«ПОЭЗИЯ, сен менiмен егiз бе едiң?!..»

«ПОЭЗИЯ, сен менiмен егiз бе едiң?!..»

«ПОЭЗИЯ, сен менiмен егiз бе едiң?!..»
ашық дереккөзі

>«Поэзиямен егiз» ақынның өмiрi де поэзияға айналған. Мұзбалақ ақын бiзге «өлең болып» жеттi. Мұқағали рухы қолына қалам ұстаған ақындардың барлығын дерлiк жебеп жүр десек те болады. Өйткенi биылғы жыл — мұзбалақ ақынның жылы. Ендеше Мұқағали рухы Алаш аспанында, поэзиясын сүйген халқымен бiрге! Мұқағали рухымен тiлдескен, рухымен сырласқан қаламгер достары, ақын ағалары мен iнiлерiнiң қаламынан туған жырлары да ақиық ақынның рухымен сырласудан, мұңдасудан туғаны күмәнсiз. Жуырда «Мұқағалитану бастауымен» Мұқағали мұрасына арналып, үш томдық шығармалар жинағы жарық көрген болатын. Аталмыш томдықтардың "Мен сiрә, өлмейтiн шығармын" жинағында поэзия падишасына арналған арнау өлеңдер топтастырылған екен. Сол өлеңдердiң бiр парасын газетiмiздiң бетiнде жариялауды жөн көрiп отырмыз.

Тоқаш БЕРДИЯРОВ

ТАУ ҰЛЫ ЕДIҢ

Сен жоқсың!..

Жан табылмас ендi сендей,

Мен жүрмiн бiрде сенiп, бiрде сенбей.

Таусылған iшiндегi сыбағасы,

Жатырсың төңкерiлiп дәу кеседей.

Еңiреген "Елшенбүйрек" серкесi едiң,

Дүрiлдеген қауымның серкесi едiң.

Бiлекте болат едiң… ширатылдың,

О, нелiктен өмiрiң келте сенiң?!

Өр кеудең Нарынқолдың тауларындай,

Көңiлiң "Шалкөденiң" аумағындай.

Жырларың шөлдегеннiң шөлiн басқан,

Жайлаудың сабадағы саумалындай.

Сен қалдың ұрпақтардың нақ сөзi боп,

Сен қалдың поэзия ақбозы боп.

Қаласың Мақатаев көшесi боп,

Қаласың Мақатаев совхозы боп!

Сен қалдың өз далаңдай көлем болып,

Сен қалдың топтан озған дөнен болып.

Сен қаласың бүгiнге терек болып,

Сен барасың ертеңге өлең болып!

Қара бұлтқа найзасын көсiп-көсiп,

Нелiктен күркiрейдi аспан бөсiп?!

Мүшелтойда iшетiн шарабыңды,

Азалы күнде iштiм мен жаспен қосып.

Тоқтата алмадың ғой ат басын сен,

Кездестiң сұм ажалдың қақпасымен…

Жудық қой талай-талай жейдемiздi,

Алматының алқынды – ақ тасымен…

Жүрушi ең жайраң қағып арамызда,

Құлпырып тұр, қарашы, дала-қызға!

Деп ендi кiмге айтамын, қайран досым,

– "Қошқарға" Мұқағали барамыз ба?..

Ұмытып бал қымызын "Шалкөденiң",

Әлегiне түстiк қой әлдененiң.

Ағалық ақылымды айта алмаған,

Қателiгiм бар ма екен, әлде, менiң?..

Арысым-ай, жете алмай май гүлiне,

Жетесiң, бүлдiршiнiң – Майгүлiңе.

Құтылдың бәрiнен де… Жүрушi едiң

Нала болып достардың қайбiрiне.

Арманшыл, көңiлiңнiң күйi бөтен,

Арманшыл ақыл айту қиын екен.

Шым-шым батып кететiн арманға да,

Мөп-мөлдiр кесе түбi ұйық екен!

Мiнеки, табиғаттың тәуiр күнi,

Сен жоқсың…

Ашылып тұр сәуiр гүлi.

Бiреулердiң жанына түсiп едi-ау,

Ақындық мандатыңның ауырлығы.

Жабырқап, қомағайға есең кетiп,

Шабысыңды алдың-ау, бәсеңдетiп.

Қайран ақын, жатырсың бүгiн, мiне,

Жыр жазған столыңды төсек етiп.

Нәр алған жарқын өмiр жылдарынан,

Отаныңның ұлы едiң жыр дарыған.

Шамырқандың, шарқ ұрдың хас қырандай,

Шабыт ап "Хантәңiрi" шыңдарынан.

Сыр мiнез ұлы едiң, дербес едiң,

Жасың кiшi болса да теңдес едiм.

Қарағайдай тiк тұрып сен мерт болдың,

"Құлады" десе бiреу, сенбес едiм.

Сыйладың шын пейiлмен iнi-ағаны,

Күлiп жүрдi жүрегiң…жыламады.

Бесiгiң тербетiлiп "Қарасазда",

Шыңында Алатаудың тына қалды.

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ

СЕНIҢ ЖЫРЫҢ ЖАРАЛҒАН МӨЛДIРЛIКТЕН

Сұлулардың секiлдi жаз жанары,

Қалай кенет тоқтады сөз бағалы.

Жолды он бес жыл тiнтедi жеңгем көзi

Болды он бес жыл сен өлең жазбағалы.

Ақындықтың төгiлген аз ба қаны,

Аз ба жерде азбаған, тозбағаны.

Жолды он бес жыл тiнтедi, Лашын көзi,

Болды он бес жыл сен өлең жазбағалы.

Өзiңнен де қалған сөз бар айтылмай,

Жырлай берсiн ақын да қалай тынбай.

Он бес есе сен бiрақ биiктедiң,

Сол жеңешем қызыға қарайтындай.

Шыдаймын деп заманның не шаңына,

Мұқағали атанды көше мына.

Бiлмей қалса бағаңды қатар жүрiп,

Жеңешемiз пенде ғой, кеш оны да.

Айналмадың құсқа да, құлынға да,

Кеткендейсiң үйiңнен бүгiн ғана.

Бесiгiң тұр елдiктiң нақ төрiнде,

Есiмiң тұр ерлiктiң туында да.

Айналмадың терекке де, құлынға да,

Әлдиледi атыңды сайын дала.

Ақпанда да елiңмен бiргесiң сен,

Бiргесiң сен мамырдың айында да.

Қарасазға кел-дағы жат, шаршадың,

Өшпейдi ендi өзiңнiң жаққан шамың.

Ел көтерiп әкеттi аға сенi,

Көтерiстiм мен-дағы жеткенше әлiм.

Келтiрейiн жағдайдың қайдан бәрiн,

Туған жерге кеп-тағы сайрандағын,

Бiр адамға қиянат iстемеген

Неге ертерек ұйықтадың, пайғамбарым!

Осы күнi сен өлең жазғаныңда,

Кетер ме едi қарайып өз қаның да.

Талай рет жүлдеңдi бермедi жұрт,

Талай рет бәйгеден озғаныңда.

Тағдырыңның ойлаған болды есебi,

Өзiң алмай, басқалар алды есенi.

Өрт тұрғызып қойсаң да өлеңiңнен,

Тiрлiгiңде оны ешкiм көрмес едi.

Болды он бес жыл сен өлең жазбағалы,

Қалай ерте тоқтады сөз бағалы.

Дауылына жолығып ерен жырдың,

Ауылыңның жоқ шығар қозбағаны.

Өлең жазды жылқышың құрық алған,

Ақындықтан ешкiм жоқ құры қалған.

Бiр өзiңе елiктеп қалам алды

Сауыншы қыз көзiнде тұнып арман.

Өлең жазды райком, советiң де,

Көрмейтiн де жазды өлең, көретiн де.

Егер өлең жазбаса үйлерiнiң,

Шамы жанып тұрады неге түнде.

Той-думанда айтысқа шыға алатын

Бiр қосатын бәйгеге шұбар атын.

Жебеген-ау рухың болып кеттi

Ауыл емес, ауданың түгел ақын.

Түскен сәуле секiлдi керегеден,

Айналсаңшы, үлгiден, өнегеден.

Ерен шықты Еркiнiң – ерген iнiң,

Бiрақ сенiң өлеңiң – бөлек өлең…

Демедiң сен дерт қайдан, қаза қайдан,

Шабыттану дегенiң таза майдан.

Сенiң жырың жаралған Гималайдың,

Төбесiнде ойнаған найзағайдан.

Сенiң жырың жаралған мөлдiрлiктен,

Соңғы арманнан, өксiктен, соңғы үмiттен.

Жеңешеңнiң көңiлi жатыр онда

Соғыста өлген күйеуiн мәңгi күткен.

Көп қызықтан жүрдiң-ау шеттетiлiп,

Көңiлiңде жатты ма кек те тұнып.

Сенiң жырың жаралған шын достықтан,

Сол достыққа сенуден сертте тұрып.

Жұрт бүгiн де еткенмен болып ақын,

Кiм бар едi ол күнде оны ұғатын.

Сенiң жырың жаралған махаббаттан,

Бiр-ақ рет өмiрде жолығатын.

Қыздың сенде бар едi гүл мiнезi,

Секiлдi ең-ау дүниенiң нұрлы кезi.

Жерге сыймай жүрген соң ұлы дарын

Аспанға алып кеттi ме Құдай өзi.

Ожданы мен елiнiң иманы ақын,

Ол қиналса алдымен қиналатын.

Сенiң жырың ақ гүлден жаратылған,

Адалдыққа арнайы сыйланатын.

Баяғыдай дүние қозғалады,

Алыстарға асқақтап сөз барады.

Он бес жыл боп барады аяулы ақын,

Қалам ұстап сен өлең жазбағалы.

Бiрдеңелер айтады жел жыбырлап,

Әкеткендей жаныңды елiң ұрлап.

Тауың, суың, аспаның, жұлдызың да,

Бүгiн тұрған сияқты сенi жырлап.

Жарасқан ӘБДIРАШЕВ

АҚЫН КЕТIП БАРАДЫ КӨШЕМЕНЕН

Ақын кетiп барады көшеменен,

Екпiнiнен бiр дауыл еседi ерен…

Жанарыңда найзағай семсер сiлтеп,

Кеудесiнде қара бұлт көшедi өлең!

Жөн-жосықсыз достары даттады ма,

Жөн-жосықсыз дұшпаны мақтады ма.

Әлде, жардың қылығы жақпады ма,

Бас сауғалап барар жер таппады ма?

Бiреулердiң бетке айтып арамдығын,

Бiреулердiң бетке айтып сараңдығын.

Қызуына көңiлдiң зарықты да,

Қызығынан өмiрдiң жалықты ма?..

Ақын кетiп барады көшеменен,

Екпiнiнен бiр дауыл еседi ерен…

Жанарыңда найзағай семсер сiлтеп,

Кеудесiнде қара бұлт көшедi өлең!

Шабыт-тұма ашылмай астанасыз,

Тарықты ма күн кешiп баспанасыз?..

Ұлыларша…ұмытып өз ошағын…

Ойлағанда халқының болашағын.

Қазақ тiлiн бiлмейтiн қазақтарды,

Көрiп, бәлкiм, ол iштей азаптанды.

Ал мәңгүрттер деп осы ойың қалай,

Мықтылығын қойды ма мойындамай.

Ақын кетiп барады көшеменен,

Екпiнiнен бiр дауыл еседi ерен…

Жанарыңда найзағай семсер сiлтеп,

Кеудесiнде қара бұлт көшедi өлең!

Кеңшiлiк МЫРЗАБЕКОВ

ВОКЗАЛДА

Алматының вокзалы ығы-жығы,

Вокзалдардың сәнi ғой шуыл үнi.

Вокзалдардың сәнi ғой мың-сан киiм,

Мың-сан бояу құлпырып құбылуы.

Бiз вокзалда жүр едiк жүрегiмiз,

Қуанышқа күптi едi, нұрлы өңiмiз.

Алыс кетiп барады бiр ағамыз,

Айрылғымыз келмейдi бiр елi бiз.

Вокзал деген – жолбасы,

Жол басында

Ырым болып жатады болмашың да.

Шампанымыз бар едi, Мұқаш аға:

– Әкел – дедi, – iшемiз, болды осында!

– Әбес емес атасы, жол жүрерде,

Жол шетiнде iштi деп ел күлер ме?

Жер бетiнде сапар көп, жолаушысың,

Жазсын лайым кәусардай мөлдiреуге…

Ақынбыз ғой… халықтың нөпiр жерiн,

Көрген жақсы күлгенiн, өкiнгенiн.

Адамдардың қуаныш, мұңы арқылы,

Кеудемдегi жанады отым менiң.

Ал, кәнеки, ағасы, осы вокзал,

Толы адамды соларға қосу "абзал".

Деп қалғанда, тығынын аспанға атып,

Көгершiндей дүр еттi көршi қыздар.

Тарту күштiң қарамай әй-шайына,

Тартатындай аспанның айдауына.

Шампан сiңген тығының тулап келiп,

Бiреуiнiң сарт еттi маңдайына.

– Қап, – деп қалды ол,

– ағасы-ай, көздегендей

Жалт қарадық. Ересек өзгелерден

Отыздағы ойнақы от келiншек,

Сыңайы жоқ қашатын сөз дегеннен,

– Бiз сияқты даланың қазағы да,

Ақындардың түскенi-ау назарына.

"Шарфыңды бер,

– дерсiз бiр, – шарфыңды бер",

Тағы да бiр келсеңiз "Қазалыға",

"Шарфыңды бер, қарындас,

шарфыңды бер,

Сырдың желi мойнымды қарпып жүрер…".

Өз өлеңiн қайталап қалған-ды ақын,

(Ақиқат пен әзiлдiң нарқын бiлер).

Қазағымнан айналдым,

Қазалымнан,

Мә, қарындас, шампанды тартып жiбер!

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

МҰҚАҒАЛИ ТУРАЛЫ ЖЫР

"Бiр өзi мұхит сынды жағасы арман,

ағысы жағасына жара салған;

толқыны тасқындаса, тау қопарып,

жабықса, жусаннан да аласарған.

Сыздатып кеудесiн – жыр, таңдайын – ән,

бетке алған сұрапылды қандай ұлан?

Әйтеуiр, алқам-салқам жолға шықты

киелi Хантәңiрiнiң баурайынан.

Бал күндер тақым салған тайға күрең,

жүдеу кез наны тапшы, айраны кем…

Бұрылып қош айтысты Қарасазбен,

Аршалы сайларымен, сайранымен.

Көз салды балалыққа тағы барлап,

тұрғандай жолын таудың әнi жалғап.

Алыста – көз ұшында бiр ғажайып

көгiлдiр әлем тұрды жанын арбап.

Сол әлем жұмақ па бiр, жай ма бөтен,

дәл сондай Жер бетiнде қайда мекен?

Ай мүйiз арқар ойнап, жүйрiк қашып,

Күн құшқан Абайлардың жайлауы екен!

Жай ойнап жүрегi оның жауындаған,

селдетсе – сескенердей дәуiр, ғалам.

Ей, әлем! Құшағыңды аш, тербет жанын —

келедi Қарасаздан дауыл балаң!

Қалмайсың ол дауылдан сауың да аман,

ақын ба жыр дертiмен ауырмаған!

Сұрапыл сары балаңның сарынына

құлақ сал, жауыр далам, дауыл-далам!

Нұрлан ОРАЗАЛИН

МҰҚАҒАЛИДЫ САҒЫНУ

Көктем де келер

көгерiп дала демiккен…

Шатынап аспан…

Шарқ ұрып көңiл желiккен.

қырмызы көмiп қырқаны,

көз жауын алар көрiкпен,

көктем де келер демiккен.

Тырналар қалқып,

жылғалар балқып,

қанатын жайып құс аппақ,

бұла сезiммен

буыршын тауды құшақтап;

қаз-үйрек көлдi шулатып,

қанаты көктi пышақтап,

көктем де келер…

құс аппақ…

Табиғат тойын базарлап,

қара ағаш…

Емен…

құрысқан бойын жазар бақ.

Ақыны сүйген

бозала таңда,

боз Алатауға тiл бiтiп,

бауырын аңсар

Нұрғиса көкем саз арнап,

құрысқан бойын жазар бақ,

Шыршаның ұшы бозданып,

көңiлдiң төрi қозданып,

перзентiн iздер

көк пенен жердiң арасы,

Жұмақ бағындай қозғалып,

жәудiреп аспан,

көз…

халық…

Көктем де келер демiккен,

тамырды, бойды ерiткен,

сағыныш болып

сөйлеп бiр ұлы махаббат

қараған…

Жусан…

Алма ағаш…

Шие…

Өрiктен…

Iле мен Есiл,

Ертiс пен Жайық толғанып,

Алатау…

Алтай…

Оянар қысқы жерiктен.

Сөйлетiп жасыл бау iшiн,

сiлкiлеп түнгi тау iшiн.

Биыл да…

Ертең …

Ертең де…

Сағынған қырға

жетедi Сенiң дауысың.

Көктеммен бiрге

арнасын сулар тепкенде,

армансыз жаңбыр төккенде,

қайыра қаздар жеткенде,

қуаныш, мұңға шомылып,

жер басып жүрген көп пенде,

ойлардан азап шеккенде…

Сенемiн, аға, келесiң,

келесiң ылғи көктемде…

Дайындаған

Гүлзина БЕКТАСОВА

28 шiлде 2011 жыл