БҰЛ КӨШЕ АТАУЛАРЫ ҚАШАН ӨЗГЕРЕДI?

БҰЛ КӨШЕ АТАУЛАРЫ ҚАШАН ӨЗГЕРЕДI?

БҰЛ КӨШЕ АТАУЛАРЫ ҚАШАН ӨЗГЕРЕДI?
ашық дереккөзі
392

Шынымен де бiз осы қандай көшелерде тұрып жатырмыз? Бiрiмiз жаңадан атау алған, өз қайраткерлерiмiздiң атымен аталатын көшелерде тұрып жатсақ, ендi бiреулерiмiз баяғы Кеңес заманындағы ескi атаулармен аталатын көше, даңғылдарда тұрып, тiршiлiк кешудемiз. Тiптi сол ескi атауларды иеленген адамдардың көпшiлiгi – қазақ жерiне табандары тимеген, қазақ елiне еңбегi сiңбеген, жақсылығын ел-жұртымыз көрмеген, мүлдем бөтен бiреулер. Мәселен көп аудандарда, облыс орталықтарында Буденный атындағы көше бар. Ал ол сонау төңкерiс заманында Жетiсудағы қазақ ауылдарын, бұлардың бәрi басмашылар деп қанға боялған нағыз қанқұйлы адамның бiрi болған. Аштық жылдары басталмай тұрып-ақ, жүздеген ауылдар жаңағы Буденныйдың тегеурiнiне шыдамай, сол кездiң өзiнде-ақ Қытай асып кеткен болатын.

Бiздiң атқамiнерлерiмiз соны бiле ме екен, әй, бiлмейдi. Сол секiлдi, Ворошилов, Калинин, Ушанов, Шмидт, Кутузов, Тимирязев, Фурманов, тағы басқалардың, қазақтың қалалары мен аудан орталықтарынан, ауылдарынан еншiлеп бiр-бiр көшенi, даңғылды, кейде ауыл-селоның аттарын иеленiп алған. Ресейдiң өзi бұрынғы төңкерiсшiлердiң (революционерлер) атымен аталатын үлкен қалалардың атын түгелiмен өзгертiп болғанда, бiз әлi күнге дейiн, көшелерiмiзбен даңғылдарымызды, ауылдарымыздың атын өзгертуге үркек келiншектей үрейленемiз. Тiптi санамызға кiрiп те шықпайды.

Ал Өзбекстан тiптi Гагарин қаласының да атын ауыстырып жiбердi.

Бiз болсақ, 20 жылдық тәуелсiздiгiмiздi де осы ескi атаулармен аталатын көшелерде тұрып қарсы алмақпыз ба?

«Смирись Кавказ, идет Ермолов», – деген Пушкиннiң атақты өлең жолдары бар. Кезiнде Дағыстанның атақты ақыны Расул Гамзатов осы өлең жолдарына қатты ренжидi екен.

Бiрде Мақашқаланың мэрiне келiп, астанамыздың көшелерiн орыс сойқандарының (жаулаушы адамдарынан) аттарынан тазалашы деген көрiнедi.

– Мәскеу бiрдеңе десе мен-ақ жауап берейiн, – дептi. Бүкiл Дағыстан халқының мақтанышына айналған, ақынның өтiнiшiмен бiрер айдың iшiнде орыс қайраткерлерiнiң атындағы көшелердiң бәрi алынып тасталыныпты. Қанша көше дейсiз ғой? 65 көше мен даңғылдың аты өзгерiп, Кеңестер Одағы кезiнде-ақ Мақашқалада атаулар қалмаған екен.

Ал бiз Тәуелсiз елмiз ғой! Қаншама батыр азаматтарымыз бен әруақты апаларымыздың аты-жөнiн көше мен даңғылдарға, ауылдарға, елдi мекендерге, оқу орындарына бере алмай келемiз. Тiптi мақтанышымызға айналған Астананың, Бәйтеректiң атына да беруге болады ғой.

Өзiмiздi ел ретiнде, тәуелсiз мемлекет ретiнде сыйлайық, ағайын?!

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК

28 шiлде 2011 жыл

Серіктес жаңалықтары