"ШЕВРОН" 60 СТУДЕНТКЕ ШАПАҒАТЫН ТИГIЗБЕК

"ШЕВРОН" 60 СТУДЕНТКЕ ШАПАҒАТЫН ТИГIЗБЕК

"ШЕВРОН" 60 СТУДЕНТКЕ ШАПАҒАТЫН ТИГIЗБЕК
ашық дереккөзі
312

Дүниежүзiндегi ең iрi бiрiктiрiлген энергетикалық компаниялардың бiрi – "Шеврон" корпорациясының аты әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде кең жайылған. Компания Қазақстанда да жаңа технологияларды енгiзе отырып, экономиканы әртараптандыру мен дамыту үшiн ұзақ мерзiмдi стратегиялық бағдарламаларды қолға алуда. Алғашқы құрылған кезеңнен бастап мамандардың бiлiмi мен бiлiктiлiгiн жетiлдiретiн бiрнеше бағдарламаға басымдық бердi.

"Шеврон" компаниясы Қ.И.Сәтбаев Қазақ ұлттық техникалық университетiмен бiрлесiп, Әлем университеттерiмен серiктестiгi бағдарламасы аясында факультеттер мен студенттердi жетiлдiруге, стипендия беру және халықаралық аккредитацияға үздiксiз көмек көрсетiп келедi. Бұл серiктестiк бағдарлама жастардың бiлiмге деген құштарлығын оятып, ең үздiк студенттерге жоғары стипендия тағайындайды. Атап айтар болсақ, компания 2007-2008 оқу жылы күндiзгi бөлiмде оқитын 24 студентке, 2008-2009 оқу жылында – 21, ал 2009-2010 жылдары 45 студентке жартылай және толықтай стипендия бөлдi. Қуаныштысы сол, бұл үрдiс жалғасын тауып, 2010-2011 оқу жылында ҚазҰТУ-дың техникалық мамандықтарына арналған стипендиялық бағдарламасын 60 студент жеңiп алып, арнайы сертификаттарға ие болды. Оның 46-сы – студент, 14-i – магистрант. Осылайша, "Шеврон" стипендиялық бағдарламаны жүзеге асыру барысында ҚазҰТУ-дың 150 студентiн қуанышқа бөледi.

Салтанатты шарада сөз алған "Шеврон" компаниясының Қазақстандағы өкiлдiгiнiң басшысы Замира Қанапиянова: "Бұл бағдарлама Қазақстанда 2007 жылдан берi жүзеге асып келедi. Мұнай және газ саласындағы инженерлердi кәсiби түрде дайындауға бағытталған бастама жас мамандардың болашағына даңғыл жол салады. Себебi, бүгiнде "Теңiзшевройл" бiрлескен кәсiпорнында отандық мамандар 84 пайызға жетсе, әр түрлi деңгейдегi басшылық қызметтердiң 77 пайызын өзiмiздiң жергiлiктi мамандар атқарады. Ал, "Шевронның" ендiгi бiр кәсiпорны – Атырау полиэтилен құбырлар зауытында толықтай дерлiк Қазақстан азаматтары жұмыс iстейдi", – дедi.

Компания қазiргi таңда әлемнiң 10 мемлекетiндегi 16 үздiк оқу орнымен тығыз байланыс орнатқан. Соның iшiнде ҚазҰТУ-дың материалды-техникалық базасын нығайтып, жаңа зертханалық құрал-жабдықтар мен компьютерлiк бөлмелердi жасақтауға демеушiлiк жасауда. Бұдан өзге компанияның ҚазҰТУ оқытушылар құрамына техникалық ағылшын тiлiн үйрету бойынша да бағдарламасы бар. Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың оқу-әдiстеме жұмысы жөнiндегi проректоры Шыныбай Байысбековтың айтуынша, ҚазҰТУ мен Колорадо тау-кен мектебi арасында ынтымақтастық орнап, 2009 жылдың маусым айында екi оқу орны күшiмен алғашқы геологиялық практика өткiзiлiп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткiзiлiптi. "Әлемге белгiлi компанияның стипендиясына ие болу екiнiң бiрiнiң маңдайына жазылмаған бақыт. Бiздiң оқу орны үшiн бұл үлкен мәртебе. Келешекте студенттер сенiмдерiңiздi ақтайды деп бiлемiн" – дедi ҚазҰТУ-дың оқу-әдiстеме жұмысы жөнiндегi проректор.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары