YШ МЫСАЛ, БIР ТYЙIН

YШ МЫСАЛ, БIР ТYЙIН

YШ МЫСАЛ, БIР ТYЙIН
ашық дереккөзі
253

"Денсаулық – зор байлық". Бабалардан жеткен асыл сөз. Қай елдiң әлеуметтiк жағдайы жақсы болса, сол ел тұрғындарының денсаулығы да жақсы. Әзiрге бұл жағдай батыс Еуропа мен шығыстың дамыған елдерiне ғана тән. Ал бiздiң елдегi халықтың денсаулығы қандай күйде? Медицина мамандарының айтуына қарағанда, барлық ауру түрлерi жасарып кеткен. Әсiресе жүрек ауруы. Қазiр жиырмаға толмаған жастардың талайы осы науқасқа шалдыққан көрiнедi. Туабiттi осындай аурумен өмiрге келiп жатқандар қаншама.

Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау департаментiнiң бастығы Болатбек Баймахановтың бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында назар салсақ бiр ғана Арал өңiрi тұрғындарынан бес мыңға жуық адам жүрек-қан тамыры ауруының азабын тартып жүргенiн, солардың екi жүзден астамы шұғыл операция жасауды қажет ететiнiн жеткiзген. Тiптен бұл облыста жыл сайын үш жүзге тарта сәби жүрек талмасы ауруымен өмiрге келедi екен.

Өткен жылдың күзiнде Литва республикасының жүрек ауруы мамандары Қызылорда қаласына арнайы келiп, екi апта бiлiктi-класс операциясын жасады. Топтың жетекшiсi, Каунас медицина университетiнiң профессоры Римантас Бенитас: "Қызылорда облысындағы жүрек ауруына ұшырағандардың литвалықтарға қарағанда жас шамасы мен ауру түрлерiнен көп айырмашылықтары бар. Бұл сырқатпен бiздiң жақта жасы алпыстан асқандар ғана клиникаға келiп шағымданады. Туабiттi жүрек ауруына шалдыққандарды жылына 20-25 рет қана операцияға жатқызамыз. Ал Қызылордада бiрден 12 адамға операция жасадық",– деп таңданысын бiлдiрген.

Психологтардың пайымдауынша жүрек ауруына шалдығудың бiрден-бiр себебi әлеуметтiк тұрмыстық жағдайға байланысты екен. Базар бағасының жиi-жиi өсуi, коммуналдық төлемдердiң әлсiн-әлi көтерiлуi, жұмыссыздық, еңбекақының аздығы жүйкенi жұқартып, жүрекке салмақ түсiрсе керек. "Жау жағадан алғанда, бөрi етектен" демекшi, коррупция да бюджет қаржысын жегi құрттай жеп, науқастарды емдеп сауықтыруға өз залалын көптеп тигiзуде. Белгiлi бiр бағдарламаға бөлiнген қаражаттың бiраз бөлiгi көзбояушылықпен әлдекiмдердiң қалтасына түсiп жатқаны бүгiнде жасырын емес. Литвада да коррупция бар. Бiрақ дәл бiздегiдей емес көрiнедi. Республика үкiметi олармен барынша қатал әрi тиiмдi күрес жүргiзуде екен. Олар қай салаға да бөлiнген қаражатты қатаң бақылауға алған. Сондықтан халқының әлеуметтiк тұрмыс жағдайы бiзге қарағанда әлдеқайда жақсы.

Бiздiң елде жүрек ауруына шалдыққандар тек Қызылорда облысында ғана емес, басқа да облыстардың бәрiнде де аз кездеспейдi. Бiрнеше облыс орталықтарынан кардиологиялық орталықтар ашылып, мамандарымыз шетелдерден тәжiрибе алмасып, сәттi операциялар жасап жатса да, аурулар саны жыл сайын көбеймесе, азаяр түрi жоқ. Психологтар оны тоқтатудың бiрден-бiр амалы коррупцияны тыйып, халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартып, профилактикалық шараларды барынша кеңiнен жасауда деп отыр. Әлеуметтiк саланы зерттеп отырған бұл мамандардың пiкiрiне қосып аларымыз жоқ.

* * *

Сонымен өзбек ағайындар Ташкенттiң қақ төрiнде тұрған Кеңестер Одағының Батыры генерал-майор Сабыр Рахимовтың еңселi ескерткiшiн бұзып тастады. Бұл аз болғандай оның атындағы ауданның атын "Олмазар" деп өзгерттi. Ағайынымыз көршi қазақтың көңiлiне тиедi-ау деп қаймыққан жоқ. Өйткенi Сабыр Рахимов Оңтүстiк Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында туып өскен. Екiншi дүниежүзiлiк соғысқа Ташкенттен аттанды. Сонда құрылған дивизия басқарып, қан майданда жауды жеңе бiлдi. Күнi кешеге дейiн өзбек ағайындар оны мақтан тұтып келген едi. Ендi мiне заман өзгерiп, бәрiне басқаша қарайтын кез келдi. Олар жергiлiктi ұлт өкiлдерiнен басқаны көзден де, көңiлден де аластатуда. "Ау, ағайын, мұның қалай?" деуге бiздiң қақымыз жоқ. Өйткенi әр ел өз мәселесiн өзi шешедi.

Бiзге жеткен хабарларға қарағанда Сабыр Рахимов өр мiнездi болса керек. Осыдан бес-алты жыл бұрын әйелi Құралай апамыз елге келiп: "Сабыр сендердiң ағаларың ғой. Артындағы мұраларына ие болсаңдаршы",– деп қолындағы батырдан қалған жәдiгерлердi офицерлер үйiндегi мұрағатқа тапсырып, көптеген мұралары Ташкентiң мұрағатында екенiн ескерткен болатын. Содан кейiн ол кiсiнiң өзi де өмiрден озды.

Шыны керек, бiз – жайбасар халықпыз. Құлаққа түрпiдей тиетiн хабарды естiп, "өзбек ағайынның мұнысы қалай?" деп бей-жай отырғанымызда, Ресейдегi удмурттар либерал-демократиялық партиясының лидерi Владимир Жириновский арқылы Үкiметке сұрау салып, Рахимовтың сол ескерткiшiн орталығы Ижевскi қаласында орнатуды жөн көрген. Ал бiз ай қарап қала бердiк. Бiле бiлгенге оның нағыз iздеушiсi бiз емеспiз бе, ағайын. Қан сасыған соғыста қолбасшы болып, дивизия басқару оңай емес. Бұл – әрбiрден соң ұлттың беделi, ұлттың мақтанышы. Оның мәнi мен маңызы зор. Батыр Бауыржан Момышұлы онымен Мәскеуде кездескен екен. Жазушы Мамытбек Қалдыбайға дивизия басқару ұлтқа үлкен бедел әкелетiнiн айтып, Рахимовты ұлт мақтанышы ретiнде жоғары бағалаған.

Рахимовтың ескерткiшiне немкеттi қарау бiзге сын. Ескерткiштi удмурдықтар алып кеттi деп қол қусырып қарап отырмай, Астанадан жаңасын орнату ләзiм болар едi. Тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев оған ескерткiштi елден орнату туралы әнеукүнi бұқаралық ақпарат құралдарында ескерттi. Бiз де сол ұсынысты қолдаймыз. Тек ескерткiшiн тұрғызып қана қоймай, елшiлiк арқылы Ташкент мұрағатындағы Рахимовтың жәдiгерлерiн толық қайтарып алу қажет-ақ. Үкiмет бұл туралы не ойлап жатыр екен десеңiзшi.

* * *

Табиғатта тылсым сырлар көп. Жаңа жыл қарсаңында Американың Арканзас штатының Биб қаласында жұрт күтпеген тосын жай болды. Аспаннан өлi барылдақ торғай жаңбырша жауған. Бес мыңнан астам құстардың жансыз денесi жетi жүз текше метр жер көлемiн жауып қалса керек. Сондай-ақ үй шатырларында, жолдарда, көгерiшi бар жерлерде жатқаны қаншама. Алайда мұндай көрiнiс Америкада бұрын да болған екен. Жер кезiп, кен iздеген геологтардың айтуына қарағанда соңғы жиырма жылда он алты рет жаппай барылдақ торғайлар осындай жағдайда өлiмi болған. Дәл сондай жағдай өткен 3 қаңтар күнi Луизиана штатындағы Батон – Руж тас жолында қайталаныпты. Бес жүзден астам қарғалар мен барылдақ құстар жол бойының бiраз бөлiгiн басып қалған. Осындай келеңсiз көрiнiс Кентукки штатында да кездескен. Құстар неге өздерiн құрбандыққа шалды? Әзiрге бұған ғалымдар тарапынан нақты анықтама жоқ. Ал былайғы жұрт әрқалай болжамдар айтуда. Солардың бiрi – құстар өте жоғары кернеулi электр желiлерi үстiнен ұшқан болуы керек десе, бiрi – оны жоққа шығаруда. Құстардың осындай өлiмi Еуропаның экологиялық жағынан тазаға саналатын Швеция мен Италияда да орын алған. Қолға үйренген қала мен орман кептерлерiнiң көбi шырқау биiктен өздерiн-өздерi тастап, мерт болған.

Осы жылдың басында Америка жұртшылығы тағы бiр жәйсiз жағдайдың куәсi болды. Қаңтар айының бесi күнi Чесапик шығанағында екi миллионға жуық балықтың өлiгi жағаға шығып қалған. Штаттың табиғатты қорғау бөлiмiнiң мамандары мұны мұхит суының тым салқынынан көрiп отыр. Алайда басқалар суық су ағыны содан бiр апта бұрын өткенiн айтып, бұл тұжырыммен келiспей, нақты себебiн анықтауды талап етуде.

Ал Ұлыбритания жағалауына шығып қалған мыңдаған теңiз шаянын немен түсiндiруге болады? Мамандар суық судың залалынан деуден арыға бара алмай бастары қатып дал болуда. Олармен келiспейтiндер бұдан бұрын да сондай суық су ағындарының болғанын, сонда теңiз шаяндарының дәл осындай жаппай өлiмге ұшырамағандарын алға тартып отыр. Мұндай теңiз шаяндарының қырғыны тек сол елдерде ғана болса, жұрт мамандар болжамымен келiсер едi. Жыл бойына ұдайы жаз болып тұратын Жаңа Зеландия мен Бразилиядадағы осындай жағдайға не деуге болады? Англияның құстарды қорғау департаментiнiң директоры Грек Бутчер: "Менiң ойымша, құстардың жұмбақ өлiмiне отшашулар себепшi болып отыр. Дегенмен нақты себебiн анықтамай болмайды. Құстар мен балықтардың өлiмi бiзге жер бетiнде, су астында биологиялық тiршiлiкке кесiрiн тигiзiп жатқан белгiсiз бiр жайдан хабардар етуде. Бiз бұған бей-жай қарамауымыз керек", – деп дабыл қағуда.

Бiздiң елiмiзде де мұндай жағдайдың ұшығы осыдан екi-үш жыл бұрын көрiнiс берген. Ертiс өзенiнiң жағалауы мыңдаған балықтардың өлiмiне толып кеткенiн телеарналар көрсеткен едi. Мамандар мұның себебiн өзен бастауындағы қытай өндiрiс орындарының лас суларынан деген болжам жасаған болатын.

Елдiң кейбiр аймақтарындағы экологиялық жағдайдың аса мәз емес екенiн несiне жасырамыз. Алматы, Қарағанды, Өскемен қалалары адам ағзасына зиянын келтiретiн көк түтiннiң астында. Тiптен соңғы он-он екi жылдан берi Алматы аспанынан қарлығаштай киелi құсты көрмейсiң. Оларды қаладан қырық шақырымдай ұзап шыққанда ғана кездестiруге болады. Себебi қаланың ауа бассейнi таза емес. Қаладағы транспорттардың жылдан жылға көбеюi ауа тазалығын тiптен қиындатып жiберуде. Оны тұрғындар жақсы бiледi. Әйтсе де Жаңа жыл мерекесi күнi қала тұрғындарының жарты сағат бойы жарыса отшашу жасауы онсыз да қаланың түтiнге толы ауа бассейнiн тым қоюлатып, залалды компоненттердi көбейтiп жiберуде. Қала әкiмшiлiгi, эколог ғалымдар тұрғындарға осы жағдайды ақпарат құралдары арқылы түсiндiру жұмыстарын жүргiзе отырып, бәлкiм жаппай отшашуларға тыйым салғаны жөн болар. Бәлкiм ондай шараны қаланың бiр-ақ жерiнен жасау керек шығар.

P.S. Бiз таяу жылдарда дамыған елу елдiң қатарына қосылғалы отырмыз. Бiз табиғи байлық жөнiнен әлем бойынша алғашқы ондықтан көрiндiк. Демек халқымыздың тұрмысын жақсартуға байлығымыз жетедi деген сөз. Тұрмысы түзелген халықта жүрек пен жүйке аурулары да, басқа сырқаттар да аз болары хақ. Тек халық қаражатын әлдеқандай жемқорлардың қалтасында кетпеуiнен қорғап, өз мұқтаждарына жұмсай бiлсек.

Кеңестер Одағының Батыры Сабыр Рахимовтың iздеушiсi бiз, ағайын. Егер оның ескерткiшiн өз елiмiзде тұрғыза алмасақ, бiзге сын. Ендi осының маңызын Үкiметiмiз түсiнiп, қолдаса деңiз.

Құстар мен балықтарда тiл жоқ. Бiздер отшашуды мереке салтанатына балап қызықтағанымызбен, құстар ауа бассейнiнiң тазалығына көп зиян келтiретiнiн сезедi екен. Ал бiздiң оларға көңiл бөле бермейтiнiмiз өкiнiштi-ақ.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары