ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ САЯСИ БӨЛIНIС

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ САЯСИ БӨЛIНIС

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ САЯСИ БӨЛIНIС
ашық дереккөзі

Ақпан революциясынан кейiн Қазақстанда демократиялық қозғалыстар қарқын алып жатты. Мұны бастаған қазақ зиялылары едi. Қозғалыс Қазақстанға жаңа серпiн ала келдi.

Мұхамеджан Тынышпаев: "Сол тұстағы сахарадағы толқулардың басты себебi саяси, рухани, дiни, экономикалық езгi" деп бар жағдайды ашып берген.

1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндерi өткен екiншi съезде Алашорда ұлттық автономиялық мемлекетi құрылды.

Мiне, осы сәтте партия мүшелерi өзара бөлiнiске түстi. Әлихан Бөкейханов бастаған 42 делегат автономия құрылғанын жариялауды кейiнге қалдыруды қолдаса, Халел Досмұхамедов жағындағылар жедел түрде хабарлауды дұрыс көрдi. Олардың саны 33 едi. Нәтижесiнде бiрiншi съезде жасалған "Алаш" партиясының жобасы талқыланбай, бекiтусiз қалды.

"Алашордамен" қатарласа және бiр үлкен мемлекет iрге көтермекке талпынды. Ол – Мұстафа Шоқай негiзiн қалаған "Шығыс Түркiстан" мемлекетi. М.Шоқай барлық түркi мемлекеттерiнiң басын бiрiктiрмекке ниет еттi.

"Алаш" партиясымен қатарласа 1917 жылы қарашада Көлбай Төгiсов бастаған "Үш жүз" социалистiк партиясы құрылған болатын. Бұл партия отаршылдық саясаттың негiзiнде қалыптасқан әкiмшiлiк-территориялық басқару принципiн сақтап, ұлттық автономия құруға қарсы шықты. "Үш жүз" Ислам дiнiне үлкен құрметпен қарайтын.

Бiз оқыған тарих осылай дейдi.

Мақаш Тәтiмов, ғалым, демограф:

"Аштық, қуғын-сүргiн болмағанда Қазақстандағы қазақ саны 24-25 млн.-ды құрап, дүние жүзiнде 30 млн.-ға жетер едi. Бұл өсiмдi қазақ ендi түзейдi. Бiрте-бiрте…"

Қазақ даласында батысшыл мәдениеттi, оқу-бiлiмдi үйрену жолын ұстанған, екiншiсi дiни жолмен дамуды көздеген екi түрлi бағыт қалыптасқан-ды. Әлихан оларға сәйкесiнше батысшылдар және түрiкшiлдер деген ат бердi.

Бiр мақсатқа жетудегi екi түрлi жол. Бiрақ тарих бағытты емес, жолдың екiге бөлiнуiнiң терiс екенiн дәлелдедi.

Қазақта көтерiлiс көп болды. Ешбiрi жеңiске жетпедi. Патша үкiметi бодан ретiнде қарап, езгiде ұстады. Кеңестiк билiк алдады, арбады. Бастысы– араға жiк сала бiлдi. Iштегi жiк ағашқа түскен құрт секiлдi. Кемiредi, жейдi, теседi, құлатады. Содан қазақ бiр-бiрiмен күресiп келедi. Бiрi алға, бiрi артқа тартады.

1937-1938 жылдар аралығындағы қуғын-сүргiн саясаты кезiнде Қазақстанда 103 мыңға тарта адам абақтыға қамалып, 25 мыңнан астамы Сталинiң өлiм машинасына тартылды…

1917 жылы Алашорда мемлекетiн құрдық. Дәлiрегi құрды. Алайда жалпы қазақ бiрдей болып қолдамады. Алашорда сенiм әкелдi. Үмiттiң отын жылтылдатты. Оны да өзiмiз өшiрдiк. Iшiмiзден шыққан пысықайлар бар сырымызды билiкке жайып салып, өлер күнiмiздi белгiледiк.

Бiрiгiп iс ете алмадық. Кезiнде Ақсақ Темiр әр әскерiне бiр-бiр тастан әкелдiрiп, бiр жерге үйдiрген екен. Сол үйiндi Ұлытаудың жанында кiшiгiрiм тау болып қалған дейдi.

Саяси тұтқындарды ток сыммен айнала шырматылған түрмелерде қамап ұстады. Әр күнi "картоп қазасың"деп бiр тұтқыннан алып кететiн. "Картоп қазу"– бұл ату. Оларды бiр жерде бiрге ұзақ ұстамады. Ойлары бiрiгiп кетуден қорықты.

"Ресейде осы күнде түрлi саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары бағдарламаларында жазылған. Оны бiлетiн адамдарға мағлұм: қай партияның да болса бағдарламасы түп-түгел қазақ мақсаттарымен үйлеспейдi. Сондықтан бiздiң қазақ мақсаттарын түгел көздейтiн өз алдына партия жасамайынша болмайды" деген Әлихан сөзi көп ойға бастайды.

1917 жылы желтоқсанда болған съезде Алашорда мемлекетiнiң территориялық аумағы белгiленген едi. Ол қазiргi Қазақстан жерiмен тұстас келедi.

Әлихан Бөкейханов үкiм шығарылған күнi атылды. Қазақ ұлтының лидерi 1937 жылы қыркүйекте қараңғы тас қабырғада жаңғырған оқтың құрбанына айналды. Ол осыған дейiн 10 жыл бойына Мәскеуде үй қамауында болған едi.

Бутыркадағы НКВД тергеушiлерiнiң қинап-азаптағанына, "Үш әрiптiң" жан шыдамас азапты тергеуiне Әлихан мойынсұнбады. Тек бiр жайтты ашық айтты. Атылар сәтте ол: "Мен Кеңес билiгiн қолдамадым, жақсы көрмедiм, бiрақ мойындадым" дедi. Сол кезде ол 73 жаста болатын. Өте қысқа, жалынып, жалбарынудан аулақ бұл сөзде көп мән бар.

Алашорда мемлекетi – қазақ халқының жемiсi. Орыстарда "начать с нуля" деген тiркес бар. Алашорда да бәрiн тақырдан бастағанды. Ол жайылып жатқан қазақ елiн, Алаш ұлтын бiрiктiрмекке талпынды. Автономиядан азат елге айналуды көздедi.

Асқақ арман орындалмады.

1936-1956 жылдар аралығында республика аумағында 11 ГУЛАГ лагерьлер жүйесi болды. АЛЖИР, СтепЛАГ, КарЛАГ – бәрi қанды жазалау орындары.

Алайда қазақ жерi сақталып қалды. Алаш қайраткерлерi Өзбекстанға берiлмек болған оңтүстiктi, Ресейге өткелi тұрған Қостанайды сақтап қала бiлдi.

Алашордалықтар мемлекет құруда жүзге бөлiнудiң екiншi орынға шығып, жер тұтастығы алға шығатынын дәлелдедi.

Кеңестiк билiк, сталинизмдiк қуғындау барша Алаш зиялысын жұтты. "Кiшi Қазан" талай Алаш баласын жоқ еттi. Халық жауы атандырды. Жапонияның тыңшысы еттi. Қолдан жарылыс ұйымдастырып, кiнәлi деп тапты. Аштықты да жiтi жоспарланған солақай саясат жасады. Кең байтақ жерде аз ғана қазақ қалды.

Ғалымдардың есептеуiнше, кеңес билiгi тұсында Қазақстандағы саяси қуғын-сүргiн құрбандарының саны 3,5 млн.-ды құраған. Қазiргi таңға дейiн олардың 305 мыңы ақталды. Күн өткен сайын жаңа есiмдер, жаңа тарих беттерi ашылуда

Шыңғысхан сыртқы жаудан емес, өз iшiнен шыққан дұшпанынан секемденген. Қазақтың iшiнен Алашты құрған зиялысы, оларды сатқан зымияны да шықты.

Мақаш Тәтiмов:

"Зұлмат жылдарда қазақтар орыстардан 2 есеге, еврейлерден 5 есеге, өзбектерден 10 есеге артық қырылып кете барды. Мұның басты себептерiнiң бiрi үштаған көрсетулер едi. Бiрiн бiрi көре алмады. Қазақ бiрiн-бiрi ұстап бердi"

Қосылып дүлей күшке айнала алмаған "Алашорда" мен Түркiстан Республикасы бiрi 1918 жылы, бiрi 1920 жылы таратылды.

Бөлiнген едiк — бөрi жедi.

Мағжан Алаш қайраткерлерiнiң iзгi iстерiн "Қажымай Айға қол сермеп, сол жолда мерт болған буын едi" деп жырлады. Олар құрған Алашорда автономиялық мемлекетi осы күнге жеткенде, бүгiнде бiз қалай болар едiк?

Жәнiбек НҰРЫШ, ХҚТУ-дiң 3-курс студентi