Талғар қаласының тұрғындары журналист Руслан Өтепбайға жүгініп, 25 жастағы Балауса Еркінқызының үстінен арыз түсірген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Балауса Еркінқызы – Шерзат Полат өліміне қатысты істе 7 жылға бас бостандығынан айырылған Дидар Қалиахметтің келіншегі. Олардың ортақ бір ұл, бір қызы бар.
«4 ай бұрын Балауса Еркінқызына 2 млн теңге кредит алып бергенмін. Үш айда жауып тастаймын деген сөзіне сендім. Бірақ кредитті жаппақ түгілі ай сайынғы төлемін төлемейді. Қазір кредитті өзім төлеп жатырмын. Төрт балам бар. Баламен декретте отырған кезде киім сататынмын. Балауса сол кездері қарызға киім алып, кейін ақшасын төлеп тұратын. Былтыр да бір кредит алып бергенмін. Оны өзі жауып тастады. Солай сенімге кірген. Араға жарты жыл салып «қайтадан алып беріңізші» дегеннен кейін сеніп, 2 млн теңге алып бердім. Қазір айына 170 мыңнан өзім төлеп жатырмын. Бірақ мен оның Дидар Қалиахметтің әйелі екенін білген жоқпын. Дидардың сотында тиктокқа шыға бастағаннан кейін білдім. Өзі осы Талғарда ата-енесімен, яғни Дидардың әке-шешесімен тұрады. Оған алданған, өзім нақты білетін он шақты адам бар. Одан бөлек сырттан, Кеген жақтан алданған бес-алты адам бар деп естідім. Балауса өзі Кеген жақтың қызы», - дейді Балауса есімді жәбірленуші.
23 жастағы Дарын есімді жәбірленуші де Балауса Еркінқызына біраз ақша берген.
«Балаусамен бұрын бір жерде жұмыс істегенбіз. Сол жерден таныспыз. Оған БанкЦентрКредиттен 2 млн 68 мың теңге алып бердім. Халық банктен 1,5 млн теңге бөліп төлеуге алып бердім. Одан бөлек өзім 2,5 млн теңге бердім. Кредиттерді алты айда жауып беремін деген. Қазір несиені өзім төлеп жатырмын. Айына 240 мың төлеймін», - дейді Дарын.
Руслан Өтепбай мен жәбірленушілер Балаусаның ата-енесінің үйіне де барған. Бірақ қайын жұрты келіндері жайлы мардымды мәлімет бермеген.
«Балаусаның бізге келін болғанына бес жыл болды. Дидардың сотынан кейін төркініне кеткен. Балалар бізде. Апта сайын балаларына келіп тұрады», - дейді олар.