«Оян, қазақ!» – азаттық манифесі

«Оян, қазақ!» – азаттық манифесі

1891-1892 жылдары қазақ өлкесіне қара шекпендердің, ресей келімсектерінің алғашқы толқыны ағыла бастады. Жайылымның тарылуы, мал басының күннен-күнге азаюы жергілікті халықты күйзеліске ұшыратты. Сөйтіп, XІX ғасырдың аяғында кедейлескен қазақтардың ұлт болып қалуына барған сайын қауіп төнген-ді.
«XX ғасырдың басында, – деп көрсетеді фран­цуз ғалымдары А.Бенигсен мен Ш.Ке­ль­ке­жей, – қазақ зиялыларының дүниета­ны­мын­да патшалық Ресейді жек көру, ашыну се­зі­мі қалыптасты. Бірақ саяси топтар құрып, оны өкіметке қарсы бағыттауға, халықты ояту­ға әлі күш жоқ еді, дегенмен де 1902-1903 жыл­дарда – патша өкіметіне қарсы қазақ ті­лін­дегі алғашқы жасырын үндеулер пайда бол­ды. 1888 жылдан бастап Омбы қаласында «Да­ла уәлаятының газеті» шығып тұрды. Газет бе­тінде қазақ зиялылары көтерген мәселелер үш тақырып аясында: ұлтты құрып кетуден сақ­тау, көшпелілер жерлерін отарлаудан қор­ғау және дінді қорғау төңірегінде өрбіді. Бұдан сая­си сахнада әлі де саны аз, бірақ идея жағы­нан күшті феодалдық аристократиядан шық­қан либералдық интеллигенцияның пайда бол­ғанын байқауға болады. 1905 жылғы 18 ақ­пандағы манифестің жариялануы қазақ­тар­дың саяси күресінің басталуына дабыл қақты. Да­ла аймағында митингілер ұйымдастыруға дем берді, онда экономикалық және діни мәсе­лелер өте қызу талқыланды».
Қазақтардың саяси өмірінен берген фран­цуз зерттеушілерінің бұл сипаттамасы қазақ­тың ұлтжанды азаматы Әлихан Бөкейханның 1910 жылы жазған тұжырымдамасымен үн­де­седі: «...Бүкіл дала өлкесі саясат аясына тар­ты­лып, азаттық қозғалысының дүрмегіне ілін­ді де кетті, қазақ халқының мұң-мұқтажы жө­ніндегі қызу хат алмасу басталды. 17 сәуір­дегі дін жөніндегі жарлық халық көңіл күйін одан әрі тасытты. 1905 жылы көктемде еркін өмірдің басталуымен дала өлкесінде жазғы қо­ныстарда сияздар ашылып, онда бүкіл қазақ ұлтының мұң-мұқтаждары талқыланды. Осы жылдың барлық үлкен далалық жәрмеңкелері саяси алаңына айналды...».
Әлихан Бөкейханұлы төңкеріске дейінгі қа­зақ интеллигенциясының негізгі екі тобын көрсетеді: «...Бір жағынан, өз отанының бағы­тын батыс мәдениетінің өнуінен жеміс көре­тін зиялылар; екінші жағынан ұлттық, діни ерекшелікпен тәрбиеленген интеллигенция шықты. Бұл соңғылары дінді алдыңғы қатарға қойды, мұсылмандық өмірден қол үзуден ешкім де, ешқашан да басып өте алмайтынын айт­ты. Егер орыс интеллигенциясымен са­лыс­ты­рып көрсек, онда қазақ зиялыларының ал­ғаш­қы тобын батысшылдар деп, ал екінші тобын түрікшілдер деп атауға болар еді...».
Міне, Міржақыптың «Оян, қазақ!» атты кі­табы (1909) дәл осындай тарихи уақытта жа­­­­рыққа шықты. Сондай аумалы-төкпелі, ала­сапыран кезеңде халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, азуы алты қарыс патша өкіме­тіне қарсы бас көтерген қазақ зиялыларының іс-әрекеттерін ұлт азаттығы үшін күрестің ал­ғашқы дүмпуі деп бағалау артық болмас еді. Басым көпшілігі сауатсыз, қараңғыда бұйығып жатқан елді оятып, жаңаша өмірге, еркіндікке тарту, әлбетте, оңай бола қойған жоқ. Сол үшін де Ахмет Байтұрсынұлы ұйықтап жатқан елді оя­тар ма екен деп «Масасын» ұшырды. Мір­жақып Дулатұлы «Оян, қазақ!» деп ұран салды. Сұлтанмахмұт Торайғырұлы «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп жалын атты. Әлихан Бөкейханұлы орыс газеттеріне қазақ жерін қалай болса солай тартып алып жат­қан, қазақтарды шоқындыруды көздеген патша саясатына қарсы мақалалар жазып қару ретінде қолданды.
Әрине, мұндай белсенділік пен оны қол­даған халық арасындағы дүмпудің зор болуы, ба­тыл ұстанымдары мен ел серкелерінің ше­шімдері озбыр да өктем патша өкіметі на­зарына бірден ілігіп, қатты қысым көрді. Көп­теген арыс жауапқа тартылып, түрмеге жа­был­ды. Елге «іріткі салуларына» қатаң тыйым салынды.
Осындай зорлық-зомбылықтардың кеңі­нен болғанын сол кездері қазақ даласын бас­қару орталықтары болған Омбы, Орынбор, Санкт-Петербург мемлекеттік архивтерінде күні бүгінге дейін сақталған құжат-қағаздар ай­ғақтайды. ХХ ғасырдың басында жарық кө­ріп, қазақ даласына жасын түскендей әсер ет­кен Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» кі­табына қатысты қозғалған іс құжаттарын Қа­зан, Уфа, Орынбор және Омбы облыстық мем­лекеттік архивтерінен табуға болады.
Бастапқы кеңестік жүйе билік құрған жыл­­дары ұзақ уақыт бойы ақынның шығарма­шылық мұрасы көңілде болса да, көзден таса жағ­дайда, мүлде ескерусіз болып келді. Мір­жа­қып Дулатұлының тұңғыш лирикалық-пуб­лицистикалық «Оян, қазақ» өлеңдер жинағы 1909 жылы Уфадағы «Шарқ» баспасынан, екінші рет 1911 жылы Орынбордағы «Уақыт» бас­паханасынан жарық көрген. Бұл жинаққа ақынның 1902-1909 жылдар аралығында жаз­ған өлең-толғаулары топтастырылған. Автор бұл жинаққа енген шығармаларды тақырыбы мен мазмұнына қарай үш бөлімге бөліп, жік­теп көрсетеді. 
Оның біріншісі: қазақ халқының өткен тари­хынан көрініс беретін, кешегінің өкініші мен қуанышы; екіншісі: қазақ ұлтының өткен ғасыр басындағы әлеуметтік хал-жағдайы; үшін­шісі: елдің келешек тағдырына, ертеңгі өмі­ріне байланысты көтерілген ізгілік, оқу-ағар­ту мәселелері. Осы алғашқы жинағының өзінен-ақ автордың мақсаты мен айтайын деген ойы, сол кездегі патшаның отарлау сая­саты, халықтың өнер-білімсіз қалуы, халық тұр­мысының нашарлауы, әйел затының қор­лануы және т.б. осындай неше түрлі қасіретті жағдайлар баяндалады, мәселен:
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, 
Өткізбей қараңғыда бекер жасты! 
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп, 
Қазағым, енді жату жарамасты! – 
деген төрт жолда ақынның ұлтына адал қыз­мет етуге деген ниеті, керек болса жанын қию­ға да дайын биік азаматтық болмысы кө­рі­ніп, өз тағдырын ұлт тағдырымен байла­ныстыра қарайтын парасаттылығы сезіледі.
Мұнда сол замандағы қазақ халқының са­насын құрсаулап, бұғаулай бастаған қоғам­дық дерттер көз алдымызға келіп, зұлымдық жай­лаған халықтың мүшкіл халі шынайы бей­неленеді. Демек, қалың елі күйзелісте, тығырықта жатқанда оны сезген ақынның бірге күйзелмеуі мүлде мүмкін емес еді. Елін өлең­мен оятуға ұмтылған ақын негізгі мәсе­лелерді нақты айқындап, назар салар тұсты дәл осылай меңзейді. Осы төрт шумақтан Мір­жақыптың зар-мұңы, елі мен жерінің ба­қытын көксеген ойшылдығын, келер ұр­пақ­тың қамын жеген кемелдігін көре аламыз. Бо­­лашаққа деген нық сеніммен жігерленген оның шығармашылығы қазақ халқының бос­тандығы мен теңдігі жолындағы күресімен ты­ғыз байланысты. Оның тағдыры өте ая­ныш­ты болды, патша өкіметінің қуғын-сүргіні мен сталиндік репрессияның зардабын басы­нан өткізіп, әділет жолында құрбан болған қазақ зиялыларына тән тағдыр екені баршаға мәлім. 
Міржақып Дулатұлы өз шығармашылық жо­­лындағы А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханұлы, А.Бірімжанов, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытов, Е.Омаров, т.б. ұлт мәдениетінің көшбас­шы­лары­мен қанаттасып ғұмыр кешкен тұлғалы ақын. 
Ақын жинағында саяси сарын басым орын алады, оның әр жолынан төңкерісшіл рух пен ұлттық тәуелсіздікке шақырған үндеу лебі еседі. Бұл кітап қазақтар үшін ұлттық қоз­­ғ­алыстың алғашқы бағдарламалы құжа­тын­дай болды. Ақын үшін ұлт мүддесі қашан­да жоғары. Ел, жер, елінің болашағын жырлау Міржақып Дулатұлының өне бойына тар­тыл­ған темірқазық, идеясының басты бағдары.
Міржақып азаттық қозғалысының саяси ой-санасын қалыптастыруды және оған ха­лық­ты кеңінен тарту мақсатымен, өзінің кі­та­бында этикалық қалыптарға көңіл бөліп, оның екі түрлі бағытын көрсетеді. Алғашқы ба­ғыт – азаттық күрес идеясы, адамдық еркін­дік (хуррият), адамгершілік (инсаният), өне­гелілік, тазалық (хаққа ниет) болса; екінші ба­­ғыт – қайырымдылық (хайыр), мейірімділік (ихсан) және өзара көмек негізіндегі сый­лас­тық еді. Сондай-ақ алдымен, ішкі жаумен, яғни қа­раңғылықпен, өзге жұртқа қарағанда бі­лім­сіздіктің кесірінен артта қалушылықпен, отар­шылардың әскери күшіне өнер-білімді қар­сы қоя отырып күресуді дәріптейді. Бұл жол­да зорлық-зомбылық жасамау, қара күшке са­лынбау идеясын алып шығады.
Міржақып адамның жеке басының ерек­ше­лігіне негіздеп, әлеуметтік әділетсіздіктің түп-тамырын аша білді, ұлтына, тіліне, дініне, сеніміне қарап адамдарды езіп-қанауды мі­неп-шенеді.
XX ғасырдың басы әлем тарихында ұлт-азат­тық қозғалыстарының жаңа толқынымен ерек­шеленді. Ағылшындардың отарында бо­лып келген үнді елі азаттық қозғалысының кө­семі Махатма Гандиді, кейін негрлердің аза­маттық құқығы үшін күресуші Мартин Лютер Кингті Америка елі шығарды. Ал ел-жұрт Ресейдің ең үлкен отары Қазақстанда «Оян, қазақ!» кітабының авторы болған Мір­жа­қып Дулатұлының тұлғасын қазақтың ұлт-азаттық қозғалысындағы рухани көсем­дерінің бірі ретінде таныды.
Әртүрлі ұлттың өкілдері болғанына қара­мас­тан, бұларды этикалық және әлеуметтік әді­леттілікті күшке салмау жолымен шешуге ұм­тылған мақсаттарын ұқсас деп қарауға бо­лады. Мәселен, мұнда Махатма Гандидің азат­тық үшін күрес жөніндегі (сатьяграхи) және күш­темеу (ахимса) идеялары Міржақыптың алға ұстаған шарттарымен үндес еді. Мұның өзі жайдан-жай емес. Индияның аш-жалаңаш, баспанасыз халқы мұздай қаруланған им­пе­риалистік Англиямен тікелей табан тіреп кү­­­­ресуі мүмкін емес еді. Міне, қазақ халқы да осын­дай жағдайда болатын. Бұл халықтардың сақталып қалуының бірден-бір жолы – өзара ке­лісімге келу және азаттық үшін қан төгуге бар­мау болса, Міржақып осыған қоса ұлтты сақ­тап қалудың басты жолы ретінде көркем­сөзді таңдап алған еді.
«Бостандықтан айырылған әрбір халықта тек әдебиет өзінің ашынуы мен ар-ождан дауы­сымен жар салатын бұл бірден-бір мінбе саналады», – деп жазады ойшыл қаламгер Герцен.
Демек, «Оян, қазақ!» XX ғасырдың басында меңіреу шөл далаға тосыннан жеткен нөсер­дей өзгеріс әкелген бірден-бір туынды болды. Қазақтардың оянуы мен азаттыққа жетуін ол отаршылдыққа қарсы соғысын – халықтың мәдени деңгейін көтеріп, оятудан бастауды жөн көреді.
Әдебиет сыншысы Смағұл Сәдуақасұлы Мір­жақыптың шығармашылығы туралы пікір біл­діргенде, оның ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері әрі жазушы-публицист қа­на емес, көсемсөздерін қазақ әдебиетінің кө­не дәстүріне сүйене отырып өлеңмен жазға­нын атап өтеді. 
Жаудың қоршауында қалған елін ақын ты­ғырықтан шығаруға жол іздейді:
Қазақтың өзім дағы баласымын,
Білемін сол себепті рәсімін. 
Һайламен қақпан құрған жауды көріп, 
Теріс пе сізге келіп сыр ашуым.
Патша өкіметі жандармдарының қуғын­дауы, түрмеге қамалып шығуы, ақын кітап­та­ры­­ның тартып алынып, жойылуы да бекерден бекер емес-ті. Қазақ тілінің көркемдік иірім­дері Міржақыптың кітаптары арқылы қоғам­дық салада көрініп, саяси үгіт пен насихат ті­ліне айналады. «Оян, қазақ!» кітабының идея­сында қазақ халқының өткен қанды та­ри­хы мен ауыр тұрмысы айтылып қана қой­май, патша өкіметінің отаршылдық саясаты сыналады. Халықтың санасын ояту, қоғамдағы әділетсіздікті өзгертудің қажеттілігі айтылып, мектептердің ашылуын, газет-журналдардың шы­ғуын, дінге мінәжат қылу бостандығын, әйел теңдігі; сондай-ақ жер мәселелерінің тез арада кезек күттірмей шешілуі өткір тілмен дәріптелді.
Өзінің құрылымы жағынан «Оян, қазақ!» атты шығарма он жеті тараудан, алғы сөз бен соңғы сөзден тұрады. Кітаптың беташарында автор­дың «Сөз басы» деп басталатын кіріс­пе­сін­де қазақ елінің қалың ұйқыда қалғанын, елін ояту үшін не істеу керек екені жөнінде мә­селе қояды. 
«Оян, қазақ!» кітабындағы өлеңдердің ал­ғашқы жолдарынан бастап-ақ Міржақып поэ­зиясының азаматтық бағыты аңғарылады. Ол халықтың меңіреу ұйқыдан оянып, артта қа­лып бара жатқанына өкініш білдіріп, хал­қымыздағы әпербақандардың аяқтан ша­ла­тын әдеттерін айыптап, елді жаппай өнер-бі­лім үйренуге шақырады. Осы мәселелерді шын мә­нінде түсініп, ел болып егіліп, жұрт болып жұмылмайынша нағыз бостандыққа жетпей­тінін ескертеді. Ақын:
Бірлік жоқ алты ауызды халықпыз ғой, 
Қатардан сол себепті қалыппыз ғой. 
Ғылым мен мағрифатты керек қылмай. 
Надандық шәрбәтіне қаныппыз ғой.
...Біздағы ғылым білсек етпес пе едік,
Ілгері озғандарға жетпес пе едік.
Дін, дүниеміз таршылықтан азат болып,
Өнерлі халық атанып кетпес пе едік, – деп ашына жазады.
Патша өкіметінің көшпенді қазақ дала­сын­дағы болыстық және ауылдық басқару­шы­лар сайлауы – халыққа қисапсыз көп шығын әкел­ді, араздықты асқынтып, жікшілдікті кү­шейтті. Соның зардабынан патша өкіме­ті­нің жаңа заңдары ел ішін іріте түсті. Сол­түс­тік­тен ескен зымияндық ызғары бейғам, ақ ниет­ті дала халқының жүрегін мұздатты. Осын­­­­дай дөрекі әрі жымысқы нысайларды сы­най отырып, ақын азаматтық ар-ұждан биі­гіне шақырады әрі надандықтан «алтын көр­се періште жолдан таяр» дегеннің кебін ки­ген көп қауымның есін жиып, мәнсап үшін бір-біріне тасбауыр болып кетпеуін ескертеді: 
Ағадан іні айырылды, атадан ұл, 
Ағайын арзандады қымбаттап пұл. 
Сатылды ғазиз ұждан аз ақшаға, 
Ғәләмәті надандықтың емес пе бұл?
Патшалықтың отарлық саясатының бүкіл қа­зақ даласына, жалпы көшпенділерге жа­татын түріктектес ұлттарға билік жүргізіп, бар­лық территориясын иемденгеніне кейіс біл­діріп, олармен болатын ендігі күрес – тек, жал­пы халықтың сауаттанып, оқу-білім арқы­лы негіз қалау екенін аңғартқан ақын, отан­дастарын орыс тілі мен мәдениетін үйренуге үндейді:
Орысша білмек қазаққа бек ләзім, 
Руссияда болған соң біздің тұрақ. 
Сусыныңды бар-дағы қандырып ал, 
Мысалы, ғылым жатқан ағып бұлақ.
Ақын мәдениет пен ағарту ісін өркендету, қараңғылық тұмшалаған халықтың көзін ашу үшін қазақ газеттері мен журналдарына ден қояды:
Газет, журнал оқы да мағлұмат ал, 
Көз жіберіп һәр іске салып құлақ. 
Аршын жұтқан кісідей қақырайма, 
Намыстанбай білгеннен үйрен сұрап.
Демек, «Оян, қазақ!» жинағында қазақ халқының болашағы – жастарға ерекше үміт артып, оларды туған елінің келешегі жолында тынбай еңбектеніп, білім алып, сол арқылы қазақтың оятушысы болуға жебейді.
Ғылым үйрен, ашылсын көзің жастар, 
Тәрбиеле өзіңді-өзің жастар. 
Өзің біліп ешкімге айтпай қойма, 
Білгеніңді тезірек халыққа шаш, бар.
Міне, «Оян, қазақ!» кітабы ақынның аза­мат­тық-философиялық көзқарастары хақын­да да сыр толғайды, жақсылық пен жамандық және еркіндік, азаттық, адалдық, сұлулық, абы­рой, сыпайылық, байлық, кедейлік, т.б. ту­ралы ғибраттар айтады. Ақын бұл шығар­ма­сын тек, білімді қауымға ғана емес, жай адам­дарға, тіпті сол кездегі қараңғы қауымға ба­ғыттаған. Ол өзінің кітабындағы бостандық пен болашақ, бейбітшілік заман хақындағы пі­кірлерін бәрі қабылдайды деп ойламайды. Сол себепті «Оян, қазақ!» кітабындағы белгілі ой­дың жүйесі былай құрылған: егер оқырман кі­таптың сырын ашуға, мағынасын түсінуге ниет білдірсе, содан кейін ғана өзіне керек­ті­сін алып пайдасына асырады. Ал оқырман кітап­тың кілтін таба алмаса, түсінбесе, білетін адам­дардан сауалдарына жауап алуына бо­лады.
Міржақыптың ойын түсінгендер, өне­гесінен үлгі алғандар ұлттық сананы көтеруге барары хақ. Осы түйінге байланысты кітапты терең түсіну үшін: бұл шығарма тек әдебиеттік мақ­сатқа ғана емес, бастысы саяси бағыттағы көр­кем шығарма деп қарауға болады. Бұл ха­қында кітап авторы негізгі нысанасын былай біл­діреді:
Бұл сөзді жазғаным жоқ ақын болып, 
Халық тентек, жалғыз өзім мақұл болып. 
Қайғы мен хәл мүшкілін білдіргенім, 
Ұйқыда жұрт жатқан соң ғафыл болып.
Міржақыптың әр тақырыптарға қалам тартқан қилы шығармашылығы әр қырынан те­рең де ұзақ зерттеуді талап етеді. Оның ең­бектерінің мәнін түсіну үшін, біз оның шы­ғар­маларына жоғары этикалық және эстети­калық тұрғыдан қарауымыз қажет. «Диалек­тика және этика» атты кітапта төмендегідей анықтама берілген: «Этика категориясы та­рих­тың даму процесінде жинақталады. Олар қисындармен, моральдық өлшемдермен ты­ғыз байланысты, сөйте тұра бір-бірінен айыр­машылықтары да бар. Дәстүрлі этиканың мы­надай категориялары, мысалы, жақсылық, жа­мандық, борыш, ар, бақыт, адалдық мей­лінше белгілі. Кейде бұған әділдік, теңдік, ер­кін­дік, мұрат, махаббат, т.б. қосылады. Этика ка­тегориялары бірсыпыра өнегелі адамдар са­паларымен, мәселен абырой, сыпайылық, ең­бекқорлық, т.б. тығыз байланысты» – делін­ген.
Мұнда «Қай этикалық категория басты орын алады?» деген сауалға әркім әртүрлі жауап береді. Мәселен, Демокрит пен Эпикур оны бақытқа санаса, Аристотель – жақсылық пен христиан этикасын, Кант – борыш, Гегель – адалдық деп таныды. 
Міржақып қазақ халқы үшін басты этика­лық категория – азаттық, етене бауырмалдық пен өзара теңдік деп білді. Тек, отаршылдықтан азат болған жағдайда ғана ағайындық пен тең­дік қатынас бекіп, ұлттар оянып, гүлдене тү­седі деген тұжырымға келеді. Ол үшін адал­дық, әділдік жолында жан аямау әркімнің боры­шы екенін білу шарт.
Айнымай тұтқан жолың болсын мынау. 
Азаттық, бауырмалдық, теңдік сұрау. 
Тайсалмай дұрыстыққа жанды қисаң, 
Борышы адамдықтың сонда тұр-ау... 
Немесе:
Болсын ғақылыңа малың серік, 
Өнерлі сегіз қырлы сырың берік! 
Дүние аз күн қонақ мысалында, 
Болғаны жақсы емес пе өзіңде ерік.
Азаттық ұғымы ақын үшін бірден-бір мақ­сат қана емес, табиғи адамға тән өнегелі өл­шем де болды. Міржақып жоғарыдағы жас­тарға арналған үндеуі арқылы, сегіз сапалық қа­сиеттерді меңгеру жолында қолда барда ал­тынның қадірін біліп, байлығына ақылды се­рік етіп уақытында өнер үйрену жайлы ай­тады. Ол қандай сапалар? Мұсылмандардың кие­лі кітабы Құранда, басты этикалық к­а­те­гория – борыш, пайғамбардың айтқанын орын­дау және оған еліктеу. Бір ғана келетін қыс­қа ғұмырда әрбір адам еркін өмір сүру ке­рек екенін еске салып, әр жүрекке еркіндік отын жағу арқылы халықты бостандыққа ын­таландыра түседі. 
Сонымен, жетпіс жылдай мадақталған ком­мунистік идеяны тастап, қазір біз қай­тадан Міржақыптың ізгі ойлары мен ғибратты өл­шеусіз «Оян, қазақ!» кітабының құдірет­ті­лігіне еріксізден бас иіп отырмыз. Ұзақ жыл бойы мәдениетімізді, тілімізді, тарихымызды, ұлттық дәстүрлерімізді жоғалтып ала жаз­да­ған біздің қоғамымыз оянды ма, әлде жоқ па? деген сұрақ ойға оралған сайын, Міржақыптың «Оян, қазақ!» деп салған ұраны еміс-еміс жаң­ғырып құлағымызға келе береді! 
Демек, қазіргі қазақ оянды ма, жоқ па?! «Оян, қазақ!» идеясы бүгін қажет пе, жоқ әлде қа­жет емес пе?! – деген сұраулар қазір де, бұ­дан кейін де туындай береді. Өйткені ком­му­нис­тік жүйе, атап айтқанда, сталин және оның жандайшаптарының «үлкен террорлық» әрі жендеттік әрекеті Алаш арыстарын жой­ға­нымен, Алаш идеясын жоя алмады. Міне, бұл әрине, біз мойындауға тиісті тарихи шындық болса керек. 
Қазір ше?! Қазірдің өзінде «Алаш идеясы», «Оян, қазақ!» идеясы біздің қоғамымызды, тәуел­сіздігімізді қорғап айналып жүргендей. Сон­дықтан, әрбір қазақ баласы Алаш ама­на­тына мұрагерлік етуі керек. Алаш аманатына мұрагерлік ету, оны жалғастыру және дәуір ру­­­хымен байыту – әсте ұлтшылдық, бас­қа­лар­ды шетке қағу дегендік емес, қайта тәуел­сіз­дікті мәңгілік бекемдеп, берекелі де құдіретті «Мәң­гілік Ел» болу деген сөз. Керісінше, біз Алаш аманатын ұмытсақ, онда өзімізді өзіміз ұмытқан боламыз. 
Әрине, осы ұмытудың кесірінен біздің қо­ғамда бірқатар едәуір өзімізге жат пиғылдар бе­лең алып отыр. Бұл – берекесіздік, рушыл­дық-жершілдік, жабайы жемқорлық, қараңғы тасбауырлық, қатыгез қайырымсыздық, қатып қал­ған бюрократизмдік, алдамшы жасан­ды­лық, қасаң формашылдық, үкіметсіздік, заңды белден басу, жорға суайттық, қағазбастылық, құл­ғана жалқаулық, жалығу-торығудан туған үміт­сіздік сияқты індеттер нақты белең алып отыр. Әрине, осылар біздің қоғамда шын мә­нінде бар ма, жоқ па?! деген сұрау әрбір қа­зақ­тың ойында болса, оны ой елегінен өткізуге ты­рысса, онда біз болашақ ұрпақтарға «деген­мен де» Алаш үлгісінен негіз қалай алатын боламыз?
Демек, «Аманатқа қиянат – қылмыстан да үл­кен» демекші, біз ата-баба аманатына, оны жал­ғаушы Алаш аманатына әрқашан қиянат жа­самауымыз қажет. Егер осыны біліп, түсініп тұ­рып «бізге не қыла алмақсыңдар» деген мақ­сатта, қасақана қиянат жасауға талпынсақ, онда бізді ата-бабамыздың аруағы, киесі, рухы ататын болады. Онда бұрынғы «тәуелсіздік» де­ген айқайға толы аспандаған ұранымыз, әри­не, «жалған немесе өтірік» болып шығады. Де­мек, өйтіп алданғанша әр қазақ үнсіз мұңайып, түнеріп, көкірегі шерге толып, шерменде болып, қайыр тілеп, дәруіш болып, басы ауған жаққа қаңғып, тоз-тоз болып кеткені абзал ма? Әйтпесе, ендігі орайы – өзі­мізді-өзіміз шынайы танып тәубемізге келу жо­лы. Бұл бастысы – бауырмалдық, өзара сый­ластық, шыншылдық, еңбекқорлық, отан­шылдық, тәуелсіздік үшін жан тігу жолы, яғни Алаш аманатын табанды жалғастыру жолы болмақ. 
«Оян, қазақ!» идеясын жалғастыру жолы – әсте еліміздегі басқа халықтарды қақпайлау не­месе көрші елдерге қарсы тұру жолы емес, қай­та мемлекет құрушы ұлттың рухын көте­ріп, жағдайын жасап, басқаларға үлгі болу де­гендік. Міне, мәселенің үлкені осында жа­тыр. Өйткені қай өңір, қай ел болмасын, мем­лекет құрушы ұлттың жағдайы жақсы болса, оны­мен қанаттас, тыныстас халықтардың жағдайы да әрине, жақсы болмақ. Қазақ ежел­ден өзі кедей-кепшіктерін, жетім-жесір­лерін қаңғыртпай, қайыр тілетпей бағып кеткен ха­лық. Сол себепті де бұрын қазақта қайыршы, қаң­ғыбас болмаған. Бұның тағы бір басты с­ебебі – хандар мен билер халқына қамқор бол­ған, ал қараша халқы өз иесіне адал бол­ғанында жатыр. Кейін осы жүйе бұзылып, бас­қалардың қысымымен басқа бір қазаққа жат қараңғы жолға түсіп, талай-талай тығы­рық­қа тіреліп, әйтеуір, Құдай оңдағанда, жер беті­нен жойылып кетпей, аман қалдық. Сол үшін біз өзімізді әрқашан ұмытып қалмай, тәуел­сіздікті көзіміздің қарашығындай қор­ғауымыз керек. 
Біздің байығанымыз, мәртебеміздің ас­пандағаны – сол тәуелсіздігіміздің арқасында бол­са керек. Сол үшін өзін ұмытудың ақыры – ата-бабамыздың қасиетті киесі мен халқы­мыз­дың қарғысына ұшырататын барса кел­мес­­тің жолы, ол – былайша айтқанда түп-тұ­қиянымен жоғалу жолы болып табылады. Бұл тығырықтан құтылудың бірден-бір шығар жолы – халықтық бағыт, яғни, халқына жаны ашу жолы болса керек. Халқына жаны ашыған әрбір қазақ, олардың береке-бірлігі – халық ретінде оянуында, ұлт болып ұйысуында. Сон­дықтан біз жоғарыдағы баяндалған, қоғамда сақталып келе жатқан келеңсіздіктерді қатаң танып, шын мәнінде түзеткенде ғана, Алаш идеясынан ауытқымайтын боламыз. 
«Оян, қазақ!» кітабы, онда айтылған идея, ой­лар ешқашан дәуір ағыстарында, ғасыр то­ғыстарында, тіпті аласапыран кезеңдерде де өз құндылығын жоғалтпайтыны анық. Ол ұр­пақтан-ұрпаққа өнеге болып, кешегі сұм за­манның зары қайталанбасын деген ұлы тілек­ке ұмтылдырады. Қоғам дамып, адамзат идея­логиясы өркендеген сайын биіктей бере­тін рухани алып шың болып мен мұндалайды. Осы­нау биік шыңнан аққан сан тармақ мөлдір бұлақтар ұласа келіп, алып дарияға айналып, әр қазақтың жан дүниесінде мәңгі жағасы жа­сыл, құтты рухани тірегіне айнала бермек!

Марат ӘБСЕМЕТ, 
міржақыптанушы, 
тарих ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары