ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНЫҢ ҚЫЗЫҚТАРЫ
ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНЫҢ ҚЫЗЫҚТАРЫ
Алматы Мемлекеттiк қуыршақ театрына 75 жыл! Егер адам өмiрiмен салыстыра қарайтын болсақ, 75 жыл деген асарын асап, жасарын жасаған қарияның саналы ғұмырын көз алдымызға әкеледi. Бүгiнде қуыршақ театры да жарқын суреттi қойылымдары, тағылымы терең ойындары арқылы бүлдiршiндердiң кемеңгер ақылшысына айналғандай.
Иә, 1935 жылы құрылған бұл өнер ордасы қазақ театрларының арасындағы ең көнелерiнiң бiрi саналады. 75 жыл iшiнде театр сахнасында барлық жүйедегi қуыршақтар – қарапайым жiппен жүргiзiлетiн қуыршақтан бастап, күрделi марионеткаларға дейiн көрсетiледi. Өнер ордасы талантты әртiстердiң бiрнеше буынын: қуыршақ шеберлерi, режиссерлердi, суретшiлердi тәрбиелеп шығарды. Олардың көпшiлiгi жылдар бойы театрға – қуыршақ өнерiне адал қызмет етiп келедi.
Тұңғыш қойылымдары саналатын "Алдар көсе" мен "Өтеген батыр" спектакльдерi театрдың алғаш iргетасы қаланған күннен бастап-ақ, өнердi сүйетiн кiшкене көрермендердiң аса сүйiктi ертегiлерiне айналған. Осы сынды ұлттық бояуға қанық, бүлдiршiндердi ғажайып ертегi әлемiнiң тылсым сырларына елтiп әкетер қызық та шытырман оқиғаларға толы қойылымдарды сәби санасына жеткiзiп, көркем өнер арқылы балдырғандарды iзгiлiкке, достыққа, адалдыққа тәрбиелейтiн дүниелердi сахналауда Қазақ драма театрының жетекшi актерлерi Қ.Бадыров, С.Телғарин, белгiлi режиссер, қуыршақ шеберлерi А.Анчаров, О.Тарасова, сонымен қатар музыкалық жағынан көркемдеуде талантты композиторлар: Л.Хамиди мен Б.Ерзоковичтердiң де еңбектерi ұшан-теңiз.
Терең iзденiстерiнiң арқасында жемiстi өнер көрсетiп келе жатқан театрдың репертуары негiзiнен халықтық мол мұралар, шығыс және шетел ертегiлерiнен тұрады. Атап айтар болсақ, "Тал көлеңкесi", "Ақ құс туралы аңыз", "Мың бiр түн", "Отан туралы аңыз", "Аққу Жiбек", "Алладиннiң сиқырлы шамы", "Сотқар бұзау", "Қызыл телпек", "Тарқамайды тойымыз" және тағы басқа көрерменiн кеңпейiлдiлiк, батырлық, отансүйгiштiк, әдiлдiк, достыққа жетелеп, эстетикалық тұрғыдан тәрбиелейтiн сан алуан қойылымдары бүлдiршiндердiң ыстық ықыласына ие. Сондай-ақ, театр Ресей, Қытай. Чехия, Түркия сияқты көптеген елдерде өткен фестивальдерге қатысып, жүлдегер атанып, қанжығалары сан алуан сыйлық-марапаттауларымен толыққан. Мұндай байқауларға қатысу, бiрiншiден, театр ұжымының тәжiрибелiк тұрғыдан өзге елдердiң жетiстiктерiмен алмасуына мүмкiндiк берсе, екiншi жағынан жат мемлекеттермен достық қатынасты нығайтуға да ықпал етедi. Оған дәлел – 75 жасқа толып, ұлан-асыр той жасап жатқан қуыршақ театры ұжымының қуанышымен бөлiсуге шет елдiк қонақтардың құттықтай келуi.
Желтоқсан айының 6-9-ы күндерi аралығында өткен фестивальге Жапонияның "Mundo Novo Poco Buyo-Dan", Мәскеудiң "Отражение", Болгария елiнiң, Бургас қаласынан келген Мемлекеттiк қуыршақ театрлары, Қырғызстан елiнiң Ортеке дәстүрлi жанрының орындаушысы, танымал этнограф Нұрах Абдрахманұлы және өз елiмiздiң қуыршақ театрлары қатысты. Әсiресе, Жапония елiнен келген "Mundo Novo Poco Buyo-Dan" театрының бүлдiршiндерге ұсынған "Қуыршақтар шеруi" қойылымы өзiнiң көркемдiк деңгейiнiң өте жоғарылығымен және балалар психологиясын дөп басар сезiмталдығымен ерекшеленсе, Мәскеу қаласының "Жабайы аққулары" оқиғаларының ойнақылығы һәм терең iзденiсiмен, Болгариялық "Ормандағы думан" спектаклi актерлерiнiң ертегiдегi кейiпкер болмысын қуыршаққа шебер енгiзген шынайылығымен көпшiлiк көңiлiнен шықты. Мысалы, Болгар театрының бiр ғана бақаларға балет билетудегi шеберлiгi балалар ғана емес, қойылымды тамашалауға келген барша көрермен көңiлiне үлкен әсер қалдырды деп айта аламыз. Ортеке дәстүрлi қуыршақ жанрының орындаушысы Нұрах Абдрахманұлының ортекелердi ойната отырып, сонау ертедегi түркi халықтарына ортақ асыл мұраны насихаттау жолындағы тыңғылықты iзденiсi, ұлттық бояуға қанық ұлт өнерiн ұлықтаудағы ерен еңбегi үлкен құрметке лайық-ақ.
Ұлттық қуыршақ театры дегенде, жұртшылыққа ежелден мәлiм Ортеке бейнесi көзi қарақты кез келген көрерменнiң көз алдына келерi анық. Себебi, қуыршақ театры өз бастауын осы Ортекеден алады. Сонау ерте замандарда қазақ халқында саусақтарға бекiтiлген жiп арқылы домбыраның сүйемелдеуiмен орындалар күйдiң, не болмаса әуеннiң ырғағында қозғалып, билейтiн "Ортеке" аталатын қуыршақтар көрерменiне қызықты қойылымдар көрсеткен. Сол арқылы халық үлкен өнердiң куәсi болған. Осынау ұлттық өнер түрi кейiн, уақыт өте келе дамып, жетiлiп басқа да қуыршақтардың өмiрге келiп, өнер көрсетуiне тiкелей ықпал етсе керек. Бұл жөнiнде және өтiп жатқан мерейтой хақында аталмыш жанрдың орындаушысы Нұрах Абдрахманұлы былай дейдi:
"Ортеке" дегендi қырғыздар "тақтеке" дейдi. Бұл бабаларымыздан қалған, ертеден келе жатқан өнер түрi ғой. Алайда, өкiнiшке қарай, қазiр бұл өнер түрi көп насихаттала бермейдi. Осы тұрғыдан келгенде, бiзге терең iзденiс керек. Негiзiнен, толық нұсқасында мерген шығып, текенi мылтығымен атып, оны өлтiруi керек болатын. Бiрақ сахнадағы қойылымда бiраз нәрсенi қысқартып, бүлдiршiндердiң қабылдауына лайықтап көрсеттiм. Ортекенi ойнату қандай қызық болса, оны тамашалау одан да қызығырақ. Мысалы, бүгiнгi ойында текелердi көрсетпей тұрып, алдымен ешкiлердi билетiп алдым. Содан кейiн барып текелердi шығарып сүзiстiргенде ойын одан әрi қыза түстi. Жоғарыда айтқанымдай, бұл нәрсе қазiр азайып кеттi ғой. Бұрынырақта қырғыздарда әрбiр айда екi-үштен ортекешiлер ортеке ойнататын, бүгiнде ондай нәрсе сиредi. Анда-санда осы салаға қатысты бiрлi-екiлi жарыстар ұйымдастырылып жатқаны болмаса, Ортеке ойынының әлi де насихаты аз. Осылай ұлттық құндылықтарды ұлықтап жатқан қазақ бауырластарға, тақтеке фестивалiн ұйымдастырып жатқан театр басшысы Мәдениет Мұғалiмұлына және ұжымдағы барша әрiптестерiме зор алғысымды бiлдiремiн. Балдырғандарды сәби күнiнен бастап өз тарихын, өнерiн бiлуге, ата-бабаларынан келе жатқан асыл мұраларын қастерлеуге үйрету – ұлт үшiн шоң пайдалы дүние болмақ!".
Мерейтойда шетелден келген өзге меймандар да өз өнерлерiн көрсетiп, Мемлекеттiк қуыршақ театры атынан дипломдарға ие болды. Марапаттау соңында құттықтау сөз алған жапондық "Mundo Novo Poco Buyo-Dan" театрының әртiсi Кимура Ген: "Бұл – бiздiң Қазақстанға алғаш келуiмiз. Казақ халқы мен жапондықтардың мәдениетiндегi көптеген ұқсастықтарды көрiп, таң қалып жатырмыз. Фестиваль да өте жоғары дәрежеде өттi. Шексiз ризашылықпен бүгiнгi кештi ұйымдастырушыларға зор алғысымызды бiлдiремiз", – деп барша қонақтардың атынан жүрекжарды лебiзiн бiлдiрдi.
P.S. "Дұрыс қанаттанған түзу ұшар" демей ме халқымыз?! Балалардың балғын санасының жетiлiп, адами тұрғыдан биiк азамат болып қалыптасу жолында театрдың, әсiресе, қуыршақ театрының берерi ұшан-теңiз екендiгi айтпаса да түсiнiктi. Бүгiнгi ертегi айтып бермейтiн жұмысбасты ата-ана да, оны тыңдамайтын бала да бар керегiн осы театрдан алары анық. Осындай үлкен де аса зор жауапкершiлiктi мойнына алып,75 жыл бойына тынымсыз атқарып келе жатқан театр ұжымының ерен еңбектерi мен жарқын iстерiне бiр аптаға созылған халықаралық қуыршақ өнерi фестивалi және думанды мерейтойлық кеш арқылы куә болдық.
Назерке ЖҰМАБАЙ