ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҺАНДАҒЫ САЯСИ САЛМАҒЫ АРТАДЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҺАНДАҒЫ САЯСИ САЛМАҒЫ АРТАДЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҺАНДАҒЫ САЯСИ САЛМАҒЫ АРТАДЫ
ашық дереккөзі
432

ЕҚЫҰ Саммитiнiң медиа-орталығында күн тәртiбi бойынша, мәртебелi меймандар баспасөз мәслихатын өткiзiп, отандық және халықаралық БАҚ өкiлдерiнiң сұрақтарына тұщымды жауап беру үстiнде. ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар жөнiндегi бюроның жоғарғы комиссары Кнут Воллебек мырза да Саммитке келген күнi журналистердiң басын қосып, өзi басқарып отырған бюроның бүгiнгi қызметiне жiтi тоқталды. Ол өз сөзiнiң бiсмiлләсiн: "Қазақстанға келсем, өзiмдi туған үйiмдегiдей сезiнемiн. ЕҚЫҰ Саммитiнiң қазақ елiнде өтуi менi қатты қуантады. Әрi алқалы жиынға шақырылуымды құрметтiң белгiсi деп бiлемiн" – деп бастады.

"ЕҚЫҰ ұстанымдары ХХI ғасырдағы күрделi мәселелердi шешуге бағытталған. Бұл мемлекеттердiң ынтымақтастығы мен қауiпсiздiгiн сақтау деген сөз. Астанада өтiп жатқан Саммит соның айшықты көрiнiсi десем, артық айтқаным емес. Ал, Қазақстанның ТМД елдерi iшiнде алғашқы болып осы беделдi ұйымға төрағалық жасағаны Қазақ елiнiң жаһандағы саяси салмағын байқатады", – дейдi Кнут Воллебек мырза. ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар жөнiндегi бюроның бас комиссары болып 3 жылдан берi қызмет етiп келе жатқан дипломаттың пiкiрiн 56 мемлекет те, оны қадағалап отырған ЕҚЫҰ да жоғары бағалайды. Өйткенi, өз iсiнiң бiлiктi маманы деп танылған Кнут Воллебек қандай жағдай болмасын, ұлтаралық қақтығыстардың туындайтынын алдын ала анықтап бере алатын көрiнедi. Сондықтан да оның алқалы жиынға қатысуы кездейсоқтық емес. Күнi бүгiнге дейiн аз ұлттар жөнiндегi бюроның жоғарғы комиссары ұлтаралық қақтығыс жиi болып тұратын Грузия, Оңтүстiк Осетия, Абхазия мемлекеттерiне барып, жергiлiктi билiк басшыларымен, қоғамдық ұйым өкiлдерiмен, сондай-ақ әртүрлi ұлт топтарымен емен-жарқын әңгiме құрып, ашық пiкiрлерiн тыңдап қайтқан. "Ресей 2008 жылы тамыз айында "бес күндiк қақтығыстан кейiн" бұрынғы Грузияның автономиясы болған – Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiгiн таныған болатын. Тбилиси Абхазия мен Оңтүстiк Осетияны басып алынған аймақтар деп жариялап, Ресеймен дипломатиялық қатынастарын үзiп тастады. Маған Оңтүстiк Осетиядағы қысқа мерзiмдi сапар негiзiндегi жағдайды бағалау өте қиын болды. Бiрақ көзбен көрген, құлақ естiген сапарым негiзiнде мынаны айтайын. Менiңше, ол жақтағы түйткiл халықаралық қауымдастықтың қатысуын өте қажет етедi. Себебi, бiздiң қызмет те халықаралық қақтығыстарды, оның орын алмау жолын қарастыру", – дейдi.

Кнут Воллебек басқаратын бюро сәуiр және маусым айларында болған дүрбелеңнен кейiн Қырғызстанға 5 рет барып, қақтығысты жан-жақты қадағалауға күш салған. Қырғыз елiнiң өтпелi кезеңдегi президентi Роза Отынбаевамен кездесiп, бейберекетсiздiктi тоқтатуға жұмыла кiрiстi. "Ошқа барған кезiмiзде Қырғызстан үшiн бiршама алаңдаушылығымызды бiлдiрдiк. Роза Отынбаева барлығымен ынтымақтасып жұмыс iстейдi. Бiрақ, көп жағдайда бұл мәселе тек президентке ғана байланысты болмай тұр" деп елдегi iшкi жағдайдың қиындап кеткендiгiн айта кеттi. Әрине, Кнут мырза өз пiкiрiнде Қырғызстандағы жағдайдың ретке келуiне ЕҚЫҰ төрағасы мiндетiн атқарушы Қазақстан мемлекетiнiң тiкелей мұрындық болғанын естен шығарған жоқ.

Бiр айта кетерлiгi, ЕҚЫҰ жанындғы аз ұлттар жөнiндегi бюроның жоғарғы комиссары Қазақстандағы ұлттардың, этникалық топтардың толеранттылықты сақтап, өзара тығыз қарым-қатынаста өмiр сүрiп жатқандығына сүйсiндi. Қазiргi таңда қазақ жерi дiнаралық, этникааралық кикiлжiңдерге тап болған жоқ. Бұл тұрғыда бiздiң бюро елдегi аз ұлттар мәселесiн жiтi қадағалап отырғанын тiлге тиек еттi.

Кнут Воллебек тоқталған тағы бiр мәселе – Украина мемлекетiндегi талқыға салынып жүрген "Украин тiлi және аз ұлттар тiлi туралы" заң. "Бiз Украин елiмен тiл туралы бiрқатар жағдайларды сараладық. Бүгiнде Жоғары радада ауық-ауық тiл мәселесi көтерiлiп жүр. Бұл мәселе де өз шешiмiн табады деп ойлаймын" дедi жоғарғы комиссар. Сондай-ақ, ол Қазақстан мемлекетiнде негiзiнен бiлiм саласына айрықша көңiл бөлiп жатқандығын айтты. "– Мұнда әр ұлттың салт-дәстүрi мен тiлiнiң сақталып, одан әрi дамуы үшiн жағдай жасалған. Бiлiмгерлер мен оқушылар өз тiлдерiнде бiлiм алады", – деген баға бердi. Естерiңiзге сала кетсек, "ЕҚЫҰ жанындағы Аз ұлттар жөнiндегi бюроның жоғарғы комиссары Кнут Воллебек осыдан бiраз уақыт бұрын ЕҚЫҰ Саммитiнiң қазақ тiлi мәселесiн көтеруге атсалысады" деген болатын. Бұл жағынан жоғарғы комиссардың пiкiрi әзiрге бүтiн сияқты.

Сонымен, бас комиссардың айтуынша, Астанадағы Саммит ұзаққа созылған қақтығыстар аймағындағы жағдайды реттейтiн құрал болады. Қырғызстандағы жағдайды талқылау әрi тыныштандыру арқылы Орталық Азиядағы қауiпсiздiк нығайтыла түспек.

Айтпақшы, 1999 жылы Норвегия ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасаған кезде төраға қызметiн атқарған Кнут Воллебек ұйым басқарудың ауыртпалығы мен жауапкершiлiгiн бастан өткерiп, сезiне бiлген лауазымды тұлға. Қазақ мемлекетiнiң жұмыс қарқынына көңiлi толған ол Гаага қаласында дiни плюрализм туралы өткен халықаралық конференциясында: "Астанада өтетiн Саммитте осы ұйымға мүше мемлекеттер бұрын келiсiммен бекiткен құжаттарын тағы бiр пысықтайтыны даусыз. Сонымен бiрге, ЕҚЫҰ бағыты мен аумағын кеңейтуге жаңа қадамдар жасалып, ынтымақтастықты дамытудың жолдары сараланады деп бiлемiн" деп түйiндедi өз пiкiрiн Кнут Воллебек мырза.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары