КСРО-ның СОҢҒЫ КӨСЕМI

КСРО-ның СОҢҒЫ КӨСЕМI

КСРО-ның СОҢҒЫ КӨСЕМI
ашық дереккөзі
428

Аузы дуалы данышпандардың бiрi "Мемлекеттiң құрылуы – Құдайдың iсi, оның құлауы – адамдардың iсi" деген. Қисынды-ақ сөз. Дәл осылай екендiгiне адамзаттың бүкiл тарихы куә. Алып империя – қызыл КСРО-ның оп-оңай құлауы да дәлел. Жетпiс үш жыл бойы осынау қатал әрi қытымыр империяның бодауында өмiр сүрген бейбақ елдiң бәрi дерлiк туған тiлiнен, табиғи дiлiнен, ақиқи дiнiнен айрылып қала жаздады. Соның ауыр зардабын әлi күнге дейiн шегiп келедi. Әсiресе қазақ халқы…

1985 жылғы наурыздың он бiрiнде ол КСРО делiнетiн алып кеменiң тiзгiнiн уысына ұстады. Ал наурыздың 2-сi Михаил Сергеевич Горбачевтiң туған күнi болатын. Яки оған бұйырған шексiз билiк оның туған күнiне орай Жаратушының жасаған сыйлығындай болатын. Әсiлi, М.С. Горбачев тағдырында әлдебiр құдiреттi күш зор мүмкiндiктер туғызған күрделi тарихи тұлға. Сол жан биыл 80 жаста!

ЖАҢА РЕФОРМАЛАРДЫҢ ЖАҚТАУШЫСЫ

Сонымен ойда-жоқта КПСС Орталық Комитетiнiң Бас хатшысы болып сайланған Михаил Сергеевичтiң өмiрбаяны кез келген партократтың өмiрiмен өзектес едi. Бiр бұйдаға берiк бағындырылған, тәртiбi аса қатал Коммунистiк партияның 19 млн.-нан астам белсендi мүшелерiнiң әрбiрiнiң партиялық анкетасы бiр-бiрiнен айна-қатесiз дерлiк. Михаил Сергеевич 1931 жылы көкөзек шақта Ставрополь өлкесiнiң Привольный селосында шаруалар отбасында дүниеге келген. Бай село бiр кездерi еркiндiк атанғанымен осы жылдары қатыгез коммунистердiң қоластында берекесi кетiп, бұрынғы дәулеттен жұрдай болған едi. Көп ұзамай-ақ астыққа аса бай осынау өлкеде бұрын-соңды болмаған аштық басталып, жұрт қынадай қырылды. 1931-33 жылдардағы ұлы Аштық! Бүкiл КСРО-да ондаған миллион бейбақтар көмусiз қалған қасiреттi жылдар. Осы аштықтың ешқашан ұмытылмас әсерi ме, Михаил Сергеевич алып империяның тiзгiнiн уысына ұстаған жылдары да бала күндерiнде дастарқанның бетiне шашылған нан ұнтақтарын уысына мұқияттап жинап, ауызға қалай салуды үйретудi жақсы көретiн. Ерте есейген пысық балақай өз қатарластары секiлдi 13 жасында-ақ колхозда белi қайысып жұмыс iстеп, өз нанын өзi тауып жеудi үйрендi. 29 жасында ең үздiк жоғары оқу орны – МГУ-дiң Заң факультетiне оқуға түсiп, екi жылдан соң партияға да өтiп алды. Осыдан соң-ақ оның карьерасында үнемi жасыл шам жанып тұрғандай болған. Әуелi факультеттiң комсомол ұйымының хатшысы һәм МГУ парткомының белсендi мүшесiне айналды.

Әрi қарайғы баспалдақтар да ылғи аспанға қарай өрлеумен болған. Тағдырын ауылшаруашылығымен байланыстырған ол осынау саланың бiлгiр маманы ретiнде танылып, көзге тез түстi: ВЛКСМ қалалық комитетi, өлкелiк комитет.

Жiгерi тасыған жас Горбачевтi Леонид Ильич Брежневтiң өзi байқап, батасын берген деседi. Бәлкiм қартайған, бойынан күшi тайғанын өзi де iштей сезетiн генсек сол кездерi болашақ мұрагердi былыққа әбден батқан Мәскеуден тыс жерден iздеп жүрдi ме екен, әйтеуiр көсем оны Мәскеуге шақырады. Iле-шала Орталық Комитеттiң ауылшаруашылығы жөнiндегi хатшысы етiп тағайындайды. КСРО сынды аграрлы елде бұл әлi ысыла қоймаған жас партократтың уысына зор билiктiң тиюi деп саналатын. Ал М.С.Горбачев 1980 жылы Саяси Бюроның мүшелiгiне өткенде ол ең жас көсемдердiң бiрi едi, небары 49 жаста. Ықпалы күн санап өсе түскен Горбачев осы жылдары Юрий Андроповтың төңiрегiнде шоғырлана бастаған реформаторлар тобына енедi. Әлбетте, бұл тегiн емес. Горбачев партияның өзге кәрi көсемдерiндей емес, жылдам қимылдап, шешiмдi тез шығаратындығымен ерекшеленетiн. Әрi ел билiгiнде қалыптасқан адам төзгiсiз жағдайға сын көзiмен қарауға үйрене бастаған. Бiрақ саяси билiкке реформа жасауды жақтайтындардың арасында да ауызбiршiлiк жоқ. Ғұмыры КГБ-мен тығыз байланысты Юрий Андропов елде аса қатаң тәртiптiң орнатылуын, тiптi шексiз диктатураның қайта тiрiлуiн жақтаса, Михаил Сергеевич адамдардың санасына әсер етiп, үгiт-насихат, қуатты сөз арқылы КСРО империясын одан әрi сақтап қалмақшы. Қарапайым адамдардың зәре-иманын ұшыратын қатыгез КГБ-ның басшысы Ю.Андропов – ақынжанды адам, жасырын түрде нәзiк өлеңдер жазса, есесiне М.Горбачев жолдастарының арасында тоқтаусыз сөйлегендi ұнатады. Қалай болғанда да кейiнiрек алып империяның тiзгiнiн ұстаған екеуi де елде шұғыл реформалардың жүргiзiлуi қажет екенiн түсiнген едi. Бұларды көптеген азулы партия қайраткерлерi "ұшқалақ" деп ұнатпағанмен, Орталық Комитеттiң көптеген әккi қызметкерлерi Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң қатал басшысы Юрий Андроповтың қолдауына ие болған Горбачевтiң қас-қабағына қарап үйрендi. Михаил Сергеевич те өзiне жақсы дос тапқанына сенiмдi едi. Көп ұзамай Леонид Ильич қайтыс болып, Юрий Андропов пен Константин Черненконың кандидатуралары Бас хатшылыққа ұсынылғанда Горбачев өзiнiң "қамқоршысын" ашықтан ашық жақтап шықты.

Қызыл империяда өзге елдерде орын алуы мүлдем миға сыймайтын, адам санасынан тыс әдет-ғұрыптар орын алғаны аян. Солардың бiрi – партия басшыларын жерлеу рәсiмдерi.

Кiмде-кiм КПСС-тiң Бас хатшысын жерлеу комиссиясының төрағасы болып тағайындалса, сол ертеңiне-ақ КСРО-ның тiзгiнiн уысына алады. 1982 жылы қараша айында Л.И.Брежневтi жерлеу комиссиясын Юрий Андропов басқарды. Iле-шала Бас хатшы болып сайланған Ю.Андропов елде қатаң тәртiп орнатуды жүзеге асыра бастаған. Құқық қорғау органдарына орасан зор билiк берiлдi. Баяғы Сталиннiң қытымыр заманындай қызыл жағалылар қаһарына мiнiп, жұмыс уақытында көшеде бейсауат жүргендер тұтқындалып, құжаттар жаппай тексерiле бастады. Жұрт өзiн еш жерде қауiпсiз сезiне алмайтын. Әсiресе Юрий Андропов өзiне бақталас саналатын беделдi партия қайраткерi, Ленинград облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Григорий Романов жолдасқа қатты шүйлiккен болатын. Андропов КГБ-ның делбесiн ұстап тұрғанда-ақ Григорий Романов партиялық этиканы бұзды деп айыпталған едi. Яки қызының ұзатылу тойын патшалардай сән-салтанатпен өткiздi, Эрмитажда сақтаулы тұрған қымбат жиһаздарды пайдаланды, тойда мас болғандар патша заманынан жеткен жәдiгерлер мен қымбат хрусталь ыдыстарды қиратты делiнген.

Бiр ғажабы, осы бiр қысқа кезеңде жеке тұрмысында хрустальдi пайдаланғандар партияға қарсы әрекет етушiлер, адамшылықтан тыс өмiр сүрушiлер болып саналатын ерекше ұғым қалыптасты. Тiптi үйiнде хрусталь ыдыс-аяғы бар адамдар КСРО-дағы ең бай адам секiлдi көрiнетiн.

БИЛIК ҚОЛҒА ТИГЕНДЕ…

Қысқа уақыт iшiнде бiрнеше рет қастандық жасалған Ю.Андроповтың сүйегiн жерлейтiн кезде жерлеу комиссиясының төрағасы Константин Устинович Черненко болып тағайындалды. Аяғын сүйретiп әрең басатын, кәрiлiктен қалтылдап әрең жүретiн К.У.Черненко партия қайраткерлерiнiң қаралы тiзбегiн бастап бара жатқанда өз еркiмен қабiрге жатуға беттеген пақырдай көрiнген. Иә, кәрiлiк әбден меңдеген К.Черненко ойда-жоқта билiк басына келгенiмен КПСС Орталық Комитетiнiң идеология жөнiндегi хатшысы Михаил Сергеевичтiң айы оңынан туып, әп-сәтте партиядағы екiншi адам болып алды. Ал ендi қалғаны уақыттың еншiсiнде. Билiкқұмар, өзiнiң алға қойған мақсатына жетуде түрлi айла-амалдарды жетiк меңгерген М.С.Горбачев 1984 жылдың желтоқсанында Орталық Комитеттiң кеңесiнде баяндама жасап, шаруашылық есеп пен өзiн-өзi басқару, еңбекақы төлеудегi теңгермешiлiктi жою, жариялылыққа жол ашу мен плюрализмдi дамыту, социалистiк демократияның өрiсiн кеңейту жөнiнде қадау-қадау әңгiме өрбiттi. "Социализм с человеческим лицом" деген термин партия функционерлерiнiң сөздiк қорына ендi.

Көп ұзамай Константин Устинович қайтыс болғанда жерлеу комиссиясының төрағалығына М.С.Горбачев тағайындалып, ол КСРО сынды алып империяның тiзгiнiн өз қолына алды. Қысқасы, "Бiреу өлмей, бiреуге күн жоқ" екенi Кремль билiгiндегi тұлғалардың тағдырында айқын дәлел тапты. Қазiргi кездерi зерттеушiлер КПСС-тiң Бас хатшысы М.С. Горбачев өзiне басты бес мақсат қойғанын жиi жазып жүр. Бiрiншiден, қайта құруды қолға алып, ебедейсiз құрылымға айналған КПСС-тi жаңа заманға, өркениетке сай партия етудi мақсат тұтқан. Екiншiден, саяси және экономикалық тоталитаризмнiң тамырына балта шауып, экономикалық гүлденуге және халықтың әл-ауқатын көтеруге уәде бердi. Үшiншiден, КСРО-дағы Азық-түлiк бағдарламасын түзушiлердiң бiрi болған М.Горбачев елдегi ауылшаруашылық саласының мүлдем мешеу қалғанын және тез арада жағдай оңалмаса астықты шетелден сатып алуға мәжбүр болатындықтарын жақсы түсiндi. Төртiншiден, Одаққа енетiн әрбiр республикаға айтарлықтай еркiндiк берiлiп, бұрынғыдай бәрi Орталықтың еншiсiнде болатын керi әдеттi тоқтатуға күш салды. Бесiншiден, Михаил Сергеевич қайта құруды қолға алған сәтiнде гуманизм, сөз бостандығы, демократия, адам құқығын сақтау сынды билiк идеалдарды жақтайтынын мәлiмдеген едi. Өкiнiшке қарай, әмiршiлдiк жүйенiң құрсауындағы мемлекетте ғасырлар бойы крепостниктiк тәртiпке бас иген, тоталитарлық жүйенiң езгiсiнен арыла қоймаған елде бұл мақсаттарды орындау оңайға түспейтiн. Әсiресе ұзақ жылдар бойы Кремль бұйдасына әбден бауыр басып үлгерген Леонид Ильичтiң әрiптестерi – iлмиген қариялар билiктi қолдан бергiсi жоқ едi. Дәп сол күндерде: "Товарищь, верь, пройдет она, так называемая гласность. И вот тогда госбезопасность припомнит наши имена" деген мысқылды өлең жолдары кең тараған болатын. М.С.Горбачевтiң салауатты қоғам құру жолындағы күресi де сәтсiздiкке ұшырады. КСРО жылына 30 млрд. доллардан астам шығын шектi. "Қырғиқабақ соғыс жылдарында" жанталаса қаруланудан әбден титықтап, сүлдерi сүйретiлiп қалған алып империя мұндай шығындарды бұрынғыдай көтере алмайтын.

Бұрынғы империя қысқа ғана уақытта бiржола ыдырауға бет бұрды. Тәуелсiздiгiн алуға ұмтылған елдердi, бұрынғыдай бодандықта өмiр сүргiсi келмейтiн азат ойлы адамдарды тоқтату мүмкiн емес едi. Михаил Горбачевтiң басындағы бақ құсын үркiткен алғашқы қатерлi дабыл – 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiн қанға бояп басуы едi. Қазақстандағы саяси, әлеуметтiк, экономикалық жағдайды ескерместен авторитарлыққа салынуы осыған дейiн идеалист, гуманист болып көрiнген М.Горбачевтi бүкiл адамзатқа сүйкiмсiз бейнеге айналдырды. КСРО-ның ең соңғы көсемi – Михаил Сергеевич Горбачев бұл күндерi тарихтағы ең трагедиялық тұлғалардың бiрi болып қалуда.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары