Қазақстандық әнші Amre халықаралық “Интервидение – 2025” байқауында “Дала таңы” туындысын орындамақ, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл ән ұсынылған 10 нұсқаның ішінен таңдалған. Музыкасын орындаушының өзі жазса, сөзін ақын Саят Рахымжанов жазған.
Байқаудағы Amre-нің өнер көрсетуі ерекше болмақ. Өнер иесімен бірге сахнаға сегіз жастағы Жасмин Қайратқызы шығады. Ол – қазақстандық делегацияның ең жас мүшесі. Арнайы кастингке қатысқан 100 үміткердің ішінен Жасмин үздік деп танылды. Қойылымның толық мазмұны әзірге құпия сақталуда, алайда өзге елдердің қатысушылары нөмірге жоғары баға берген.
"Бұл ән тек осында ғана емес, қатысушылардың барлығының жүрегін жаулап алды. Олар әуенін бірге айтып, сүйсіне қабылдап жатыр. Біздің басты мақсатымыз – бұл туынды Қазақстанда да хитке айналуы. Ол Отанға деген махаббатты паш ететін патриоттық әндердің көшбасшыларының бірі болсын дейміз", – деді Қазақстан делегациясының бас продюсері Алтынбек Рахметов.
Байқауға 23 елдің орындаушысы қатысып жатыр. Финалды 20 қыркүйек күні сағат 22:30-да “Еуразия бірінші арнасы” тікелей эфирде көрсетеді.