ЕУРАЗИЯ КҮНТIЗБЕСI

ЕУРАЗИЯ КҮНТIЗБЕСI

ЕУРАЗИЯ КҮНТIЗБЕСI
ашық дереккөзі
255

1982 жылы қаңтар айында – Ай мен Үркердің «тоғысқанын» тұңғыш рет әкем көрсеткен еді. Келесі жылы ақпан айында бұрынғы ГДР-де (Шверин қаласы) әскери қызметімді өтеп жүргенде, тура дәл сондай «тоғысуды» көріп тәнті болдым. «Тоғыс есебі» деп аталған қазақтың ежелгі күнтізбесінің неміс жерінде (Европа) де, қазақ жерінде (Азия) де бірдей көрінетіні маған қатты әсер етті. Әскерден келген соң, зерттелмей кенже қалған – Қазақтың ұлттық күнтізбесіне қатысты кез-келген материалдарды жібермей оқитын болдым. 1985 жылдан бастап күнтізбелердің бірнеше ғылымды біріктіретін күрделі теориясын зерттеуге кірістім1. Шамамен сол уақыттардан бастап, мына іргеміздегі Қытай мен басқа оңтүстік-шығыс азияның үлкенді-кішілі елдері, Ислам әлемінің мемлекеттері, тіпті Израйл сияқты «құйтақандай» ел сияқты неге өз күнтізбеміз жоқ! – деп ойланатын болдым. Ақыр соңында қазіргі күні қолданып жүрген христиандық григорий күнтізбесінен бөлек, өзімізге тән ұлтық болмысымызды білдіретін уақыт жүйесін жасауға кірістім. Келесі 1986 жылы болған «желтоқсан оқиғасы» ұлттық діліміз әлі мықты ел екенімізді байқатса, 5 жылдан кейін – Қазақстанның өз алдына тәуелсіз мемлекет атануы, арманымның орындалуы әбден мүмкін екенін білдіргендей еді…

* * *

…Таяуда өткен Астанадағы ЕҚЫҰ-ның 7-саммиті – тәуелсіздігіміздің тәй-тәй басқан баспалдақтан өтіп, бұғанасы бекіген мықты мемлекет болғанын күллі әлемге паш етті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегі арқасында тұңғыш рет Еуропаның шекарасынан шығып, Азияның Орталығы болып табылатын – Қазақстанда өткен бұл саммит, қауіпсіздік және ынтымақтастықтың «Ванкуверден Владивостокқа дейін» деген ұғымынан асып, «мұхиттан мұхитқа дейін» деп аталатын жаңа дәлізіне көшкенін байқатты. Болашақта аталмыш ұйымның «Еуразиялық Ынтымақтастық және Қауіпсіздік Ұйымы» деп аталуына негіз қаланғанын Елбасымыз: «…Бұл жерде әңгіме төрт мұхит шекараласқан қауіпсіздіктің бірыңғай кеңістігін қалыптастыру туралы болмақ», – деп астарлы түрде меңзегенін бір саясатшылар түсінсе, біреулер түсінбеді2

2002 жылы «Еуразия» күнтізбесі деген атаумен алғашқы жобамды аяқтадым3. Бұл жобам сол уақыттарда Елбасымыз көтерген «Еуразиялық көп векторлы саясат» идеясымен тек атымен ғана емес, күллі болмысымен де тығыз байланысты болған еді. Еуразия күнтізбесінің рөлі ең бастан бүгінгі қырғи-қабақ адамзат өркениетін әлемдік діндер (Ислам – Ай күнтізбесі, Христиан – Күн күнтізбесі және Иудаизм мен Буддизм –Ай-күн күнтізбесі) пайдаланатын үш түрлі күнтізбе жүйелері арқылы татуластыратын ара ағайындық көрсету болатын. Бұған қол жеткізу үшін әлемдік үш күнтізбені бір ортақ уақыт циклына біріктіру керек болды. Егер ортақ цикл рөлін атқаратын теңдеу жүйесі табылса, әрі қарай «өркениеттердің жақындасуына» қол жеткізу мүмкіндігі арта түсетіні айқын еді. Осы идеямды хатымда баяндап, «Еуразия» (Нұрсұлтан) күнтізбесінің жобасын Астанаға жөнелттім. Мұндағы ойым, жобамның астрономиялық дәлдігі жағынан аздаған «шикілігі» бар болса да, негізгі идеясы үшін мемлекет тарапынан қаражат бөлінсе, жобамды кешенді түрде біржолата аяқтауға көмегі бола ма деген үміт еді. Бірақ зор өкінішке орай – бұл өмірімдегі ең үлкен қателік болды!

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің сол кездегі Ғылым департаменті ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атына жолдаған 19 желтоқсан 2002 жылғы №1505/6-4-1 жауап хатында Еуразия күнтізбесінің жобасына:

«…Однако практически действующим универсальным мировым календарем стал и остаётся все-таки григорианский календарь, к которому перешли или переходят большинство стран мира, хотя продолжают параллельно пользоваться для различных внутренних нужд (религиозных, например) своими прежними календарями… Вывод: Практической необходимости в создании нового календаря нет» деп үзілді-кесілді жауап қайтарды. Менен басқасының бәрі бұл тұжырыммен келіскенімен, мен келіскенім жоқ. Зор қиындықтармен зерттеулерім мен ізденістерімді әрі қарай жалғастыра бердім.

Көңіл түкпірімде – Гелиоцентрлік жүйені ашқан ғұлама Николай Коперник (1473- 1543) католик бола тұра Юлий күнтізбесіне реформа жасау үшін 1514 жылы Латеран соборында құрылған күнтізбе комиссиясының құрамына кіруден текке бас тартқан жоқ деген күмән болды. 1582 жылы христиан әлемін бірнеше шіркеулерге бөлінуге мәжбүр еткен Папа Григорий ХІІІ күнтізбе реформасын жүзеге асырды. Бірақ, келесі 1583 жылы-ақ атақты хронолог (гугенот) Жозеф Скалигер (1540-1609) бұл реформаға ашық қарсы шығып, ескі юлий күнтізбесіне негізделген «Юлий күндері» (JD) деп аталатын әмбебап кестені қолданысқа ендірді. Бұл кесте күні бүгінге дейін астрономия және тарих ғылымдарында қатар қолданылап келеді4.

Біздің заманымыздағы (б.з.) ІV ғасырдың бірінші ширегінде Никей соборында күллі христиан әлемінің күнтізбесі деп жарияланған Юлий күнтізбесі бойынша б.з. 325 жылы 21-наурызы (Пасханың басталуы) – жексенбі күніне тура келсе, қазақстандық ғалымдар құлдық ұрып отырған григорий күнтізбесінде дәл осы дата – сенбі күніне тура келеді5. Негізінде григорий күнтізбесінің – юлий күнтізбесінен айырмашылығы әрбір 400 жылда 3 ғасырлық жылдан 3 күннің алынып тасталуында ғана. Жоғарыдағы 1 күндік айырмашылық – ХVІ ғасырда реформа жасаған күнтізбе комиссиясының 4-ке қалдықсыз бөлінетін ғасырлық жылдарды кәбиса жыл (366 күн) етіп жариялауында жатыр.

Н.Коперник осы себепті комиссия жұмысына қатысудан бас тартқан болуы керек. Себебі, осы кәбиса жылдар шартына орай григорий күнтізбесінде – 2000, 1600, 1200, 800, 400, 0, –400, –800, –1200, –1600 т.т. жылдар кәбиса болады да, 300-інші жыл – жай жыл (365 күн) болып шығады. Ал юлий күнтізбесі бойынша барлық ғасырлық жылдар (соның ішінде 300 жыл) кәбиса болып табылады. Григорий күнтізбесінде бұл қателікке жол бермес үшін 4-ке бөлгенде қалдығында 3 қалатын жылдарды кәбиса ету керек болатын. Сонда: 1900, 1500, 1100, 700, 300, –100, –500, –900, –1300, –1700 жылдар кәбиса болатын еді де, бүгінгі күнгі 1 тәулік қателік болмас еді…

Әйтсе де болар іс болып, бояуы сіңді. Енді өткен уақыттың қателігін түзеу мүмкін емес болғандықтан – 4.12.1963 жылы «Күнтізбе реформасы туралы ІІ Ватикан соборының Декларациясы» қабылданды. Қазақ ғалымдарының бұл декларацияны оқымағаны, әлде оқыса да Елбасымызға әдейі айтпай жасырып қалғаны көрініп тұр6. Аталмыш Декларацияда Ватикан – 7 күндік аптаның тұтастығы сақталатын болса, Григорий күнтізбесінің орнына жаңа дүниежүзілік күнтізбе реформасын жүзеге асыруға келісім беретінін ресми түрде мәлімдеген болатын.

Еуразия күнтізбесінің қоғамдық-саяси мәнін түсіне алмай, жоғарыдағыдай орашолақ пікір жазған ғалымдарды, В.Г.Фесенков атындағы Астрофизика институтының бұрынғы қызметкері, ф-м.ғ.д., Э.Я. Вильковиский мырза жақсы білетінін (бәлкім өзі жазуы да ғажап емес), маған жазған 1-қазан 2009 жылғы хатында айтса да, ол ғалымдармен пәтуасы жоқ айтысқа түсіп, уақытымды текке жоғалтқым келмеді. Себебі, 2010 жылдың қаңтар айында Дүниежүзілік күнтізбе ассоциациясының Директоры Уэйн Эдвард Ричардсон мырза Біріккен Ұлттар Ұйымы арқылы 2012 жылы күнделікті тұрмысқа жаңа күнтізбе жобасын ендіруге дайындалып жатқаны туралы мәлімдеген болатын7. Сол уақыттан бастап «ұзын арқау, кең тұсауға» салып жүрген зерттеулерімді жанталасып құрастыра бастадым. Тек сол кезде ғана, білмей айтқан біреулердің сөзіне бола, сегіз жыл уақытымның текке кеткеніне өкініш пайда болды…

Сөйтсе де тәубе қылдым. Сегіз жыл ішіндегі ең үлкен ұтысым – Интернет атты ұстазымды тапқаным болды. Ғаламдық тордың түкпір-түкпірінен күнтізбе ғылымы саласында әлемде болып жатқан ең соңғы жаңалықтар мен тың білімдерге қанықтым. Соның арқасында 3 жыл бұрын жасаған жаңа жобамды «Еуразия күнтізбесі» деп емес, «Күн жүйесінің ортақ күнтізбесі» («Түркістан» газеті, №26-27, 2.07.2009 жыл) деп атадым8. Бұл мақаламды артынан «Дүниежүзілік үштік күнтізбе» (Всемирный Тройной календарь) деп өзгертіп, орысша нұсқасын интернетке жарияладым9. Мұндағы ойым, егер ғылыми қауымдастық бұл жобамды қабылдамай жатса «Еуразия (Нұрсұлтан) күнтізбесі» деген қастерлі атауға кір келтірмей, келесі ұрпақ үшін таза сақтау еді.

Осы мақалама пікір айтушылардың бірі Мәскеулік ғалым М.И.Петиннің10 (World Dual Petin-Meton Calendar) кеңесімен, Дүниежүзілік күнтізбе мәселесін талқылайтын АҚШ, Солтүстік Каролина, Гринвиллдегі Каролинаның Шығыс университетінде (At East Carolina University, in Greenville, North Carolina, US) 1996 жылы ашылған форумға11 тіркелдім. Бұл форумдағы 178 мүшенің арасында, есімдері әлемге танымал бірнеше ғалымдар бар екен. Сондықтан форумның тіршілігіне бірден араласпай, алты айдан аса уақыт бойы форум қызметін сырттан бақылаумен болдым. Бір байқағаным, егер тың идеялары болмаса, күнделікті жарияланып жатқан күнтізбе жобаларына мұндағы форум мүшелері тіпті назар да аудармайды екен.

Атамыз қазақ «ақиқат – айтыста туады» деп тегін айтпаған ғой. Жарияланған бірнеше жобаларды өз жобаммен салыстырып, өз жобамның недәуір артықшылықтарын көрдім. Содан тәуекел деп мақаламды сегіз жылдан кейін қайтадан «Еуразия күнтізбесі» деп атап, ағылшын тіліне аударып, форумдағы 178 мүшенің бәріне де жөнелттім. Әуелде «ешкім де назар аудармай қойса, онда 25 жыл бойы текке тер төккенімнің рас болғаны!» деп қатты қобалжығаным рас.

Бірақ көп өтпей, БҰҰ-да «дүниежүзілік күнтізбе» ретінде жобасы қаралып жатқан «Симметрия-454» күнтізбесінің авторы, Канададағы Торонто университетінің профессоры Ирвин Бромберг12, Оксфордширге орналасқан, Резерфорд-Эпплтон STFC зертханасының ғалымы, ұлыбританиялық Карл Палмен13, Виктор Енджел14, Петер Мейер15, Бриж Бушан Виджай (Brij Bhushan Vij – India), Амос Шапир (Amos Shapir – Israel), Сонну Пондром (Sonny Pondrom), Фил де Роза (Phil De Rosa – Canada), Сепп Розуанджл (Sepp Rothwangl), Том Питер (Tom Peters) және т.б. «Еуразия күнтізбесінің» жобасын қызу талқылауға кірісті.

Мақаламды оқып шыққан ғалымдар жобаға қатысты сұрақтарды қарша боратқанда, қатты састым. Біріншіден, өз елімде 25 жыл бойы еленбей келген идеяларыма шетелдік ғалымдар осыншалықты қызығушылық танытады деп ойламаған едім; Екіншіден, ағылшын тілінен «әліпті таяқ» деп білмейтіндігім үшін қысылдым. Сол арада баяғы мәскеулік М.И.Петин ағамыз: «енді амал жоқ, ағылшын тіліне автоматты түрде тәржімалайтын онлайн аударғышты пайдаланып, қойылған сұрақтарға тиянақты жауап беруге тырыс» деп кеңес берді. «Жоқтан жақсы» демекші, автомат аударғыштың көмегімен ағылшын тілінде шамамның жеткенінше «шүлдірлеп» жауап бере жүріп, өз білім деңгейімнің мұндағы арнайы білімдері бар ғалымдардан кем түспейтінін байқадым. Бұл жағдай жүрегіме сенім ұялатып, қажырыма қанат бітіргендей болды.

Сол ашық айтыстар кезінде, әрқайсымыздың өз жобамыз бар бәсекелес болсақ та, Sonny Pondrom (Сонни Пондром) мырза: «Hi Kaldarchan, I like you effort for 3 calendars. I would like to see what the one for secular societies would use. Can you send me a link to which one you recommend. On the Gregorian calendar, I definitely want a new world calendar (even one with 3 versions), but the past is over. No one can change the past, so why should we worry about the past? I want a calendar that is easy to understand for problems in the future» – деп Еуразия күнтізбесінің жобасына алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті.

Канадалық ғалым Philip DeRosa мырза: «Hello Kaldarkhan. What you have to contribute is quite interesting and we wish to understand fully what you have to say. Is it possible to find a friend who could do the translating for you instead of you using your electronic translator. It really would help you and the rest of the Calendar List in communicating with each other and avoid some of the frustration felt by everyone including yourself. Linking science and nature…» деп бір жағынан қолдау көрсетсе, екінші жағынан «ағылшын тіліңді түзесең, тіпті жақсы болар еді» деп жанашырлық танытты. Осы форумдағы тағы бір ресейлік ғалым-жазушы Владимир Пахомов16 – Еуразия күнтізбесінің кешенді жобасын түгелдей ағылшын тіліндегі конверторлық программаға аударып, басқа ғалымдар секілді арнайы сайтқа орналастыруға әрекет жаса деп ағалық кеңесін берді.

Аталмыш форумда негізгі қарсыластарым болған профессор Ирвин Бромберг, ғалым Карл Палмен, Виктор Енджел, Амос Шапир мырзалармен қазіргі ең озық деген астрономия, астрофизика, қолданбалы математика т.т. ғылымдар шеше алмай отырған «тропиктік жылдың мөлшері», «күн мен түннің теңелу құбылысы», «Ай мен Күн жүйесіндегі планеталардың біркелкі емес қозғалысы» сияқты күрделі мәселелер төңірегінде пікір таласқа түстім. Дегенмен, бұл айтыстардың ауыр болғаны соншалық, кейбір күндері шамасы бұл осы форумдағы ең соңғы күнім болар деп те ойлап жүрдім. Себебі, түрлі сылтау айтып (мысалы, ағылшын тілін білмейтіндігімнің өзі қайда жатыр), модератор форумнан шығарып тастар ма екен деп те сескендім. Десе де, бет түзейтін белгілі бір ақиқат болмаған соң – жеңуші де, жеңілуші де анықталмады.

Қайдағы бір азиатты жеңе алмағанына намыстанды ма қайдам, Виктор Енджел мырза Еуразия күнтізбесінің 46 400 жылдық циклін түкке тұрғысыз етіп, өзінің 30 650 (30 651) жылдық циклін дәріптей бастады. Оны дереу Ирвин Бромберг пен Карл Палмен де қолдай кетті. Мұндай әділетсіздікке төзе алмай, 2009 жылы «Түркістан» газетінде жарияланған кестемді Виктор Енджелдің кестесімен салыстырып, үшеуінің де көрінеу өтірік сөйлегендерін беттеріне басып, форум бетінде ресми түрде кешірім сұрауларын талап еттім. Қай циклдың басым түсетінін көзі қарықты оқырманның өзі саралауы үшін төменде сол салыстырма кестені беруді жөн көрдім:

Осы оқиғадан кейін, бір күні «Skype» программасы арқылы Мәскеуден арнайы қоңырау соққан М.И.Петин мырза: «жарайсың Қалдархан, анау дандайсыған үш жебірейді әбден жерге кіргіздің. Әдетте олар үш жақтан мүйіздеп, кез келген ғалымды басып тастаушы еді. Байқаймын саған тістері батпады!» деп риза болды.

Еуразия күнтізбесінің жобасына қызығушылық танытып, әуелі өзі хат жазған Дүниежүзілік күнтізбе ассоциациясының Директоры Уэйн Эдвард Ричардсон мырзамен жүйелі түрде хат жазысу барысында, бұл ұйымның 2012 жылы жаңа күнтізбе жобасын ендіруге шамасы келмейтініне көз жеткіздім17. Біріншіден, бұл ұйым 1954 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына ұсынған жобасын «Y2K» деп атауын ғана өзгертіп, дәл сол күйінде қайта ұсынып отыр. Демек әлемдік діндер бұл жобаға қолдау көрсетпей, тағы да сәтсіздікке ұшыратуы уақыттың ісі. Екіншіден бұл жобаға қазіргі уақыттың өзінде, түрлі ұлттық және діни қоғамдық ұйымдар «христиандық имперализм» көрінісі ретінде қарсы шығып отырғанын айтып өткім келеді18.

Осылайша дүниежүзілік күнтізбе форумына қатысатын дүниежүзілік ғалымдар арасында – «Еуразия күнтізбесі» деген түсінік қалыптасты. Енді осы түсінікті әрі қарай дамытып, Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа ұсынатын «Еуразиялық брэнді» етіп қалыптастыруына ешбір кедергі жоқ десе де болады.

Қазақстан келесі жылдың ортасынан бастап – Ислам Ұйымының Конференциясына Төрағалық етуді бастамақ. Егер Исламдық астрономия ұйымдарымен бірлесіп әрекет етер болсақ20, соңғы кезде тіпті ушығып бара жатқан Христиандық батыс пен Мұсылмандық шығыстың арасын татуластыруға – Қазақстанның септігі тиетініне өз басым сенемін. Бұл ұлы татуласуды рухани-мәдени көпір ретінде неге дүниежүзілік күнтізбе реформасынан бастамасқа?!

Оның үстіне жаңа «Еуразия күнтізбесінің» жобасында ғажайып үлгімен – тұңғыш христиан күнтізбесі аталған Юлий (Күн) күнтізбесінің ендірілген күнінен (01.01.–44 жыл) басталатын жылсанау мен Ай күнтізбесіне негізделген Мұхаммед с.ғ.с.-ның Меккеден Мединеге қоныс аударған (һижра) күнінен басталатын мұсылман жылсанауы (16.07.622 жыл) бір-бірімен туар ай сандары бойынша ғажап түрде жымдасып кетеді.

Бұл осы уақытқа дейін хронология ғылымына беймәлім болып келген тың жаңалық болып табылады!

Қостанай облысы, Торғай кентінің маңынан табылған, диаметрі 94 метр болатын көне астрономиялық маңызы бар жер өрнектің (геоглиф) көрінісі – әлемдік үш күнтізбені біріктіруге ниет еткен Еуразия күнтізбесінің символы (свастика) үшін тамаша эмблема (брэнд белгісі) болып табылады. Кешенді түрдегі көрінісінің ұзындығы 512 метр болатын бұл ғажайып алып жерөрнекті «Google Earth» (Планета Земля) программасы бойынша – 50º.06′.58″.38 С / 65º.19′.34″.54 В шаршыдан өз көзіңізбен көруге болады 19.

Жалпы күнтізбе мәселесі сырт қарағанда маңызы жоқ бос әурешілік болып көрінгенімен, дәл осы салада Исаак Ньютоннан бастап, Альберт Эйнштейнге дейін талай ғұламалар бас қатырғаны көп нәрсені аңғартады. Себебі, әлі күнге дейін «уақыт» деген тылсымның құпиясы ашылмай келеді. Ал күнтізбе болса, осы тылсымның Жер бетіндегі айнасы болып табылады. ХХ ғасырда Біріккен Ұлттар Ұйымына ұсынылған жүздеген жобаларда 365 күндік жай жыл (366 күндік кәбиса жылы) ішінде – 7 күндік апта мен 12 айды (28, 30 және 31 күн) орналастырудың 1000-ға жуық үлгілері қарастырылса, бұл үрдіс ХХІ ғасырда әлі де жалғасын тауып жатыр.

Еуразия күнтізбесінің – жыл маусымдарымен үйлесімділігі мен жалпы жүйесі, ішкі және сыртқы құрылымы жөнінде бұл мақалада әңгімелей алмадық. Оны келесі мақаламызда баяндаймыз деп үміттенемін…

01. http://calendarium.narod.ru/lib/history/izmer.html

02. http://www.osce2010.kz/kk, http://summit2010.osce.org/

03. http://www.google.kz/#q=Eurasian+calendar+Kaldarkhan+Kambar&hl=ru&biw=1436&bih=695&rlz=

1R2SKPT_ruKZ406&prmd=iv&filter=0&fp=1&cad=b

04. http://www.supernovum.ru/forum/read.php?1,114853,124319

05. http://direct-time.com/index.php?id=12#

06. http://krotov.info/acts/20/2vatican/dcmnt01.html

07. http://www.trud.ru/article/05-01-2010/234668_v_2012_godu_mozhet_byt_vveden_novyj_kalendar.html

08. http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=35&id=3514

09. http://kata-log.ru/nauka/vsemirnyy-troynoy-kalendar.html

10. М.И.Петин – http://CalendarPetin-Meton.narod.ru

11. http://personal.ecu.edu/mccartyr/calndr-l.html

12. Irv Bromberg – http://individual.utoronto.ca/kalendis/

13. Кarl Рalmen – http://www.hermetic.ch/cal_stud/palmen/index.html

14. Victor Engel – http://www.the-light.com/vector.html

15. Peter Meyer – http://www.hermetic.ch/

16. В.Л.Пахомов – http://pakhomov.com/

17. Wayne Edward Richardson – http://www.theworldcalendar.org

18. http://www.icacci.org/index.php?ru

19. http://www.deydi.narod.ru/

20. http://www.icoproject.org/live.html

Қалдархан Әлісейтұлы ҚАМБАР

Серіктес жаңалықтары