Бермеймiн”, деуге амал жоқ, сiлейiп тұрмын. Сол арада: “Бұл атқа қалай мiнер екен, шу асау жылқы едi, бiр-екi тулап аударып кетсе екен”, – деген бiр тiлек жылт ете түстi. Жығылғыр қара қасқа ат дiр-дiр етiп, қалшылдап тұрды да, Құныскерей лып етiп ерге қонған бойда күндегi мiнiс жылқысынша жортып жүре бердi.
Қылаңды тастап кет деуге шама жоқ, аңтарылған қалпымда аузымды ашып қала бардым.
Шамамен айтқан уақытында қара қасқа емес бiрақ соған шамалас бiр жирен атты әкелiп тастап кеттi.
“Құныскерей шынымен ержүрек, айтқан сөзiне тұратын мәрт адам екен ғой” деп ойладым. Атты әкелмесе де мен оған еш қайран қыла алмас едiм.
Белсендiлерге ақыры берiлмеген атақты Құныспен осылай кездестiм. Әй, өзi де даланың нағыз көкжалы болатын, – деп атам басын шайқап отырды.
Егiндiкөл ауылы,
Қаратөбе ауданы,
Батыс Қазақстан облысы
04.08.2011.