Дулат ИСАБЕКОВ: БАҚЫТ ҚҰСЫ ХАЛЫҚТЫҢ БАСЫНА МЫҢ ЖЫЛДА БIР-АҚ РЕТ ҚОНАДЫ

Дулат ИСАБЕКОВ: БАҚЫТ ҚҰСЫ ХАЛЫҚТЫҢ БАСЫНА МЫҢ ЖЫЛДА БIР-АҚ РЕТ ҚОНАДЫ

Дулат ИСАБЕКОВ: БАҚЫТ ҚҰСЫ ХАЛЫҚТЫҢ БАСЫНА МЫҢ ЖЫЛДА БIР-АҚ РЕТ ҚОНАДЫ
ашық дереккөзі

Белгiлi қаламгер, жазушы Дулат Исабековжуырда Елбасымен кездесiп қайтты. Жазушының қозғайтыны – халықтың мұңы, ауылдың проблемасы, қаламгердiң күйi болатыны белгiлi.Сонда да, қаламгердiң Елбасымен кездесуi жайлы бiлгiмiз келiп, бiз де өз тарапымыздан бiрер сауал тастадық.

– Дулат аға, Елбасымен кездесiп қайттыңыз. Сiз көтерген мәселелерден Елбасының хабары болды ма? – Мен көтерген мәселенiң қайсысын айтып отырсың? – Ауыл туралы, жазушының жағдайы… – Оның бәрi, әрине таныс. Әуелi әңгiменiң басы "Мұңлық-Зарлықтан" басталды. Оны бастаған себебiм, бiзде бетi ашылмаған көптеген дүниелерiмiзбар. Нұрекеңнен: "Сiз Шымкент облысына жиi барасыз. "Мұңлық-Зарлықты" естiдiңiз бе?" деп сұрадым. "Естiген жоқпын. Бала кезiмде оқыдым. Әжем айтып отыратын" дедi. "Ол бiр басқа. Оның моласының бар екенiн естiдiңiз бе?" дедiм.Қазақ жырында моласы бар екi-ақ жыр бар. Оның бiрi – "Қозы Көрпеш-Баян сұлудың" моласы, екiншiсi – "Мұңлық-Зарлық". Арыстың ар жағында. Зарлық пен Ханшайым бiр бөлек, Мұңлық бiр бөлек жатыр. Мұның өзi дәлелденген нәрсе. Ауылдың шалдары жиналып, ақша жинап, малын сойып, құран бағыштап, басына өздерiнше кесене тұрғызған болатын. Менiң атам жас кезiнде, кiшкентай кезiнде естiген екен. "Мұңлық-Зарлық" туралы әңгiменi алғаш маған атам айтып берiп едi. Атам үнемi айтып отыратын: "Менiң екi нәрсе есiмнен кетпейдi. Бiрi – ел көшiп жатқанда, Мұңлық-Зарлықтың басынан шыққан үн. Екiншiсi –кәнпескенiң кезiнде, жұрттың бәрiн кемеге тиеп алып бара жатқанда, жұртта қалған иттердiң жағада тұрып ұлығаны". Соны есiме алсам, әлi күнге дейiн сай-сүйегiм сарқырайды. Сол Мұңлық-Зарлықты бала кезден естiп өстiм. Бiр нәрсенi бастайын десең, жергiлiктi басшылар оған үдере қарайды. Ақырында, облыстың әкiмi болып Нұрғали Әшiмов келдi. Ең алғаш "Мұңлық-Зарлықтың" мұңын тыңдаған Нұрғали Әшiмов болды. Нұрғали келгенде, мен оған: "Сен молаға барып, тәу етiп қайт. Ары кеткенде, бiр қойыңды соярсың" дедiм. "Бiлесiз бе?" дедi. "Бiлгенде қандай". Шымкенттен шығып, Арыста жолықтық. Моланың басына бардық. Ауыл тұрғындары да күтiп тұр екен. Сол кездерi "Әкiм әулиенi iздеп келдi" деп газеттердiң бәрi шуласып жазды. Жолда келе жатып: "Мұңлық-Зарлықты" бала кезiңiзден естiп өстiңiз. Осы туралы неге шығарма жазбайсыз?" дедi маған әкiм. Ойландым, көне тақырыптарға, тарихи тақырыптарға көп бармайтын едiм. Содан айтқаны дұрыс екен, "жазайыншы" деп, "Мұңлық-Зарлық" туралы пьеса жаздым. Ол Шымкент театрында қойылды. Алты күнде он екi спектакль өтiптi. Ай мүйiздi ор киiктi ойнаған актриса қыз он екiншi спектакльде сахнада талып түсiптi. Осының бәрiн Нұрекеңе айттым. "Сiз бiздiң облысқа барғанда, осында арнайы барып кетiңiзшi. Әкiмдердiң шаруасы бiтпейдi ғой" дедiм. "Барайын" дедi. Сосын күлдiм де: "Әр кәллада бiр қиял" деген. Орындалмайтын бiр арманым бар" дедiм. "Менiң арманым – "Мұңлық-Зарлықтың" басына үлкен кесене салсақ. Ол Аягөздегiдей кiшкене болмасын. "Мұңлық-Зарлық" қара жолдың бойында тұр. Еуропалық бiр кесене болса, сол жерде Мұңлық пен Зарлықтың музейi болса" дедiм. "Музейге қажеттi дүниелер жете ме?" деп сұрады. "Жеткенде қандай"? "Мұңлық-Зарлық" тек қазақ халқына емес, шығыс халқына ортақ мұра. Оның дәлелденгенi сонша, жер аттары, көл аттарының бәрi сол күйiнше сақталып қалған. Мен сол жерге жылда барам. Дарияның суы ол кезде бүгiнгiден екi есе, үш есе үлкен болуы керек. Мiне, соның бәрiн көрсеңiз, кесене салдырып, арнайы жол салдырып, кесене бiткен кезде мен сiздi сол жерден күтiп алсам" дедiм. "Болады" дедi Нұрекең. "Бiрақ оған қаржы керек қой. Қанша керек шамамен?" дедi. "Жүз миллиондай" дедiм. "Мемлекет табады ғой, ондай ақшаны" дедi. "Сосын тағы менiң айтайын дегенiм, сол жолды саламыз ғой. Сол жолды салар кезде, талап-жеп қоямыз. Алты метрлiк жол болса, бес метрiн салады да, бiр метрiн жеп қояды. Сондықтан, менiң "Тағлым" деген қорым бар. Сол "Мұңлық-Зарлыққа" кесене тұрғызамыз деген елдiң сұрауы бойынша ашылған едi. Бiреулер қалтама ақша әкеп берген. Мен мұны құртып қоям, одан да барып есепшот ашайын деп, қайтарып бергем. Есепшот аштым, бiр емес, екi рет аштым. Оған бiраз ақшам кеттi. Бiрақ, бiр тиын ақша түскен жоқ. Бiздiң қазақтар осындай, ду етiп бастайды да, iнiне кiрiп кетедi. Жолдың ақшасын қорға аудару керек",– дедiм. – Сонда әңгiменiң бәрi шығармашылықтан басталды ғой… – Шығармашылықтан басталды. Одан кейiн не жазып жатқаным туралы әңгiме қозғадық. "Триптих жазып бiтiрдiм" дедiм. Бiреуi – "Мұңлық-Зарлық". Екiншiсi – "Жаужүрек". Оның о бастағы аты – "Шың басындағы шындық" болатын. Кейiн "Жаужүрек" деп өзгерттiк. Оның атын Әшiрбек досымның ақылымен өзгерттiм. Үшiншiсi – "Бақыт құсы" деп аталады. "Идеяның бәрi – сiздiкi. Сiздiң идеяңыз болғаннан кейiн, осыны жаздым" дедiм. "Мұңлық-Зарлықта" таққа таласып, өзiн-өзi құртқан халық. Тiптi, мыстан кемпiрдiң өзi: "Өздерiңнiң бәрiң мыстан болдыңдар" деп кетiп қалады. Менде бiрiншi рет әдебиетте мыстан жағымды образ. Тiптi, "Мұңлық-Зарлықты" суға лақтырғалы тұрғанда айтатын сөзi бар: "Мыстан екеш, мыстан менiң жүрегiм шыдамай тұр, сендердiң iстеп отырған жауыздықтарыңа. Мына екi нәрестенi қалай суға лақтырам?" дейдi. Бiрақ, суға лақтырады, перiштелер қағып алады да, оркиiк алып шығады. Сол жауыздық, өтiрiк, екiжүздiлiк, сатқындық хан сарайын әбден жаулап алған. Шаншархан сәл бiр жерге шығатын болса, сарайда дүрбелең, таққа таласу басталады. Мен бұл Шаншарханды жай ғана патша ретiнде алған жоқпын, халықаралық деңгейдегi үлкен ханның образында алып отырмын. Ханшайымға үйленедi. "Бiр ұл, бiр қыз тауып берем, бiреуiн – Мұңлық, бiреуiн – Зарлық қоям" дейдi. Ханның өзiнiң алпыс әйелi бар. Патша жолға шығарда, Ханшайым "кетпе" деп өтiнедi. "Алпыс қатыныңыздан қорқам, уәзiрлерiңiзден қорқам" деп өтiнсе де, Шаншархан: "он бес күнде оралам" деп жолға шығып кетедi. "Менiң бара жатқан себебiм, дүниеге келген ханның баласы келешек таққа отыратын мұрагер. Соны ырымдап, бара жатырмын" дейдi. Соңында таққа таласып жатқанда, мыстан кемпiрдiң айтатыны бар: "Өздерiң таққа таласып, өздерiңдi өздерiң құрта берiңдер. Мен кеттiм" дейдi. Екiншiсi – "Жаужүрек" туралы. Мұнда да жалғыз ержүрек Балуаншолақ қана елдiң намысын қорғайды. Ауыл өртенiп жатыр. Переселендер келiп жатыр. Елдi переселендер жайлап алды. Сол кезде жалғыз Балуаншолақ бас көтерiп, қарсы тұрады. Сөйтiп, ояз бастығы Долгоносовтың он алты-он жетi жастағы Татьяна деген Омбы семинариясында оқитын қызын серуендеп жүрген кезiнде Балуаншолақ алып қашып кетедi. Терроризм деген не? Терроризм деген екi жақтың күшi тең болмаған жағдайда болатын нәрсе. Мына жақтың қаруы бар. Балуаншолақтың бұдан өзге амалы да жоқ. Содан қызын алып қашып кеткен соң, әкесiне хат жазады. "Сен иттiң баласы, Долгоносов! Менiң халқымды құрттың. Мен сенiң жерiңде жүрген жоқпын. Сен менiң жерiмде жүрсiң. Сен бiздi "жабайы" дейсiң. Сендер шикi ет жеп жүргенде, бiздiң Тұран деген империямыз болған. Сендер бiздiң өмiрiмiздi тек жабайылық тұрғыдан қарайсыңдар. Қызың керек болса, үш күннiң iшiнде, менiң халқымды азат ет" дейдi. Үш күн бойы таудың басына жасырынады. Ақырында үш күн бойы тұтқында жүрген қыз Балуаншолаққа ғашық боп қалады. Тiптi айтады: "Сен неге үш күн деп айттың? Олар келiп қалатын болды ғой" дейдi. Бәрi бiттi. Екеуiне айрылысу керек. Бiрақ, қыздың кеткiсi келмейдi. Сол кезде қыздың: "Сендерде көп әйел ала бередi ғой. Сен маған үйленер ме едiң?" дейдi. "Сенi ала алмаймын. Сен шiркеуге барасың, менiң жолым мешiт. Екеумiз қалай бiрге боламыз?" дейдi. Қыз: "Егер мешiтке сенiмен бiрге барсам ше?" дейдi. "Жоқ. Сен перiштесiң. Менiң болашағым жоқ. Менiң бiр аяғым түрмеде, бiр аяғым бостандықта. Сенiң әкеңнiң орны басқа ғой. Сенiң әкең сияқтылар бiздiң елiмiздi құртып жатыр" дейдi. – Шығармаңыздың мазмұнын түгел айтып бердiңiз бе? – Осыны айтып бердiм. Нұрекең қызыға тыңдады. Омбының генерал-губернаторының тұрақты өкiлi бар. Ол Татьянаға ғашық. Сонымен қыдырып жүрген кезде, Татьянаны алып кеткен ғой. Оқжетпестiң басында жатқан жерiнде аңдып жүрiп, тауып алады. Кететiн кезiнде, Михаил: "Мен сендердi құшақтасып жатқан кездерiңде атып тастағым келiп едi. Бiрақ, оған менiң дәтiм бармады. Неге? Бұл – Шоқан Уәлихановтың ұрпағы ғой. Бұлар ондай найсаптыққа бармайды" дейдi. "Не дедiң? Шоқан Уәлиханов дедiң бе? Ол кiм?" деп сұрайды қыз. "Шоқан – орыстың атақты ғалымы. Қазақ халқынан шыққан ғалым. Достоевскийдiң досы, Потаниннiң жолдасы" дегендi айтады. Ал, бiзге бұл елде ешнәрсе жоқ деп оқытты ғой. "Бұл сiздiң идеяңыз, Нұреке!" дедiм. "Екi ел бiр-бiрiнiң мәдениетiн, тiлiн менсiнбей жүретiн болса, екi халық ешқашан дос болмайды" дедiм. Мiне, жаңа ұрпақ келдi. Баяғы Мұңлық-Зарлықтан кейiн, Долгоносовтан кейiнгi жаңа ұрпақ. Олардың арасында болашақ Ахматовалар, болашақ Гумилевтар бар. Олар төмен түсiп бара жатыр. Балуаншолақ шыңда тұр. "Сен неге бармайсың?" десе, "Мен қазақтың бiр даласын, Қызылжар уезiн ғана азат еттiм. Қазақтың бар даласының күйi осындай" дейдi. Үшiншiсi ше? Ол – "Бақыт құсы". Сiздiң сөзiңiздi эпигрф қылып алдым. Төрт ұлттың өкiлдерiнiң тағдырлары. Махаббаты да, комедиясы да бар. Кәрiс, немiс, қазақ. Бәрi бiр тағдырмен байланысқан. Кәрiстiң бiр отбасы қазақтың қызын асырап алған. Қазақ дегеннен кейiн қазақ мектебiне берiп, қазақша оқытқан. Сөйтiп, қазаққа сiңiп кеткен. Оған Бектұр ғашық. "Нэлли Ким деген қызды аламын" дегенде, Бектұрдың шешесi де шошып кетедi. "Айналайын-ау, қазақта қыз жоқ па? Құда түсiп, салт-дәстүрiмен, жөн-жоралғысымен үйленбейсiң бе?" дейдi байғұс ана. Сонымен, комедиялық жанрда жазылған шығарманың мазмұны туралы қысқаша айтып бердiм. "Бақыт құсы деген не?" деп сұрады Нұрекең. Сосын, "Бақыт құсы" туралы аңызды айтып бердiм. "..Баяғыда бiр патша болыпты. Ол елден асқан бiр сұлу қызға үйленедi. Бүкiл патшалықтың бәрiн жаулап алған патшаның сол әйелi жер бетiндегi тамақтың бәрiн менсiнбейдi. Содан патша: "Сүйiктiм, сен неге тамақ жемейсiң?" деп сұрағанда, сүйiктiсi: "Менiң жер бетiндегi тамақты жегiм келмейдi. "Бақыт құсы" деген құс бар екен. Соның сорпасын iшкiм келедi" дептi.Патша "Бақыт құсын табыңдар" деп жарлық бередi. Ешкiм бiлмейдi. Ақырында орманшы келедi. Орманшы: "Жақында келу керек, мен соны күтiп жүрмiн" дейдi. Содан орманшыға: "Сен соны ұстайсың" деп бұйрық бередi. Орманшы: "Жоқ, мен оны ұстай алмаймын. Ол мың жылда бiр келетiн бақыт құсы. Ол халықтың басына мың жылда бiр-ақ рет қонады. Мен оны үркiте алмаймын. Менiң басымды алғыларың келсе, ала берiңдер. Халқымның бақытынан менiң басым қымбат емес" дейдi. "Ой, тамаша екен. Сонымен не болыпты?" дейдi кiшкентай бала әжесiнен. Әңгiменi әжесi айтып отыр ғой. "Сонымен Бақыт құсы қонбай кетiп қалыпты. Жер бетiндегi адамдардың қара ниетiн байқап, қонбай кеткен ғой. Сол ертегi бойынша, Бектұр самұрық құстың символын жасап шығарады. "Мынауыңның идеясы жақсы екен" дедi Нұрекең. Одан кейiнгi әңгiме Одаққа қатысты өрбiдi. – Одаққа қатысты болғанда, Қазақстан Жазушылар одағы туралы соңғы айтылып жүрген әңгiмелер төңiрегiнде болды ма? – Нұрекең Одақ туралы әңгiмелердi өзi де естiген екен. "Одақтың жағдайының бәрiн бiлем. Оқып жатырмын" дедi. Бiраз нәрселер айтылды. Нұрекеңнiң не айтқанын айтпай-ақ қояйын. "Өзгерiс жасау керек" дегендей пiкiр айтты. Баяғыда съездiң алдында алты жазушы бiрге болдық қой кездесуде.Сол кезде Одақ бөлiнiп жатқан болатын. Сол кезде "бiрлiктi болыңдар" дегеннен кейiн, бiз съездi тыныш өткiздiк. Ендi келiп "жатқан жыланның құйрығын басып", "құрметтi төраға" дегендi шығарып отыр. Қамқорлық кеңес деген бар, соның төрағасы болуын қолдайтындар бар, қолдамайтындар бар. Одан кейiн Жарғыны өзгертiп отыр. Нұрлан Оразалиннiң басшылығын ары қарай ұзарта берейiк десе, оған келiсуге болады. Неге олар Жарғымен бекiтiп қоймақшы? Жер қайда? Баяғы Храпунов берген жердi сұрайды жұрттар. Шығармашылық үйi қайда? Ол – жоқ. Алматы облысы он бес гектар жер берген екен. Оны жақында ғана естiдiк. Жазушылар одағының тең жартысы сатылып кеттi. Әркiм қалаған жағынан есiк шығарып алып жатыр. Осыған есеп жоқ. "Өзiңiздiң есiңiзде ме? Баяғыда зиялы қауыммен кездескен кезде, "Нұреке, сiзге рахмет! Шығармашылық үйiмiз бiреуге сатылып кеткен едi. Сотқа араласып, сол үйдi қайтып алып беруге көмек бердiңiз. Ендi сол үйге мебель керек" деген кезде, сiз тоқтатып тастағансыз. "Есiмде" дедi. Мiне, ендi келiп, баяғыда айтылған нәрсе, әлi күнге жоқ. – Елбасымен кездесетiнiңiз туралы Ассамблеяның жиынында бiлдiңiз бе? – Кеудеме медаль тағып тұрып, Нұрекең "Сiзбен кездесуiм керек едi. Жақында шақырам" дедi. – Ойыңызда жүрген мәселелердiң бәрiн қозғай алдыңыз ба? – Ойымдағы түйткiлдiң бәрiн айттым деп ойлаймын. Кейбiр мәселелер айтылмай қалды. Сонан кейiн де, ол кiсi айтты: "Саммит өтсiн. Екеумiземiн-еркiн отырып сөйлесемiз" дедi. – Жазушылар проблемасы туралы тағы не айттыңыздар? "Төрағадан" басқа да әңгiмелер қозғалды ма? – Әрине, көтерiлдi. – Жалпы, жазушыларда қандай проблема бар деп ойлайсыз? Мәселен, кiтап шығару iсi болса, қазiр жазушылардың кiтаптары том-том болып, мемлекет тарапынан шығарылып жатқан сияқты. – Проблема неде? Проблема қайта кiтаптың көптiгiнде жатыр. Кеңес үкiметiнiң кезiндегiден кiтап тасқыны кәдiмгi селге айналып кеттi. Қазiр "ерiнбеген етiкшi, ұялмаған әншi". Және жаман кiтап қайсы, жақсысы қайсы, екеуiн ешбiр ажырата алмайтындай күйге түстiк. Қарапайым халықты қуып жүрiп, iздеп жүрiп кiтап оқитын уақыты жоқ. Қолына түскен кiтапты алады-дағы: "Е, мына жазушыларың не боп кеткен? Арзымайтын дүниенi жазып кетiптi. "Шөптi де, шөңгенi де ала беретiн болыпты ғой"деп, бiзден күдерiн үзе бастайды. Сосын, басты проблема – тираж. Екi мың таралыммен кiмге кiтап жеткiзесiң?! Қай облысты қамтамасыз етесiң? Менiң алғашқы кiтабым "Бекет" жиырма төрт мыңмен шықты. Қазiр елге тәп-тәуiр атың белгiлi болған кезде, екi мың таралыммен шығады. Ол екi ауданға ғана жетедi. – Сiздiң екi мың данамен шыққан кiтабыңызды алатын оқырман бар ма? – Бар болғанда қандай! Мiне, екi-үш кездесу өткiздiм. "Сiздiң кiтабыңызды жер жаһаннан iздеп таппаймыз. Қандай баға болса да, берiңiзшi" дейдi. Ондай менде кiтап жоқ. Неге жазушылардың кiтабы аз таралыммен шығады? Бұрын әдеби көркем сын деген болатын-дағы, жұрт соған қарап, таңдайтын едi. Қазiр ол да жоқ. Сын жанр ретiнде бiттi.Шын жазушымен шалағайлардың бәрi араласты да кеттi. Баяғы Әуезов айтатын: "Шалағай Шекспирлер мен толмаған Толстойлар" қаптап кеттi. Бәрi өздерiн "Әуезовтен кем емеспiз" дейдi. Анада бiр жiгiттер: "Қазiргi бiздiң өлеңдерiмiз Абайдан да асып кеттi" деп айтып қалды. Ал, ендi осы сөзге қалай қарайсың? "Абайда шаруаларың не, өздерiңнiң қатарларыңмен жарыса берсеңдершi. Абай – шың. Оған ешкiм жете алмайды. Одан төмен түсiңдер, қайтесiңдер. Ал, Абайдан астыңдар, сонда не iстедiңдер? Сондай сөз бола ма?" дедiм. Осындай шолақ оймен, осындай ақымақ ойменен өлең жазатындар көбейiп тұр. Әдебиеттiң, жазушылардың проблемасы дегенде, оған не iстеу керек? Сәл жағдай жасау керек. Шығармашылық үйлерiн қалпына келтiру керек. Кеңес үкiметi сөйттi ғой. Кеңестiк идеология дегенмен, шын жазушылар сол кезде шыққан жоқ па? Айтматов, Мүсiрепов, Мұстафиннiң бәрi де Кеңес үкiметiнiң шекпенiнен шықты ғой. Орыстың классиктерiнiң көбi, тiптi, Шолохов дегендер сол кезде шықты. Бұлардың бәрi де Совет Одағының жазушылары. Шын жазушы, суреткер кез келген жерде өзiнiң суреткерлiк қасиетiн сақтап қалады. Тiптi, Кеңес үкiметiнiң өзi кiмнiң қандай жазушы екенiн бiлiп отырды?! Сталиннiң өзi Булгаковты мақтады. "Белая гвардияны" жазған кезде, жұрттың көзiнше: "Сендер Булгаковты "Белая гвардияны" жазды" деп жамандайсыңдар. Сендердiң красная гвардияларың қайда? Булгаков ағысқа қарсы шықты. Шындықты жазды. Он сволочь, но он талант" деген. Сталин әдебиеттi қадағалап отырған. Соғыс жүрiп жатқан кезеңнiң өзiнде әдебиетке баға берiп отырды. Кино тоқтаған жоқ. Патриоттық емес. Патриоттық кинолар түсiрiлуi керек едi. Жоқ, "Иван Грозный", "Золушка" сияқты фильмдердi түсiрiп жатты. Сонымен-ақ, патриотизмге тәрбиеледi. – Жазушының жағдайы туралы айттыңыз. Ал, саясатты әңгiме еттiңiздер ме? – Саясат болғанда, оған терең бара бермедiк. Келесiге қалдырдық. Оралман жайы, демография мәселелерi де қозғалды. – Президенттi "Мұңлық-Зарлықтың" басына шақырғаныңызды айттыңыз. Әкiмдi де әулие аралатқан екенсiз. Бүгiнгi таңда әулие аралау, аруаққа сыйыну – Аллаға серiк қосу дегендердi жиi айтып жүр… Сiз бұған қалай қарайсыз? – Әулие аралау дегенде, ол шын мәнiнде әулие болатын болса, халықтың жадында қалған, тiрi кезiнде де әулиелiк қасиеттерi көп болған, халық мойындаған, өлгеннен кейiн де жұртқа шапағаты тиедi-ау деп ырымдайтын әулиелер, кiсiлiктi тұлғалар болады. Оларға барып, құран оқытып, құрбандық шалу, ол орынды деп ойлаймын. Қазақ: "Өлi риза болмай, тiрi байымайды" деп айтады ғой. Бiздiң баюымыз үшiн емес, сол аруақтар риза болсын деп жасау керек. Өлгендерге ештеңе керек жоқ. Құран оқып жатсың ба, суға лақтырып жатсың ба, үндiлер сияқты отқа өртеп, күлiн суға лақтырып жатсың ба, оған бәрiбiр. Бiрақ, рух деген қалады екен ғой. Рух риза болсын деп, дәметкен аруақ риза болсын деп, құран бағыштайды. Ол – бiр. Екiншiден, әулиелерге барып тәу ету, Алла жолын ұстау – адамды әйтеуiр имандылыққа жетелейдi. Әрi қазiргi етек алып бара жатқан қылмыстарды осы дiн арқылы, әулиелерге табыну, құран оқу, құрбандық шалу, садақа беру арқылы сәл тоқтатамыз ба деген ниетiмiз бар, ойымыз бар. Әркiм әртүрлi айтады, табынбайды, бет сыйпамайды дейдi. Әр ұлттың дәстүрiне қарай дiн бейiмделу керек. Араб елiнде өлiк шығарған үйден дәм татпайды деп айтады ғой. Қазақы дәстүрде бұл мүлдем бөлек. Үш күн күтедi. Үшiншi күнi жамбасын жерге тигiзу керек деп жатады. Екiншi жағы, ағайындармен ең соңғы жүздесiп қалу, бақұлдасып қалу деген бар. Өлiк шықпай жатып құран оқымайды, шығарып келгеннен кейiн ғана құран оқып, қаралы дастарқаннан дәм татады. Одан да бас тартуымызға болмайды. Ислам жолы арабтан келдi ғой негiзi. Олардың ұстанған жолын ұстайтын болсақ, бiз тiптi, өлiк шыққан үйге кiрiп шығып, ары қарай шаруамыз болмай кететiн сияқты. Қазақтарда олай емес. Қонақасы берiледi, жетiсiн, қырқын беру туралы ағайындар ақылдасады. Сондықтан, әулие аралағанның сөкеттiгi жоқ. Сауна аралағаннан гөрi, әулие аралаған дұрыс шығар. – "Шын мәнiнде әулие болатын болса" дедiңiз ғой, жуырда Жаркенттегi Әулиеағашқа өрт қойылды. Әулиелiгiн былай қойғанда, 7 ғасырлық тарихы бар емес пе? Ең құрығанда, тарихын сыйлауымыз керек емес пе? – Осыны мен де естiдiм. Оны кiм өртеп жiбергенiн бiлмедiм. Менiңше, осы жерде бiр бақталастық бар сияқты. Кейбiреулер соны монополия қып алды ма екен. Әулиеағашты әз тұтып, соның төңiрегiнде пайда таба бастады ма екен. Екiншi "бiреу таласты ма екен, шырақшы боламын немесе күтушi болып, үй саламын" дедi ме екен, кiм бiлсiн?!. Сол баяғы классикалық түрi – бақталастық. Әйтпесе, қандай адам халықтың ұғымындағы әулие ағашын өртеп жiбере алады?! Бұл адамдардың бiр-бiрiне жасаған қысастығы деп ойлаймын. Әулиеағаштың өзiн барып көрiп пе едiңдер. Көрсеңдер, жарықтық Әулиеағаштың өзi де бұтақтары түсiп, қартайған едi ғой. Соны пайдаланды ма екен. Арам пиғылдағы адамдар шығар өртеп жiберген. Соның өзi де жеке мүддеден шығып отыр ғой деп ойлаймын. Соны өртеген адамдарды iздедi ме, iздемедi ме, бiлмеймiн. – Елбасымыз өткенде Ассамблеяның жиынында "бiр ғана мемлекеттiк тiлде сөйлейтiн күндi армандаймын" деп едi. Қазiр елiмiзде қазақ тiлiнде сөйлейтiндердiң саны 75 пайызға жетiптi. 75 пайызға жетсек те, жаппай бiр тiлге көшудiң қиындығы бар деп ойлайсыз ба? – Елбасымыз тiлге байланысты нәрселердi де айтты. Демография да сөз болды. Оралмандардың мәселесiн де қозғадық. Ал, ендi тiлге келетiн болсақ, бiздiң үш миллион қазақ қазақша бiлмейдi дедi. Ассамблеяда ашық айтты. Кездесулерде де мен осыны айтып жүрмiн. "Елбасы осылай дегеннен кейiн, қалай жандарың шыдап тұр? Естерiң кiре ме, кiрмей ме?" деймiн. Қазақ қазақпен неге қазақша сөйлеспейдi? Президент үйлерiңе кiрiп, араласып отыру керек пе? Өздерiнде де намыс бар емес пе? Өздерiнде де тiл бар емес пе? Қазақша сөйлесе, бiреу қой деп жатыр ма? Өздерi тiлдi ұмытып бара жатса, оған ендi кiм кiнәлi?! Содан кейiн, халықтың демографиялық саны туралы әңгiме қозғадық. Әзiр он алты миллион болыппыз. Қазақстан халқы 20-30 миллион болып жататын шығар, бiрақ, маған керегi Қазақстандағы қазақ халқының саны. Қазақ халқының саны он бес миллион болатын болсақ, соның үш миллионы қазақша бiлмесе, он екi миллионы қазақша сөйлесе, үш миллион өз-өзiнен үйренiп кетедi. Сонан кейiн де, қазақ халқының саны өспей, тiл деп қақсағанымыз қақсаған. Он жерден қаулы қабылдасақ та, қаулыменен тiлдi үйрете алмаймыз. Бiрақ, кеңсе қызметкерлерi о баста қызметке тұрғанда қазақ тiлiнен емтихан тапсыру керек. Басқа елдерде азаматтық алу үшiн тiлдi бiлмесе, азаматтықты бермейдi ғой. Бiз лауазымды қызметке қоярда қазақша бiлмейтiн адамды жоғары лауазымды қызметке қоймайтын болсақ, өзiмiз үшiн үйренiп кетер едiк. Осыны қолға алсақ дұрыс болар едi деген пiкiр айтылды. – Халықтың қаржысын қалтасына басып, шет ел асып кететiндер туралы да айтқаныңызды бiлемiз. Бұған Елбасының көзқарасы қалай екен? – Ол мәселеге егжей-тегжейлi тоқталған жоқпыз. Өйткенi, уақытымыздың көбi шығармашылыққа кетiп қалды. Сөз арасында: "Халықтың санын өсiруге ақша керек екен" деп айтылып қалды. Бiрақ, "Билл Гейтстiң менде ақшасы болса, соны қазақ халқының санын өсiруге жұмсар едiм" дедiм. "Ақшамен өсiруге бола ма?" дейдi. Мен оның бәрiн есептеп көрдiм. Арнайы жер алып, егiс егiп, арнайы елдiмекен салынатын болса, сол жерде үш миллион жас отау құратын болса, бас-аяғы он-он бес жылда он миллионға жетедi. Әсiресе, Өзбекстан жағынан оралмандарды көбiрек көшiрiп әкелсек. Өзбекстан деп айтып отырған себебiм, ондағы қазақтардың көбi бiздiң менталитеттi көбiрек түсiнедi. Және оларға жерiн берсе, суы мен жарығын берсе болды. Одан кейiн олардың ешкiммен шаруасы болмайды. Әрқайсысының жиырма соттық жерi болсыншы, болды. Шымкенттiң түбiнде, Темiрланға баратын жолда Шұбарсу деген жер бар. Баяғыда сол иесiз қалған саяжайлар болатын. Есi бар жiгiттер сол жердi сатып алып, сол жерге Өзбекстаннан оралмандарды көшiрiп алып келдi. Қазiр отыз мыңдай халқы бар қала. Гүлдендiрiп жiберген, мектебiне дейiн өздерi салып алған. Әдейi барып көрдiм. Барып көрсеңiз, ана жердi танымайсыз. Олар жермен жұмыс iстей бiледi. Әрi анау жоқ, мынау жоқ деп шуылдамайды. Мiне, осындай қазақтарды көбiрек алып келсек, сонда халықтың саны көбейер едi. Бұл дегенiңiз, басқа жақты тоқтатайық деген сөз емес. Қытайдағы қазақтарымыз "он-он бес жылда қазақ қала ма, қалмай ма?" деп жылап отыр. "Осыны қолға алсаңыз" деген пiкiрлер айтылды. Әрине, ол үшiн қыруар қаржы керек. Сырттан келетiн қазақтардың көбi мал бағудан басқаға жарамай жатыр. Оларды алып келiп, тек қана мал бақтырып қоймаймыз ғой. Олар да оқу керек, құрылыспен айналысу керек. Осы жағынан проблемалар бар.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА