ӘЛЕМДЕ ЖУРНАЛИСТЕРДIҢ ӨМIРIНЕ ҚАУIП КӨП
ӘЛЕМДЕ ЖУРНАЛИСТЕРДIҢ ӨМIРIНЕ ҚАУIП КӨП
«Қазақстанда сөз бостандығы бар» деп мойындаушылар аз емес. Ол «БАҚ туралы» Заңда да айтарлықтай көрiнiс тапқан. Бiрақ демократиялық үрдiс арқылы келген сөз бостандығы өз деңгейiне жеттi ме? «Сөз бостандығы дегеннiң өзi – шындықты айтуға бағытталған құқық» деген Елбасының тұжырымы iс жүзiнде жүзеге асып отыр ма?
Былтыр Парламентте «БАҚ туралы» Заңға өзгерiстер енгiзу барысында және «Интернеттi реттеу туралы» Заң жобасы қызу талқыға түскен кезде БАҚ-тар мен адам құқықтарын қорғау ұйымдарының өкiлдерi Президентпен кездесiп, елiмiздегi сөз еркiндiгi, сөз бостандығының сақталмай отырғандығын ашып айтқысы келген едi. Тiптi наразылық шарасын да ұйымдастыруға бек дайын болған олар Елбасына үндеу жолдаған-тұғын. Десек те талайдан берi дауға айналған интернетке қатысты заң қабылданып, барлық интернет ресурстары, яғни веб-сайттар, блогтар, интернет-дүкен мен интернет-кiтапханалар бұқаралық ақпарат құралдарымен теңестiрiлдi. Олардың құқықтық жауапкершiлiгi БАҚ-пен тең дәрежеге көтерiлдi. Жаңа заңға байланысты интернет сайттарында жарияланған кез келген мақала арнайы сүзгiден өтетiн жағдайға жеттi. Алайда сол кезде шетелдiк сарапшылар «БАҚ туралы» Заңға енгiзiлген өзгерiстер мен толықтырулар Қазақстандағы сөз бостандығын тежейдi» дегендi айтқан болатын.
Шын мәнiнде отандық БАҚ-тың сөз бостандығын қаншалықты деңгейде пайдаланып отырғанына «сырт көз – сыншы». ЕҚЫҰ-ның швециялық желiсiнiң вице-президентi Олоф Клеберг баспасөзге берген бiр сұхбатында: «Менiңше, Қазақстанда оппозициялық бiрлi-жарым газет болғанымен, оппозициялық телеарна мүлде жоқ. Интернетке деген цензура анау. Мұның барлығы жастарға және қоғамның дамуына керi әсерiн тигiзедi», – десе, «Шекарасыз репортерлер» халықаралық ұйымының әлем елдерiндегi сөз бостандығының 2009 жылға арналған индексiнде Қазақстан сөз бостандығы бойынша 160 елдiң iшiнде 142 орынды иемдендi.
1985 жылы Париж қаласында құрылған «Шекарасыз репортерлер» ұйымы цензураға қарсы күрес жүргiзiп қана қоймай, кәсiби қызметiнiң салдарынан қамауға алынған журналистердiң бостандыққа шығуы үшiн жұмыс iстейдi. Бұл ұйымның әлемдiк тұрғыдан қарағанда беделi де, айбаты да күштi. Өйткенi соңғы кезде осынау қиын мамандықтың иелерi түрлi елдерде соққыға жығылып, өлiмге қиылып жатқаны жасырын емес. Мәселен 2010 жылы әлем бойынша 102 журналист қаза болған. Соның iшiнде ең қауiптi аймақ – Орта Азия болып тұр. Айталық, былтыр Орта Азия мемлекеттерiнде 40 журналист көз жұмса, Латын Америкасы елдерiнде – 32, Африка елдерiнде (Оңтүстiк Сахара) – 15, Таяу Шығыс пен Солтүстiк Африкада – 8, Еуропада – 7 ақпарат құралының өкiлi жарық дүниемен қош айтысқан. Журналистер үшiн ең қауiптi ел – Пәкiстан болып саналады. Мұнда бiр жылдың iшiнде 16 БАҚ қызметкерi мерт болған. Жалпы алғанда, 1997 жылдан берi 10 жыл iшiнде 788 ақпарат құралының өкiлдерi о дүниелiк болды. Бiр айта кетерлiгi, темiр торға көбiнесе интернет ақпарат құралдарының қызметкерлерi (блогшылар) тоғытылады екен. 2008 жылы қамауға алынған 125 журналистiң 56-сы интернет журналистерi. Ал Қытай Халық Республикасы журналистердiң қамауға алыну фактiсi бойынша 10 жыл қатарынан бiрiншi орынды бермей келедi. Одан кейiнгi кезекте Куба, Мянма, Эритрея мен Өзбекстан бар.
Бүгiнде «Шекарасыз репортерлер» ұйымы сияқты журналистермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс iстейтiн ұйымдар баршылық. «Цензураға жол жоқ!» қозғалысы Белоруссиядағы президент сайлауынан кейiнгi наразылық акциясы кезiнде жапа шеккен журналистердi босатуды талап етуде. Белоруссияда соңғы уақытта 27 журналист қамауға алынса, 20 шақтысы милиция қызметкерлерiнiң соққысына ұшыраған. Қазiргi кезде арнайы қамауда жатқандардың қатарында «Новая газетаның» тiлшiсi Ирина Халип, «Хартия-97» сайтының редакторы Наталья Радина, публицист Александр Федута, «Товорищ» газетiнiң редакторы Сергей Возняк, т.б. бар. Алдынала тағылған айып бойынша, олар 15 жылға дейiн бас бостандығынан айрылуы мүмкiн.
Халықаралық журналистер федерациясы (ХЖФ) 2009 жылы кәсiби қызметiн атқару кезiнде қаза болған бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерi мен журналистердiң тiзiмiн жариялаған болатын. Халықаралық ұйымның мәлiметi бойынша, 2009 жылы әлемнiң 27 мемлекетiнде 139 журналист өзiнiң кәсiби қызметiне байланысты көз жұмған. Оның iшiнде Қазақстан да аталған. ХЖФ бас хатшысы Эйдан Уайт: «Бұл – қауiп-қатердiң көптiгiнiң кесiрiнен төрткүл дүниеде әрiптестерiмiздiң өлiмi азаймай отырғандығының көрiнiсi», – деп мәлiмдедi.
Айтпақшы «Шекарасыз репортерлер» ұйымы БАҚ-тың негiзгi қас жауы – Путин мен Қадыров деп тауыпты. Ұйым дайындаған қара тiзiмнiң iшiне 40 тұлғаның (саясаттанушылар, шенеунiктер, дiни ағым басшылары, т.б.) аты-жөнi кiрген. Бұл тiзiмдi жариялаушылардың айтуынша, бүгiнде Ресей премьерi Владимир Путин мен Шешенстан президентi Рамзан Кадыров жөнiнде баспасөзден сын материал таба алмайсыз. «Себебi олар БАҚ-ты қатаң қадағалауында ұстауға мүдделi болуда» дейдi. Сондай-ақ тiзiмде Әзiрбайжан президентi Ильхам Әлиев, ҚХР президентi Ху Цзиньтао, Белоруссия президентi Александр Лукашенко, Өзбекстан президентi Ислам Каримов, түркменбашы Гурбангулы Бердымухаммедовтың аты аталған.
Алайда әлемдiк көрсеткiште Қазақстандағы журналистердiң құқығын қорғау туралы, сөз бостандығы жайында нақты деректер аз болса да, қоғамдық ұйымдар 2007 жылы iз-түзсiз жоғалып кеткен «Закон и правосудие» газетiнiң тiлшiсi Оралғайша Омаршанова хақында алаңдаушылығын бiлдiрiп келедi. Журналистiң хабар-ошарсыз жоғалуы – Қазақстанда алғаш рет тiркелген көрiнедi. Журналистiң туыстары әлi күнге дейiн оның өлi-тiрiсiн бiле алмай отыр. Ал полиция болса, оның жоғалғанына қатысты адамдар анықталмағандықтан iстi жауып тастаған. «Әдiл сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры жанындағы сараптама орталығының жетекшiсi Ғалия Әженова: «Қылмыс құрамының анықталмауына байланысты, өкiнiшке қарай, қылмыстық iс жабылды. Iс бойынша өлдi деген ақпарат берiлiп және оған журналистiң досының қатысы бар дегеннен басқа ештеңе айтылған жоқ» дегендi айтады. Сарапшылардың айтуынша, бiрталай жыл өтсе де, кейбiр журналистердiң өлiмiнiң негiзгi себебi әлi күнге дейiн ашылмай келедi. Олар: «Права человека в мире и во всем мире» бюллетенiнiң тiлшiсi Алексей Пугаев (2002 жылы, қаңтар), «Алтын ғасыр» басылымының редакторы Нури Муфтах (2002 жылы, қараша), «Навигатор» интернет-басылымының тiлшiсi Асхат Шәрiпжан (2004 жылы, тамыз) және «Азат» республикалық қоғамдық-саяси газетiнiң бас редакторы Батырхан Дәрiмбет (2005 жылы, маусым). Төртеуiнiң де өлiмi көлiк оқиғасымен байланыстырылып айтылып жүр. Бiрақ журналистердi осы жайттар әлi күнге дейiн күдiкке жетелеуде.
Бiз елiмiздегi журналистердiң беделi, қызметi, қауiпсiздiгi жайында мәселенi үнемi көтерiп жүрген Парламент мәжiлiсiнiң депутаты Жарасбай Сүлейменов пен «Әдiл сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры жанындағы сараптама орталығының жетекшiсi Ғалия Әженованы әңгiмеге тартқан едiк.
Ғалия ӘЖЕНОВА, «Әдiл сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры жанындағы сараптама орталығының жетекшiсi:
– Журналист ешкiмнiң жеке басына тимей, мәселенi ашып жазуға құқылы, сынауға құқылы. Ал журналистке лингвистикалық қауiпсiздiктi сақтамаса, екiншi, заңды сақтамаса, үшiншi, өзiнiң кәсiби деңгейiн көтермесе қауiптi. Осы тұрғыда лингвистикалық жағынан болсын заңдылық жағынан болсын, журналистердiң этикалық, кәсiби, құқықтық деңгейiн көтеруге көмектесiп жатқан жайымыз бар. Ал журналистiң өмiрiне қауiп төнетiн болса немесе жұмыс кезiнде олардың құралдарын сындыратын болса, ондай оқиғаны бүкiл елге жар салып, айтудай-ақ айтып жатырмыз. Себебi бiздiң мекемеде әрбiр журналистiң соңына iлестiрiп қоятын күзетшi жоқ. Ол үшiн бiз мемлекет тарапынан құрылған үлкен қызмет органы болуымыз керек. Бұл – мүлдем миға сыйымсыз нәрсе. Алайда бiздiң жасап отырған шаруамызды бiлмейтiндердiң бар екендiгi таңғалдырады. Бiздiң заң бойынша журналистердi қорғауымыз қажет, олардың сұраған ақпараты берiлуi керек. Журналистер ашық және азаматтық соттарға кiруге құқылы. Олар диктофондарын пайдалануға және судьяның рұқсатымен бейнекөрсетiлiмге не суретке түсiруге құқылы. Десек те кейде тәжiрибеде журналистердi сот залына жiбермей, кедергi жасау, ақпаратты айлап бермей, күткiзiп қою, мемлекеттiк және әкiмшiлiк қызметкердiң өтiрiк сылтау айтып, басқа жаққа кетiп қалуы жиi-жиi кездесiп тұрады. Бұл мәселемен жыл сайын күресiп, айтып келемiз ғой, кiшкене азаятын шығар десек те әлi күнге сол деңгейде қалып келедi. Бiрақ жағдай мүлдем оңалып жатқан жоқ деп айта алмаймын. Себебi пәлен жылдан берi соттық жүйемен форум өткiзу арқылы судьяларға журналист қызметiнiң қаншалықты қиын екендiгiн түсiндiруге тырысып келемiз. Соның нәтижесiнде жақсы кездесулер ұйымдастырып, журналистер мен судьялар бiр-бiрiмен түсiнiсiп, материалды қалай жинақтау керектiгiне қанықты. Кейбiр облыстық соттарда журналистермен тiкелей қызмет жасайтын судьялар бөлiп қойған. Яғни журналистер бiр кедергiге тап болса сол судьяларға айтады, хабарласады. Сонда да жағдай керемет дей алмаймын. Ал «Әдiл сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымы қол қусырып қарап отыр дегендерге таңым бар. Бұлай дейтiндер қай жердiң журналисiне не болып жатқанын, оларды бiздiң қалай шыр-пыр боп қорғап жүргенiмiз бен соттарға қалай барып жатқанымызды да бiлмейдi ғой.
– «Әдiл сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорына шағымданып, көмек сұрап жатқан журналистер көп пе?
– Осыдан бiрер жыл бұрын Асқар Ақтiлеу деген жас журналист жұмысынан шығып қалғанын заңсыз деп танып, бiзге шағымданды. Ол өзiн қорғап, жеңiске жеттi. Қарағанды облысының Жәйрем деген жерiнде «Орталық Қазақстан» газетiнiң меншiктi тiлшiсi Ақан Раушан да газет басшылығымен соттасты. Өзiм қайта-қайта Қарағандыға барып, сотқа қатысып жүрдiм. Журналист сотта жеңiске жетiп, моральдық залалын өтетiп алды. Бiр өкiнiштiсi, сот шешiмi бойынша журналиске бұрынғы iстеген орнында қалуға рұқсат берсе де, ол онда жұмыс iстей алмайды. Бiздiң басшыларда ондай кеңшiлiк жоқ. «Мына бала қателескен екен, жұмысын iстей берсiн» деудiң орнына оны қалай да шығаруға тырысады. Әрине, бiз барлық жағдайда жеңiске жете аламыз дей алмаймын. Бiрақ журналистердi жалғыз қалдырмаймыз. Қазақ «сот» деген сөзден қорқады ғой. Сол себептi де «бiзге сенсiн, ең әуелi өз күшiне сенсiн» деп бiрге жүремiз. Ол үшiн бiзге ешкiм ақша төлеп жатқан жоқ, ешкiм гонарар берiп жатқан жоқ. Журналистердi сөз бостандығын қорғау ұйымы деген дардай атымыз болғандықтан ғана көмек беруге күшiмiздi саламыз.
– Сөзiңiзге қарағанда, журналистер көбiнесе жұмыстан шығып қалуға байланысты ғана шағымданатын сияқты ғой…
– Көбiнесе еңбек құқына байланысты, ақпарат ала алмауға қатысты шағым түседi. Бiз оларға ақпарат алудың жолын көрсетемiз. Тiптi нәтиже болмаса сол мекеменiң үстiнен қарайтын басшыларға хат жiберемiз. Жауап келсе, сайтымызда жариялап, ортақ талқылауға саламыз. Қазақтiлдi журналистер де, орыстiлдi журналистер де хабарласып, ақыл-кеңес алып тұрады. Бұрынғыдай емес, жиi қарым-қатынас жасап тұрамыз.
– Демек сөз бостандығын қорғайтын ұйымның бар екенiн журналист қауымы бiле ме?
– Атырау, Оңтүстiк Қазақстан, Павлодар облысындағы, Астана қаласындағы тiлшiлер бiледi. Бiрақ журналистiң бәрi бiледi деп айта алмаймын. Жақында Астана қаласының бiрнеше журналисi: «Бiзде қысқарту жүрейiн деп жатыр. Қысқартуға жұмыс iстеп жүрген адамдар ұшырамақшы…» деген сарында шағым айтты. Бiз «көрiп-бiлмей ештеңе айта алмаймыз, барлық құжатты жинап жiберiңiздер» дедiк. Сонда ғана жолын көрсетiп, дұрыс не бұрысын айта алатынымызды жеткiздiк. Шынымен де, түк iстемей, бiр ай не екi ай қолына қалам алып, мақала жазбаған адам болса, оны жұмыстан дәлелдеп тұрып шығаруға болады. Ал күндiз-түнi жүгiрiп, жұмыс iстеп жүрген адамды жұмыстан шығару үлкен қиянат.
– Елiмiзде «Әдiл сөзден» басқа журналистердiң құқығын қорғайтын ұйымдар бар ма?
– Бiз сияқты жүгiрiп жүрмейтiн шығар, бiрақ бiраз мәселеге назар аударып, бiрге үндеу тастап жүрген Журналистер одағы бар. Бағдарламаларға байланысты талқылаулар болса, Ұлттық қауымдастық араласады. Қарағандыда «Мedialife» деген ұйым, Солтүстiк Қазақстанда «Солтүстiк Қазақстан құқықтық медиа орталығы» бар. Бәрiмен шама-шарқымыз келгенше ақпарат алмасып тұрамыз.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Парламент мәжiлiсiнiң депутаты:
– Шын мәнiнде, журналистердiң қауiпсiздiгi Қазақстанда ғана емес, дүниежүзiнде маңызды мәселеге айналып отыр. 5-8 маусымда Вильнюсте журналистердiң қауiпсiздiгiне байланысты алқалы жиын болды. Оған 56 елден 200-дей адам қатысты. Оның iшiнде журналистер де, депутаттар да, заң қызметкерлерi де бар. Соңғы он жылда әлемде 546 журналист қаза болған екен. Оның iшiнде қаза болғандары бар, iз-түзсiз жоғалып кеткендерi бар. Бәрi де сыртқы күштердiң әсерiнен болып жатқан жағдай ғой. Журналистердiң қауiпсiздiгiнiң сақталмауы бiздiң елде де бар. Ол үшiн журналистердi қолдайтын, қорғайтын күштi заң керек. Кейбiреулер «Бiзде «БАҚ туралы» Заң бар. Басқа заңның керегi не?» дейдi. Ол дұрыс емес. Бұл заң журналистердi жеткiлiктi қорғап жатқан жоқ. Менiңше, «Журналистердiң ерекше мәртебесi» деген жеке заң керек. Әрине, «Мұндай заң болмайды» деп жағдайды қиындатып жатса, онда «БАҚ туралы» Заң жобасына журналистердiң мәртебесiне, қауiпсiздiгiне байланысты нормалар енгiзу керек. Бiзде журналистер қай жағынан болсын қорғалмайды. Тiптi жеке басының қауiпсiздiгiн айтпағанның өзiнде, әлеуметтiк жағынан қорғалуының өзi ешқандай сын көтермейдi. Мiне, осы мәселенiң бәрiн шешу арқылы журналистi әркiмге тәуелдi қылмау керек. Журналистiң қоғамдағы беделi өте зор. Оны «төртiншi билiк» деп тектен-текке айтып жүрген жоқ. Қоғамда ой-сананы, пiкiрдi қалыптастыратын журналистер – үлкен күш.
– Сiздiңше журналистердiң қауiпсiздiгiн қорғайтын арнайы заңның керектiгi айқын сезiлiп тұр ғой…
– Әрине, заң керек. Көптеген шараны сол заңның негiзiнде жүзеге асыру керек. Тым болмаса, қолданыстағы заңдарға тиiстi толыққанды өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу керек. Журналистiң жеке қауiпсiздiгi, оның әлеуметтiк жағынан қорғалуы, оның қызмет аясында ақпараттарға қол жеткiзуi деген өзектi мәселелер қамтылып, заңмен үйлестiрiлсе, журналистi, қаламгердi бәрi қорғайды. Анда-санда басқосу өткiзiп, Үкiметтiң алдына мәселе қойып тұруға болады. Бiрақ бұл мезгiлдiк қана дүние. Ал бiзге жүйелi сипаттағы жұмыстар жасау керек.
– Бiз, тiлшi қауымы қандай да бiр мәселе бойынша министрлiктерге, әкiмдiктерге, жалпы мемлекеттiк органдарға сұрақ жiберсек, уақтылы жауап ала алмай жатамыз. Ондағылар ақпарат құралдарына үш күннiң iшiнде жауап беруге тиiс екенiн бiлсе де, бұған бей-жай қарайтын сияқты. Мұның өзi журналистерге деген құрметтiң аздығын көрсетпей ме?
– Мұндай жағдай көп кездеседi. Мәселе журналистiң қоғамдағы беделiнiң түсiп кеткендiгiнде жатыр. Сол үшiн де заң жобасын нақты iс-шараға жүгiнiп, толықтыру керек. Мысалы газеттерде сын материалдар, күрделi мәселелер көтерiледi. Ежелден қалыптасқан үрдiс бойынша, билiк соған құлақ асып, сол бойынша шаралар қолдануы керек қой. Бiрақ соны iстемейдi. Мiне, бұлар заңның жауапкершiлiгiн сезiнiп отырған жоқ. Заңның осал тұстары бар екенiн осыдан-ақ аңғаруға болады. Бәрi соны пайдаланып кетедi. Қазақстан жас мемлекет болғандықтан да бәрi бiрден бола қоймайды. «Көш жүре түзеледi» демей ме?! Бiрақ бiзге жақсы, сапалы заң керек.
– Ал журналистердiң қауiпсiздiгiне байланысты не айтасыз? Биыл «Закон и правосудие» газетiнiң тiлшiсi Оралғайша Омаршанованың iз-түзсiз жоғалып кеткенiне төртiншi жыл. Журналистiң туыстары әлi күнге дейiн оның өлi-тiрiсiн бiле алмай отыр.
– Қолымда ол жөнiнде нақты деректер жоқ. Бiрақ оқиға бойынша iс қозғалмады, құқық қорғау мекемелерi iздемедi деп айта алмаймын. Ондай жағдайлар қарапайым халықтың арасында да жиi кездесiп жататыны рас. Жоғалып кету, табылмай қалу, тiптi қылмыс ашылмай қалу деректерi көп. Ал Оралғайша Омаршанованың жоғалып кетуiне байланысты оқиғаның мән-жайын бiлмегеннен кейiн, дөп басып айту дұрыс емес. Негiзiнде көңiлде ол жөнiнде де күмән туғызатын ой бар. Оны ешкiм жоққа шығара алмайды. Қызмет iстеп жүрген, оның үстiне оппозициялық басылымда еңбек еткен журналистiң аяқастынан жоғалып кетуi күдiк тудырмай қоймайды.
– Ал қырғыз журналисi Геннадий Павлюктiң Қырғызстанда емес, Алматыда қаза болуы ненi аңғартады?
– Оны елiмiздегi iшкi ахуалмен байланыстыруға болмайды. Бәлкiм сондай бiр жағдайды ұтымды пайдаланған шығар. Бiр айта кетерлiгi, журналистер құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдар мен халықаралық ұйымдарға қызмет iстеп жүрген бөлiмдер негiзiнен сөзбен ғана айналысады. Жаңағыдай ашықтық, жариялылық мәселесiнде аяғына дейiн күреспейдi. Қай оқиға болсын, бастапқы кезде айғайлатып бастайды да, артынша үндерi өше қалады. Журналист болғаннан кейiн, бiз бiр отбасының балаларындай өте тату болып, бiр-бiрiмiздi қорғап, бiреуге есемiздi жiбермеуiмiз керек. Бiрақ «Әдiл сөз», сол сияқты тағы басқа ұйымдар журналистердiң шын жанашырлары емес.
– Астанада өткен Бас редакторлар клубының отырысында осы мәселенiң бәрi айтылды. Егер сiз мұны iзiнше депутаттық сауал ретiнде көтермесеңiз, сөз жүзiнде қалып қояр ма едi, кiм бiлсiн?!
– Рахмет! Бас редакторлардың пiкiрiн тыңдадым, газетке шыққан материалдарды қарадым. Ондай шаралар бұған дейiн де өтiп жүр. Бiр өкiнiштiсi, редакторлар «Бiзде осындай мәселелер бар» дегендi ғана көтередi. Бiрақ оны табанды түрде талап етпейдi. Бас редакторлардың басқосуында айтылған жайттар туралы толыққанды жазған басылымды көргенiм жоқ. Соны айта отырып, қоғамдық пiкiр қалыптастыру керек қой. Газет басшыларының қолында тұрған нәрсенi iстей алмай отырғандығы қынжылтады. Бiздiң мақсат – бас редакторларды қолдап, олардың айтқан мәселелерiнiң жерде қалмауына үн қосу ғана.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ