Шымкентте лицензиясы жоқ дәрігерлер, тіркелмеген дәрілер анықталды

/
Шымкентте лицензиясы жоқ дәрігерлер, тіркелмеген дәрілер анықталды
istockphoto.com

Шымкент қаласында дәрілік заттар айналымы саласында көптеген заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің қызметкерлері 15 әкімшілік хаттама толтырды. Оның 11-інде Қазақстанда тіркелмеген дәрілік препараттарды сақтау және сату фактілері анықталған. Кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ведомствоның мәліметінше, медициналық және фармацевтикалық қызметтер саласындағы шағымдар саны өсіп келеді.

Соңғы уақытта күшті әсер ететін дәрілерді бақылаусыз қолдану жиілеп кетті. Мамандар мұны әлеуметтік желілер арқылы сатылымның артуымен байланыстырады. Бұл препараттардың көбісі тек рецепт бойынша берілуі тиіс, себебі оларды өз бетінше қолдану денсаулыққа елеулі зиян келтіруі мүмкін. Дәрігерлер науқастарды сақ болуға және дәрілерді дәрігердің тағайындауынсыз сатып алмауға шақырады.

Сонымен қатар шетелде білім алған немесе тиісті тіркеуден өтпеген адамдардың медициналық кабинеттер ашуы жиілеп отыр. Олардың кейбірі күмәнді емдеу әдістерін ұсынып, өздерінің препараттарын ұсынады.

Ведомствоның деректері бойынша, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Шымкентте медицина және фармацевтика саласында 399 өтініш тіркелген. 102 өтініш бойынша жүргізілген 109 жоспардан тыс тексерудің нәтижесінде жалпы сомасы шамамен 15 миллион теңге болатын айыппұл салынған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары