САҚТАНҒАНДЫ САҚТАЙДЫ...
САҚТАНҒАНДЫ САҚТАЙДЫ...
Алматының сейсмологиялық тұрғыда қауiптi аймақ екенi баршаға белгiлi. Қазақстан тарихындағы ең қуатты жер сiлкiнiсiне биыл 100 жыл толды. 1911 жылдың қаңтар айында магнитудасы 10 баллдық (!) жер сiлкiнiсiнiң Алатау аңғарын дүр сiлкiндiргенiн тарих жақсы бiледi. Соның алдында ғана 1887 жылы бiр дiрiлдеген Жетiсу алқабы бұл жолы ғимараттар мен үйлердiң алып қирандысына айналған.
Алапат жер сiлкiнiсi таңғы сағат төрт жарым кезiнде болған. Сейсмикалық белсендiлiктiң орталығы – Iле Алатауы. Зiлзаланың жаңғырығы бүкiл Батыс Азияны көктей өтiп, Мәскеу мен Петербургке, солтүстiк-шығыстағы Омбы мен Томскiге дейiн жетiптi.
Ол – сейсмология тарихындағы ең iрi жер сiлкiнiсi едi. Қуаты 5-7 баллдық жер сiлкiнiсi бiр ай бойы жиi қайталанып тұрған. 32 мың адам тұратын Верный қаласы тұтастай дерлiк қирандыға айналды. Панфиловшылар саябағындағы тек ағаштан салынған кафедралды собор аман қалған. Сол кезде архитектор Андрей Зенков өз туындысының алапат жер сiлкiнiсiне мызғымағанын көрiп, еңiреп жылап жiберген деседi. Ал биiктiгi 57 метрлiк бұл шiркеу сол замандағы Жетiсудағы ең биiк ғимарат болатын.
Әлемдiк статистика бойынша, қуаты 7 баллдан асатын жер сiлкiнiсiнiң бiр ауданда қайталануы тек 100-150 жыл өткеннен кейiн ғана жүзеге асатын көрiнедi. Қазiр Алматы сол кезеңдi артқа тастап отыр.
Сонымен солтүстiк тяньшаньдық сейсмикалық аймақ катаклизмдiк белсендiлiктiң жаңа кезеңiне келiп отыр. “Алматы жер сiлкiнiсiне қаншалықты дәрежеде әзiр?” – деген сауал ақпарат көздерiнен бастап, ғаламторға дейiнгi дерек көздерiн жаулай бастады. Кейбiр деректерге сенсек, аймақтың сейсмикалық картасы 1983 жылдан берi жаңартылмапты. Сондай-ақ соңғы кезеңде салынған ғимараттар аса қауiптi деп есептелетiн 5 тектоникалық аймақта тұр. Ол да – ойланарлық жағдай.
Ал қаупi басым тектоникалық аймақтарға келсек, олар жердiң терең қабатында – 1,2 мың метрде әрi қаланың астын түгел қамтып жатыр. Негiзгi диагональды тектоникалық аймақ әл-Фараби даңғылын көктей өтiп, Республика Алаңы, Абай даңғылына, Құрманғазы, Қонаев көшелерiне дейiн жетедi. Ал солтүстiктегi қатерлi аймақ Сайран көлi төңiрегiнен басталып, орталық саябаққа келiп тiреледi.
Негiзгi "Алматылық" деп аталатын тектоникалық аймақ Саин мен Райымбек көшелерiнiң, Рысқұлов және Сейфуллин даңғылдарының төңiрегiнде, оның шетi Кiшi станицаға келiп тiреледi екен.
Сондай-ақ жер сiлкiнген жағдайда оның әсерi Алматы төңiрегiндегi Аққайнар, Өжет, Қарасу ауылдарын да қамтымақ.
Ғалымдар дерегiне жүгiнсек, тектоникалық құбылыстарды зерттеу барысында ондағы родон газының бөлiнуiнiң молдығы аңғарылып отыр. Сол газ жабық ғимараттарда жиналып, қатерлi ахуал қалыптастырмақ. Сондықтан мамандар сейсмикалық қатерi басым аудандардағы жабық ғимараттарды жиi желдетiп отыруға кеңес бередi.
Таяуда Алматы қаласында Апаттар қатерiн қадағалау жөнiндегi экономикалық әрiптестiк Ұйымының халықаралық конференциясы болып өттi. Жетiсу өңiрi сейсмикалық белсендiлiктiң жаңа кезеңiне iлiккен кезде мұндай конференцияның дәл Алматыда өтуi де ойымызды сан-саққа жүгiртедi. Конференция барысында алаңдарлықтай мәлiметтер белгiлi болған. Жиын қорытындысына көз салсақ, Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйлердiң тек 30 пайызы ғана 8-9 баллдық сiлкiнiске, 45 пайызы 7 баллдық сiлкiнiске шыдас бере алатын көрiнедi. Ал қалған ғимараттардың 25 пайызы сейсмикалық тұрғыда сенiмсiз, яғни қатерлi. Олардың арасында ауруханалар, балабақшалар мен мектептер бар.
Кеңестiк дәуiрде салынған ғимараттардың құрылысына дiрiлдеткiш машиналар арқылы сынақ жүргiзiлдi. Алайда соңғы кезеңде еуростандарт бойынша көптеген каркасты биiк қабатты үйлер салынып жатқан Алматыда iшiнара болмаса мұндай сынақтар өтпейтiн сияқты. Қала тұрғындарын қазiр ойландырып отырған мәселенiң бiрi де – осы.
Осыдан бiрнеше жыл бұрын Алматыдағы 50-шi жылдары салынған үш қабатты кiрпiш үйлердiң бiрiне вибромашина көмегiмен осындай тексерiстер жүргiзiлгенi белгiлi. Тәжiрибе көрсеткендей 7-8 баллдық жер сiлкiнiсi жағдайында ғимараттардың iшкi жақтары опырылуы мүмкiн екен. Оны да қатерлi ахуалға жатқызуға болады. Сондай-ақ мамандар берген деректерге жүгiнсек, мегаполистiң Тимирязев, Бұқар жырау, Масанчи көшелерiндегi ескi үйлердiң де жағдайы оңып тұрған жоқ.
Төтенше жағдай мамандарының деректерiне қарағанда жер сiлкiнiсi болған жағдайда алдымен қам кесектен салынған және ескi кiрпiш үйлер қирайтын көрiнедi. Ал мұндай үйлердiң негiзi Алатау, Жетiсу, Түрксiб аудандарында.
Мегаполис тұрғындарын ойландырып отырған тағы да бiр жағдай бар. Алматыда 60-шы жылдары салынған тұтас мөлтек аудандар бар. Ондағы үйлердiң негiзi Алматы үй құрылысы комбинаты салған панелдi үйлер. Яғни бiр-бiрiне арматуралар арқылы дәнекерленiп, бетонмен ұстатылған. Ал қала тұрғындарының негiзiне пана болып отырған мұндай ғимараттар жер сiлкiнiсiне қаншалықты дәрежеде төтеп бере алады?
Мамандар бұл орайда 7 баллдық меженi айтып отыр.
Соңғы деректерi бойынша Алматы қаласы аймағында 300-ден астам өртенуге бейiм объект бар екен. Мегаполистердегi жанармай құю бекеттерiнде 20 мың тоннадан астам бензин мен дизель отыны бар. Сондай-ақ химиялық тұрғыда қатерлi объектiлердегi аммиак пен хлордың үлес салмағы 36 тонна көрiнедi. Қатты жер сiлкiнiсi болған жағдайда қалада 500-ден астам өрт оқиғалары бiрден тiркелуi мүмкiн деген болжамдар да айтылуда.
Әманда әрекет – адамнан, әдiлдiк – Алладан. Десек те жоғарыда келтiрiлген ғылыми деректердi алға тарта отырып, жергiлiктi үкiметтiң жер сiлкiнiсiнiң қатерiн естен шығармауы керек деп бағамдаймыз.
Өмiрзақ МҰҚАЙ