...МЕМЛЕКЕТТIК БАҒДАРЛАМА ҚАБЫЛДАУ МIНДЕТТI МЕ?

...МЕМЛЕКЕТТIК БАҒДАРЛАМА ҚАБЫЛДАУ МIНДЕТТI МЕ?

...МЕМЛЕКЕТТIК БАҒДАРЛАМА ҚАБЫЛДАУ МIНДЕТТI МЕ?
ашық дереккөзі
194

"Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттiк бағдарламасына" сенсек, 2020 жылы елiмiздегi ересек тұрғындардың сексен пайызы мемлекеттiк тiлдi меңгередi екен. Мұндай пайыздық мөлшерлеменiң қандай принциптiң негiзiнде есептелгенi бiз үшiн жұмбақ. Бiр бiлерiмiз, қазiр мемлекеттiк тiлдi меңгеруден гөрi ағылшын тiлiн үйренуге деген сұраныс үлкен.

"Ұлы орыс тiлi" де қазiр ағылшынның тасасында қалып отыр. "Бала санасы пiсiп-жетiлгенге дейiн тек қана өзiнiң туған тiлiн меңгеруi тиiс" деген қағиданы ұстанатын жапондарға қазақтың қылығы мүлдем ұқсамайды. Әлiптi таяқ деп бiлмейтiн балабақшаның баласы "ейпл" деп елпiлдеп тұрса, ата сақалы аузына түскен ақсақал-қарасақалдарымызға шейiн "сэнк ю" деудi мәртебе көредi. Ал қазақпен туғалы бiрге жасасып келе жатқан қазақтың тiлiн тұғырына қондыруға, бiздiңше, осы аты дардай, аяғы қылдай бағдарламалардың аса көп пайдасы жоқ сияқты. "Тiл – табиғи құбылыс. Қанша заман өтсе де, саясат қалай құбылса да, түбiрiнен өзгермейтiн, тек дамып, жетiле түсiп, жаңғырып отыратын ұлттың рухани дiлi. Тiл аман болса, дiл аман. Дiл сақталса, ұлт бүтiн… Қазақтың тiлi сонау Керей мен Жәнiбек заманында да, Абылай тұсында да, кеңестiк заманда да, бүгiнгi күнi де сол қазақ тiлi", – дейдi қазақ тiлiн қайсыбiреулер айтып жүргендей мемлекеттiк рәмiз деп тануға түбегейлi қарсы азаматтардың бiрi Сабыржан Шүкiрұлы. "Қазақ тiлi қазақтың санының өсуi, кеңiстiктi қамтуы, ұлт мәдениетiнiң өркендеуi, ғылым мен бiлiм жетiстiктерiнiң игерiлуi, жазу мәдениетiнiң қалыптасуы арқылы жетiлiп, дамып келедi. Тiлдi рәмiз деп тану оны баянсыз етпек. Бұл тiлдi өзгертуге болады дегендi меңземек. Бұл – бiз үшiн, ұлт келешегi үшiн қауiптi пiкiр", – деген сөзiнiң де жаны бар. Патшалық езгiде болғанда да, кеңестiк құрсауда да қазақтың тiлi қандай да бiр бағдарламаның пәрменiмен дамыды десек, қатты қателесемiз. Ол қазақтың өзi мен сөзi арқылы дамыды. Өнерi мен мәдениетi, әдет-ғұрыптары арқылы дамыды. Олай болса, тәуелсiз Қазақстанда мемлекеттiң негiзгi тiлiн мемлекеттiк бағдарламаның аясына әкеп тығудың қажетi қанша деген заңды сауал туады. Тiлдi дамытамыз десек, ұлттың мәдениетi мен әдебиетiне қолдау жасайық. Руханияттың әр саласына дем берейiк. Бiр ғана халық шығармашылығын дамыту арқылы ғана мемлекеттiк тiлдiң деңгей-дәрежесiн ешбiр бағдарламаның пәрменiмен көтере алмайтын деңгейге көтеруге болады. Ақындық мектеп, жыршылық өнер, ұлттық би және күй өнерi, дәстүрлi ән өнерi дамыса, қазақтың тiлi ешқашан құрдымға кетпейдi. Дәстүрлi өнердiң өркендеуiн мемлекет өз қамқорлығына алуы керек. Озық өнерiмiзге керiтартпа қазақбайшылық деп қарайтын болсақ, онда өнер өркендемейтiнi өз алдына, бұл жалпы ұлттың дамуына керi ықпал етедi. Соңғы бес-алты жылдың көлемiнде қазақ көрерменi айтыстан көз жазып қалды. Өтiмдi сөзiмен, ұтымды ойымен, уытты әзiлiмен көптiң көзайымына айналған айтыс ақындарын жұрт "айтыстың ақтаңгерi", "пәленше ақын", "түгенше ақын" деп құрметтер едi. Ел iшiне барса, жұрт төбесiне көтеретiн. Қайсыбiр от тiлдi ақындардың өткiр сөздерi асабалардың аузымен той-томалақтарда да айтылып жататын. "Бәленше бүй дептi, түгенше сөйдептi" деп келетiн ел аузындағы әңгiмеге арқау болған ақындарымыз айналасы бiрнеше жылдың iшiнде абырой-беделiнен айырылып қалмаса да, етекте қалып қойғаны жасырын емес. Айнұр Тұрсынбаеваны абыройлы еткен айтыс екенiн мойындауымыз керек. Ал "Екi жұлдыз" Айнұрға бедел әпердi десек, оңбай қателесемiз. Ринат Зайытовты да қалың көпшiлiк "Хабардағы" "бұзықтығы" үшiн емес, айтыстағы "қитарлығы" үшiн сыйлайды десек, асыра айтқандық емес. Мұхаметжан Тазабеков сынды дара ақынның дiн жолына түсiп, елге ғибратты әңгiме айтып жүргенi; Балғынбек бастаған ақындардың "Алланың бары ақиқат, Мұхаммед оның елшiсi" екенiн тереңдей түсiнуi тек қана қуантады. Дегенмен, жұртшылық Мұхаметжанды да, Балғынбектi де айтыс арқылы таныды. Айтыстың арқасында Айтақынның қаршадай баласы "ақын бала" атанды. Бiле бiлсек, "Айтыстың Сарасы" деген дәреже мемлекеттiк мәртебесi бар талай сыйлықтан бағалы. Айтысты "ескiлiктiң қалдығы" дейтiндер сол "қалдықпен" бiрге туған тiлiмiздiң де төрдегi басы көрге кететiнiн де ұмытпаса екен. Әрi басқа ешбiр мiнберде айтылмайтын кейбiр ащы шындықтың тек айтыста ғана айтылып жүргенiн ұмытпайық. Кейде отыздың о жақ, бұ жағындағы айтыс ақындары жетi минуттың iшiнде жетпiс жетi депутаттың жетi айда айтпайтын мәселесiн айтып жатады. Қанша жерден цензура бар дегенмен, айтыста ептеп болса да шындықтың айтылатыны өтiрiк емес. Әдетте әлдекiмдердiң артынан айтылатын әңгiменiң "бетке басылатыны" өз алдына. Әрине, дәмiн кетiрмей, сәнiн кетiрмей өткiзу басқа әңгiме.

Қазақтың ұлттық киiмi мен ұлттық аспаптары көрменiң экспонатына айналса, одан опық жейтiн өзге емес, әлбетте, өзiмiз болмақпыз. Әлемдi классикамен таңдандыра алмаймыз. Өйткенi, классика бiзге солардан келген. Әлемдiк деңгейде алып қарағанда Айгүл Үлкенбаевадан гөрi Айман Мұсақожаеваның, Рамазан Стамғазиевке қарағанда Жәния Әубәкiрованың, Шұғыла Сапарғалиқызынан гөрi Ләйлә Әлпиеваның, Роза Рымбаеваға қарағанда Майра Мұхамедқызының аты танымал екенi өтiрiк емес. Және ол заңдылық та. Алайда, бiз бұл азаматтардың жөнi бөлек екенiн естен шығармасақ екен. Шетелдiк қонақтардың алдында балет бишiлерiнен гөрi "Гүлдердiң" мың бұралған "гүлдерi" өнер көрсетiп жатса, "Тенорлар шеруiнiң" орнында Рамазандар мен Сәулелер әуелете ән салса, Айгүл Үлкенбаева бастап, Мұрагер Сауранбаев қоштап, күмбiрлете күй шертiп жатса, мерейiмiздiң үстем болғаны емей, немене?! Қазақ екенiмiздi таныту үшiн әлемдiк өнермен қатар, ұлттық өнердi меңгеру керектiгiн естен шығармайық!

P.S. Осыдан он шақты күн бұрын облыстық "Жетiсу" арнасынан айтыс көрсетiлдi. Артынша Астанада аламан айтыс өттi. Көпшiлiк айтысты сағынып қалыпты. Мiндеттi түрде республикалық деңгейде болмаса да, облыс, аудан көлемiнде де айтыс ұйымдастыру, халық шығармашылығын дамыту өте өзектi мәселе. Бұл орайда Мәдениет министрлiгiнiң соңғы уақытта қолға алған шараларын, "Аспект М" әлеуметтiк-гуманитарлық зерттеулер қорының атқарған шаруасын атап айтқан орынды. Келешекте жалғасын тауып жатса, әрине, құба-құп.

Жұлдыз ӘБДIЛДА

Серіктес жаңалықтары