Қазақстан Ұлттық банкі криптовалютаны ақшаға ресми түрде айырбастауға мүмкіндік беретін пилоттық жобаны іске қосқанын жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жоба «реттеушілік құмсалғыш» аясында жүзеге асырылуда – бұл инновациялық қаржы құралдарын сынақтан өткізуге және елдегі криптовалютаның көлеңкелі айналымын азайтуға арналған арнайы режим.
Ұлттық банктің мәлімдеуінше, ерекше реттеу режимін енгізу мен аяқтау тәртібін айқындайтын қаулы қабылданды. Құжат реттеушілік құмсалғыштың жұмыс қағидаларын белгілейді, оның ішінде:
қатысушыларға қойылатын талаптар;
құжаттарды тапсыру және қарау рәсімі;
пилоттық жобаларды іске асыру шарттары;
цифрлық активтермен өзара әрекеттесу қағидалары бар.
Жобаға қатыса алады:
екінші деңгейлі банктер,
жекелеген банктік операцияларды жүзеге асыратын ұйымдар,
төлем компаниялары,
Қазақстанның өзге де резидент-заңды тұлғалары.
Пилоттық жобалардың алғашқы кезеңі төрт негізгі бағытты қамтиды:
1. Теңгеге байланған стейблкойндер
Шынайы ақшамен қамтамасыз етілген «фиаттық» стейблкойндер тестіленеді. Оларды енгізу теңгемен есеп айырысудың тартымдылығын арттыруға бағытталған және танымал долларлық баламаларға балама бола алады.
2. Жылжымайтын мүлікті токенизациялау
Жоба жылжымайтын мүлікке меншік құқықтарын растайтын цифрлық токендерді шығаруды көздейді. Бұл девелоперлерге инвестициялар тартудың жаңа мүмкіндіктерін жасап, бөлшек инвесторлардың коммерциялық жылжымайтын мүлікке қолжетімділігін кеңейтеді.
3. Нақты сектор активтерін токенизациялау
Компаниялардың жарғылық капиталына қатысу үлестерін және коммерциялық берешек бойынша құқықтарды цифрландыру. Мұндай тәсіл нақты экономика секторына инвестицияларға қолжетімділікті қамтамасыз етіп, компанияларға айналым капиталын тартуға мүмкіндік береді.
4. Криптовалютаны ақшаға айырбастау
Қазақстанда алғаш рет қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді (мысалы, биткоин) теңгеге тікелей айырбастау механизмі сынақтан өткізіледі. Бұл ықтимал тәуекелдерді бағалауға және криптовалюта нарығын реттеу тәсілдерін әзірлеуге көмектеседі.
Көлеңкелі криптонарықпен күрес
Жаңашылдықтың басты мақсаты – цифрлық активтермен операцияларды жүргізуге заңды, ашық және қауіпсіз орта құру. Ұлттық банк криптоинвесторларды «көлеңкелі аймақтан» шығару криптовалютаның заңсыз айналымын қысқартуға және ел ішіндегі қаржы қозғалысына бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтеді.