Бекболат МҰҚЫШЕВ: АРДАГЕРЛЕР – ЕЛIМIЗДIҢ АЛТЫН ҚОРЫ

Бекболат МҰҚЫШЕВ: АРДАГЕРЛЕР – ЕЛIМIЗДIҢ АЛТЫН ҚОРЫ

Бекболат МҰҚЫШЕВ: АРДАГЕРЛЕР – ЕЛIМIЗДIҢ АЛТЫН ҚОРЫ
ашық дереккөзі
371

Қазақта "қазыналы қартың аман болсын" деген аталы сөз бар. Қазақтың көл-дария, дана қарттары – ұлттың ұйыстырушысы ғана емес, келешек ұрпақтың тәрбиелеушiсi. Қарияларымыздың қалқайып ортамызда жүруiнiң өзi ұрпаққа үлгi-өнеге емес пе?! Ұлттық рухты, патриоттықты баласының бойына сiңiруде де ата-әже институтының алар орны ерекше. Осы орайда, бiз республикалық Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесi төрағасының орынбасары, данагөй ақсақалымыз Бекболат Мұқышевпен әңгiмелескен едiк.

– Ардагерлер ұйымы – елiмiздегi беделдi ұйымдардың бiрi. Атқаратын жұмысы да ауқымды. Оқырмандарымызды беделдi ұйымның тарихы қызықтырары да орынды. – Қазақстан Республикасының Ардагерлер ұйымы 1 миллион 600 мыңнан астам зейнеткерлердi бiрiктiруде және елiмiздегi ең үлкен қоғамдық ұйым болып саналады. Келесi, 2012 жылы өзiнiң ширек ғасырлық мерейтойын атап өткелi отыр. 1987 жылғы 21 наурызда, халықтық Наурыз мерекесiнiң қарсаңында Алматы қаласында Абай атындағы академиялық опера және балет театрында алғашқы құрылтай конференциясы өтiп, онда республикалық ардагерлер ұйымы құрылды. Осы күн оның дүниеге келген күнi болып саналады. Республикалық Ардагерлер ұйымының алғашқы төрағасы болып белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерi, Ұлы Отан соғысының ардагерi, көп жылдар республика Министрлер Кеңесi төрағасының орынбасары қызметiн атқарған Шәңгерей Жәнiбеков сайланды. Шәңгерей Жәнiбекұлы Қазақстанның ардагерлер ұйымының қалыптасуына, оның қызметiн жандандырып, беделiн көтеруге елеулi үлес қосты. Ардагерлер ұйымының басшылығына 1990 жылдың қарашасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi Төралқасының бұрынғы төрағасы Мақтай Рамазанұлы Сағдиев келдi. Ол бұл қызметiнде он тоғыз жылға жуық абыройлы еңбек жасады. Тәжiрибелi ұйымдастырушы hәм парасатты басшы, көпшiл де шығармашыл осынау адам ұйымдағы iс жайына тез арада қанығып, сол бiр қиын кезеңде өз маңайына жұмысқа қабiлеттi белсендiлердi топтастырып, iзашарларының табыстарын бекiтiп қана қоймай оларды еселеп көбейте де бiлдi. 2009 жылдың қыркүйегiнен "Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы қызметiн белгiлi мемлекет қайраткерi генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов атқарып келедi. 2011 жылдың 20 сәуiрiнде республика ардагерлерiнiң кезектi VI Cъезiнде ол қайтадан осы лауазымға сайланды. Әйткенмен, зейнеткерлердiң құқықтары мен мүдделерiн қорғауды, оларды белсендi қоғамдық-саяси қызметке, жастарға патриоттық тәрбие беру жөнiндегi жұмысқа тартуды өздерiнiң басты мақсаты етiп жариялаған Республикалық еңбек және соғыс ардагерлерi ұйымын құрған кезге қайтып оралайық. Өткiзiлген құрылтай конференциясы бұрын әрекет еткен бытыраңқы ардагерлер ұйымдарды бiрiктiруге, көпшiлiк қарт адамдардың бiрлiкке, өздерiнiң әлеуметтiк-экономикалық мүдделерiн бiрлесiп қорғауға деген ұмтылыстарын қисынды түйiндеуге мүмкiндiк бердi. Төменнен жоғарыға дейiн ұйымдық тұрғыдан жымдасып өрiлген және бiр орталықтан басқарылатын бiртұтас ардагерлiк ұйым қалыптастыру қажеттiгiн өмiрдiң өзi талап еттi. Республикалық бiрiншi құрылтай конференциясына облыстық ардагерлер ұйымдарынан 450 делегат сайланып, қатысты. Бұлар ең ынталы, беделдi, еңбек сiңiрген қарттар, абыз ақсақалдар, ардагерлiк қозғалыстың қаймағы. Олардың арасында 14 Совет Одағының Батыры, 11 "Даңқ" орденiнiң үш дәрежесiнiң иегерi, 66 Социалистiк Еңбек Ерi, "Еңбек Даңқы" орденiнiң бiр толық иегерi, 2 "Ардақты ана", Қазақстанда тұратын 19 ұлт өкiлдерi болды. – Аса қиын кезеңде құрылған ардагерлер ұйымының иығына ауыр жүк түскенi айтпаса да түсiнiктi. Жаңа iстi бастау да оңай емес… – Тоқсаныншы жылдардың басы бүкiл халқымыз үшiн де, республикалық ардагерлер ұйымы үшiн де өте қиын жылдар болды. Бұл жылдарда – Совет Одағы күйреген, экономика айтарлықтай құлдыраған, көптеген кәсiпорындар мен шаруашылықтар таратылған, басқа да терiс құбылыстар орын алған жылдар болғанын атап айту жөн болар. Бұл өз кезегiнде зейнетақылық төлемдердiң уақытылы берiлуi мен олардың мөлшерiне әсерiн тигiздi. Таратылған өндiрiстердiң жүздеген бастауыш ұйымдары иесiз, осы кәсiпорындарда көп жыл еңбек еткен мыңдаған зейнеткерлер қамқоршысыз қалды. Ең алдымен, ардагерлер ортасында зейнетақының уақытылы төленбеуiнен туындаған терiс үрдiстердi тежеумен, осыған байланысты митингiлер мен жиналыстарды, басқа да заңсыз әрекеттердi болдырмау мәселесiмен айналысуға тура келдi. Бұл шақтарда жер-жерде үлкен түсiндiру жұмыстары жүргiзiлдi. Әңгiме қиыншылықтарға сабырмен төзу ғана емес, сонымен бiрге жаңа билiкке экономиканы реформалау iсiнде көмектесiп, басқа да барлық бастамаларында аға буын бiлiмiмен, бай тәжiрибесiмен қолдауы керек едi. Республика ардагерлер ұйымының бұл мiндеттi абыроймен атқарып шыққанын айтуымыз керек. Қиын жылдар онша-мұнша сiлкiнiс, дүрбелеңсiз бастан өткерiлдi. Сонымен қатар ардагерлер ұйымдары бiрiктiрiлдi, жаңадан бастауыш ұйымдар құрылды, қоғам өмiрiндегi ардагерлiк ұйымдардың рөлi, мән-маңызы мен беделi арта түстi. Қалпына келтiрiлген және қайтадан ашылған кәсiпорындарда, оқу орындары мен мекемелерде бiртiндеп ардагерлер ұйымдары құрылды. Павлодар облыстық ардагерлер кеңесi көп жаңалыққа мұрындық болып, бастама көтердi. Ардагерлердiң тұрғылықты жерi бойынша бастауыш ұйымдар құрып, "иесiз" зейнеткерлердi соларға бекiту жөнiндегi жұмыс тәжiрибесiн 2001 жылдың сәуiрiнде Орталық Кеңестiң төралқасы мақұлдады. Сол кездiң өзiнде Павлодар қаласында ардагерлердiң ұйымдары 16 мөлтек ауданда, Екiбастұз қаласында 6 муниципалдық округте құрылған болатын. Осы орайда Алматы қаласының ардагерлер кеңесi үлкен жұмыстар жүргiзiп, онда пәтер иелерi кооперативтерiнiң жанынан 300-ден астам бастауыш ұйымдар құрылғанын айта кету керек. Қазiр "Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы" қоғамдық бiрлестiгiнiң Орталық Кеңесi ардагерлердiң 8 мыңға жуық бастауыш ұйымдарын, 206 қалалық және аудандық кеңестерiн және 14 облыстық, Алматы және Астана қалалық кеңестерiн бiрiктiредi. Соған қарамастан, зейнеткерлердi бастауыш ұйымдармен қамту жөнiндегi жұмыс жалғасуда. Бiз құрметтi демалысқа шыққан барлық зейнеткерлер бiздiң есебiмiзде тұруы және ықпалымызбен қамтылуы тиiс деп есептеймiз. – Ұлы Отан соғысы ардагерлерiнiң қатары жылдан жылға азаюда. Әрине, ол табиғаттың бұлжымас заңы. Оларға қолдан келгенше қамқорлық жасау парызымыз ғой. Дегенмен зейнеткерлiкке кейiн шыққандарды ұмытып кетiп жүрген жоқпыз ба? – Өмiрдiң өзi көрсеткенiндей, ардагерлер ұйымдарының жұмысының нәтижелiлiгi көбiне-көп билiктiң жергiлiктi органдарымен, басқа қоғамдық бiрлестiктермен өзара қарым-қатынасқа байланысты. Бiз "Нұр Отан" халықтық демократиялық партиясымен қоян-қолтық жұмыс iстеймiз. Билiк партиясы өкiлдерiнiң бiздiң ұйымға көрсететiн көмегi ұшан-теңiз. "Нұр Отан" ХДП-ның төрағасының бiрiншi орынбасары Нұрлан Нығматуллиннiң ардаргерлерге ерекше қамқорлық танытатынын айта кетуiм керек. Қазiргi уақытта атқарушы билiктiң көптеген жергiлiктi органдары, әкiмдiктер, кәсiпкерлiк құрылымдар ардагерлерге елеулi материалдық көмек пен қолдау көрсетiп, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу жөнiнде жеңiлдiктер беруде. Ардагерлер ұйымдары ардагерлерге, бiрiншi кезекте Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушыларына, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерiне медициналық қызмет көрсету, оларды санаториялық-курорттық емдеу мен дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерiне ерекше көңiл бөледi. Бiздiң өтiнiш-тiлектерiмiз бойынша облыстық, қалалық және аудандық ауруханаларда оларға арналған керует орындар көбейтiлiп, арнайы блоктар немесе палаталар жабдықталды, жоғары бiлiктi дәрiгерлер, мейiрбикелер iрiктелдi. Бiрқатар аймақтарда ардагерлерге арналған емханалар салынып, осы замандық жаңа медициналық құрал-жабдықтар орнатылды, медициналық-санаториялық орталықтар, профилактикторийлер ашылды. Мысалы соңғы уақытта ғана Алматыда Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналған күндiзгi емдеу бөлiмi бар емхана, Қарағандыда соғыс және еңбек ардагерлерiне медициналық көмек орталығы ашылды, Көкшетау қаласында ардагерлер үшiн облыстық емхана күрделi жөндеуден өткiзiлдi. Астана қаласында Ұлы Отан соғысы мүгедектерiне арналған республикалық клиникалық госпиталь және "Мүгедектер мен қарттар үшiн дәрiгерлiк-әлеуметтiк мекемесi" мемлекеттiк мекеме өз қызметтерiн атқаруда. 2006 жылдың 1 шiлдесiнен берi Оңтүстiк Қазақстан облысының Сайрам ауданында "Мейiр" мемлекеттiк мекемесi ардагерлер үйi жұмыс iстейдi. Онда орман саясында, табиғаты көркем өзен жағалауында 20 күн бойы 90 соғыс және еңбек ардагерлерi тынығып, емделедi. 1997 жылы осындай "Ардагерлер үйi" мекемесi Шымкент қаласында ашылған болатын. Онда бiр мезгiлде 200 қарт адам сауықтырылады. Осы орайда Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Асқар Мырзахметов мырза ардагерлермен тығыз қарым-қатынас жасап, олардың мұң-мұқтажын ешқашан назарынан тыс қалдырмайтынына риза боламыз. Мұндай емдеу мекемелерi сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында және басқа өңiрлерде де ашылды. Ардагерлерге қамқорлықтың ерекше үлгiсiн Астана қаласының әкiмдiгi жасап отыр деуге болады. Елордамызда бүкiл зейнеткерлер жыл бойы қоғамдық көлiкпен тегiн жүредi, оның iшiнде саяжайларына ақысыз-пұлсыз бара алады, соғыс ардагерлерiне коммуналдық қызмет үшiн, емделу, тiс салдыру және дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша төлемдерге жеңiлдiкке ие. Ақтөбе облысында жергiлiктi билiк тыл ардагерлерiне коммуналдық төлем бойынша 50 пайыздық жеңiлдiк жасауға шешiм қабылдаған, ал Қызылорда облысында облыстық ардагерлер кеңесi тiптi 100 пайыздық жеңiлдiкке қол жеткiзiп отыр. Осы ретте Қызылорда облысының әкiмi Болатбек Қуандықов мырзаның және облыстық әкiмшiлiктiң ардагерлерге ерекше қамқорлық танытуы өзгелерге де үлгi болса деймiз. Қартын сыйлаған елдiң болашағы да жарқын. Оңтүстiк Қазақстан облысында ардагерлердi емдеу-сауықтыру мәселелерi дұрыс жолға қойылған. Онда ардагерлерге арнайы профилакторийлер ашылған, онымен қоса "Сарыағаш" санаторийiнiң мүмкiндiктерi де кеңiнен пайдаланылады. Шымкент қаласында әлеуметтiк такси жұмысы ұйымдастырылған. Қостанай облысында жас кәсiпкер Марат Қабдысалықов басқарған соғыс ардагерлерiне арналған қоғамдық қор ойдағыдай жұмыс атқаруда. Ардагерлерге деген шынайы қамқорлық мысалдары елiмiзде көптеп саналады. Соғыс және еңбек ардагерлерiнiң, басқа да зейнеткерлердiң қамын ойлаумен қатар Орталық кеңес пен оның аймақтардағы бөлiмшелерi жас ұрпаққа әкелерi мен аталарының жауынгерлiк ерлiктерi һәм еңбек жетiстiктерiнiң үлгiсiне орай патриоттық, интернационалдық және адамгершiлiк тәрбие беру iсiне қатысуды өздерiне борыш санайды. Iс жүзiнде барлық жерлердегi ардагерлер кеңестерiнде жастар арасындағы жұмыс жөнiндегi тұрақты комиссиялар құрылды. Олар елiмiздiң жастар ұйымдарымен бiрлесе отырып, мектептерде және басқа оқу орындарында, еңбек ұжымдарында, әскери бөлiмдерде және тұрғылықты жерлерi бойынша ардагерлердiң кездесулерi мен әңгiмелерiн өткiзедi. "Жауынгерлiк және еңбек даңқы" мұражайлары ұйымдастырылып, ғылыми практикалық коференциялар, дөңгелек үстелдер мен басқа да шаралар өткiзiлуде. Орталық кеңестiң жанында құрылған жастармен жұмыс бойынша тұрақты комиссия "Нұр Отан" партиясының жастар қанатымен бiрге "Ата-баба жәдiгерлерi, Қазақстанның ерлiкке толы өткенi және ұлы болашағы" атты тақырып бойынша қызықты ғылыми-тәжiрибелiк конференция өткiздi. Жастармен жұмыстың жан-жақты және белсендi үлгiсiн Алматы қаласының ардагерлер ұйымы көрсетуде, ол жұмыстар тәжiрибесiн Орталық кеңес мақұлдаған болатын. Шығыс Қазақстан облысы ардагерлер кеңесi Қазақстан халқы Кiшi Ассамблеясымен бiрге жақында тұрақты жұмыс iстейтiн "Азаматтықты, Отанға деген сүйiспеншiлiк пен махаббатты тәрбиелеу" атты дәрiстер циклiн жүргiзе бастады. Жастармен тәрбие жұмысының үлгiлi мысалы ретiнде Л. Н. Гумилев атындағы Еуразиялық университеттегi iстердi айтуға болар едi. Мұнда көп жылдан берi Орталық кеңестiң мүшесi Майдан Құсайыновтың басшылығымен iздеу отряды нәтижелi еңбек етуде. Отряд соғыста қаза тапқан 200 қазақстандық қызыләскерлердiң мәйттерiн тауып қайта жерлеудi ұйымдастырған. – Бiлуiмiзше, Ардагерлер ұйымы ТМД аумағында халықаралық достық қарым-қатынасқа ерекше ықылас танытады екен. Өзге елдерде де ардагерлерге қамқорлық көрсетiле ме? – Әрине. Әр ел өздерiнiң шама-шарқынша қамқорлық танытады. Дегенмен Қазақстан қарттарға қамқорлық танытудан көшбасшы десек қателеспеймiз. Ардагерлер ұйымдары Отан қорғаушыларды мәңгi есте қалдыру жөнiнде қыруар жұмыстар жүргiзуде. Барлық облыстық ардагерлер кеңестерi жанында арнайы тұрақты, жоспарлы түрде комиссиялар жұмыс жасайды. Олардың құрамына тәжiрибелi ардагерлер, Ұлы Отан соғысына қатысушылар бар. Барлық облыстарда, Алматы, Астана қалаларында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың есiм-тектерi тiзбеленiп, Зерде кiтаптары шығарылды. Соғысқа қатысушылар мен соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерiнiң естелiктерi жарияланған бiрқатар кiтаптар жарық көрдi. Соңғы жылдары Орталық кеңестiң көмегiмен "Қазақ жерiнiң құрметтi адамдары" атты кiтап шығарылуда. Онда республиканың атақты адамдары туралы өмiрбаяндық деректер мен басқа материалдар жариялануда. Қазiр бұл кiтаптың 10-нан астам томы баспадан шықты. Республикалық ардагерлер ұйымы шет мемлекеттердiң ұйымдарымен байланысты үнемi қолдап, дамытып, әрi нығайтып келедi. Бiз "Тәуелсiз мемлекеттер ардагерлерi (зейнеткерлерi) қоғамдық ұйымдар ынтымақтастығы" Халықаралық Үйлестiру кеңесiмен белсендi қарым-қатынастамыз. Ресейдiң, Беларусьтiң, Украинаның және басқа ТМД елдерiнiң ардагерлер ұйымдарымен өзара өте тығыз әрi достық қатынастар орнаған. Қазақстанның көптеген шекаралық облыстары Ресей Федерациясының Челябi, Свердловск, Омск, Новосибирск, Орынбор және басқа облыстық ардагерлер кеңестерiмен ынтымақтасып, жұмыс тәжiрибесiмен алмасуда. Мемлекетiмiз қарттарға қамқорлықты тұрақты түрде жасап отыр. Биылғы жылдың басынан зейнетақы 30 пайызға артқаны белгiлi. ҚР Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң статистикалық деректерiне сүйенсек, бiздiң елдiң зейнеткерлерi ТМД елдерiнiң арасында зейнетақы бойынша алдыңғы орында. Ең алдымен, алатын зейнетақы мөлшерiне зейнеткерлердiң бәрi бiрдей қанағаттанып отырған жоқ. Әсiресе соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерi, ардагерлердiң кейбiр басқа да топтары әлеуметтiк тұрғыдан аз қорғалуда. Дегенмен өмiрдiң небiр қиындығы мен тауқыметiн бастарынан өткерген, бай өмiрлiк, өндiрiстiк, қоғамдық жұмыс тәжiрибесi мол ардагерлер қоғамдағы болып жатқан небiр оқиғаларды өз жүрегiнен өткiзiп, ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасы үшiн барын салуға даяр. 2011 жылғы 20 сәуiрде өткен "Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы" қоғамдық бiрлестiгiнiң VI съезi ардагерлер ұйымы басшылығы, барлық деңгейдегi ардагерлер кеңестерiнiң алдына қарттардың, ең алдымен соғысқа қатысушылар мен мүгедектердiң, тыл еңбеккерлерiнiң әлеуметтiк құқықтары мен мүдделерiн қорғайтын, оларға материалдық және моральдық көмек беру бойынша жастар арасындағы патриоттық және адамгершiлiк тәрбиесi жұмыстарын, жиналған мол тәжiрибенi кеңiнен пайдаланып арттыруға нақты мiндеттер қойды. Республика ардагерлерiнiң Орталық кеңесi алдында ҚР Үкiметi мен Парламентi арқылы шешуге қойылатын түйткiлдi зейнеткерлер мәселелерi тұр. Атап айтқанда: – зейнетақы тағайындалатын негiз орта зейнетақы көлемiн белгiлеу жайлы заңнамлық актiлердi қайта қарау; – соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерiнiң статусы жайлы нормативтiк актiлердi бiрiзге салу; – 90 жылдары зейнетке шыққандардың, оның iшiнде бiрiшi ретте, ауыл шаруашылығында еңбек еткендердiң, зейнетақыларын индекстеу; – инфляцияны ескерiп зейнетақыны индекстеу, тыл еңбеккерлерiнiң, концлагерлер тұтқындарының, "соғыс балаларының", "Республикаға ерекше еңбегi сiңген" зейнеткерлердiң алатын мемлекеттiк сыйақысы көлемiн арттыру т.б. Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымының V съезi делегаттарына арнаған құттықтауында Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев: "…Сiздердiң бай тәжiрибелерiңiз бен ақыл-парасаттарыңыз, ұлағатты өмiрлiк ұстанымдарыңыз аса бағалы мұра саналады, оны өскелең ұрпаққа аманаттау өте маңызды. Бұл орайда мен сiздерге үлкен сенiм артамын…" – деген болатын. Қорыта айтқанда, республикалық ардагерлер ұйымы алдағы болашақта елiмiздiң қоғамдық өмiрiнде белсендiлiк көрсетiп, өзiнiң ұйымшылдығымен, саяси және азаматтық кемелдiгiмен қоғамда ұлтаралық және конфессияаралық келiсiмде, бейбiтшiлiк пен тұрақтылықты арттыруға әлi де өз үлесiн қосатынына сенiм мол. – Әңгiмеңiзге рахмет!
Сұхбаттасқан Жансебiл БАҚҚОНДЫҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары