КIМНIҢ ЖАҢА ЖЫЛЫН ТОЙЛАП ЖҮРМIЗ?

КIМНIҢ ЖАҢА ЖЫЛЫН ТОЙЛАП ЖҮРМIЗ?

КIМНIҢ ЖАҢА ЖЫЛЫН ТОЙЛАП ЖҮРМIЗ?
ашық дереккөзі
199

Осы әңгiме қазiр көзi ашық қазақ азаматтарының арасында жылына кемiнде екi рет ауызекi айтылып қалып жүр. Оның бiрiншiсi – 31 желтоқсандағы түнгi сағат 12-де ақбасқын аяз, қарлы боранда келетiн Жаңа жыл, екiншiсi наурыздың 22-сi күнi жер-дүние жаңарып, жер бетi жас босанған анадай жадырап, күн мен түн теңесiп, көгiлдiр аспанға аққу-қаздар мен тырналар аппақ сызық сызып, қанатымен жетелеп жеткiзген көктеммен бiрге келетiн Жаңа жыл. Бұл парсының Нов-Жаңа, руз-күн, яғни жаңа күн дегенiнен шыққаны, тiптi, мұның, осы "Нов"-тың аржағында орыстың "новый" сөзiнiң басқа славяндардың "нео" сөзiнiң төркiнi жатқанын аңғару да онша қиын емес. Әлде сауатсыздығымыз бен үргедектiгiмiздiң кесiрi ме, әлде саясаттағы ышқырлығымыздың батыс пен АҚШ-қа қараған тұсы босаңдау ма, қайдам, осы күнi бiзге парсыдан, арабтан келген iлiм-бiлiм, өнер мен мәдениет туралы айтудан ат-тонын ала қашатындар көбейiп кеттi. Тiптi, жоғары оқу орнында шығыс тiлiн оқығандар да өздерiн дiнтанушы, шығыстанушы, тiптi, саясаткер деп теледидар, баспасөз арқылы таныстырып жүр.

Ал саясаткерлiк дегенiмiз, ең алдымен, туған ұлтыңның алдындағы жауапкершiлiгiңдi бiлу. Ал туған ұлтыңның алдындағы жауапкершiлiк дегенiмiз – оның тiлiн, дiлiн, дiнiн, үрдiс-салтын сақтау, жерiн, табиғи байлығын сақтау екенi дау туғызбаса керек. Амал не, осыдан 20 жыл бұрын құланиектенiп атқан тәуелсiздiк таңы бүгiнде сиыр сәскеге келсе де бiз ұлттық дәстүрiмiздi, ұлттық салт-санамызды әлi қалпына келтiре алмай отырмыз.

Иә, салт-дәстүрiмiз дегенде бiз ата-бабамыз ес бiлiп, етек жапқан ықылым заманнан берi тойлап қарсы алған Жаңа жылды – Ұлыстың ұлы күнiн айтамыз.

Әрине, бұл мерекенi олай емес, былай өткiзу керек едi деп жоғарыдағыларға ақыл айтып, оның ережелерiн белгiлеуге бiздiң еш құқымыз жоқ. Тек исi мұсылманға ортақ осы Жаңа жыл мерекесiнiң кейiнгi жылдары бүгiнгi ұрпағымыз есi кете тойлап жүрген, батыстан келген әулие Валентин күнi, "Хеллоуин" сияқты сананы былғайтын, ұлтты азғындататын мейрамсымақтарға қарағанда жетiм қыздың тойындай ғана жабырқау өтетiнi жанға батады. Ненiң оң, ненiң терiс екенiне ой жүгiртiп жатпайтын, не үйде, не мемлекет тарапынан ұлттық, қазақы тәрбие дегендi көрмей өсiп келе жатқан жастарымызды ұлтсыздандыруға осы екi жынойнақтың өзi-ақ жетiп жатқанына көзiмiз жетiп болды. Бiзде "ғашықтар күнi" болып заң арқылы бекiтiлуi ғана қалған Валентин күнiнiң қарсаңында көшедегi жайма базарларда, дүңгiршектерде, үлкендi-кiшiлi дүкендерде осы мерекенi насихаттайтын кiтапшалар, алуан түрлi бояулы ашық-хаттар (открыткалар) топаны қалалар мен ауылдарда қардай боратылып сатылып, тiптi, тегiн таратылып жатады. Көше толы бiрiн-бiрi құшақтап, сүйiсiп, құттықтасып жатқан қысық көз, тәмпiш танау қазақ жастары. Бәрiнiң ата-бабасы Валентиннен тараған сияқты. "Валентин күнi" қарсаңында әнебiр жылы (2006) Ақтөбе облыстық теледидарынан осы мерекеге орай маникюр, педикюр сияқты қызметтердi тегiн көрсетемiз деген хабар таратылды. Сонда мұның аржағында кiмдер тұр, бұл не деген батпан құйрық деп ойланып жатқан не қарапайым қазақ, не облыс, қала басшылары болсайшы. Қайда-а! Оның орнына кейбiр қазақ мектептерi мен жоғары оқу орнындағы ұстаздардың жас ұрпақты осынау "ұлы мерекемен" құттықтап жатқанын да көргендер бар. Абайдың "Халқым надан болған соң қайда барып оңайын" деп бағалағаны осындайда тағы еске түседi.

Қазақстан азаттық алмастан 2-3 жыл бұрын және азаттық алған алғашқы жылдары Наурыз мерекесi қалай өткiзiлетiн едi. Жер-дүние бойжеткен сұлудай жасанып, Алла Тағаланың құдiретiмен көктен құйылған нұр жас пен кәрiнiң жанарында жарқыл ойнатып шыға келетiн табиғаттың сол бiр думанды сәттерiн ұлы дүбiрге айналдырып жiберетiн сол күндер қайда кеттi? Қазақстан қазiр Наурыз мейрамына неге соншалықты салғырт қарайтын болды? Оған қарағанда 31 желтоқсанның сақылдаған сары аязы мен қарлы боранындағы еш дәлел-дерексiз, "Жаңа жыл" деп аталған мейрамды Қазақстан басшылары, бүкiл телеарналар 2 ай бойы әкелерi тiрiлiп келгендей тойлайтыны несi? Бұл да саяси көрегендiк пе? Басқа қалаларды қайдам, Алматы көшелерiнде қарашаның ортасы басталмай жатып-ақ мұрны қып-қызыл Дед Мороздың суретi мен "С новым годом" деген жазулар дүкендер, мекемелер маңдайшаларына жаппай iлiне бастайды. Ол содан қаңтардың аяғына дейiн iлулi тұрады. Осы екi ай бойы бүкiл телеарналарда жаңа жылдық алуан түрлi көрсетiлiмдер, концерттер, қойылымдар болып жатады. Оларға не актер, не әншi деуге келмейтiн бiраз қазақтар қосылып, қолдарына бокал алып, ән салып, шуылдап жатады. Iшiнде "алдырайық, туған жердiң шарабын" деген сияқты не өлең, не қарасөз деуге келмейтiн бiрнәрсенi қосылып әндетiп жататындары тағы бар. Ал Наурыз мейрамы ше? Наурыз мейрамы керек десеңiз теледидардан толық көрсетiлмейдi де. Рас, Президенттiң елдi құттықтағаны, бiр-екi әншiнiң алаңда немесе бiр мекеменiң алдында жиналған жамағатқа бiр-екi ән айтқанын көрiп қаласыз. Бiттi. Қалай десеңiз де көңiл аударып қараған адам Қазақстанда тек қазақ тiлiнiң емес, жалпы қазақтың ұлттық салт-дәстүрiнiң, әсiресе Наурыз сияқты шығыс елдерiне, мұсылман елдерiне тән дәстүрлi мерекелердiң шетқақпай болып бара жатқанын ап-анық байқайды. Қазақстанды олардың орнын "Валентин күнi", "Татьяна күнi", "Хэллоуин" сияқты дiнiмiзге, жан-дүниемiзге, ұлттық санамызға, ұлттық тәрбиемiзге жат, ерсi, бүлдiргi мерекелер басып тастады.

"Ендiгi жерде Жаңа жылымызды 31 желтоқсанда емес, 22 наурызда тойлайтын боламыз, нағыз Жаңа жыл осы!" дейтiн кез әлдеқашан келген. Бiрақ ел iшiнен мұны айтатын, не ақсақал не қарасақал табылмай отырғанына кiмдi кiнәларыңды бiлмейсiң. Сол ақсақал-қарасақалдар 31 желтоқсанда бала-шағасымен, келiн-кепшiктерiмен тыңқылдатып тығын ашып, сыңғырлатып стакан соғыстырып тойлап жатқан Жаңа жылы Наурызбен салыстырғанда күнi кеше дерлiк кейiннен шыққанын, оны сол кездегi надан еуропалықтарға әлдебiр Диониси деген қаңғыбас кезбенiң: "Бүгiн Христостың туғанына тұп-тура 500 жыл болды" деп ойдан шығарып, өтiрiк айта салғанын бiлмейдi емес, бiледi. Телеарналарда "31 желтоқсанды Жаңа жыл ретiнде дүниежүзi тойлайды", – деп желпiлдетiп берiлiп жатқан ұлы даңғазаның жалған екенiн, бұл күнi оны тек христиан әлемi айрықша атап өтетiнiн, қытай, жапон, үндi, арабтар мен парсылардың, өзге де азиялық iрiлi-уақты мемлекеттерiнiң өз жаңа жылы бар екенiн көзi ашық екi қазақтың бiрi бiледi. Бiле тұра 70 жыл бойы мойнына iлген қамытты алып тастайық деуге зауқы жоқ "Көн қатса қалыбына барады" деп қазақ осыны айтқан ғой…

Өзбекстан үкiметi "Валентин күнi" деп аталатын бүлдiргi күндi атап өтуге бiрден тыйым салды. Ал бiзде осыдан бiрнеше жыл бұрын "Қазақстан" телеарнасы оның орнына 21 наурызды Қозы мен Баян, Төлеген мен Қыз Жiбек, Ләйлi-Мәжнүн, Сейфул-Мәлiк-Жамал сияқты жастарымызға үлгi етiп "Ғашықтар күнi" деп атайық деген бастамасы да Үкiмет тарапынан әлi қолдау көрмей отыр.

Наурыз мейрамы – Жаңа жылымызға байланысты бүгiнгi қазақтың тағы бiр ерсi қылығы бар. Оны басшыларымыз үлкен бiр саясаткерлiк деп бiлетiн сияқты. Олар бұл мерекенi өткiзер алдында немесе өткiзiп жатып "Бұл – дiни мейрам емес!" – деп әлдекiмдердiң, ашығын айтсақ, әлдебiр мемлекеттердiң алдында бiр ақталып қалады. Сөйтiп тұрып, 31 желтоқсандағы Жаңа жылдың ешқандай да астрономиялық нышаны жоқ, тек христиандық дiни мейрам ғана екенiн бiле тұра бiлмеген болады. Әнебiр жолы бiр ғалым "Көшпендi қазақтар Жаңа жылды қайдан бiлсiн!" – деп қалғанын да көрдiк. Сол байғұс өз ата-бабасының анау жатқан аспан әлемiн өте жақсы бiлгенiн, тастай қараңғыда Темiрқазыққа қарап кез келген ой-шұңқырда отырған екi-үш малшы ауылын табан аудармай тауып алатынын Ай мен Үркердiң тоғысатынын, әр айдың өлiарасында күн райы бұзылатынын, Айдың жұқару, толысу кезеңдерiне қарай судың не тасып, не қайтып отыратынын, өзге де толып жатқан астрономиялық құбылыстарға қанық болғанын не бiлмейтiнi, не өз ұлтын сонша жек көретiнi беймәлiм болғасын үнсiз қалдық.

Көшпендi демекшi, қазақты реттi, ретсiз "көшпендi" деудiң де жөнi жоқ. Өйткенi, қазақ көшiп жүргенде осы күнгi орыстар, не сығандарға ұқсап ешқашан бiр елден екiншi елге, бiр құрлықтан екiншi құрлыққа ебiл-себiл болып босып жүрген емес. Қазақ көшсе әр ру, әр тайпа өзiне ата-бабасы еншiлеп бөлiп берген белгiлi бiр аймақта, онда да жаз-жайлауына, қыс-қыстауына ғана өз жерiнде, өз елiңде ғана көшiп жүрген.

Қазақ бiздiң саясаткерлер "бауырлас" деп атайтын орыс халқы сияқты қолына iлiккен салосы мен самогонын, самосад темекiсiн буып-түйiп, қалаған уақытта көңiлi ауған жаққа тартып кету дегендi бiлген емес. Қайран қазекемнiң "ит тойған жерiне, ер туған жерiне" деген қағиданы қатаң тұтынуы да содан.

Тағы бiр солақайлық: қазақты шығыс әлемiнен, мұсылман әлемiнен оқшаулатып қарағысы келетiндер “бiз бұрын шаман дiнiнде болғанбыз” дегендi жиi қайталайтын болды. Мiне, осы шаманшылдар қазақты мұсылман емес деп дәлелдеу үшiн халқымыздың Айға қарап тұрып "Жаңа айда жарылқа, Ескi айда есiрке" деген тiлеуiн де мысалға алатын болып жүр. Дұрысында сол тiлек тiлеп тұрған қазақ оны Айдан емес, Алладан тiлеп, мына жаңа айда жарылқауын сұрап тұрғанын олар әдейi бұрмалап көрсетiп отыр. Олар қасиеттi Наурызды бiресе дiни мейрам емес, бiресе көктем мейрамы, бiресе зороастризм нышаны бар дегенде де қазақты қайткенде де исламнан айырушыларға қызмет етiп тұрады. Бiз бұл құдiреттi дiндi VII-VIII ғғ. қабылдасақ, орыстар христиан дiнiн Х ғасырдың соңына таман ғана қабылдаған. Сөйте тұра, бүгiнгi орыстың ешқайсысының аузынан, ешбiр баспасөзi мен телеарнасынан бiз бұрын пұтқа табындық, язычник болдық, сол дiнiмiзге қайтып оралуымыз керек деп жүрген бiреуiн көрген емеспiз. Сондықтан осы күнi батыс мәдениетiнiң немесе кейбiр фәлсафасымағының жан дүниемiзге, дiлiмiзге, дiнiмiзге жат қағидаларын жаттап, жаттамаса көшiрiп алып, бүкiл қазақ санасына сiңiрмек болып жүргендерге де (олар өздерiн культуролог – мәдениеттанушылармыз дейдi) бiраз тоқтау салатын кез келген сияқты.

Тiптi, қазiр жарық көрiп жатқан "Мәдени мұра" бағдарламасына енген батыс культурологтарын жаппай тоғытпай, осы мұраға iрiктеп-iрiктеп енгiзу керек дегендi айтқанымызға да бiраз болды. Ал көбiнiң қазақша аудармасынан ғибрат алмақ түгiл, не айтып отырғанын түсiну де оңай емес екенi де талай айтылды. Тағы да амал не…

Бүгiнгi Түркияның нағыз түрiк мемлекетi болуына бастау болған Ататүрiктiң "Әлем бiздi құрметтесiн десек, ең әуелi өз ұлтымызды, өз ұлттық бейнемiздi өзiмiздiң бүкiл сезiмiмiзбен, бүкiл ақыл-ойымызбен, бүкiл iсiмiзбен, бүкiл қимыл-әрекетiмiзбен өзiмiз құрметтеуiмiз керек", – деген сөзi дәл бүгiн бiздiң басшыларға да арнап айтылған ұлағат деуге болады. Дәл қазiр бiз "I Петрдiң таланты тек басқаларға елiктеу дәрежесiнде ғана болды. Оның тындырған тәп-тәуiр iстерi де жоқ емес, бiрақ оның iстеген iсiнiң көпшiлiгi тым ерсi, тым оғаш болатын. Ол өз халқын әуелi орыс қылып қалыптастырып алмай, олардан немiс, ағылшын жасап шығармақ болды", – деген Жан Жак Руссоның тұжырымын бастан өткерiп жатырмыз. Бұл қателiктi асқындырып алмай тұрғанда шұғыл жөнге келтiруiмiз керек. Егер өздерiн қазақ ұлтының үрiм-бұтағымын деп есептейтiнi рас болса, бұл да ең алдымен Үкiмет басындағылар қолға алатын шаруа. Сондықтан да өз елiмiзде ең алдымен өз ұлтымыздың ұлттық белгiлерiн өзiмiзге де, өзгеге де үлгi етiп ұсынуды алдағы уақытта өз Жаңа жылымыздан бастасақ, онымызды ешкiм терiс дей алмайды.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Серіктес жаңалықтары