Давос экономикалық форумы: КЕЛЕСI ДАҒДАРЫС ҚАШАН?
Давос экономикалық форумы: КЕЛЕСI ДАҒДАРЫС ҚАШАН?
Жыл сайын дәстүрлi түрде өткiзiлетiн экономикалық форум ғаламдық маңызы бар деген тақырыптарды тағы бiр тiзiп шықты. 41 рет әккi сарапшылар бас қосып, түрлi проблемаларды талқыға салды. Швейцарияның бұл жолғы қонағы РФ президентi Дмитрий Медведев болғаны форумның тарихи маңызын арттыра түстi. Оның келуi Давос форумын мәшһүрлей түскен едi, себебi Ресей президентi ешқашан Экономикалық форумның есiгiн ашпаған екен.
Әрине мұнымен форумға Ресей федерациясы қатыспады дей алмаймыз. Экономика саласының өкiлдерi мен елшiлерiн жiберумен шектелiп отырған держава Экономикалық форумды бағаламай келсе керек. Бұл алып елдiң әлемдiк экономиканың бiр тетiгiн ұстап тұрғаны белгiлi. Ендеше форумға келген Дмитрий Медведев бұл жайтты атаусыз қалдырмады. "Қазiр ресейлiк экономика мен құқықтық жүйенiң әлдi жақтарын тiзгеннен гөрi, бiздiң қысылтаяң уақыттағы қиыншылықтарымыз, әлсiз тұстарымыз бен шешiмi табылмаған проблемаларды таразылаған жөн", – дедi ол. Десе де форумға кешiгiп келген Медведев мырза iле-шала керi қайтты, себебi отанында орын алған лаңкестiк апат бiрталай жараның бетiн ашып берген сыңайлы. Десе де асығыс келiп-кеткен Медведев мырза форум спикерлерiне дамудың 10 жолын атап көрсеттi. Олардың қатарында бiр жерден реттелетiн iрi, көлемдi нарық құру, инновациялық кәсiпкерлiктi қолдау, инвестиция тарту және инфрақұрылымдық жобалар аталды. "Осы аталғандардың барлығы жекеменшiк және мемлекеттiк әрiптестiк арқылы жүзеге асады, олардың әрқайсысына бизнес жүргiзудiң оңтайлы қадамдары ұсынылады", – деп қайырды.
ФОРУМ ҚАНДАЙ БIТIМГЕ КЕЛДI?
Экономикалық форумның әлем мемлекеттерi үшiн проблемаларды ортаға салып, бiрлесе шешiм табу екенi белгiлi. Бiрақ дәстүрлi форумның нәтижесi тек талқымен аяқталып жатады. Десе де жаһан экономикасын назардан қалдырмайтын басқа да үлкен форумдардың осындай нәтижемен тынатынын сарапшылар да мойындап отыр. Дегенмен бұл жолы экономистер ортақ бiтiмге келудi қаласа керек. Себебi негiзгi тақырыптардың бiрi – адамға төнген қауiп-қатер, яғни табиғат апаттарының алдын алу мен террорлық әрекеттермен күрес. Әсте бұл екi жағдайды болжап, алдын ала iс-шара қолдану мүмкiн еместiгi айқын нәрсе.
Давос платформасының дәстүрлi де актуалды тақырыбы – әлемдiк экономика. Қаржы дағдарысынан басын көтерген мемлекеттердiң келесi қадамы қандай болмақ? Reuters сарапшыларының пiкiрiнше, мемлекеттер экономиканың қалпына келiп, әлемдiк көшбасшылардың бұрынғы iстерiмен, яғни экономикадан тыс шаралармен айналысатын уақыт жеттi деп есептейдi. Сондай-ақ форум сарапшылары келесi толқынның қайта айналып соғуы мүмкiн екенiн естен шығарған жоқ. Бұл орайда, Қазақстанда өткен бүкiләлемдiк экономикалық форум ерiксiз еске түседi. Өйткенi ол кезде алдағы әлемдiк қаржы дағдарысы ешкiмнiң қаперiне кiре қойған жоқ-ты. Iле-шала дүниежүзiн шарпыған дағдарыс БЭФ қатысушыларының есiн алған едi. Сондықтан бұл нәрсе кiм-кiмге де ауыр соққы болғаны рас.
Қазақстанға жылдам оралған Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Үкiмет отырысында форум қорытындыларын атап өттi. "Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мен кеше Давоста болдым. Жолдау жолданып болғаннан кейiн, уақыт айырмашылығына байланысты мен де экономикалық форумға қатысып, Мемлекет басшысының Жолдауын таныстыруға мүмкiндiк болды. Президент Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның қол жеткiзген жiтiстiктерi және Елбасының кешегi Жолдауы бүкiләлемдiк сарапшылар қоғамдастығы тарапынан зор қызығушылық тудырғанын айтып өткiм келедi", – дедi Үкiмет басы. Бұл жариялаудың елiмiзге инвестиция тартуда маңызды екенi белгiлi. Инвестиция демекшi, елiмiзге қызығып, көз салушылар да жоқ емес. Өйткенi Премьер-министр Давоста мұнай өндiрiсiндегi жетiстiктердi жайып салды. Мұнайдың рекордтық көрсеткiштерiн атаған Премьер елiмiздiң мұнай қоры бойынша 10 орында тұрғанын айтыпты. Қазақстан тәулiгiне 1,5 миллион баррель мұнай экспорттаса, алдағы 10 жылда бұл көрсеткiштi екi есеге ұлғайтып, 3 миллион баррельге жеткiзу қолға алынса керек. Мұндай көрсеткiштермен танысқан әлемдiк сарапшылар Қазақстанға қызығушылық танытып отыр, ҚР Президентiнiң Жолдауын да жоғары бағалаған көрiнедi. Кәрiм Мәсiмовтiң болжауынша, келесi онжылдықтың басты сұранысы атом энергиясы болады екен.
ЕУРОНЫҢ ҒҰМЫРЫ 2012-ге ДЕЙIН…
2010 жылы өткен форумда әлемдi дағдарысты болжаған экономист Нуриэль Рубини 2012 жылы еуроның кезеңi тоқтайды деген. Еуроодақтың екi жыл iшiнде құлайтыны туралы әлi де айтылып келедi.
Еуроодақ елдерi мен оның валютасын үлгiге алушы мемлекеттер қатары көбейген. Бiрақ олардың бүгiнгi жағдайы мәз еместiгi баршаға аян. Бұл туралы Давос форумы да үнсiз қалған жоқ. Еуропа елдерi ортақ нарықта ұстап тұрамыз деп жаһаннамға жар салса да, Грекияның жарасын жасыра алмады. Сөйтiп бюджет дефицитiне ұшыраған Афина 70 миллиард алып, дефицитiн азайтты. Бұдан кейiн Ирландия мәселесi де бұрқ ете қалды. Мемлекеттiк шығындарды қаржыландыру үшiн Ирландияға да қаражат бөлiндi. Ендi осы жағдай Пиреней түбегiнiң елдерi Испания мен Португалияның басына келiп тұр. Еуропа Қаржылық дағдарысты қайта бастан кешуде, ал АҚШ экономикасының бiршама жақсарғаны назардан тыс қалмады. Сонымен, Давос форумының көптеген сессиялары Еуропаға арналды. Бұл ретте Қытай мен Бразилия экономикасы үлгiге алынды.
Еуроодақ тағдырына алаңдаған миллиардер Джордж Сорос еуроның Еуроодақтың екiге бөлiп жiберу қаупi бар екенiн айтқан. Германия еуроның төменгi курсын ұстап отырғысы келедi, өйткенi немiстер экспортты бiржақты реттеп алған. Ал Пиреней түбегiнiң елдерi керiсiнше еуроның салығын көбейтудi талап етiп отыр. "Германияның даму көрсеткiштерi жақсы болғанмен, Грекия мен Португалияның қарыздары көп. Бiрақ Берлин Еуропада дезинтеграцияны болдырмайды", – дедi Германия канцлерi Ангела Меркель. Еуроны ұстап тұру жөнiнде Франция президентi Николя Саркози де баяндама жасады. "Бiз ешқашан еуроның құлдырауына жол бермеймiз, уәде ете алам. Еуроның құлауы үлкен апаттарға әкеледi, сондықтан бұл идеямен ойнаудың қажетi жоқ", – дедi.
Бүкiләлемдiк экономикалық форум – үкiметтiк емес ұйым. Халықаралық әрiптестiктi дамыту мақсатында ұйымдастырылады. Форум Швейцарияның Давос қаласында өтедi, бiрақ түрлi мемлекеттерде iскерлiк шаралардың ұйымдастырушысы ретiнде танылған. 1971 жылы құрылып, 1000-нан астам iрi компаниялар мен әлем мемлекеттерi мүше болған. 1987 жылы БӘФ атауына ие болып, жыл сайын дәстүрлi түрде өткiзiледi.
Ақниет ОСПАНБАЙ