АҚ АЗИАДАНЫҢ АЛТЫН, КҮМIС, ҚОЛАСЫ

АҚ АЗИАДАНЫҢ АЛТЫН, КҮМIС, ҚОЛАСЫ

АҚ АЗИАДАНЫҢ АЛТЫН, КҮМIС,  ҚОЛАСЫ
ашық дереккөзі
295

Көне түркi дүниесiнiң келбетi VII Қысқы Азиада ойындарының ашылу салтанатында көрiнiс тапты. Көшпелi халықтың аңыздары мен бай салт-дәстүрi, тарихи ескерткiштерi "Астана-Арена" стадионында сәттi қиыстырылды. Бұл кештiң қонағы ретiнде Азия олимпиялық комитетiнiң президентi шейх Ахмад аль-Фахад аль-Сабах, Халықаралық олимпия комитетiнiң төрағасы Жак Рогге және БАӘ Абу-Даби эмиратының ханзадасы Мұхаммед бен Заид аль-Нахаян келдi.

30 мың адамдық стадионда халық лық толған. Әдеттегiдей шерудi делегациясы көп елдер Жапония, Қытай және Оңтүстiк Корея спортшылары бастады. Шетелдiк сарапшылар Ванкувердегi қысқы ойындар және Гуанджоуда өткен жазғы Азия ойындарының ашылу деңгейiне жеттi деп баға бердi. Азиаданың ашылу салтанатында қазақ даласының тарихын қамтыған театрландырылған шоу қала тұрғындары мен туристердi баурап алды. Бұл таңғажайып шоудың қазақ халқының өткенi мен бүгiнi туралы айтары мол. Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов: "Азиада бұл таңда Азия елдерiнiң мемлекетiмiзге деген биiк сенiмi. Алып құрлықтың елiмiзге деген жоғары құрметi. Спорт қай кезде де бейбiтшiлiктiң нышаны болған. Әрбiр жүлде спортшының жеңiсi ғана емес, ол елдiң мақтанышы, мәртебесi, ұлттың ар-намысы", – дедi.

Қазақстан ТМД және мұсылман мемлекеттерi iшiнде тұңғыш болып құрлықтық форум жасап отыр. Бұл туралы шейх Ахмад аль-Фахад аль-Сабах: – Қазақстан спорт бiрлестiгiнiң ең құрметтi мүшесi атанды, – дедi.

Спорттың 11 түрi бойынша сынға 27 елдiң спортшылары кiрiсiп те кеттi. Негiзi 32 елден 2 жарым мың спортшы қатысуы тиiс болатын, оның орнына мыңнан астам спортшы келiп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, келуi тиiс он мың туристiң орнына төрт жарым мың адам келiптi. Оған себеп жарнамалық компаниялардың кеш басталуы, электронды билет сатудың кеш қолға алынуы болса керек.

Сонымен, алғашқы алтын алқалардың саны 13-ке жеттi. Олар елiмiз үмiт артқан – Юлия Галышева, Алексей Полторанин, Ольга Новикова, Михаил Сорокин, Игорь Закурдаев және тағы басқалар. Ал қысқы спорттың басқа түрлерiнен жүлделi орындар әлi де додаға салынуда, ендеше елiмiздiң спортшылары алтын медаль санын Азиада бiткенше арттыра түседi деп сенемiз.

АЗИАДА ӘЛЕМДIК САЙЫСТАРМЕН ТҰСПА-ТҰС КЕЛДI

Азиада ойындарында өнер көрсетуi тиiс спортшылар толық келдi ме? Әлемдiк деңгейдегi жеңiмпаз атанған спортшылардың елiмiзге келiп, жарысқа қатысуына Қазақстанның беделi жете ме? Бұл сауалдың жауабы өз-өзiнен-ақ шыға келедi.

Алдымен, Азиадаға тағы бiр дүбiрлi дода уақыты тұспа-тұс келiп тұр. Ол – Әлемдiк қысқы универсиада. Түркияның Эрзрум қаласында өтетiн универсиадаға бiрiншi лектегi спортшылардың баратыны анық жайт. Бұл елiмiздiң спортшыларына еш қатысы жоқ, себебi олар тек Астана мен Алматы қалаларына жұмылдырылды. Бұл – бiр.

Екiншiден, АҚШ-тың Дур-Валлей қаласында фристайл бойынша чемпионат өтедi, ендеше бұл сайыстың шеберлерi жапондар мен қытайлар мұхиттың арғы бетiне барады деген сөз.

Сонымен қатар Азиада дүниежүзiндегi конькишiлердiң ең негiзгi екi халықаралық жарысына сәйкес келдi. Голландияда өтiп жатқан спринттiк көпсайыс және Канадада өтiп жатқан классикалық көпсайыс. Соңғы жылдары жалғыздан мәнерлеп сырғанау бойынша танымал болған жапон және корей фигуристерi Астанадағы Азиада ойындарына келе ме? 15-ақпанда Тайпейде өтетiн "4 құрлықтың чемпионаты" маңыздырақ болғандай ма, әйтеуiр жалпы Азия құрлығының сайыстарын көзге iлмей келедi. Бiрақ осы шаңғышылардың барлығы қазақстандық спортшылардың мүмкiндiктерiн жоғары бағалап отыр. Елiмiздiң спортшылары да олардан үйренерiмiз көп дегендi айтты.

Соңғы жылдары Белорусь пен Жапония шаңғышылары әлемдiк бiрiншiлiкте жеңiмпаз атануда. Бұл атлеттердiң ерен еңбегi ме, әлде бапкерлiк штабтың еңбегi ме, бiз үшiн беймәлiм.

Бұл Азия ойындарында тағы бiр тәртiптiң бұзылғанын байқаймыз. Бұрындары бiр елден әрбiр дисциплина бойынша төрт спортшыдан болуы тиiс болса, ендi екеуге қысқарып қалған. Нелiктен? Сөйтiп сайыстардың барлығында дерлiк бар-жоғы 10-12 спортшыдан бақ сынасып жатыр. Азиада нысандары, ойындардың өту тәртiбiмен Халықаралық олимпиялық комитет төрағасы Жак Рогге танысып шықты. Мұндай нәтижелерге риза болған төраға 2022 жылы Қысқы Олимпиялық ойындарды өткiзу мүмкiндiгiнiң жоғары екенiн айтып кеттi. Бұл туралы Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаевпен де талқылады.

Иә, спорттық нысандарда гәп жоқ. Спорттың барлық түрi бойынша жарыстар өткiзуге болады. Трамплин стадионы, биатлон стадионы, Шымбұлақ шатқалы мен Балуан Шолақ Спорт сарайы сақадай сай. Сондықтан Азия құрлығымен шектелмей, дүниежүзiн қамту мақсаты алға қойылып отыр. "Азиада ойындарын ұйымдастырудың жоғары деңгейде болғаны атап өткен жөн. Бiз Президентпен 2022 жылы Қысқы олимпиялық ойындарды өткiзу туралы сөйлестiк", – дедi Жак Рогге.

АКРОБАТИКА АЛТЫНЫ БҰЙЫРМАДЫ

Жiбек Арапбаева – мақтанышымыз

Фристайл – еркiн стильдi бiлдiретiн шаңғымен секiрудiң бiр түрi. Фристайлдың акробатика саласы елiмiзде кеш дамыған. АҚШ-тың өзiнде 70 жылдары пайда болса да, Қазақстанда спортшы дайындап жатқанына үш жыл ғана болған. Десе де фристайл түлектерi "Табаған" сауықтыру кешенiнде барын салып, үш жылдық тәжiрибенiң нәтижесiн көрсеттi. Ерлер арасында қола медаль иегерi атанған Руслан Аблятифов пен әйелдер арасында күмiс жүлденi иеленген Жiбек Арапбаева сынды шаңғышылар аянып қалған жоқ.

Тау шаңғысының бұл түрi – өте қауiптi. Мұнда құлдилау шапшаңдығы, ұшу траекториясы, қиын акробатикалық жаттығулардың әдемiлiгi мен техникалық элементтер есепке алынады. Сондықтан спортшылар қауымы бұл спортқа бас қоя бермейдi. VII Қысқы Азиада ойындарында фристайлға қатысушы мемлекеттердi саусақпен санауға болады. Қазақстан, Қытай және Жапония елдерiнен ғана шаңғышылар келген. Бұған тағы бiр себеп бар, мықты спортшылар күшiн шығындамай, әлемде өтiп жатқан беделi жоғары сайыстарға жолдама алса керек.

Қысқы Азия ойындарында фристайл алғаш рет 1996 жылы қытайлық Харбиндегi Ойындарда ұсынылды. Бүгiнде елiмiздегi бапкерлiк штабта бас бапкер Виктор Лемешко мен аға бапкер Вадим Соколов бар. Олардың алғашқы түлектерi ретiнде Жiбектi атауға болады. Күмiстен алқа тағынған 20 жасар арудың акробатикасы жақсы бағаланды. Техникасы мықты шаңғышы қыздың мүмкiндiктерi мол дейдi бапкерлер. Ал Ұлттық фристайл және сноуборд федерациясының президентi Қайрат Беркiнбаевтың айтуынша, Қазақстан үшiн бұл – тамаша жетiстiк. "Фристайл – ең қауiптi спорт түрiне жатады. Ешбiр қауiпсiздiк шараларынсыз секiредi. Жiбек күмiс медальға қол жеткiздi, бұл бiздiң федерация үшiн мақтаныш", – дейдi ол. Ал шаңғышы қыз мұндай жүлдеге қол жеткiзем деп ойламаған да көрiнедi. "Мен үшiншi орын алатын шығармын деп үмiттендiм. Ал алтын мен күмiс ойымда болған жоқ", – дейдi спортшы. Расында, бағдарламасы қарапайым болғанмен, қытайлық спортшылардың ұшу траекториясы мен ауадағы жаттығулары жақсы құрастырылған. Қытайлықтардың бұл спорт түрiнде алдына жан салмайтыны баршаға аян. Әйелдер арасында қытайлық қыз Чжан Синь (Zhang Xin) Жiбектiң алдын орап кеттi. Ерлер арасындағы додада Цзя Цзонян (Jia Zongyang) 220,70 ұпай жинаса, оның командаласы Лю Чжонуин (Liu Zhongqing) екiншi орынға табан тiредi. Қос жүлденi бөлiскен қытайлық команда қазақстандық шаңғышы Руслан Аблятифовты үшiншi орынға ысырды.

Шымбұлақ шатқалы шаңғышылардың жолын ашты

Мәңгiлiк мұз қаусаған Шымбұлақ шыңдарынан төменге құлдилаған шаңғышылар сайысты бастап-ақ кеттi. Тау шаңғысының түр-түрiнен сынға түскен кiл мықтылар алғашқы алтынмен қоса күмiстi де қанжығалап үлгердi. Әсiресе жылдамдықпен түсу спортында бiрiнiң iзiн бiрi басқан қазақстандық қос спортшы ақ Азиаданың алғашқы алтыны мен күмiсiн сыйға тартты.

Таудан үлкен жылдамдықпен түскен Шымбұлақ түлегi Дмитрий Кошкин алдына жан салмады. Ал күмiс жүлденi алқалаған Игорь Закурдаев қазақтың намысын аяқ астына салмады. Иә, тау шаңғысы спортынан үмiт күттiрген осы спортшыларға үлкен сенiм артылған-ды. Қазақстанның тау шаңғышылары Игорь Закурдаев пен Дмитрий Кошкин супергигант слаломында да бiрiншi және екiншi орынды өзара бөлiстi. Шымбұлақтың ой-шұңқыры етене таныс қазақстандық спортшылар дайындықтың жақсы өткенiн айтуда. Айтпақшы, тау шаңғысы бойынша бүтiндей бiр елдiң намысын арқалап келса де, жолы болмаған шаңғышылардың дайындығы қандай едi деген сауал туындайды. "Олардың дайындығы нашар болған", – дейдi Дмитрий Кошкин. "Дайындығы нашар" елдердiң қатарына Моңғолия мен Өзбекстанды кiргiзуге болады. Өйткенi осы мемлекеттердiң шаңғышылары сүрiнiп жығылудан көз ашпады десек қателеспеймiз. Азия құрлығының қай-қайсына болса да жүрегiмiз бұрады әрине. Бiрақ отандық спортшылардың алда келгенi – абыройды қолдан бермегенiмiз. Бұл тұрғыда 2008 жылғы Пекин олимпиадасында жүлде саны бойынша Қытайдың алда болғаны бәрiмiзге, әсiресе спортшыларға үлкен сабақ болған сияқты.

Тау шаңғысы – арнайы трассалар арқылы таудан түсу. Бұл спорт түрi ХIХ ғасырдың 80 жылдары Альпi тауларында пайда болған. Таудан шаңғымен сырғып келе жатқан спортшылар жалаушалармен бекiтiлген кедергiлердi айналып өтедi. Нәтижесi дистанцияны бағындыруға кеткен уақытпен есептеледi. Тау шаңғысының жетекшiлiгi Шаңғы спортының халықаралық федерациясымен (FIS) басқарылады. Ал қысқы олимпиялық ойындар бағдарламасына тау шаңғысы 1936 жылы енгiзiлген, ал Қысқы Азия ойындарына 1986 жылы ендi (слалом, гигант слалом, супергигант, жылдамдықпен түсу және тау шаңғысы комбинациясы).

Тау шаңғысынан алғашқы сайыстар Қазақстанның Алматы маңындағы Шымбұлақ шатқалында 40 жылдары ойнала бастады. Осы жерде КСРО мен Қазақстан бәсекелерi өтiп келдi. Еңбегi сiңген спорт шеберi Александра Артеменко КСРО-ның 11 дүркiн жеңiмпазы, 25 рет республиканың мықты шаңғышысы атанды.

Спорттың бұл түрi бойынша Ольга Ведящева елiмiздi әлемге танытқан-ды. III Азиада ойындарында гигант слалом бойынша алтын, супергиганттан күмiс жүлденi иеленсе, IV Азиада ойындарында алтын, күмiс, қоланы қатар тұтты.

БАСТЫ ҚАРСЫЛАС – КОРЕЯ

"Мұндай ауқымды жарыста жүлде алмасақ та, қатысудың өзi бiр мәртебе" дейтiн спортшылар ұраны артта қалса керек. Ақ Азиада спортшыларының барлығы дерлiк алтын медальға үмiт артып, жеңiстi қолдан бермейтiндерiн айтуда. Бiрақ шығыстан келген айбынды спортшылар жеңiстi қолдан берiп қойып, қарап отырмайтыны анық байқалды. Әсiресе Кореяның адуыны артып тұр.

Расында, әлемдiк деңгейдегi олимпиада, қысқы ойындарға қатысқан қазақстандық спортшылар жүлдесiз оралғанын осылай түсiндiрiп, жаттықтырушылары "қатысқанымыздың өзi бiр жеңiс" деп жұбату айтушы едi. Ендi бұлай көлгiрсудiң нәтиже бермейтiнiн ұққан секiлдi. Сондықтан да биыл VII Қысқы Азиада ойындарында отандастармызға 23 алтын алқа тағыну тапсырылды. Әзiрге жерге қаратқан ешкiм жоқ, жүлделi орындар да өзiмiзде. Әттеген-ай дейтiн жеңiстердi де қолдан ұшырып алып жатырмыз. Кезектi алтын Қазақстан аумағынан тыс жерге бұйырғанда сан соғып қалып жатқан спортшыларымыз бар. Себебi осында дайындық жүргiзiп, бала күннен көрген мұзы мен тауында жеңiлу оңайға соқпасы анық.

Хош, шетелге кеткен алтынның басым бөлiгi Кореяда ма? Бұл сауалдың жауабын табу үшiн өткен үш күннiң нәтижелерiне көз жүгiртiп көрелiк. Ерлер арасында тау шаңғысы бойынша жылдамдықпен сырғанауда қола медаль Жунг Донхунға бұйырды. Ал осы жарыстың қыздар арасындағы түрi бойынша алтын медальды кәрiс қызы Ким Сон Жу иелендi, сонымен қатар супергигант спорты бойынша бұл ару алтыннан тағы алқа тағынды. Әзiрге бұл соңғы нәтиже емес. Жарыс аяқталғанша бұл халықтың спортшылары талай орынды иеленетiнiн бiздiң спортшыларымыз да байқаса керек. "Жеңiске жету үшiн алдымен сәттiлiк сүйемелдеу керек, сосын өз-өзiңдi бақылап ұстауың керек. Мен әйтеуiр жүлделi орынға үмiттенген едiм. Басты қарсылас Оңтүстiк Корея мен Иран деп ойладым", – дейдi жеңiмпаз Игорь Закурдаев. Мықты шаңғышыларымыздың бiрi Игорь да мұны мойындаса керек. Өйткенi олардың дайындығы тиянақты және жылдам. Ал алтыннан алқаларды қос додада бөлiсе таққан қос спортшы бiр-бiрiн ең мықты қарсылас деп есептеген екен.

Жалпы Корея елiнiң спортшылары қай сайыста болса да бәсекенi қолдан бермеуге айналған. Әсiресе жеңiл атлетиканы жетiк меңгерген кәрiс қыздары мен жiгiттерi қысқы спорт түрлерiнен де дес беретiн емес. Негiзгi қауiптiң "шығыстан" келетiнiн басқа спортшыларымыз да байқаған екен. Бұрын Ресей құрамасында өнер көрсеткен Е.Хрусталева ханым Азия спортшыларының басымдық танытып жүргенiн жасырмады.

"Осыдан төрт жыл бұрын мен эстафетаны жақсартуға бар күшiмдi салдым. Ол кезде қытай командасының қыздары мықты болған, оларды қуып жетудi армандаудың өзi күлкiлi едi", – десе, соңғы кезде кәрiс пен жапон қыздарының күш сынасуға сақадай сай екенiн айтқан. Осыдан-ақ "шығыстан" шыққан қатердiң нөпiрiн байқауға болады.

Оның үстiне Корея тау шаңғысының бас жаттықтырушысы Ли Хонг мырза баспасөз-конференциясында: "Әлi талай жақсы нәтиже көрсетемiз", – деп нық сенiммен айтқан-ды.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары