Бiз бiлмейтiн БЕРИЯ

Бiз бiлмейтiн БЕРИЯ

Бiз бiлмейтiн БЕРИЯ
ашық дереккөзі
275

Амантай КӘКЕН

Кеңес елiнiң жоғарғы басшылығына Сталиннiң қазасы билiк үшiн жаңа күрес басталды деген ишара едi. Көсемнiң жамбасы жерге тимей жатып, қызмет бөлiсу басталып кеттi. Георгий Максимилианович Маленков КСРО Министрлер Кеңесiнiң төрағасына бекiтiлiп, КОКП ОК-нiң хатшысы қызметiн атқару оған қоса тапсырылды. Бұрынғы дағды бойынша бұл – жаңа билiктiң бiрiншi адамы деген сөз. Оның орынбасарлығына Сыртқы iстер министрi В.Молотов, Қорғаныс министрi Н.Булганин және Л.Каганович тағайындалды. КСРО Жоғарғы Кеңесi Президиумының төрағасына К.Ворошилов сайланды. Алайда Сталиндi жерлегеннен кейiн бес күн өткен соң, 14 наурызда Г.Маленков КОКП ОК-нiң хатшысы қызметiнен босап, ендi ОК Секретариатын басқару сол кезде әрiптестерi партия мен мемлекеттi басқаруда бiрiншi рөл атқаруға үмiткер бола қоярына сене қоймаған Н.Хрущевтiң қолына көштi.<

Л.Берия да жаңа құрамның төрiнен орын алды. 1953 жылдың 5 наурызынан бастап, ол КСРО Министрлер Кеңесi төрағасының бiрiншi орынбасары әрi ескi IIМ мен Мемлекет қауiпсiздiгi министрлiктерi бiрiктiрiлiп, жаңадан ұйымдасқан Iшкi iстер министрi болды.

Тiзгiндi қолға ұстаған көсем iзбасарлары ендi қандай қадам жасар екен? Ел iшiндегi қоғамдық хал-ахуал бұрынғыдай бола бере ме, әлде өзгере ме? Бәрi Кремльге назар аударды. Мәселен күштеп жер аударылған, жазықсыздан-жазықсыз зымыстан көрiп, қорланғандар мен қор болғандар ғана емес, басқа да жәбiр-жапаға ұшыраған орыс емес iргелi халықтардың өзi ұлт саясатында пәлендей өзгерiс болып қалар ма деп үмiттенгенi сөзсiз.

Сын таразысына түскен сол бiр қиын-қыстау кезеңде өкiметтiң басшы-қосшылары қандай сүбелi жұмыстың басын қайырды? Айталық, кезiнде сталиндiк қуғын-сүргiн науқанын жүргiзген, ұзақ жылдар жазалаушы мекемелерге басшылық жасаған Берия сол кезде не iстедi?

* * *

Кеңес елiнде жазалау жүйесiн жұмсарту, жеңiлдету Берия тұтқындалғаннан кейiн басталды деп кеңiнен таралған лақап дұрыс емес: әдiлдiгiн айтсақ, Лаврентий Павлович осындай бетбұрысты өзi бастады.

Жаңа құрылған Iшкi iстер министрлiгi жетекшiсiнiң алғашқы қадамы аса маңызды құжаттарды – «дәрiгерлер iсi», КСРО Мемлекет қауiпсiздiгi және Қорғаныс министрлiктерiнiң тұтқындалған бұрынғы қызметкерлерiнiң, «мингрель», авиация iстерi – қайта қарау жөнiндегi тергеушiлер тобын құрудан басталған. Нәтижесiнде бұл қылмыстық iстердiң бәрi бұрмаланған деп табылып, айыпталушылар түгелдей босатылған.

Л.Берияның тiкелей ұсынысы бойынша елiмiзде 9 мамыр күнi қылмыскерлерге рақымшылық (амнистия) жасалды. 1,2 млн. адам бостандыққа шықты, бiрнеше атышулы iстер тоқтатылып, заң бұзды деп танылған 400 мың адамның iсi жабылды. Партия билiгiн шектеп, барлық мемлекеттiк мәселелердi – өнеркәсiп, ауыл шаруашылығы, iшкi және сыртқы саясатты – Орталық Комитетте емес, Министрлер Кеңесiнде шешуi ұсынылды. Бай-кулактарды тәркiлеуде асыра сiлтеушiлiкке жол берiлгендiгiн бiрiншi болып сын тезiне алды. Республикалардың құқығын ұлғайту керектiгiн сөз еттi. Мәселен Украина не қылған теңiз мемлекетi, егер ол кинотеатрларға билет бағасын белгiлей алмаса? Сұмдық!

Орыстарға немесе орыстанған ұлтшылдарға басымдылық көрсету жөнiнде Сталин бекiткен тiзiмнiң күшiн жою жөнiнде мәселе көтерiлдi. Бұлар – әскери бөлiмдердiң қолбасшылары, гарнизондар мен шекара отрядтарының бастықтары, республикалардың КГБ, Iшкi iстер министрлiгiнiң төрағалары, темiр жол, әуе жолының басшылары мен одақтық маңызы бар кәсiпорындардың директорлары. Берияның ұсынысы бойынша мұндай ереже бiрiншi орынбасарлары мiндеттi түрде орыстан қойылатын одақтық және автономия республикаларының Министрлер Кеңесiне де қатысты болуы тиiс деп есептелдi.

Лаврентий Павлович соғыс мақсатына бөлiнген қаржыны қысқартып, аса қымбатқа түсетiн объектiлер (Бас Түрiкмен, Едiл-Балтық каналдары, материктен Сахалинге дейiн туннель қазу жобасы т. т.) құрылысын тоқтата тұрған жөн деп ұйғарды. 340 қалада паспорттық және режимдiк тұрғыдан шектелу жойылды. Кореямен келiссөз жүргiзуге қол жеткiзiлдi. Сталин өмiрiнiң соңғы кезiнде шиеленiсiп кеткен Югославиямен қарым-қатынасты жақсартуға ұмтылыс жасалды. Шет елдердегi қауiпсiздiк органдарының аппараты шұғыл қысқартылды. Республикалық Орталық Комитеттерге ұлттық кадрларды молайтып, оны өсiру мақсатымен орыстандыру саясатына және заңсыз репрессияларға жол берiлмеуi жөнiнде хат жолдады. Ол Батыс және Шығыс Германияны бiрiктiрiп, «бейбiтшiл буржуазиялық» мемлекет құруға әрекет жасады, ГДР-дiң өмiрге келуiн қаламады.

Ол былай деп топшылады.

Бiзге тек бейбiтшiлiк, тыныштық керек. Олай болса, ерiксiз бөлiнген Германия бастарын қоссын. Социализм жолына түсе ме, әлде басқаша өмiр сүре ме, өздерi бiлсiн.

Берияның есебiнше, ГДР-де социализм орнату Мәскеу үшiн жиырма жыл бойы 20 миллиард долларға түспек. Демек олардың бiрiккенi тиiмдi. Батыс бұған келiседi, ал сол үшiн олардан бiз 10 миллиард доллар алайық.

Мамыр айында осы идеяны жүзеге асыруға нақты қадам жасалды. ФРГ-нiң бас канцлерi К. Аденауэрмен кездесiп, осы бастаманы жүзеге асыруға мүмкiндiк бар-жоғын анықтау үшiн тәжiрибелi барлаушы З. Рыбкина арнайы тапсырмамен Берлинге ұшып келедi. Алайда Берияның тұтқындалуына байланысты Рыбкинаның өкiлдiгi басталмай жатып тоқтап, Мәскеуге оралады.<

* * *

Л.Берия сталиндiк ұлтаралық қатынас жүйесiн жою тұжырымдамасын жасады. Бұл идея партия-кеңес аппаратын байырғыландырып (коренизация), одақтас республикаларда iс қағаздарын ана тiлiнде атқарылуына негiзделдi. Сталин кезiнде жүргiзiлген ұлыдержавалық саясатты ырықтандырудың керектiгiн түсiндiрiп, оған Кремль шенеунiктерiнiң көзiн жеткiздi, сендiре бiлдi. Осыған орай КОКП ОК-нiң Президиумы 1953 жылдың 12 маусымында 1) ұлттық республикалардың барлық партия және мемлекеттiк органдарында кеңестiк ұлт саясатын бұрмалау түбегейлi жойылсын; 2) жергiлiктi ұлт кадрлары дайындалып, оларды басшы қызметтерге ұсыну кеңiнен жүргiзiлсiн; жергiлiктi ұлт кадрларын өсiрмей тоқтатып қою тәжiрибесiне жол берiлмесiн; жергiлiктi тiлдi бiлмегенi үшiн қызметтен босаған номенклатуралық қызметшiлер КОКП ОК қарамағына шақырылсын; 3) ұлт республикаларында iс қағаздары жергiлiктi ана тiлiнде жүргiзiлсiн, – деп қаулы қабылдады.

Партия нұсқауын жүзеге асыру қолға алынды. Өзгерiс Украинадан басталды: мұндағы ОК бiрiншi хатшысы орыс Л. Мельников (кезiнде Қазақстанда Қарағанды обкомының бiрiншi хатшысы (1942), Министрлер Кеңесiнiң, Госплан, Гостехнадзор төрағасы (1957-1966) болып iстеген – А.К.) украин А. Кириченкомен ауыстырылды. Латвиядағы ОК-тiң екiншi хатшысы Ершовтың орнына латыш Круминьш келсе, Белоруссиядағы осыдан үш жыл бұрын Сталиннiң өзi жiберген орыс Н.Патоличев те орнын босатып, оның орнына сол кезде КСРО Сыртқы iстер министрлiгiнде жауапты қызмет атқарып жүрген, бұрын БКСР-де басшы қызметте болған, ана тiлiн жақсы бiлетiн белорус М.Зимянин барады деген шешiм өмiрге келдi.

Мәскеу бұйрығын жүзеге асыру мақсатымен Минскiде үш күнге созылған Белоруссия Орталық партия Комитетiнiң (БОПК) пленумы 25 маусымда басталады. Пленумды БОПК ОК-нiң идеология жөнiндегi хатшысы Т. Горбунов ашып, сөздi М. Зимянинге бередi. Қызметiн әлi тапсырмаса да, орталық нұсқауына орай билiктен шеттетiледi деп ұйғарылған бiрiншi хатшы Н.Патоличев үнсiз отырады. Басқарушы партияның тарихында тұңғыш рет М.Зимянин белорус тiлiнде баяндама жасайды. Тәжiрибелi партноменклатура құлағын тiге қалды: мұның бәрi жайдан-жай болмаса керек-тi.

Баяндама, әдеттегiдей, партияның ХIХ съезiнiң шешiмдерiн, Г.Маленков, Л.Берия, В.Молотовтың белгiлi сөздерiнде атап өтiлген партия мен үкiмет саясатын жүзеге асыруда ұлы кеңес халқы қажырлылықпен еңбек етуде (назар аударып көрiңiз: партия көсемдерiнiң қатарында Н. Хрущевтiң есiмi аталмайды) деп басталады.

Белоруссия Компартиясының ОК мен БКСР Министрлер Кеңесiнiң (МК) басшылығы биiк талаптар тұрғысынан көрiне алмады, орталық, облыстық, аудандық, қалалық партия және кеңес органдарындағы, әсiресе, БКСР батыс облыстарында туып-өскен белорустарды басшы қызметтерге тартып, ұлт кадрларын өсiру мақсатын түсiнбедi, ал мұның өзi лениндiк ұлт саясатын өрескел түрде бұзғандық болып табылады. БОПК және БКСР МК қанағаттанғысыз жұмыс iстейдi, республикадағы колхоздарды ұйымдастыру-шаруашылық жағынан нығайтуда, колхоз құрылысы iсiнде елеулi кемшiлiктерге жол берiлген, соның салдарынан шамалы ғана табысы бар колхоздар мен колхозшылардың шаруашылықтары көбейiп кеткен. Баяндамашы осы тезистi нақты деректермен тиянақтап, ұлт саясатында, шаруашылық пен рухани саланы басқаруда орын алған елеулi кемшiлiктердi атап өтедi.

Партиялық функционерлер пленумға екiншi күнi – 26 маусымда келгенде тап сол күнi Берияның тұтқындалып, Патоличевтiң және оның орнына келген Зимяниннiң тағдырының аяқ астынан басқаша өзгере қалатындығын бiле қойған жоқ. Жарыссөз бiртiндеп қыза түстi. Үнемi орысша сөйлеп машықтанған жергiлiктi шенеунiктер ана тiлiн орыс сөздерiмен ботқалап, барын салып, белорусша сөйлеуге тырысып жатыр. Бiр кезде Минскiге Н. Хрущев телефон соғып, өзiнiң зұлымдық, қылмыстық-мансапқорлық мақсатын жүзеге асыру үшiн ұлт республикаларында орыс кадрларын құртумен айналысып жүрген жауыз-шпион, кеңес елiнiң қас жауы Лаврентий Берия қамауға алынды деп хабарлады. Бұдан соң ол: «пленум Н.Патоличевтi қолдайтын көрiнедi, егер оны жақтап шешiм қабылдасаңдар Орталық Комитет өзiнiң 12 маусымындағы қаулысын өзгертуге қарсылық бiлдiрмейдi» дедi. Сөйтiп, ақыр соңында бұрынғы хатшы орнында қалып, М. Зимянин келген iзiмен Мәскеуге оралады.

* * *

Кремль астауынан қоректенiп жүрген бiр үйiр қызметтестер ендi не iстеймiз, қандай шара қолданамыз деп сырттан тон пiшiп болғанша Шығыс Берлиндегi жағдай күрделене түстi.

ГДР халқы, ең алдымен шығысберлиндiктер, сонымен қатар ортагермандық және саксондық өндiрiс орталықтарының еңбекшiлерi құрылыс жұмысшыларына қосылып ереуiлге, демонстрацияға шықты. Көтерiлiске ұласқан халық наразылығы негiзiнен үкiметтiң атүстi жасаған социалистiк құрылыс бағдарламасын орындауға бағытталған шараларға, экономикалық қиыншылықтарға (оның iшiнде, ең алдымен жоғары репарациялық төлемдерге орай), өмiр деңгейiнiң едәуiр мөлшерде төмендеп кетуiне байланысты едi. Олар әлеуметтiк және материалдық жағдайларын жақсартуды, еркiн сайлау өткiзудi, өндiрiстiк жоспарлы нормаларды өсiре бермеудi, Социалистiк Бiртұтас Германия партиясын (СБГП) билiктен кетiрудi талап еттi.

17 маусымда Берлин көшелерiне шыққан 150 мыңнан астам демонстранттар «Үкiмет жойылсын!», «Халық Полициясы жойылсын!», «Бiз құл болғымыз келмейдi!» деген ұрандар ұстап, партком ғимараттары мен полиция учаскелерiн ойрандай бастайды.

Немiс жерiндегi осынау бүлiктi реттеудi Мәскеу Л. Берияға жүктеген болатын. Қалыптасқан жағдайда ол асқан қаталдық көрсетiп, батыл қимылдады: бейбiт ереуiлшiлдердi тыныштандыру үшiн сол жерде орналасқан басқыншы кеңес әскерiн көтеруге бұйрық бердi. Берлин көтерiлiсi аяусыз басылды, өлiм-жiтiм жүздеп саналды. Соңғы iссапардың нәтижесiне риза болған В. Молотов: «Берия, жарайсың, бүлiкшiлердi бастың. Немiстер бiзге қарсы көтерiлдi дейiк, онда бәрi шайқалар едi…» дедi. Алайда тербелiске түскен Берия аз ғана уақыт тiзгiндi сәл босатып, ГДР-ге кетiп едi, Кремльдегi серiктестерi астыртын сөз байласып, оны сотқа тартуға келiсiп те қойды. Яғни билiк сатысының екiншi деңгейiнде тұрған адамның көзiн жойып, құртпақ болды.

«Лаврентий Павлович 27 маусым күнi Үлкен театрда «Декабристер» операсының премьерасы кезiнде КОКП ОК Президиумын тұтқындап, мемлекеттiк төңкерiс жасауды жоспарлапты» деп соқты Никита Хрущев. Демек қаскүнем топ құрбандықтың өзiн қастандық жасаушы деп айыптады. Олай болса, мемлекеттiк қылмыскер төңкерiске дайындықтың нағыз қызған шағында он күн бойы елдi тастап кетер ме едi? Орынбасарын немесе басқа бiреудi жiбере салу оның қолынан келедi ғой. Жоқ, Берия негiзгi қызметi бойынша ГДР-ден Берлинде аяқ астынан алаулап жанған өрттi сөндiру үшiн iссапарға тiкелей өзi аттанды. Солай болса да, Мәскеуге келген күнi-ақ, 26 маусымда тұтқынға алынды.

Берия өмiрiнiң қатерлi жағдайға ұшырауына немiс мәселесiнiң де елеулi әсерi болса керек. Осы проблема жөнiнде оның КОКП ОК Президиумының мүшелерiмен қарама-қайшы пiкiрде болуы атан түйенiң бел омыртқасын сындырар жойқын күшке ұласқан сияқты.

«Герман мәселесiн талқылағанда Берия ондағы социалистiк құрылысты тездетуге бағыт ұстайық деген жоқ, ГДР-де қандай да болсын социализмдi орнатуды қабыл алмайық және буржуазиялық Германияға бет бұрайық деген ұсыныс жасады», – дейдi ашу кернеп, дауысын көтере сөйлеген Министрлер Кеңесiнiң төрағасы Георгий Маленков 1953 жылдың 2 шiлдесiндегi КОКП ОК-нiң пленумында.

«Бiздiң көпшiлiгiмiз үшiн Берияның саяси түр-келбетi мамыр айында герман мәселесiн талқылағанда-ақ белгiлi болған», – дедi В.Молотов үкiмет басшысының сөзiн қостап.

Қалай десек те, Берияның сол кездегi ой-пiкiрi қажеттiлiк тұрғыдағы мүдделердi көздеп, нақты есепке құрылған (таза прагматикалық) әрекет едi. Шынында, өз халқын әзер асырап отырған Мәскеу үшiн айдаладағы бөтен елде социализм орнатамын деп ұрандатудың керегi бар ма едi? Қып-қызыл шығын емес пе? Одан да бұл масылдан құтылып, Батысқа жақсы бағамен қалай өткiзiп жiберудiң амалын қарастырған тиiмдi емес пе? Және шығыс немiстерi социализм орнатуға сонша құлшына қоймағаны белгiлi.

«ГДР-дегi саясаттың дұрыс жүргiзiлмеуiнен көп қателiктер жiберiлдi, ел iшiндегi наразылық орасан зор… немiс халқы Шығыс Германиядан Батыс Германияға қаша бастады. Соңғы кезде 500 мыңдай адам Батыс Германияға өтiп кеттi», – дедi Г.Маленков сол пленумда.

Осы тұрғыдан келгенде Л.Берия оңтайлы, үйлесiмдi ой қорытады. Алайда сталиндiк әрiптестерге бұл ұнамады керiсiнше, зығырданын қайнатты. «Олай болса, қан төгiп жеңiп алған 18 миллион немiстi беруiмiз керек көрiнедi, – дедi пленумда В.Молотов. – Сонда оны кiм бере қояды екен?».

* * *

Сөйтiп, Сталин жүргiзген ұлт саясатын қайта қарау, экономиканы басқару жүйесiн жетiлдiру, соғыс салдарынан екiге бөлiнген немiс мемлекетiн бiрiктiру туралы нақты ұсыныстар аяқсыз қалды. Басқасын былай қойғанда, ГДР-дi қамқорлыққа алмай-ақ еркiн дамуына жол берейiк деген идея Берияның ағылшын тыңшысы (шпионы) деп айыпталуына бiрден-бiр негiз болды. Никита Хрущевтiң бұл жөнiнде «прямая измена коммунизму» дегенi соның айғағы.

Берия мұндай өзгерiстердi жасауды шын ықыласымен ұсынған жоқ. Бұл – көзбояушылық. Популизм. Мансапқорлық пиғылдан туындаған. Сөйтiп халық бұқарасының қолдауына жетудi көздеген. Сол үшiн орындалуы неғайбыл уәделердi үйiп-төккен.

Осындай пiкiрлер де бар. Дей тұрсақ та, сол «буржуазиялық ұлтшыл» ойлар жүзеге аса қалса не болар едi? Ел қандай бағытта дамыр едi деген сұрақ әрдайым көкейде тұратындығын жасыра алмаймыз.

Ешкiм Берияны ақтағысы келiп тұрған жоқ. «Қызыл террордың» басында тұрып, оны тiкелей өзi ұйымдастырған жендет туралы мұндай мәселенi қозғамақ түгiл, ойлауға да болмайтындығын түсiнемiз. Солай бола тұрса да оның Сталин өлгеннен кейiнгi iс-әрекеттерi назар аударарлық дүние екендiгi сөзсiз. Бұл – аңыз-әңгiме, бос сөз емес, нақты деректер, архив құжаттарындағы қатталған айғақтар. Оны да жұрт бiлуi тиiс. Өткеннен сабақ алу үшiн. Ал Берияның осынау әсiре белсендiлiгiнен билiктiң ұшар басында жүрген жора-жолдастары шошып, неге қолма-қол көзiн жойып жiбердi? Ақиқатына келсек, таққа талас туралы сөз қозғап, оның қыры мен сырын анықтауға, шындыққа жету мүмкiн бе екен?

«Мэрия» кинофильмiнде мемлекетпен тұтасып кеткен мафия басшыларының бiрi болып ойнаған әйгiлi артист Аль Пачиноның кейiпкерi «ең дұрыс тарих – бiз бiлмейтiн тарих» деп тұжырымдайды. Сол да дұрыс шығар.

28 шiлде 2011 жыл

Серіктес жаңалықтары