ЕЛ ЖАСТАРЫ ЕЛОРДА САММИТI ТУРАЛЫ
ЕЛ ЖАСТАРЫ ЕЛОРДА САММИТI ТУРАЛЫ
Редакциядан: Газетiмiздiң №49 санында ("Түркiстан", 9 желтоқсан, 2010 ж) елiмiздiң бiр топ жастары Астана Саммитi туралы өз ойларын ортаға салған болатын. Iле-шала белсендi, өзiндiк ой-пiкiрлерi бар жастар редакцияға көптеп хабарласты. Қазақ елiнiң келешегi болып саналатын жастарымыздың ой-толғамдарын тағы да оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.
Сандуғаш ҚАРТАЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң
жастармен жұмыс бөлiмiнiң маманы:
– Елiмiз тәуелсiздiкке қол жеткiзiп, еңсесiн көтергелi, мiне, 20 жылға таяп қалды. Осы уақыттың iшiнде Қазақстан саяси және экономикалық жағынан едәуiр жетiстiктерге қол жеткiздi деуге болады. Сол жетiстiктердiң арқасында әлемнiң 56 елi мүшелiк ететiн халықаралық ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық еттi.
Осы орайда, "Бiз өз миссиямызды қаншалықты дұрыс атқара алдық?" десек, менiң ойымша, Қазақстан төрағалығын абыроймен атқарды.
Негiзi, Қазақ елiнiң бұл ұйымға төрағалығын жақтап та, сынға алып, даттап та жатқан саясаттанушылар болды. Жасалған iске сын айту – әрине, оңай нәрсе. Мәселен, көршi елi – Қырғызстандағы бүлiктi реттеуде Қазақстанның ұйым төрағасы ретiнде қосқан үлесi аз емес. Дегенмен, Таулы Қарабақ сияқты өз шешiмiн әлi таппаған халықаралық шиеленiстер де бар… Бұл мәселе ендi Қазақстанның төрағалық уақытында пайда болған жоқ қой, сондықтан, оның реттелуi де уақыт еншiсiнде деп ойлаймын. Қалай десек те, ұйым төрағасының орнын алу, бұл Елiмiзге, ондағы жүргiзiлiп жатқан саясатқа деген үлкен сенiмдiлiк.
Саммитке келер болсақ, Қазақстан өкiлдерi Орта Азиядағы посткеңестiк елдердiң көшбасшысы ретiнде осы аймаққа қатысты мәселелердi көтерiп, Азиядағы проблемалардың шешу жолдарын қарастырды деп есептеймiн. Айталық, экологиялық қатынастар, есiрткi тасымалы мәселелерi дәл осы аймақтың басты проблемаларына айналған. Олардың шешу жолдарын қарастыру Елбасымыздың "Маастрихт плюс" бағдармаласында да ұсынылған. Бiздiң ел өзiн қажеттi деңгейде көрсете алды. Олай болса, халықаралық аренадағы абыройымыз да соған лайық болады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының ел жастарына тигiзер пайдасы аз емес. Бiрiншiден, студенттерден құрылған ерiктiлер тобы жұмыс жасады. Бұл – олар үшiн үлкен тәжiрибе жинау мектебi. Сондай-ақ, студент жастарымызға көптеген мүмкiндiктер ашылды. Мысалы, жақында "ЕҚЫҰ жастар көзқарасымен" атты конференция болып өттi. Жеңiмпаз жастарымыз ЕҚЫҰ-ның штаб пәтерi – Венадағы ұйымның Парламенттiк отырысына қатысып, шешiм қабылдау процесстерiн көрiп келдi. Мұның барлығы жастарымызды саяси оқиғаларға тарту, олардың саяси сауаттылығының артуына ықпал жасау.
Оразбек САПАРХАН,Абай атынадағы ҚазҰПУ-дың
II курс студентi:
– Қазақ мемлекетi Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету арқылы әлемдiк саяси сахнада өз беделiн қалыптастырды. Астана Саммитiнде қазақтың саяси әлеуетiн ғана емес, халқымыздың мәдениетi мен аса құнды ұлттық дәстүрлерiн де төрткүл әлемге паш етуге мүмкiндiк болды. Өткен ғасырда әлем елдерi қазақтың тәуелсiздiгiн қалай мойындаса, осы – ХХI ғасырдың алғашқы онжылдығында да танып бiлуi қажет. Астана Саммитi – қазақтың қандай мемлекет, қандай ұлт екенiн көрсете бiлдi деп ойлаймын.
Бұл жерде Қазақстан еуропалықтарды Батыстан көшiрiп алған немесе қабылдаған дүниелерiмен таңдандыра қоймағаны аян. Тек қана Орта Азия елдерi қатарынан оза шыққан, тарихы тым тереңнен бастау алатын, ана тiлi, ата дiнi, төл мәдениетi бар, сан ғасырлық нәубеттен тәуелсiздiгiн сақтай бiлген, ұлттық болмысы қалыптасқан жұрт ретiнде танылғанымыз күмәнсiз. Кешегi әлемдi дүркiреткен Сақ, Ғұн, Түркiлердiң бел баласы, жер бетiндегi мұрагерi екенiмiздi бұдан да гөрi айшықтап, анықтап, әйгiлеп көрсеткенiмiз дұрыс болар ма едi.
Сонымен қатар, қонақтарды әуежайдан күтiп алудан бастап, қонақ үйлерге орналастыруға дейiнгi аралықта барлығы ұлттық қазақы дәстүрге сай бола қойған жоқ.
Менiң бiр тiлерiм, Қазақстанның негiзiн қалаушы ұлт – қазақ ұлты. Оның тiлi – қазақ тiлi. Осы екi құндылықты көзде ұстай отырып, бiздiң билiктегi ағаларымыз Саммиттi бастан-аяқ қазақ тiлiнде өткiзуi керек едi… Сонда ғана халық пен мемлекеттiң арасында ерекше сүйiспеншiлiк орнап, мемлекеттiгiмiз нығая түседi. Қазақ тiлiнiң мерейiн асыратын орайлы сәтi осы едi ғой. Елiмiздегi өзге ұлт өкiлдерiне де, яғни, қазақ тiлiне мұрнын шүйiре қарайтын азаматтарға да сабақ болар едi.
Саммит – Қазақстанның сыртқы және iшкi саясатына серпiн берiп қана қоймай, өз теңдiгiн ала алмай келе жатқан мемлекеттiк тiлiнiң мәртебесiне де пәрмен беретiн, күш-қуат сыйлайтын тарихи, саяси маңызы зор жиналыс болса деп едiм…
Мейiржан ӘУЕЛХАНҰЛЫ,"Kazpross" блогының авторы:
– Қазақ ұлтының, Қазақстанның әлем алдындағы имиджiн ЕҚЫҰ Саммитiмен тiке байланыстырып қарауға болмайды. Ол мәдениет, экономика, сонымен бiрге бiр ұлттың ғылым мен бiлiм саласына қосқан үлесi арқылы қалыптасса керек. Бiрақ, ел болып ес жинап, ұлт ретiнде өзiн салиқалы iстердiң тiзгiн ұстары ретiнде халықтарға танытудың да саяси ықпалы зор әрi оң нәтиже бермей қалмайтыны белгiлi. Қытай елiнiң әлем сенiп тапсырған дүбiрлi жиындарды қандай салтанатпен атап өтетiндiгiн еске алсақ, бiздiң де олардан үйренерiмiз көп. Мысалы, аспанасты елiнiң жергiлiктi ерекшелiгi мен ұлттық болмысы 2008 жылғы Олимпиада ойындары мен таяуда ғана аяқталған жазғы Азия ойындарының ашылу шарасы кезiнде бүкiл әлемдi таңдандырмай қалмады. Мейлi, ұлттық ерекшелiкке ие ұлы дүбiрдi шет жұрттарға көрсету жағында болсын, мейлi, жоғары деңгейдегi ықылас-iлтипаттың жақсы үлгiсi жағынан болсын Қазақстан бұл үрдiске назар аударуға тиiс. Ендеше, орайы келгенде елiмiздiң қазақы салтын, бай мәдениетiн алпауыттардың санасына сiңiре берудiң өзi бiзге ұтылыс болмайтыны анық. Ұлттық ас пен ақ дастарқан қазақтың мерейiн асырып, абыройын асқақтатпаса, ешқашан бетiне шiркеу келтiрмейдi.
Әзiрлеген Жәнiбек ҒАЛЫМ,
Мөлдiр МОЛДАХМЕТ