Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің азық-түлік өндірісіндегі өртті сөндіру кезінде ер адамның мәйіті табылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«28 шілдеде Алматы облысы Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты Түймебай ауылында құс өнімдерін өндіретін аумақта асхана өртенді. Оқиға орнына Алматы облысының және Алматы қаласының ТЖД құтқарушылары дереу жіберілді. Алғашқы бөлімшелер келген сәтте оттың үлкен аумаққа таралғаны анықталды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің барлау жүргізуі барысында ер адамның мәйіті табылды», – делінген хабарламада.
Өрт шамамен 450 шаршы метр аумақта толық сөндірілді.
«Жақын маңдағы ғимараттарға өрттің таралуына жол берілген жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталуда. Аталған факті бойынша Алматы облысының ТЖД тергеу бөлімі ҚР ҚК-нің 292-бабының 2-бөлігі (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғады. Өртті сөндіруге Алматы облысы мен Алматы қаласының ТЖД, №55065 әскери бөлімі, аудандық полиция басқармасы, жергілікті атқарушы органдар және жедел медициналық жәрдем бригадасынан 42 адам және 14 техника бірлігі жұмылдырылды», – деді ТЖД.