Жамбыл облысында дәрігерлер бойжеткеннің асқазанынан шаш ұйындысын сәтті алып тастады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының хирургтері 18 жастағы бойжеткеннің асқазанынан трихобезоар – шаштан құралған тығыз түйінді – сәтті ота арқылы алып шықты.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, сирек кездесетін бұл диагноз дер кезінде қойылып, дәрігерлердің үйлесімді жұмысының арқасында оң нәтижеге қол жеткізілді.
Науқас іштің ауыруы, жүрек айнуы және тәбеттің жоғалуы шағымымен ауруханаға түскен. УДЗ және қосымша тексерулер барысында асқазанда бөгде заттың бары анықталып, гастроскопия мен компьютерлік томография нәтижесінде трихобезоар диагнозы нақтыланды.
Трихобезоар — трихотилломания (шаш жұлу және жеу әдеті) дертіне шалдыққан адамдарда пайда болатын, асқазанда жиналатын қорытылмайтын шаш массасы. Уақыт өте келе ол асқазанның бітелуіне, анемия мен ауыр асқынуларға әкеп соғуы мүмкін.
Науқасқа лапаротомиялық ота жасалып, ұзындығы 30 см-ден асатын шаш түйіні алынды. Операция хирургия бөлімінің меңгерушісі Ержан Есімов бастаған мамандар тобының қатысуымен өтті.
Ота сәтті өтті. Асқынусыз оңалған науқас екінші күні сұйық тағам іше бастады, бесінші күні тиісті ұсыныстармен үйіне шығарылды.