Жезқазғанда прокуратура ғимаратын досының үйімен шатастырған тұрғын 5 тәулікке қамалды

/
Жезқазғанда прокуратура ғимаратын досының үйімен шатастырған тұрғын 5 тәулікке қамалды
2gis.kz

Жезқазған қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында азамат «Т»-ға қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сотта анықталғандай, 30 тамызда сағат 05:23 шамасында азамат «Т» масаң күйде бола тұра Ұлытау облысы прокуратурасының ғимаратының қақпасын досының үйі деп ойлап, қақпаны аша алмағаннан кейін ұрып-соққан және қақпа жанындағы темір парақты қасақана бүлдірген.

Сот отырысында Ұлытау облысы прокуратурасының өкілі келтірілген шығынның мөлшері – 259 484 теңге 40 тиын екендігін мәлімдеді және шығынның ішінара өтелгенін хабарлады.

Құқық бұзушы сотта өз кінәсін мойындап, істеген әрекетіне өкінетінін жеткізді; сондай-ақ шығынның жақында толық көлемде өтелетінін айтты. Медициналық куәландыру нәтижесі бойынша азамат «Т» орташа дәрежелі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.

Сот оған 5 (бес) тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары