ӘР СҮЙЕМ ЖЕР ҮШIН КҮРЕСКЕН

ӘР СҮЙЕМ ЖЕР ҮШIН КҮРЕСКЕН

ӘР СҮЙЕМ ЖЕР ҮШIН КҮРЕСКЕН
ашық дереккөзі
229

Қоғамның қай кезеңiнде болсын адам баласының тағдыры мен мемлекет мүддесi жолындағы күресте жер тағдыры айрықша орын алып келдi.

Сталиндiк әкiмшiл-әмiршiл билiк жүйесi орнағаннан кейiн Қазақстанда жер мәселесiндегi түйткiлдер бұрынғыдан да күшейе түсiп, кешегi ресейлiк империя кезеңiндегi отаршылдық саясат жаңа сипатта қарқын алды. Бұл саясатқа сол кезеңдегi билiктiң әр тармағында отырған ұлтжанды қазақ қайраткерлерi батыл қарсылық көрсеткен едi.

Отаршылдық жер саясатын жүргiзушi Голощекинге қарсы шыққан қазақ қайраткерлерiнiң бiрi, 1926-1927 жылдары егiн шаруашылығы халық комиссары болып iстеген Жағыпар Сұлтанбеков болды.

Қазақстандағы кеңестiк билiктiң алғашқы жылдарында әртүрлi жауапты кеңестiк қызметтердi атқарған қайраткер тұлға Жағыпар Сұлтанбекұлы өз қолымен толтырған өмiрбаяндық жолы жөнiнде былай деп жазады: "Мен 1898 жылы Қостанай уезi, Арақарағай болысы, №6 ауылда дүниеге келдiм. Ата-анам қарапайым қазақ малшысы болды, соғысқа дейiн олардың жағдайы орташа болатын, жанұямыз ештеңеден қысылмай орташа тұрды. Ата-анам тоғыз жасымда Қостанай қаласындағы орыс-қазақ мектебiне бердi, оны 1913 жылы бiтiрiп шықтым. Осы жылы Қостанайдағы 2 жылдық педагогикалық курсқа түсiп, оны 1915 жылы аяқтадым. Педагогикалық курсты бiтiргеннен кейiн, мұғалiмдiк институтқа түсуге тырыстым, бiрақ қаражаттың болмауына байланысты, екiншi жағынан қолайсыз жағдайға байланысты институтқа түсуге мүмкiндiгiм болмады. Педагогикалық курста оқып жүрген жылдары аса құштарлықпен әдеби кiтаптарды оқуға кiрiсiп, екi жылдың iшiнде кiтапханадағы Лермонтовтың, Гогольдiң, Пушкиннiң, Гончаровтың, Данилевскийдiң, Достаевскийдiң, Карамзиннiң, Л.Толстойдың, Тургеневтiң, Шиллердiң, Шекспирдiң және тағы да басқа көптеген еңбектердi оқып шықтым. Бұл еңбектер маған рухани азық берумен қатар, тiлдiк қорымның дамуына да өз әсерiн тигiздi.

1915 жылдан бастап, Қостанай губерниясындағы ауылдық мектепте мұғалiм болып, еңбек жолымды бастадым. Ауыл мектебiнде мұғалiм болып бес жыл қызмет iстедiм". (ҚР ПМ. 141-қор, т-16, iс-2803. п 7).

Жағыпар Сұлтанбекұлы 1920 жылдан бастап, Қостанай губерниясындағы кеңестiк құрылыстың әртүрлi деңгейдегi жауапты қызметтерге тартылды: 1920-1922 жылдары болыстық халық ағарту бөлiмiнiң меңгерушiсi және Арақарағай болыстық атқару комитетiнiң төрағасы, 1923-1925 жылдары Қостанай губерниялық, ал 1925-1926 жылдары Петропавл губерниялық жер басқармасының меңгерушiсi болып iстейдi. Жағыпар Сұлтанбекұлы осы қызметi барысында қазақ автономиясындағы жер жағдайы мен жер мәселесiне қатысты түйткiлдi мәселелермен жете танысып, "Губерниялық жер басқармасының жұмысын маңызды және қызықты жұмыс саласы деп есептеймiн" деген едi. 1926 жылы Ақтөбе губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы кезiндегi Жағыпар Сұлтанбекұлының жұмысына партия комитетi тарапынан мынадай баға берiлген болатын: "Жолдас Сұлтанбеков губисполкомның төрағасы лауазымында 1926 жылдың 1 сәуiрi мен 1 қазан айы аралығында болды. Осы жұмыста ол өзiн жiгерлi, маңызды мәселелердi ұсынатын және таба бiлетiн қызметкер ретiнде көрсеттi. 1925-1926 жылдарға арналған Ақтөбе бюджетiнiң табысты орындалуы және қазiргi орнатылған бюджеттiк тәртiп – оның атқарған iс-шараларының нәтижесi. Жақсы қызметкерлердi таңдай бiлуi және оларды жолдастық ынтымақтастықта басқаруы оның қызметiнiң жоғарғы жетiстiкке жетуiне өз әсерiн тигiзуде. Ж.Сұлтанбеков Ақтөбедегi қызметi кезеңiнде өзiнiң ұйымдастырушылық және iскер әкiмшiлiк қабiлетiн көрсетiп, халық арасында үлкен беделге ие болды". (ҚР ПМ. 141-қор, т -16, iс-2803. п 6)

Жағыпар Сұлтанбекұлының ұлт мүддесi жолындағы күресi және өз ұлтына берiлген қайраткерлiк қасиетi оның егiн шаруашылығы халық комиссары болып iстеген жылдары айрықша көрiндi. Ол 1926 жылдың ақпан айынан 1927 жылдың қазан айы аралығында қазақ автономиясының егiн шаруашылығы халық комиссары болып iстеген кезеңiнде халық комиссарлар кеңесiнiң төрағасы Нығмет Нұрмақов, Қазақ ОАК-нiң төрағасы Жалау Мыңбаев, халық ағарту халкомы Смағұл Сәдуақасов және тағы да басқа ұлтжанды қайраткерлермен бiрге қазақ жерiндегi отаршылдық саясатты жаңа тұрпатта жүргiзiп отырған Голощекиндiк саясатқа қарсы шықты.

Қазақстанда Кеңес өкiметi орнағаннан кейiн, тартып алынған қазақ жерлерi еңбекшi қазақ халқына қайтарылуы тиiс делiнген декреттер қабылданғанымен де, оны iске асыру орындалған жоқ. Түркiстан аймағында бұл декреттер аз деп қолға алынған болса, қазақ автономиясының территориясында мүлде iске асырылмады деп айтуға болады. Қазақтың шұрайлы жерлерiнiң барлығы орыс кулактары мен казактардың, қоныс аударып келген орыс шаруаларының қолында болды. Оның үстiне осы жылдары қазақтың ұлтжанды қайраткерлерi қанша қарсылық көрсетсе де, Ресейден қоныс аударушылар легi толастамаған едi. Жерiнен айрылған қазақ халқын жерге орналастыру жөнiндегi партия пленумдары мен конференцияларындағы шешiмдер қағаз жүзiнде ғана қалып жатты. Мәселен 1924 жылы сәуiр айында болған РК(б)П Қазақ облыстық комитетiнiң пленумы және 1925 жылы болған РК(б)П V конференциясының қарарларында: "Жергiлiктi халықты жерге орналастырып болғанша, елдiң шаруашылық өмiрiндегi ұйымдастыру жұмыстарына кедергi келтiрiп отырған өздiгiнен қоныс аударып келудi тоқтату жөнiнде нақты әрекеттер жасалуы қажет" делiнгенiмен де, iс жүзiнде жағдай басқаша болып шықты.

Жерге ең алдымен жер иесi – қазақ халқын орналастыру, одан соң 1918 жылға дейiн қазақ жерiне келген келiмсектердi, екiншi кезекте Қазақстанға өз еркiмен 1922 жылдың 31 тамызына дейiн келгендердi орналастыру жөнiндегi Қазақ ОАК-нiң шешiмiне барлық билiктi өз уысына шоғырландырған орталық билiк келiспедi. 1922 жылдардан кейiн де қазақ жерiне келген келiмсектерге жер берудi талап еттi. Мiне, осындай текетiрестiң қызған шағында, халқымыздың және ұлтжанды қайраткерлердiң "сорына" орай Қазақстан басшылығына Голощекин келген едi. Орталықтың тапсырмасымен арнайы жiберiлген Голощекин орталық пен Қазақстан арасындағы текетiресте үнемi орталықты қолдап, орталықтың мүддесiне сай шешiмдердi қабылдауда бар күшiн салды.

Жағыпар Сұлтанбекұлының егiн шаруашылығы халкомы болып iстеген кезеңi Қазақстанда қазақтың ұлтжанды қайраткерлерi мен орталықтың қолшоқпары Голощекин бастаған топтың арасындағы жергiлiктендiрудi жүргiзу, Қазақстандағы партиялық басшылықтың дұрыс жүргiзiлмеуi, ұлттық саясатты жүргiзу және жер мәселесiне қатысты айтыс-тартыстың қызған шағы едi. Осы ұлт мүддесi жолындағы күрес барысында Жағыпар Сұлтанбекұлы өзiнiң пiкiрлес, ниеттес қайраткер серiгi С.Сәдуақасов жағында болды. Өзiн С.Сәдуақасовпен жақындастырған "отаршылдықпен күрес ұраны" екенiн ашық түрде айтты да.

Жағыпар Сұлтанбекұлы – 1926 жылы қараша айында Москва қаласында Тұрар Рысқұловтың басшылығымен өткен ұлттар кеңесiне қатысқан қазақстандықтардың бiрi. Ол бұл кеңесте арнайы шығып сөйлемесе де, кеңесте Қазақстан жағдайын сөз еткен Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев, С.Асфендияровтармен тiлектес болды. Бұл кезең Кеңес өкiметiнiң ұлттар теңдiгiн қамтамасыз етемiз деген ұрандарының барлығы қағаз жүзiнде қалып, керiсiнше автономиялық республикалар мен облыстардың құқықтары шектелiп, ұлттар мәселесi күннен-күнге шиеленiсiп, шовинистiк саясаттың үстемдiк алып бара жатқан кезi едi. Кеңесте батыл түрде айтылған ұлт мәселелерiне және оны шешудiң жолдарына қатысты ойлардың Сталинге, оның қазақ жерiндегi қолшоқпары Голощекинге ұнамағаны белгiлi. Осы кеңестен соң iле-шала желтоқсан айында Голощекиннiң ұйымдастыруымен өткiзiлген кеңес Москвада өткен ұлттар кеңесiн қаралаудан тұрды. Онда Москвадағы кеңесте Қазақстан атынан шығып сөйлеген қайраткерлер барынша қараланды. Өлкелiк партия комитетi, Өлкелiк бақылау комиссиясы, Қазақ ОАК-i мен Халық комиссарлар кеңесiнiң фракциясы және "қазақ белсендiлерiнiң" бiрлескен мәжiлiсi осы мәселеге қатысты арнайы қаулы қабылдап, орталық комитеттi хабардар етедi. Ол қаулыда: "Ұлттық республикалардың пiкiрлерi мен қажеттiлiгiн кездейсоқ жиналған "ұлтшылдар" емес партия комитеттерi және үкiметi бiлдiредi, ұлттар кеңесiнде Қожанов, Мыңбаев, Асфендияровтардың пiкiрлерi Өлкелiк партия комитетiмен, ҚазАКСР үкiметiнiң пiкiрлерiмен және бағытымен мүлдем сәйкес келмейдi" делiнiп, одан әрi Қазақ Республикасындағы ұлтаралық қатынас партияның X, XII съездерiнiң шешiмдерiне сәйкес жақсы, қарқынды дамып келе жатыр деген секiлдi жалған, жалынды көпiрме сөздермен бүркемеленген едi. (ҚР ПМ. 141-қор, т-1, iс-1129. п 1) Мiне, осы кеңестен кейiн-ақ Голощекин ұлтжанды қайраткерлердiң соңына түсiп, оларды қуғындауын бастады. Оның қандықол тырнағына iлiккен қайраткерлердiң бiрi – Жағыпар Сұлтанбекұлы болды.

Жағыпар Сұлтанбекұлы Қазақстандағы ең ушыққан мәселелердiң бiрi – жер мәселесiне қатысты түйткiлдердi шешудегi өзiнiң табанды көзқарасын былай деп бiлдiредi: "Мой главный довод: Казакские население, его бедняцко-средняцкие массы, десятилетиями оставались обездоленными в отношении землепользования. Слишком свежи еще в их памяти пережетки деятельности старих переселенческих организации. Поэтому мне кажется, что на открытие переселения в Казахстан до предварительного землеустройства казакского населения, не удовлетворения его насущных потребностей в земле, казакские трудящиеся массы будут реагировать очень болезненно. Они могут воспринять проводимое сплошное землеустройство, не как поземельно-хозяйственное устройство, каким является она на самом деле, как "землемерие", проводимое с целью обязательного выявления земельных излишек для переселения. Это действительно снизило бы в глазах населения политическое и хозяйственное значение землеустройства, а с другой стороны при слабости и засоренности землеустройтельных и переселенческих аппаратов, действительно пострадали бы интересы казакских трудящихся масс". (ҚР ПМ. 141-қор, т-1, iс-2409. п 84)

Алаш арысы Қазақстандағы ұлтаралық қатынастың шиеленiсуiне Қазақ жерiне қоныстанушылардың толастамай отырғандығы себеп болып отырғандығын жақсы түсiнген болатын. Сондықтан ол, мүмкiндiгiнше Қазақстандағы жерлердiң құнарлы, құнарсыздығына қарай мұқият зерттеу мәселесiн қойып, бұл мәселедегi Қазақ жерiн зерттеумен ұзақ жылдардан берi айналысып келе жатқан қайраткер, ғалым Әлихан Бөкейханов арқылы профессор Швецовпен байланысып, оларды Қазақ жерлерiн зерттеу экспедицияларына тартты. Тырнақ астынан кiр iздегендер Жағыпар Сұлтанбекұлының бұл игi iс-әрекеттерiн барынша бұрмалап, кешегi "Алашордашылармен", "ұлтшылдармен" байланысу деп қара күйе жақты.

Осындай "қырағылардың" бiрi М.Түлепов деген ВК(б)П Өлкекомына жазған хатында: "Шiлде айының соңында егiншiлiк халкомы жолдас Сұлтанбеков Қырымға бара жатқан жолда Москваға тоқтады. Сол күнi Сұлтанбеков заттарын қонақ үйде қалдырып, Әлихан Бөкейхановқа барды… Әлихан Бөкейхановта кешке дейiн болды. Ертесiне пiкiр алысу тағы да жалғасты. Бөкейхановпен кездескеннен кейiн, Төреғожин және Түлепов жолдастармен пiкiр алысу кезiнде: "Әлихан Швецовпен сөйлесуге уәде бердi және барлығын ойдағыдай етедi", – деп айтты. Әңгiме федералдық органдармен келiспей отырған Қазақстандағы жер мәселесi және нормалары туралы болды", – деп жазады. М. Түлепов iшкi партиялық мәселелердi "Алашорда" басшыларымен талқылауға мүлде болмайды және егiншiлiк халкомы секiлдi маңызды органдарға бiзге жат Алашорда идеологиясы енiп, бiздiң жұмысымызды қиындатып жiбередi деген ойды жеткiзуге тырысты. (ҚР ПМ. 141-қор, т-1, iс-1129. п 109) Жағыпар Сұлтанбекұлы басқарған егiн шаруашылығы халкоматының бiрiншi кезекте қазақтарды жерге орналастыруы, қоныс аударып келген орыс шаруаларының мүддесiн қорғап отырған Голощекинге таптырмас мәлiмет болды. VI Өлкелiк партия конференциясында жасаған баяндамасында Голощекин барлық зiлiн Жағыпар Сұлтанбекұлына қарсы төгiп: "Жер нормаларын анықтау үшiн Москваға келген Сұлтанбеков нұсқаулар алу үшiн Өлкелiк комитеттiң жауапты хатшысына барып жолықпай, Әлихан Бөкейхановқа жолығады. Бұл бұзақылық емес пе?", – деумен қатар, жер нормаларын анықтауға байланысты зерттеу жұмыстарын жүргiзген профессор Швецов пен Әлихан Бөкейхановтың зерттеулерiне қанағаттанбай, ақша алғаннан басқа ештеңе бiтiрмедi деп айыптады. Және бұл зерттеулердiң қорытындыларына сенбей, қайта зерттеу жұмыстарын жүргiзудi талап етiп: "Бұл жер нормаларының жарамсыздығының техникалық және саяси тұрғыдағы сынына тоқталмай-ақ қояйын", – дедi және: "Екi жыл бойы Қаратiлеуов, Сұлтанбеков, Бөкейхановтармен күресiп келемiн, олар бұл мәселеге қатысты бiр қадам да алға жылжыған жоқ" деумен олардың бар еңбегiн жоққа шығарды. (ҚР ПМ. 141-қор, т-1, iс-38. п 197) Қазақ елiн басқарған Ф.Голощекин орталықтың қолдауымен және орталыққа жалған ақпарлар беру арқылы Қазақстандағы жер тапшылығына байланысты туындап отырған ұлтаралық шиеленiстердi Жағыпар Сұлтанбекұлы сынды қайраткерлердiң әрекетiнен туындап отырған етiп көрсеттi. Қазақстанда басы артық жерлер жоқ деп Ресейден Қазақстанға қоныс аударуды тоқтатуды талап еткен Н.Нұрмақов, Ж.Сұлтанбеков, С.Сәдуақасов, С.Қаратiлеуов, О.Жандосов сынды қайраткерлер "ұлтшылдар" ретiнде айыпталып, қуғындала бастады. Жерiнен айырылған қазақ халқын жерге орналастыруды ұсынған Жағыпар Сұлтанбеков, С.Қаратiлеуовтiң ұлт мүддесi жолындағы күресiн "Сұлтанбековшiлдiк", "Қаратiлеуовшiлдiк" қылып шығарды. Осыдан кейiн БОАК-нiң орыс шаруаларын жерге орналастыруға байланысты кезектiң барлық түрiн жою жөнiндегi қаулысы шықты. Бұл қаулы бойынша қоныс аударушылар ешқандай да кезексiз қазақ жерiнен жер алып, қоныстануға мүмкiндiк алды. Орталықтың бұл қаулысымен келiспеген егiн шаруашылығы халық комиссары Жағыпар Сұлтанбекұлы арнайы Москваға бiрнеше рет барып, 1926 жылдың қараша айында және 1927 жылдың ақпан айында БОАК-нiң алқасында баяндама жасап, РСФСР егiн шаруашылығы халкоматымен, жер комитетi федералдық органдарымен және қоныс аудару комитетiмен бетпе-бет айтысқа шықты. Орталық органдар, ұлттық автономиялардың құқықтарын ескермей олардың заңдарына қарсы қаулылар шығарып отырғанын дәлелдеп, бұл қаулылардың күшiн жоюға барынша күш салды. Бiрақ орталық өзiнiң отаршылдық қаулысын өзгертпеген күйiнде қалдырған болатын. Қазақ жерiне орыс шаруаларын қоныс аударуға қатысты орталықтың саясатын қолдап отырған Голощекиннiң әрекетiн Нығмет Нұрмақов "отаршылдық" деп сипаттаған болса, Жағыпар Сұлтанбекұлы "Қоныс аударуды жүргiзушi шенеунiктiң iсi" деген едi.

Ф.Голощекин қазақ қайраткерлерiне әртүрлi жалған айдар тағып, қуғындауды жүргiзгенде Жағыпар Сұлтанбекұлын Сәдуақасов тобына жатқызып, 1927 жылы қараша айында болған VI партия конференциясында: "Мен Сәдуақасов деп айтқанда, онда жинақталған "Сәдуақасовшылдық" туралы айтамын, ол саңлақтарға Сұлтанбеков, Қаратiлеуов, Мұстамбаев және тағы басқалар кiредi, бұлар "социализм құрылысшылары" деген кекесiнмен, бұл қайраткерлердi топшылдық ауытқушылықпен айыптады. (ҚР ПМ. 141-қор, т-1, iс-38. п 220)

Голощекин басқарған өлкелiк партия комитетiнiң ұлттық саясатты дұрыс жүргiзбеуi, жергiлiктендiрудiң дұрыс жүргiзiлмеуi, Ресейден қоныс аударудың тоқтатылмауы, қазақ халқын жерге орналастырудың жүргiзiлмеуi және тағы да басқа халқымыздың ұлт ретiнде дамуындағы аса маңызды әлеуметтiк-экономикалық және саяси шаралар ұлтжанды қайраткерлердiң Голощекинмен ашық айтысқа түсуге итермелейдi. Ұлт мүддесiн қорғаған бұл қайраткерлердi "буржуазиялық ұлтшылдар мүддесiн қорғаушылар" деп айыптаған Голощекин оларды бiрiнен соң бiрiн қызметтерiнен алып, қуғынға ұшыратты. 1927 жылы 3 қазанда Қазақ өлкелiк партия комитетiнiң мәжiлiсiнде Жағыпар Сұлтанбекұлы егiн шаруашылығы халық комиссары қызметiнен алынып, ауыл шаруашылығы кооперациясы басқармасының төрағасы қызметiне жiберiлдi.

Жиырмасыншы жылдардың екiншi жартысында Қазақстанда Голощекин әртүрлi жалған саяси айыптаулармен өз қарсыластарын қуғындаған кезде оның орталықтағы тiрегi Сталин де одақ көлемiнде Троцкий, Бухарин, Зиновьев сынды өз қарсыластарына қарсы кең көлемдегi шабуылын бастаған болатын. Оның жалыны Қазақстанды айналып өтпедi. Сталиннiң қазақ жерiндегi сенiмдi "өкiлi" Голощекиннiң әкiмшiл-әмiршiл саясатына қарсылық қазақ қайраткерлерiн идеялық тұрғыдан оппозиция өкiлдерiмен бiршама жақындастырды. Қазақ қайраткерлерiнiң басқан iзiн аңдумен жүрген Голощекин оны мүлт жiбермедi. Оларды оппозициямен астыртын байланыс жүргiздi деп айыптауға, одан әрi қуғындауға таптырмас желеу болған болатын. Мәселен Жағыпар Сұлтанбекұлының идеялас серiгi, әрi жақын досы болған қайраткер Ыдырыс Мұстамбайұлы оппозициямен байланыста болды деген күдiкпен тергеуге алынып, бақылау комиссиясының төрағасы Титовтың қойған сұрақтарына былай деп жауап бередi:

"Титов: Сiздiң 15 съезге дейiнгi және одан кейiнгi кездегi оппозицияға көзқарасыңыз.

Мұстамбаев: Партияның 15-шi съезiнен кейiн оппозиция тiптен болған емес, ал съезге дейiнгi кезде оның жұмысына, айталық ұйымдық түрде, құпия түрде және т.б. қатысқан емеспiн, әдебиеттердi тарату тұрғысында, үгiт-насихат тұрғысында көптеген ережелерiне түсiнiстiкпен қарадым.

Титов: Сiздiң жұмысыңыз емес, сiздiң көзқарасыңыз?

Мұстамбаев: Түсiнiстiкпен қарадым.

Титов: Қандай оппозициялық әдебиеттi, қай мерзiмде оқыдыңыз және сiзге кiм бердi?

Мұстамбаев: Әдебиеттiң таратылу кезiнде мен мұнда болған жоқпын, мен қыркүйекте келдiм, жаз бойы бөлуге қатысты iс-сапарда болдым. Ұлттық бағдарламаға қатысты әдебиеттi Сұлтанбековтан алдым, басқа ешқандай әдебиеттi көрген емеспiн, өзге материалдармен ОК БК(б)П-ның стенографиялық есебiнен осында таныстым.

Титов: Қызылордалық оппозицияшылдармен кiмдермен байланыста болдыңыз?

Мұстанбаев: Ешкiммен байланыста болған жоқпын, тек жалғыз Тойвоны бiлетiнмiн.

Титов: Сұлтанбековтi оппозицияшыл деп санамайсыз ба?

Мұстанбаев: Мен Сұлтанбековпен тiкелей байланыстамын, бiрақ оны оппозицияшыл деп санамаймын." (ҚР ПМ. 811-қор, т-20, iс-568. п 1). Отыз беттен тұратын тергеу сұрақтарының өн бойынан қазақ қайраткерлерiн қайтсе де орталықтағы оппозиция өкiлдерiмен байланыстыруға тырысқан Титовтың қитұрқы әрекетiн байқау қиын емес. Бiрақ халқымыздың ұлтжанды қайраткерлерiнiң орталықтағы оппозиция мүшелерiмен тiкелей байланысы да, қарым-қатынасы немесе астыртын ұйымы да болған жоқ. Тек орталықтағы болып жатқан Лениннiң серiктерiне, партия, кеңес басшыларына қарсы жүргiзiп жатқан "солшыл", "оңшыл" және тағы басқа айыптауларға наразылық болды. Тырнақ астынан кiр iздеп отырған Голощекин үшiн бұның өзi де жеткiлiктi едi.

1928 жылы мамырдың 22-i күнгi "Советская степь" газетiнде өлкелiк бақылау комиссиясының бiр топ (қазақ) коммунистерiнiң партияға қарсы ауытқушылығы жөнiндегi баяндамасы бойынша БК(б)П өлкелiк комитетi қазақ бюросының қарары жарияланды. Онда: 15-съезден кейiн, 1927 жылдың жазында партиялық ұлтшылдық ауытқушылық, жер мәселесi, социалистiк құрылыс, партиялық басшылық үшiн партия ұйымы атынан (3-пленум) айыпталған Сәдуақасов тобы (Сәдуақасов, Сұлтанбеков және Мұстамбаев) Троцкишiл оппозициямен одақтасқандығы айтылып, бұл одақтың мақсаты партияға, оның басшылығына қарсы соққы беру делiнумен бiрге, Сәдуақасов тобының идеологиялық мәнi – байшылдықтың партияға әсер етуi және оның идеологиясы – партияның таптық саясатына қарсылық бiлдiрушi Алашорда идеологиясы делiнiп, Қазақстандық партия ұйымы алдында Сәдуақасов тобымен күрес жүргiзу кезек күттiрмес мiндет екендiгi айтылды.

"Советская степь" газетiнде жарияланған бақылау комиссиясының баяндамасы бойынша өлкелiк комитет қарары Голощекиннiң VI партия конференциясында сөйлеген сөзiмен үндес шығуын бұл кезеңде Қазақстандағы бүкiл билiктi Голощекиннiң өз қолына шоғырландыруымен түсiндiруге болады.

Мiне, осындай айыптаулардан кейiн Жағыпар Сұлтанбекұлына өлкелiк бақылау комиссиясы тарапынан қатаң сөгiс берiледi. Бұндай айыптаулармен келiспеген Жағыпар Сұлтанбекұлы БК(б)П ОК шағым жазып, өзiнiң iсiн қайта қарауды сұрайды. 1928 жылы 3 маусым күнi болған БК(б)П ОК-нiң жанындағы шағым комиссиясы Жағыпар Сұлтанбекұлының жеке түсiндiрмесiн, өлкелiк партия комитетi ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi Исаевтың және Голощекиннiң сөзiн тыңдап, мынадай қаулы қабылдайды: " а) Сәдуақасов тобының идеологиялық мәнi партияға буржуазиялық-ұлтшылдық әсер ету, партияға байшылдықтың және оның идеологтары Алашордалықтардың әсер етуi және Сәдуақасов, Мұстамбаев, Сұлтанбеков тобының барлық жиынтық көзқарасы Қазақстандық партия ұйымының ұлттық және жер саясаты, партиялық басшылық, ұлттық республикадағы социалистiк құрылысты бұзуға бағытталған деген Қазақстан өлке комитетiнiң саяси бағасымен келiсу.

б) Бiрақ та жолдас Сұлтанбековтi фракциялық жұмыста болды деп айыптауға жеткiлiктi мәлiметтiң болмауынан қазақ өлкелiк бақылау комиссиясының 1928 жылғы 29 сәуiрдегi Сұлтанбековке қатысты қабылданған қатаң сөгiстiң күшi жойылсын." (ҚР ПМ. 141-қор, т-16, iс-2803. п 27.)

Бұдан кейiнгi жылдары да өзiне қарсы шыққан қазақ қайраткерлерiн қуғындауды тоқтатпаған Голощекин орталықтағы Сталиннiң оппозицияшылармен күресiн "тиiмдi" пайдаланып, "оппозиция" мен "ұлтшылдықты" байланыстыра қарастыруға, бұлардың одақ көлемiндегi ұйымдасқан әрекетiн әшкерелеуге тырысып бақты. Жағыпар Сұлтанбекұлын қуғындау тоқтатылмады. Жағыпар Сұлтанбекұлы 1929 жылы қыркүйек айында БК(б)П жанындағы тексеру комиссиясына берген түсiнiктемесiнде, өлкелiк партия комитетiнiң басшылығына неге қарсы шыққандығын баяндай отырып, Троцкишiлдiк оппозициямен арадағы байланысы жөнiнде: "Троцкишiлдiк оппозициямен байланысты деген мәселеге айтарым мынау: Мен Ақтөбедегi жұмыстағы (1926 жылы) кезiнде жұмыс бабы бойынша жолдас Тойвомен араластым. (Ленинградтық оппозиция) Менен кейiн ол да Қызылордаға жұмыс iстеуге келдi. Бiздiң арамызда өзара пiкiрлесу болып тұрды және өлкелiк партия комитетiнiң, жекелеген федералдық органдардың (РСФСР егiн шаруашылығы халкомы, федералдық жер комитетi, қоныс аудару комитетi) қызметтерiн сынауда көзқарасымыз бiр жерден шығып отырды. Мен ол кезде, 1927 жылы тамыз айында БК(б)П ОК-тiң құрамынан Зиновьев пен Троцкийдiң шығарылуына наразы едiм, олардың бұған дейiнгi үлкен еңбегiн бағалаған болатынмын. Мен осы кезде жолдас Тойводан алып, кейбiр оппозияциялық материалдарды оқыдым. Бұл жөнiнде Сәдуақасов және Мұстамбаев қана бiлдi, олармен өз ойларым жөнiнде бөлiстiм және олар мен арқылы жолдас Тойвомен, Розинермен танысты. Бұдан әрiге бiздiң оппозициямен байланысымыз барған жоқ. Ешқандай да оппозицилық құжатқа бiз қол қойған жоқпыз", – деп оппозициямен арадағы байланысының қаншалықты деңгейде болғанын ашық айтты. (ҚР ПМ. 141– қор, т-1, iс– 2409.п 83).

Жағыпар Сұлтанбекұлы БК(б)П Қазақ өлкелiк комитетiнiң 1929 жылы 18 желтоқсан күнi болған алқа мәжiлiсiнде өлкелiк мал өнiмдерi одағының төрағасы болып бекiтiледi. Бұл кезеңде Қазақстандағы жағдай аса ауыр болатын. Орталықтың астық, ет өнiмдерi жөнiндегi тапсырмасын орындауға жанталасқан Голощекиннiң алдында жоспарды орындаудан асқан биiк мақсат жоқ едi. Халықтың аштықтан баудай қырылып жатқанын көзiне де iлмеген ол, өзiнiң саяси сауатсыз "белсендiлiгiнен" туындап отырған орасан зор апатты жағдайды, "тап жауларының" қаскөйлiгi, өлкелiк комитет басшылығына қарсылық қылып көрсетiп, орталыққа жедел хаттар жолдап жатқан едi. Және орталықтан берiлген жоспарларды орындаудағы кемшiлiктердi "анықтауда" кешегi өзiнiң қарсыластарын ұмыт қалдырмады. 1930 жылы 24 тамызда Голощекинге тiкелей бағынып, соның тапсырмасымен жұмыс iстеп отырған жұмысшы-шаруа инспекциясы Халық комиссариатының мәжiлiсiнде "республикадағы мал өнiмдерiн зерттеудiң" нәтижесi қаралып: оппортунистiк әрекеттердiң және оңшыл ауытқушылықтың салдарынан партия нұсқаулары бұрмаланып, республикадағы сүт, май өнiмдерi шаруашылықтарында алға қойылған жоспарлардың орындалмағаны анықталып, мал өнiмдерi одағының төрағасы Сұлтанбеков орнынан алынып, iске қатысты материалдар партия алқасына жiберiлсiн деген қаулы қабылданады. Бұл қаулыдан кейiн, Жағыпар Сұлтанбекұлы қызметiнен алынған едi.

Сталиндiк әкiмшiлiк-әмiршiл жүйенiң небiр қатпарлы қиыншылықтарын бұдан кейiнгi жылдары да басынан кешiрген Жағыпар Сұлтанбекұлы 1930-1931 жылдары Қарқаралы, 1931-1932 жылдары Кеген аудандық атқару комитеттерiнiң төрағасы, 1932-1935 жылдары "Қарағандыкөмiр" тресi директорының орынбасары, 1935-1936 жылдары iшкi сауда халық комиссариаты жоспарлау-қаржы бөлiмiнiң бастығы болып жұмыс iстедi. Ал бүкiл кеңес елiн қамтыған жаппай қуғын-сүргiн зұлмат жылдарында Жағыпар Сұлтанбекұлы оған iлiккен қазақтың ұлтжанды қайраткерлерiнiң алдыңғы легiнде болған болатын. Ол жалған саяси айыппен 1936 жылдың қарашасында-ақ тұтқындалған.

1937 жылы 9 маусым күнi БК(б)П Қазақ өлкелiк комитетi мен тексеру комиссиясының есептi баяндамасын талқылау кезiндегi сөйлеген сөзiнде республика iшкi iстер халық комиссары Д.Залин Қазақстанда әртүрлi революцияға қарсы троцкишiлдердiң, оңшылдардың, ұлтшылдардың және тағы да басқа тыңшы бандылардың кейпiндегi жапон-герман агентурасы iсiнiң ашылғандығын баяндай келе, Ащысай мен Риддерде құрылыс бастығы болып iстеген "халық жауы" Кельменсон тiкелей Пятковтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда кең көлемдегi бүлдiрушi – зиянкес тыңшылық ұйымды құрды. Ол өзiнiң ұйымына Троцкишiлдердi, қазақ ұлтшылдарын, жапон тыңшыларын бiрiктiрдi деп атап көрсеттi. Бұл ұйымдардың басты мақсаты – Қазақстандағы өнеркәсiп орындарына, заводтарға зиянкестiк әрекеттер жасау деп сөзiн жалғастырған Д.Залиннiң Жағыпар Сұлтанбекұлына қатысты айыптауы адам сенгiсiз болатын. Кельмонсон ұйымы мен Жағыпар Сұлтанбекұлы басқарған ұйымды байланыстырған ол: "Эти силы организовали повстанческую организацию эсеров и в прямой блок вступили с националистической организацией, руководителем которой являлся Султанбеков. Одни и те же люди, как Мамыров и другие, состояли и в организации Кельмансон, и в организации Султанбекова … Султанбеков, который сидел в Каркаралинске, и почти в то время, когда он гостил у некоторых товарищей в Каркаралинске, где его приняли в доме отдыха окрисполкома, между тем, буквально в то же время, люди его сознались сейчас и передают время, час когда подготовлялся террористический акт против тов. Исаева", – деп айыптады. (ҚР ПМ. 708– қор, т-1, iс-2, пп 99-101.). Iзiнше, 1937 жылы 30 шiлдеде Қазақстан өлкелiк партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Л.Мирзоян "Ұлтшыл-фашист ұйымдардың" мүшелерiн тұтқындау және әшкерелеу туралы И.Сталинге жолданған хабарламасында оңшылдармен және Троцкишiлдермен байланыстағы ұлтшыл-фашист ұйымдардың әшкереленгендiгiн және оның iшiндегi белсендiлерiнiң тұтқындалғанын баяндай отырып, қазақтың он төрт қайраткерiнiң тiзiмiн, iстеген қызметтерiн келтiредi. Алашорда құрамында болғандарды арнайы көрсетудi де ұмытпады. Бұл тiзiмнiң iшiнде бесiншi болып, бұрынғы "Қарағандыкөмiр" тресi бастығының орынбасары деген лауазымымен Сұлтанбеков тұрған болатын.

1938 жылы ақпан айының 25-i күнi РКСФР қылмыстық кодексiнiң 58-бабының 2, 7, 8, 10, 11 баптары бойынша ең ауыр ату жазасына "халық жауы" деген жалған саяси айыппен қазақтың 39 қайраткер тұлғасы кесiлдi. Бұл тiзiмнiң қатарында: С.Асфендияров, С.Есқараев, Т.Жүргенов, С.Меңдешев, С.Сейфуллин, Ж.Сұлтанбеков және тағы да басқа iрi саяси қайраткер, ұлтжанды марғасқа тұлғалар бар едi.

Жағыпар Сұлтанбекұлына қатысты КСРО жоғары соты әскери алқасының 1938 жылы 25 ақпанда шығарылған үкiмi 1957 жылдың 31 қазанында КСРО жоғарғы сотында қайта қаралып, құрамында қылмыстың болмауына байланысты қысқартылды.

Осылайша қазақтың асыл азаматтарының бiрi – Жағыпар Сұлтанбекұлы ұлт мүддесi жолындағы күресте халқына адал қызмет етiп, әкiмшiл – әмiршiл жүйенiң құрбаны болған едi.

Досалы САЛҚЫНБЕК, тарих ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары