БҰЛ БҰЙРЫҚТЫҢ АРТЫНДА КIМДЕР ТҰР
БҰЛ БҰЙРЫҚТЫҢ АРТЫНДА КIМДЕР ТҰР
Таяуда әлденеге жүзi түтiгiп, күйiп-пiсiп қолында бiр буда қағазы бар таныс дәрiгер менiң алдыма келдi.
– Айналайын, Сәке-ау! Бiз адамдарды емдейтiн дәрiгермiз бе, әлде мақала жазатын журналист-жазушымыз ба немесе ғылым қуып жүрген ғылыми қызметкермiз бе?
– Ия? Не болып қалды? Ашуыңды басшы алдымен, содан кейiн түсiндiр… – деп әрiптесiмдi сабырға шақырдым.
– Бес жылда бiр өтетiн кезектi аттестациядан өтуге дайындалмақ болып, оған нендей құжаттар керек екен деп облыстық мекемеге барсам: "Қажеттi бiлiм көтерген оқуыңыз, олардың сағаты толық бар екен. Бiрақ республикалық ғылыми-медициналық журналда өзiңiз жеке автор ретiнде жариялаған екi мақалаңыз жоқ. Онсыз аттестацияға жұмысыңызды қабылдамаймыз…" деп шығарып салды. Бiз өзi не болып барамыз?! Онсыз да күнi бойы қолымыздан қаламсап түспей, ауруларға тиiстi қағаз толтырамыз. Уақытымыздың басым көпшiлiгi қағаз жазумен өтедi, тiптi аурулармен жөндi сөйлесуге, клиникалық ойлауға мұршамыз жоқ. Ендi келiп бес жылда ең кем дегенде ғылыми журналдарға 5 мақала жариялауың керек, оның 2-i жеке автор ретiнде болуы тиiс деп құжаттарымды керi қайтарды. "Ол қайдан шыққан заң?" деп едiм, қолыма елiмiздiң Денсаулық сақтау министрлiгiнiң 6.11.2009 жылғы №661 "Денсаулық сақтау саласында квалификациялық емтихан өткiзудiң тәртiбiн бекiту туралы" бұйрығының (оған қол қойған министрдiң мiндетiн атқарушы Б.Садықов) көшiрмесiн ұстатты. Бұйрық мәтiнiн оқып шығып, жүрегiм қысылып, құлап қала жаздадым. Мынаған көңiл аударыңызшы…– деп маған әлгi бұйрықтың 3-шi қосымшасын ұсынды.
Бұйрықпен мұқият танысып шықтым. Шынында да таңғаларлық жай мұнда мол екен. Мысалы жоғары санатты дәрiгер-хирург атану үшiн кемiнде 9 жыл хирург болып еңбек етiп, бiлiм жетiлдiру институтында 216 сағат дәрiс тыңдап, журналдарда 5 мақала жариялап және оның 2-i жеке автор ретiнде жарық көруi керек екен. Ал нейрохирургтар, кардиохирургтар, көз дәрiгерлерi, тамырды емдейтiн ангиохирургтар 10 мақала жариялап, оның 3-iн жеке автор ретiнде жазуы керек екен. Тағы бiр қосымшада әлгi мақалалар жария етiлетiн журналдардың тiзiмi келтiрiлiптi. Танысып болып ойға қалдым.
"Қатардағы жай дәрiгер қашан, қалай осыншама ғылыми мақала жазады? Оған барлық дәрiгердiң қабiлетi, мүмкiншiлiгi бар ма? Тiптi ғылыми-зерттеу орталықтарында қызмет етiп жүрген ғалым-дәрiгерлердiң өзi осыншама қатаң талапты орындай ала ма? Неге жай дәрiгерлердiң аттестациясын соншама күрделендiрiп жiбердi екен? Мақсат не? Осындай көп ой менi қалың ойға жетелей бердi…
Қазақта "жаны ашымастың қасында басың ауырмасын" деген сөз бар. Министрлiкте отырғандар әлгi бұйрықты дайындағанда не ойлады екен, шiркiндер? Мақсаттары – күн демей, түн демей, жар құлағы жастыққа тимей еңбек етiп жүрген қарапайым қатардағы ауылдың немесе қаланың дәрiгерлерiн кезектi аттестация кезiнде әлгi орындалмайтын қиял-талаптармен сүрiндiрiп, олардың квалификациялық категорияларын шегерудi мақсат еттi ме екен? Мүмкiн онсыз да мандырымсыз жалақы алатын дәрiгерлердiң категория үшiн төленетiн қаржысынан үнемдегiсi келдi ме екен? Немесе республика бойынша шығып жатқан пәленбай журналдардың жұмысын жандандырып, дәрежесiн, редакциялардың "қалтасын" толтырмақ болды ма? Әйтпесе ақылға сыймайтын әлгiдей бұйрық шығару қажет пе едi?! Жарайды, дәрiгер әупiрiмдеп жүрiп (бiреуге пұлын берiп, жалынып жүрiп) бiрнеше мақала дайындады-ақ делiк. Ендi оны медициналық журналдардың редакциясына жеткiзсе, олар әп сәтте калькуляторда есептеп жiберiп, "мына мақалаңызға мыншама, ал мынаған соншама тенге" деп дәрiгердiң қалтасынан әр мақалаға 15-30 мың теңге (мақаланың көлемiне қарай) ақшасын қағып алады. Және ол таяу кезде жариялана қоймайды, өйткенi онда да ұзын кезек. Бүкiл республика бойынша қанша дәрiгер бар екенiн есептеп көрiңiз, солардың барлығы ғылыми-практикалық мақала жазса, олардың кiм болғаны. Сiрә, әлгi таныс дәрiгер айтқандай, барлығы ғалым, журналист болып кетпей ме? Тағы бiр таңғаларлығы, бұйрықтағы тiзiмге кiрмеген журналдарда жарияланған мақалаңыз есепке алынбайды. Ол бос әурешiлiк. Сондықтан дәрiгер мақаласын жариялайтын журнал iздеп сарсаңға түседi. Шындыққа келгенде, сондай қиындық жай, қатардағы әр дәрiгерге қажет пе?
Ендi әлгiдей жолмен жазылған мақалалардың сапасына қараңыз. Оның басым көпшiлiгi бұрынырақ жарық көрген басқа журналдардан, ғылыми топтамалардан, тiптi базбiрi интернеттен көшiрiлiп алынған шала дүниелер. Ондай жолмен дайындалған мақалалар ғылымға, практикаға не жаңалық әкеп қосады? Егер олай десек, қара жаяу дәрiгер дайындаған әлгi мақалалар кiмге қажет? Қайдам бiзде сұрақ көп, жауап жоқ.
"Сүрiнгенге жұдырық" дегендей қазiрдiң өзiнде мен бiлетiн бiраз дәрiгерлер аталған бұйрықтың мақала жариялау жөнiндегi талабын орындай алмай бұрынғы квалификациялық категорияларын қорғай алмай, айлықтан қағылып, категориядан айрылып, санатын жоғалтып, жай сертификатпен сүрiнiп-қабынып "өлме жаным, өлме" деп аздаған айлығын қанағат тұтып, әрi қарай еңбек етiп жүр. Ендi қайтсiн, не амал бар? Шағынып кiмге барады? Ақылға салайықшы, дәрiгердiң бiлiктiлiгiн журналда жариялаған мақалаларымен бағалау дұрыс па өзi?
Осындай жай тек бiздiң бiр Жамбыл облысында емес, республикамыздың барлық өңiрде болып жатқан дәрiгерлердiң жүйкесiн тоздыратын бей-берекесiз iс-әрекет. Сондықтан да республика бойынша аттестациялық санаты бар дәрiгерлер саны жылдан жылға төмендеп барады. Талай дәрiгерлер аттестациядан өтетiн қатаң талаптарды орындай алмайтынын алдын-ала сезiп, барлығына қолдарын бiр сермеп, еш категориясыз-ақ қызметiн адал орындап жүрiп жатыр. Онсыз да жаңа реформалармен басы қатып жүрген қарапайым дәрiгердiң шерi мен мұңын кiм тыңдап, зарына кiм құлақ асады?
Ой елегiнен өткiзсек, бұл бұйрық қарапайым дәрiгерге жасалған нағыз қыспақ, қатiгездiк, қастандық емей немене? Аталған бұйрықтың артында кiмдер тұр? Олар кiмнiң "шотын" қағып жүр? Әлгi бұйрықтың орындалуын қадағалайтын мекемелер, комиссия құрамындағы әпербақан, шаш ал десе бас алуға дайын тұратын "жандайшаптар" әр жерден-ақ табылар, бiрақ айтыңыздаршы, оның заңдылығын кiм қадағалайды? Дәрiгердi кiм қолдайды, қорғайды? Сiз бұған не дейсiз, ағайын?!
Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы