ЖАУАПКЕРШIЛIК ПЕН ЖЕМҚОРЛЫҚ

ЖАУАПКЕРШIЛIК ПЕН ЖЕМҚОРЛЫҚ

ЖАУАПКЕРШIЛIК ПЕН ЖЕМҚОРЛЫҚ
ашық дереккөзі
226

28 млрд. теңге бюджетке қайтарылды. Неге?..

Қазақстандағы "түйенi түгiмен жұтатын" кейбiр жемқор шенеунiк пен мiндетiне немқұрайды қарайтын кейбiр мемлекеттiк қызметкер өз iсiне қаншалықты адал? Жалпы жемқорлықпен күрес қызған сайын жемқорлар саны неге артып барады? Адами құндылықтар мен заңды бiрiншi кезекке қоятын елдерде парақорлық қалай ауыздықталған?

Шотландияның көлiк министрi Стюарт Стивенсон көлiк кептелiсiнiң кесiрiнен өз еркiмен қызметiмен қош айтысуға мәжбүр болды. Кәрi құрлықты тұтасымен ақ көрпеге ораған қалың қар көктайғақ жолдарға ғана емес, министрге де сор болды. Қызметiнен босату туралы жазған өтiнiшiнде: "Ауа райының қолайсыздығына байланысты туындауы мүмкiн жағымсыз жайттар жайлы қоғамды хабардар етуде менiң қолымнан келетiнi көп бола тұра, немқұрайдылық таныттым" деп ағынан жарылған Стивенсонды шотландиялық жүргiзушiлер де басынан сипай қойған жоқ. Олар "Көлiк министрi өзiне жүктелген мiндеттi ойдағыдай атқара алмады" деп наразылық танытты. Осылайша, министрлiк орынтақта отыруға өзiн лайықсыз деп таныған Стивенсон жұмыстан кету туралы арызын жазды. Қазақстандық, тiптi, посткеңестiк кеңiстiкке тән менталитетке салсақ, жолдардағы кептелiс отставкаға кетуге ешқашан негiз бола алмайды. Заң жүзiнде, жоғары лауазым иесiнiң ар-кодексiне жүгiнсек, бәрi керiсiнше, әрине. Яғни, шотландиялық министрдiң өз кiнәсiн мойындауы – табиғи заңдылық.

Бiрақ өкiнiшке қарай, бiздегi жағдай демократиялық құндылықтарды ғасырлар бойы үкiлеп келе жатқан еуропалық қоғам өмiрiнен әлдеқайда алшақ. Әйтпесе, пара алу барысында ұсталған көп шенеунiк немесе мемлекеттiк қызметкер кiнәсi мен күнәсiнiң "айыбы" ретiнде қызметiнен төмендетiлумен шектелетiнiн немесе "дауыл" басылғанша тасаға жасырынып, "күннiң көзi шайдай ашылғанда" мемлекеттiк қызметке (көбiнесе майлы жiлiктiң басын ұстайтын жерлерге) қайта тағайындалатынын қалай түсiндiруге болады? Сорақысы сол, оған көпшiлiгiмiздiң етiмiз үйренiп кеткендей…

9 желтоқсанда бүкiл әлем Халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күнiн атап өттi. Парақорлармен "жаға жыртысу" жарысы дүниежүзiлiк деңгейге көтерiлгенiне қарағанда, сiрә, iштен iрiтетiн сыбайлас жемқорлық Жершарына қатер төндiрсе керек. Бұл дерт қазақ қоғамы үшiн де қауiптi. Сол себептi, жемқорлықпен күрес ауқымды жүргiзiлуi керек. Осы орайда, 2005 жылдың 23 желтоқсанында ҚР Президентi Н.Назарбаев "2006-2010 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрестiң мемлекеттiк бағдарламасы туралы" №1686 Жарлығына қол қойды. 2006 жылы капиталға амнистия жарияланды, яғни, көрпелердiң арасында тығулы жатқан немесе шетелдiк шоттарда сақтаулы тұрған заңсыз ақша заңдастырылды. Электронды сатып алу жүйесi енгiзiлдi. Сонымен қатар аталған бағдарламада мемлекеттiк органдар қабылдайтын шешiмдердiң ақпараттық ашықтығы, мемлекеттiк сатып алу жүйесiн реформалау, жемқорлыққа қарсы күреске азаматтық қоғамды түгел жұмылдыру, бюджеттiк қаражатты жұмсауға қатысты қоғамдық бақылау орнату т.б. қарастырылған. Кез келген ел үшiн аса маңызды саналатын аталған шарадан шыққан нәтиже мен қорытынды қайсы? Өкiнiштiсi, Президенттiң пәрменiн орындауда тағы да "әп-әдемi ән едi, пұшық шiркiн қор қылдының" керiн келтiрген мемлекеттiк тиiстi органдар жемқорлық дертiнiң елiмiзде ушыға түсуiне жол бердi. Мысалы, 2010 жылдың 14 желтоқсанында ҚР Қаржы министрi Болат Жәмiшев тиiмсiз жұмсалған қаржының 28 миллиард теңгесi бюджетке қайтарылғанын мәлiмдедi. Жылда осы. Халықтың қалтасынан шығатын қаражатты атқарушы органдар не желге шашады, не игере алмай, керi қайтарады. Оның жауапкершiлiгiн арқалап, Стивенсон сияқты "мен кiнәлiмiн" деп өз еркiмен жұмыстан кетiп жатқан шенеунiктер кем де кем. Қазақ үкiметi сыбайлас жемқорлықпен күресем деп бiлек сыбана белсенген сайын, жемқорлар саны артып барады. Егер парақорлықтың түбiрiне балта шабылса, Қазақстан әлдеқашан экономикалық-әлеуметтiк ахуалы жоғары мемлекеттер қатарынан көрiнерi сөзсiз. Өкiнiшке қарай, бұл бiз үшiн әзiрге арман. Сондықтан халықаралық ұйымдардың жемқорлықпен күреске байланысты жүргiзген шараларында Қазақстан үнемi соңғы қатардан көрiнедi. Мәселен, 2010 жылдың 26 қазанында 2010 жылға арналған "Жемқорлықты қабылдау көрсеткiшi" тақырыбына арнайы зерттеу жұмыстарын жүргiзген Халықаралық "Транспэренси Интернэшнл" қоғамдық ұйымы жемқорлықпен күрестi нәтижелi жүргiзiп келе жатқан елдердiң тiзiмiн жасады. 178 мемлекет қатысқан бұл жарыста Қазақстан 105-орынды қанағат тұтқан. Мұндайда алғашқы үштiк, бестiк не ондық тұрмақ, жүздiк туралы сөз қозғау артық. Алғашқы бестiкте – Дания, Жаңа Зеландия, Сингапур (үшеуi де 1-орында), Канада, Нидерландтар, Австралия, Швейцария. Өзгелерге демократиялық құндылықтарды сақтауға қатысты ақылды жиi айтатын АҚШ-қа – 22-орын. Бiр көңiл жұбатарлығы, орталықазиялық аймақ бойынша, Қазақстан Ресейден (154-орын), Өзбекстан, Түркiменстаннан (172-орын) алда тұр. Ал ең соңғы 178-орынға Ауғанстан лайықты деп табылыпты. Әрине, тиiстi органдар мен үкiмет жемқорлықпен күресте қол қусырып қарап отыр деуге әсте болмайды. Обалы не керек, Қаржы полициясы күн сайын дерлiк әйтеуiр бiр шенеунiктiң парамен ұсталғанын хабарлайды. Бұрын заң бұзған жемқорлар қатары "шабақтармен" ғана толтырылса, бүгiнде бұл тiзiмнен қара көрсетiп қалатын бiрлi-жарым "шортандарға" таң қалмайтын болдық. Алайда, торға абайсызда түсiп қалған парақорларға бүгiнде қоғамның елең етерi шамалы. Өйткенi, ұсталғаны – белгiлi, тиiстi жазасын алған, алмағаны – белгiсiз, яғни, жұмбақ. Оның үстiне, "киттердi" ұстауға тиiстi органдардың көбiнесе тiсi батпайды. Кейде жемқорлықпен күресуге тiкелей жауапты органдардың өзiнен парақорлардың табылатыны тағы бар… Бiр сөзбен айтқанда, елiмiзде жемқорлар жауынан соңғы саңырауқұлақтай көбейе бере ме, қалай?!

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары