Астанада патрульдік полиция полкінің қызметкерлерінің үйлесімді әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында 35 жастағы қала тұрғынының өмірі аман сақталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«102» арнасына хабар түн ортасында келіп түсті. Ер адам өзі қоңырау шалып, подъездің 13-қабатындағы балконнан секірмек болғанын айтты. Полицейлер оқиға орнына жеткенде, ол жартылай асылып тұрған.
Оқиға орнына полиция полкінің капитаны Ермек Жәкен мен аға лейтенант Танат Бостанов дереу аттанды. Жағдайды бағамдаған олар ер адаммен сақтықпен сөйлесіп, оны қайғылы қадамнан айнытуға тырысты.
Тәртіп сақшылары подъезге жасырын кіріп, қажетті қабатқа көтерілді. Шешуші сәтте олар жылдам әрекет етіп, ер адамды ұстап қалды да, оның өмірін құтқарып қалды.
Зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілді. Қазір оның өмірі мен денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ.
Бұл оқиға – дер кезінде көрсетілген қамқорлықтың қаншалықты маңызды екенін еске салады. Уақытылы араласу, шынайы жанашырлық пен көмектесуге дайындық біреудің тағдырын өзгерте алады. Кейде адамның орны толмас қадамға бармауына бір ғана әңгіме жеткілікті.