Непалдың құқық қорғау органдары өткен аптадағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде түрмелерден қашқан 5 495 тұтқынды ұстады. Әлі де 8 800-ден астам адам іздеуде жүр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Nepal News порталы елдің Түрмелерді басқару департаментінің дерегіне сүйеніп жазды.
Мәліметке сәйкес, жалпы саны 13 600-ге жуық адам Непалдың әртүрлі қалаларындағы 27 түзеу мекемесінен қашып шыққан. Бұған дейін елдегі түрмелерде 29 000-нан астам адам отырған. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға арналған түзету орталықтарынан қашқан 964 баланың 244-і ұсталғаны хабарланды.
The Kathmandu Post басылымы полицияға сілтеме жасап, қашқандардың арасында кісі өлтіру, зорлау, адам ұрлау және адам саудасы үшін сотталғандар барын жазды. Қашқындарды іздеуге әскер мен полиция жұмылдырылған.
Өткен апта басында Катманду мен Непалдың басқа қалаларында жемқорлыққа және әлеуметтік желілерге тыйым салуға қарсы наразылықтан кейін тәртіпсіздіктер басталды. Негізгі қатысушылар — студенттер мен Gen-Z жастар қозғалысының белсенділері. Олар мемлекеттік мекемелердің, соның ішінде парламент, Жоғарғы сот, прокуратура ғимараттарын өртеп, саясаткерлер мен шенеуніктердің үйлеріне шабуыл жасады. Салдарынан 70-тен аса адам қаза тапты, 1 300-ден астамы жараланды.
12 қыркүйекте Непалдың бұрынғы Жоғарғы сот төрайымы Сушила Карки уақытша үкімет басшысы болып тағайындалды. Ол ел тарихында бұл қызметке келген алғашқы әйел атанды. Каркидің айтуынша, уақытша үкімет билікте алты айдан артық болмайды. Жаңа парламент сайлауы 2026 жылдың наурызының басында өтеді деп күтілуде.