ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗДАРЫНА ҚАЙРАН ҚАЛАМ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗДАРЫНА ҚАЙРАН ҚАЛАМ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗДАРЫНА ҚАЙРАН ҚАЛАМ
ашық дереккөзі
359

Қазақтың қызы аттың да құлағында ойнайды. Қазақтың қызы қолына найзасын ұстап жауға да шапты қиын-қыстау бiр кездерi. Қолына автоматын ұстап, немiс фашистерiмен болған соғыста кеудесiн отқа да, оққа да тосты. Қазақтың қызы желтоқсанда да нағыз ерлiктiң куәсiн көрсеттi. Қазақтың қызы темiр тұлпардың тiзгiнiн де меңгердi. Кеңестiк кезеңде трактордың тiлiн меңгерген қаншама апаларымыз еңбек майданында соқаменен жер жыртты. Қазақтың қызы еңбекке машықтанды. Олар еңбекке машықтанып қана қойған жоқ, отбасы – ошақ қасының да ұйытқысы бола бiлдi.

Бүгiнгi қыздарымыз да осал жандар емес. Бiрi – ұшақтың тiлiн меңгерiп, әуеде қалықтаса, бiрi – әскерде сап түзеп, қорғаныс шебiнде жүр. Ендi бiрi – iшкi iстер саласында форма киiп, ел тыныштығын ойласа, ендi бiрi – шекарада қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде. Елдiң бiрлiгi мен салауатын ойлаған қыздарымыз кеденде де қызмет етiп жүр.

Солардың бiрi – Алматы облыстық Кедендiк бақылау департаментiндегi посткедендiк бақылау басқармасының бастығы Әсел Тоқтарбекқызы. Әселдiң кеден саласында жүргенiне 15 жылға жуықтапты. Кеден саласының қыр-сырына машықтанған Әселден: "Кеденшi болу қиын емес пе?" – деп сұрадық.

– Кеденшi болу қиын емес. Қағаздармен, компьютер алдында жұмыс iстеу соншалықты қиын деп ойламаймын.

– Өзiңiздiң мамандығыңыз кеденшi ме?

– Иә. Ресей кеден академиясын бiтiргем. Кеден саласында жұмыс iстеп жүргенiме он алты жылдай болды. Ал Алматы облыстық кедендiк бақылау департаментiне келгенiме екi жарым жыл.

– Кедендiк бақылау басқармасы немен айналысады?

– Бiздiң басқармамыз посткедендiк аудитпен жұмыс iстейдi. Басқармамыз екi бөлiмнен: мониторинг жүргiзетiн бөлiм мен тексеру бөлiмiнен тұрады. Тексеру бөлiмiнен келген мәлiметтерден кейiн бiз ол бойынша мониторингтер жүргiземiз.

– Сараптама жасалып бiткеннен кейiн ше?

– Сараптама қорытындысы бойынша кедендiк бақылау жасайтын боламыз.

– Кеден саласында нәзiк жандылар көп пе?

– Соншалықты көп деп айта алмаймын. Негiзiнен ер азаматтар қызмет атқарады. 300-ге жуық адам жұмыс iстейтiн болса, оның 60-ы нәзiк жандылар.

– Ер азаматтардың көмегi тие ме?

– Ер азаматтарымыз үнемi бiздi қолдап, қолұшын берiп отырады. Бiздiң өз әрiптестерiмiзге деген алғысымыз шексiз.

Әсел – кеден iсiн меңгерген кәсiби маман ғана емес, аяулы ана, сүйiктi жар. Бүгiнде үш бала тәрбиелеп отырған Әсел Тоқтарбекқызының жолдасы да кеден iсiнiң маманы екен.

Кеденшi қыздардың бiрi – Алматы облыстық Кедендiк бақылау департаментi Кедендiк кiрiстер басқармасының бастығы Фарида Әбiлқалықовамен де жұмыс барысында таныстық. Кеденшi киiмiн киiп, иығына погон таққан апайдың өз кәсiбiне деген ризашылығын көзқарасынан-ақ байқауға болады.

– Фарида апай, кеден саласында жүргенiңiзге көп болды ма?

– Аз да, көп те уақыт емес. 1993 жылдан берi кеден саласында қызмет етiп келем. Алғаш ел тәуелсiздiк алып, кеден саласы құрылған сәттен бастап жұмыс iстеп келемiн деп айтуға болады.

– Кеден саласында жұмыс iстеу нәзiк жандыларға қиындық тудырмай ма?

– Ол жағын бiлмедiм. Бiрақ өзiм ер мiнездi болғаннан кейiн бе, онша қиындықты сезiнген емеспiн. Қандай жұмыс болса да, елiмiзге, мемлекетiмiзге қызмет атқару – әрбiр адамның борышы деп есептеймiн.

– Отбасыңызға, үйдегi тiрлiктерiңiзге үлгере аласыз ба?

– Әрине. Қай саланы алсаңыз да, әйел адамның тiрлiгi бiрдей ғой. Дәрiгерлер де, мұғалiмдер де жұмыстан кейiн үйiне асығып, отбасының, ошақ қасының жұмысымен қарбаласып жатады. Таңертең жұмысқа келедi, кешкiсiн қайтады. Жұмысты да, үй тiрлiгiн де қамтуға тырысады. Қазiр, Құдайға шүкiр, балалар бақшасы бар, мектептерге барады балалар. Соның арасында уақыт тауып, баласын мектепке апарады, балалар бақшасынан алады. Бәрiне уақыт тауып жүргендiктен, қыз-келiншектерге жұмыс iстеу соншалықты қиындық тудырады деп ойламаймын. Рас, алғашқы тәуелсiздiк алған жылдары қиын уақыттар болды. Күндiз-түнi жұмыс жасаған аналарымыз да болды. Ол кездер келмеске кеттi. Сондықтан жұмыс уақыты бiткеннен кейiн, отбасыма, балаларыма көңiл бөлуге тырысам.

– Кеден саласында ер азаматтардың көбiрек жұмыс iстейтiнi белгiлi. Сiз осы мамандықты таңдағаныңызға өкiнбейсiз бе?

– Негiзгi мамандығым – экономист. Экономист маманына кез келген салада жұмыс iстеуге тура келедi. Ал кеден саласында мен сияқты мамандарға қиындық туа қояды деп ойламаймын. Әркiм өзiнiң iсiн шебер бiлсе, қызметiне деген қабiлетi жоғары болса, заңды бiлсеңiз, кез келген мамандықты меңгеруге болады.

Ал кедендегi мамандармен қызмет атқару жұмысы – Пернебекова Банудың мiндетi екен. 2008 жылы Астанадағы Қаржы полициясы академиясын бiтiрiп, жолдамамен осында қызметке келген жас қыздың алғашқы қадамы да кеден саласынан басталыпты. Банудың өз iсiнiң маманы екендiгiне әңгiме барысында көзiмiз жеттi. Кеденде өнерлi қыздар да жұмыс iстейдi. Олардың қатарында, Аида Сүлейменова да бар. Аида өзiнiң бишiлiк дарынын кеденшiлер арасында өткiзiлетiн түрлi байқауларда көрсетiп жүр. Тiптi кеден аралық байқауларға қатысып, жүлделi орындарды да иемденiп қайтыпты. Кеден саласында жүрген аруларымыз жетерлiк. Әрқайсысы да – өз iсiнiң шеберi. Ең бастысы, аруларымыз кеден iсiнiң бiлгiрi ғана емес, өз отбасыларында береке-бiрлiктiң ұйытқысы бола бiлген жандар. Бiр топ тiлшi қауым 8 наурыз халықаралық әйелдер күнi қарсаңында кеденшi аруларымызды арнайы құттықтап қайтқан болатын. Сол сапарда бiлiктi, кәсiби мамандардың кәсiптерiне сәттiлiк тiледiк.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары