Қайнар ҚОЖЫМОВ: ЭКОНОМИКА ӨСIМI ҮШIН САРАПТАМА ҚАЖЕТ

Қайнар ҚОЖЫМОВ: ЭКОНОМИКА ӨСIМI ҮШIН САРАПТАМА ҚАЖЕТ

Қайнар ҚОЖЫМОВ:  ЭКОНОМИКА ӨСIМI ҮШIН САРАПТАМА ҚАЖЕТ
ашық дереккөзі
222

Бiр жыл бұрын Қазақстанда жаңа жеке құрылым – Инвестициялардың тиiмдiлiгiн зерттеу (ИТЗА) жөнiндегi агенттiгi пайда болды. Оның мақсаты – отандық және әлемдiк экономиканың негiзгi салаларына шолу мен талдау жасау. Осы орайда ИТЗА директоры Қайнар Қожымов Қазақстан экономикасы туралы, оның iшiнде iскерлiк сараптама хақында кеңiрек баяндайды.

– Қайнар Хайратұлы, Қазақстанда бiзбен сараптамалық қызмет көрсету нарығына қандай баға бересiз?

– Қазақстандық сараптамалық қызмет көрсету нарығына баға беру қиындау, өйткенi бұл нарық көп бөлiктерден тұрады және онда iрi қатысушылар жоқ. Сонымен бiрге жекелеген инвестициялық компаниялар мен банктерде мықты сараптамалық қызмет көрсету орталықтары, сондай-ақ Досым Сәтбаевтiң "Қауiптердi бағалау тобы", Ораз Жандосовтың "Ракурс", "Zertteu DC Group" және басқа да мықты сараптамалық ұйымдар бар.

Бiз бұл нарық туралы нақты мәлiметтердi әлi бiлмеймiз. ҚР Статистика агенттiгiнiң бағалауынша, 2009 жылы кеңес беру саласы 84 млрд. теңгеге және ақпараттық қызмет көрсету саласы 17 млрд. теңгеге бағаланды. Iскерлiк аналитиканың қандай орын алатындығы туралы айту қиын.

Менiңше, қазiргi уақытта қазақстандық бизнес өз күшiн қолданып, өз жұмысына мықты талдаушыларды белсендi түрде тартуға әлi де дайын емес. Iрi компаниялар болса iрi шетелдiк сараптамалық компанияларды тартуда. Мысалы, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ және оның еншiлес ұйымдары McKinsey немесе Boston Consulting жиi өз жұмысына тартты, ал ИЖТМ және Kaznex ресейлiк Strategy Partners компаниясының қызметiн пайдаланды, бiрақ негiзiнен бұл компаниялар сараптамалық агенттiктер болып табылмайды. Менiң ойымша, бұл iспен байланысты белгiлi бiр жұмысты отандық сараптамалық компаниялар да атқара алады. Мұндай жағдай мол тәжiрибесi бар iрi компаниялардың жоқ болуына байланысты шығар.

Сонда да бұл саладағы бәсекелестiктiң күшеюiне байланысты (оның iшiнде Ортақ экономикалық кеңiстiктiң құрылуы нәтижесiнде) бiз мықты сараптамалық ұйымдарына сұраныстың өсуiн күтудемiз. Әрине қазiр Қазақстан нарығына ресейлiк және белорусиялық талдаушылар да келедi, сондықтан олармен тиiмдi бәсекелесу үшiн бiз олардың келуiне дейiн белгiлi бiр беделге ие болсақ деймiз.

– Нақты айтқанда ИТЗА қандай зерттеулер жүргiзедi және олар кiмге арналады?

– Бiздiң агенттiкте макроэкономика, мұнай-газ саласы, кен металлургиялық кешен (КМК), банк секторы және басқа салалар бойынша мықты талдаушылар жиналған. Мысалы жақында ИТЗА бас талдаушысы Гүлнұр Рахматулина өзiнiң "Кедендiк одақ (КО) шеңберiнде ҚР-да мұнай өнiмдерi нарығының дамуы" атты зерттеуiн уақтылы аяқтады, онда ол КО үш қатысушы елдiң бұл салада алатын орнына талдау жасады. Мұрат Абулгазин "Мұнай мен газ саласында ҚХР мемлекеттiк саясатының одан әрi дамуына талдау мен болжау жасау" атты еңбегiн дайындаған. Бiздiң портфельде "Баламалы энергетиканың дамуы және оның мұнай-газ саласына әсерiн бағалау", "Жақын арадағы Қазақстанның электр энергетика секторының дамуының негiзгi бағыттары", "Қазақстан, Ресей, Әзiрбайжан, Иран, Қытай мен ЕО газ саласындағы iрi инвестициялық жобалар" және тағы басқа тақырыптар бойынша қызықты зерттеулер мен шолулар бар.

– Кеден одағына қатысты алғашқыда айтылған жұмыс туралы сөйлесейiк Қазақстанның мұнай-газ саласы және жалпы елдiң экономикасы үшiн оның пайдасы неде?

– Ең алдымен, жаһандану жағдайында аймақтық интеграцияға баламаның жоқ екендiгiн айтқым келедi. Бүгiн бiрде-бiр мемлекеттiң өз күшiмен әлемдiк қаржы-экономикалық дағдарыс салдарымен күресе алмайтындығы анық. Кедендiк одақ құрылуына байланысты ЖIӨ көлемi 2 трлн. АҚШ долларын құрайтын және халқы 180 млн. адамы бар iшкi нарық қалыптасып келедi. Сөйтiп оған қатысушы елдердiң өзара экономикалық ынтымақтастығы күшейiп, дағдарыстан кейiн олар бiрқалыпты дамуда.

Кедендiк одақтан түсетiн пайда қандай? Бұл ең алдымен бiздiң елдер арасындағы саудадағы кедергiлердi жою. Өткен жылдың 1 шiлдесiнен бастап, КО iшкi шекараларындағы кедендiк рәсiмдеу жойылды, ал биылғы жылдың 1 шiлдесiнен бастап, кедендiк бақылау кедендiк территорияның сыртқы шекараларына ауысады. Сонымен қатар қазiргi уақытта КО мемлекеттерiнiң салық органдарының арасында өзара әрекеттесудiң электрондық форматы құрылып, тауарларды әкелу және салық төлеушiлердiң жанама салықтарды төлеу жөнiндегi мәлiмдемелермен үнемi алмасу жүргiзiлуде. Сыртқы сауда операцияларына қатысушыларына қосымша құнға салынатын салық (ҚҚС) пен акциздердi төлеу мерзiмi 50 күн кейiнге қалдыру мүмкiндiгi берiлген. Бұның барлығы, әрине КО мемлекеттерi арасында сауда-экономикалық қатынастардың кеңеюiне ықпал жасайтын фактор болып табылады.

Ендi КО-ын құру мұнай-газ саласында осы үш мемлекеттiң арасындағы ынтымақтастықтың күшеюiне ықпал жасайтындығы туралы мынаны айтуға болады. Бiрiншiден, жаңа одақ шеңберiнде тауар қозғалысын жылдамдату үшiн жағдайлар жасалуда, бұл iшкi нарықтың сапалы мұнай өнiмдерiмен толтырылуынан көрiнедi. Екiншiден, инвестициялық ынтымақтастық жанданады. Атап айтқанда, 2010 жылы "Газпром нефть – Қазақстан" ЖШС Қазақстанда жанармай құю станцияларын (ЖҚС) салу мен оларға қызмет жасау үшiн 6 жер телiмiн сатып алған едi. Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тиiмдi қатынастардың дамуы елiмiзде сатылатын ресейлiк мұнай өнiмдерi бағасын төмендетуге және оларды сату кезiнде делдалдарды алып тастауға мүмкiндiк бередi.

Мұнай-газ саласындағы осы үш мемлекет арасындағы өзара әрекеттесуiнiң тереңдеуi үшiн мемлекетаралық деңгейде өткен жылдың 9 желтоқсанында қабылданған Қазақстан, Беларусь және Ресей ортақ мұнай және мұнай өнiмдерi нарығын ұйымдастыру, басқару, iске қосу және дамыту тәртiбi туралы Келiсiм ерекше мәнге ие. Осы құжатқа сәйкес Тараптар өзара саудада мөлшерлiк шектеулер мен экспорттық кедендiк баж салықтарын қолданбайды. Кедендiк одақ шеңберiнде мұнай және мұнай өнiмдерiн тасымалдауға арналған ортақ тарифтер енгiзiлуде. Сонымен қатар Тараптар жыл сайын мұнай және мұнай өнiмдерiн шығару, тұтыну, жеткiзу, импорттау және экспорттау индикативтiк тепе-теңдiгiн үйлестiрiп, бұл КО мемлекеттерiнiң ортақ мұнай нарығының тепе-тең дамуына ықпал жасайды.

– КО шеңберiндегi Ортақ экономикалық кеңiстiктiң қалыптасуына байланысты қазақстандық кәсiпкерлер қандай пайда алады?

– Сол жылғы 9 желтоқсанда ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесiнде президенттер деңгейiнде Ортақ экономикалық кеңiстiктi қалыптастыру туралы негiзгi келiсiмдердiң қабылданғаны есiңiзде шығар. Бұл үйлесiмдi экономикалық саясатты жүргiзу, капиталдың, жұмыс күшiнiң еркiн жүруi, инфрақұрылымдық салаларында (энергетика, көлiк, байланыс) өзара әрекеттесу және техникалық реттеу туралы келiсiмдер болып табылады. Бұл құжаттар Ортақ экономикалық кеңiстiк (ОЭК) төрт принциптерiнiң (тауарлар, қызмет көрсету саласы, капитал және жұмыс күшi қозғалысының еркiндiгi) негiзi болып саналады. ОЭК шеңберiнде бәсекелестiктiң бiрыңғай жағдайлары құрылуда, бұл ЕурАзЭҚ мемлекеттерiне бизнестегi тең жағдайларда өзара әрекеттесуiне мүмкiндiк бередi. Инфрақұрылымға (құбыр және темiр жол транспорты) жасалған кедергiлер жойылып, ортақ тарифтiк саясат принциптерi енгiзiлiп жатыр. Бiздiң тауар шығарушылар Ресей, Беларусь нарықтарына кiрiп, олардың әрiптес мемлекеттердегi сабақтас кәсiпорындардың капиталына қатысу мүмкiндiктерi артуда. Сондай-ақ, ОЭК құру iшкi нарықта және КО мемлекеттерiнiң нарығында елiмiздiң бизнесiнiң жандауына көп мүмкiндiктер туғызады деп ойлаймыз.

ОЭК шеңберiнде қабылданған келiсiмдер республиканың кен-металлургиялық кешенiнiң (КМК) дамуына ықпал етуi мүмкiн. ОЭК шеңберiнде көлiк саласында ортақ тарифтiк саясаттың қалыптасуы мен темiр жол тарифiнiң төмендеуi Қазақстанда КМК саласындағы артықшылықтарды едәуiр кеңейтуi мүмкiн. Электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар туралы келiсiм КО шеңберiнде ортақ электр энергетикалық нарықты қалыптастыру үшiн жағдайлар жасайды. Үш ел КО шеңберiнде электр энергияны еркiн сатуына мүмкiндiк алады. Бұл Қазақстан үшiн де экспортты дамытуға қосымша мүмкiндiк бередi.

Сөйтiп ортақ экономикалық кеңiстiк Қазақстан экономикасының дамуы және халықтың әл-ауқаттылығының өсуi үшiн жаңа күш бередi.

– Қайнар Хайратович, Сiз өткен жылдың қорытындысын Қазақстан экономикасы үшiн жалпы қалай бағалайсыз?

– Өткен жыл Қазақстан мұнай-газ саласы үшiн сәттi болды. Мұнай мен газ өндiру көлемдерi өсiп, мәселен ҚР Статистика агенттiгiнiң мәлiметтерi бойынша 2009 жылдағы деңгейге қарағанда мұнай өндiру, оның iшiнде газ конденсаты 79,5 млн. тоннаны құрап, 4% дейiн, ал табиғи газ 37,1 млрд. текше метрдi құрап, 4,3% дейiн өстi. Бұл негiзiнен Теңiзшевройл (ТШО) көрсеткiштерiнiң өсуiне байланысты болса да, 2010 жылы "ҚазМұнайГаз" (ҚМГ) ұлттық компаниясы Қазақстандағы көмiрсутектер өндiрiсiнде өз үлесiн көбейтiп, бiрқатар келiсiмдер жасады. Өткен жыл осы компания үшiн табысты болды десе болады. Өйткенi ҚМГ БӨ тұңғыш рет халықаралық деңгейге шығып, ол әлемнiң ең iрi мұнай-газ компанияларының консорциумында Ирактағы және Солтүстiк теңiздегi жобаларға қатысты. Егер Қазақстандағы мұнай өндiру саласындағы жағдайға қайта оралсақ, бұл салада қытай корпорацияларының рөлiнiң күшеюi туралы аңыздарды жоққа шығарғым келедi, бiздiң бағалауымызша, аспанасты елi компанияларының үлесi (жаңа сатылымдар жоқ болған кезде) 2020 жылға қарай 15% дейiн төмендейдi.

Мұнай-газ саласымен қатар экономиканың негiзгi саласының бiрi болып табылатын Қазақстанның кен-металлургиялық кешенi (КМК) жыл сайын сомасы 8,5 млрд. АҚШ долларын құрайтын өз өнiмiнiң 95% сыртқа шығарды. Негiзiнен, бұл түстi металлдар – мыс, мырыш, қорғасын, алюминий, ал қара металлургияда – "Төртiншi қайта өңдеу илемi". Өнiм импортының көлемi 6 млрд. АҚШ долларын құрайды. Сонда да бұл саладағы елiмiздiң iрi өндiрушiлерi болып саналатын "Eurasian Natural Resources Corp." корпорациясында және "Қазақмыс" тобында 2009 жылға қарағанда өндiрiс көлемiнiң өсуi байқалмайды, тiптi кейбiр салаларда төмендеу байқалады, бiрақ әлем нарығындағы бағалардың қолайлы көтерiлуi оларға үлкен пайда алуға мүмкiндiк бередi.

Қазақстанның банк секторы үшiн де өткен жыл бiршама тұрақты болды. Негiзiнен салымшылардың сенiмiн қайтару iске асты, бүкiл жыл бойы жеке және заң тұлғаларының салымдарының өсуi бұған дәлел. Бiрақ банк секторының қарыз портфелiнiң сапасы әзiрше тиiстi деңгейде емес. Жалпы айтқанда, жағдайдың жақсаруы үш банктердiң ("БТӘ Банк" АҚ, "Альянс Банк" АҚ және "БТӘ БАНК" АҚ Еншiлес ұйымы – "ТЕМIРБАНК" АҚ) табысты қайта құрылуы салдарынан болды, нәтижесiнде бүкiл секторда мiндеттемелер саны едәуiр азайды. "Мастербанк" АҚ банкi заңмен қарастырылған банк және өзге операцияларды жүргiзуге арналған еркiн лицензияларды қайтарып алды. 2010 жылдың I тоқсанында жаңа банктiң – "Al Hilal" Ислам Банкiнiң пайда болуы шетел банктерiнiң Қазақстан банктерiнiң мәселелерiне байланысты құрылған бос орынды толтырғысы келетiндiгiн көрсеттi.

– Және сiздiң 2011 жылға болжамыңыз қандай болмақ?

– Экономикалық өсу үрдiсi, менiң ойымша, 2011 жылы да сақталып қалатын сияқты. Неге десеңiз, бiрiншiден экономиканың нақты секторларын қаржыландыру өседi деп күтiлуде. Күн тәртiбiнде республиканың индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын iске асыру, маңызды инвестициялық жобаларды ("Бейнеу-Бозой-Ақбұлак" газ құбырын салу, транспорт инфрақұрылымын жетiлдiру, Қысқы Азия ойындарына арнап салынған нысандарды тапсыру мәселелерi) жүзеге асыру тұр. Екiншiден, әлеуметтiк мәселелердi (зейнетақы мөлшерiн көбейту, денсаулық сақтау мен бiлiм беру жүйесiн белсендi түрде дамыту, үлескерлердiң мәселелерiн шешу) белсендi түрде шешу жоспарланады. Жалпы айтқанда, 2011 жылы республикалық бюджеттiң шығындары 4 643,8 млрд. теңгенi құрайды.

– Сiздiң ойыңызша, Қазақстандағы шетелдiк инвесторлар үшiн сiздiң агенттiк сияқты құрылымдардың қызметiнiң маңыздылығы мен қажеттiлiгi қаншалықты болмақ?

– Шетел инвесторлары қазақстандық компаниялардың аналитикалық қызметтерiнiң әлеуеттi тұтынушылары болып табылады. Өйткенi Қазақстанда орналасқан қазақстандық талдаушылар ақпаратты ең бiрiншi болып алады. Сондай-ақ, олар алуан түрлi жағдайларды әдiлеттi бағалауға және экономика мен қауымдағы үрдiстердi анық көруге мүмкiндiктерi бар.

Өкiнiшке орай, қазiргi уақытта шет ел инвесторлары Қазақстан экономикасын инвестициялау туралы шешiмдерiнде негiзiнен шетел кеңес берушiлердiң талдауына көп мән бередi. Бiрақ бұл жергiлiктi нарықта өз қызметтерiн сыртқа шығара алатын және халықаралық нарықта өз беделiн көтере алатын iрi немесе беделi бар аналитикалық агенттiктердiң жоқтығына және шетел компанияларына қарағанда жергiлiктi компанияларды бiлмеуiне байланысты болып отыр.

Беделдi болу үшiн, ең алдымен iшкi нарықта даму, тәжiрибе жинақтау және алға жылжу керек. Негiзгi мәселе белгiлi әдiстер арқылы талдау жасай алатын және жаңа белгiлi емес талдау құралдарын ұсына алатын бiлiктi мамандардың жоқтығы болуы мүмкiн.

Дайындаған Е.Бектас

Серіктес жаңалықтары